Екібастұз ГРЭС-1 станциясына - 30 жыл
Екібастұздық энергетиктер өздерінің кәсіби мерекесін қос қуанышпен атап өтті. Қаладағы Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясына биыл 30 жыл толып отыр. Сондай-ақ, осынау айтулы оқиғаға орай аталмыш станцияда тиімділігі жоғары заманауи электросүзгіш іске қосылды. Энергетиктерді мерейтойымен құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және кәсіпорын акционерлері - «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Владимир Ким мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ-ның атқарушы директоры Бақытжан Жақсалиев келді. Салтанатты шараға шақырылған құрметті қонақтардың қатарында ардагер қызметкерлер де бар.
Осыдан тура отыз жыл бұрын, яғни 1980 жылы, Павлодар облысында әлемдік деңгейдегі бірегей алғашқы электр станциясы іске қосылды. ГРЭС-1 деп аталған кәсіпорын бірден электр энергетикасы саласының көшбасшысына айналды. Және әлі күнге осы мәртебеден көрінуде.
Энергетикалық қауіпсіздік - ел қауіпсіздігінің кепілі деген ұғым бар. Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, бұған дейін шетелдік инвесторлардың қолында болып келген станция бүгінде толығымен мемлекет иелігіне қайтарылып отыр. Қазіргі кезде оған «Қазақмыс» корпорациясы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басшылық етеді.
Жалпы, биылғы жыл ГРЭС-1 кәсіпорыны үшін маңызды оқиғаларға толы есте қаларлық жыл болып отыр. «Оның ішінде, ең бастысы, станцияға Қазақстан және ТМД елдері электр энергетикасы саласының ардагері, кезінде кәсіпорынның аяққа нық тұрып, дамуына зор үлес қосқан Болат Нұржановтың есімі берілді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Онымен қоса, бүгін, міне, станцияның №5 энергоблогында тиімділігі аса жоғары алғашқы электросүзгі іске қосылып отыр. Сондай-ақ, биыл кәсіпорынның алдағы он жылдыққа арналған даму бағдарламасы талқыланып, бекітілді. Ал оны жүзеге асыруға бағытталған инвестиция көлемі 1 миллиардтан астам АҚШ долларын құрап отыр», - дейді Б.Нұржанов атындағы ГРЭС-1 станциясының бас директоры Рысқан Свамбаев.
Жоғарыда аталған электросүзгі - кең ауқымды инвестициялық бағдарламаның алғашқы бөлігі. Ол кәсіпорын жұмысы барысында ауаға шығарылатын газды түтінді экологияға орасан зор зардап тигізетін қатты бөлшектер мен газқұраушы қоспалардан тазартуға арналған. Осылайша, жаңа құрылғы атмосфераға жайылатын зиянды күлдің мөлшерін жылына 17,5 мың тоннаға дейін төмендетпек. Яғни, электросүзгі орнатылғанға дейін экологияға залал келтіретін қалдықтардың ауаға таралу мөлшері жылына 20,5 мың тоннаны құраса, енді ол көрсеткіш 3 мың тоннаға дейін азаймақ. Соның арқасында кәсіпорын орасан зор қаржы үнемдейді. Себебі, экологиялық зардаптар үшін жылына төленетін қаражат көлемі 70,6 миллион теңгеге қысқарады. Аталмыш электрсүзгіні салтанатты түрде облыс әкімі Б.Сағынтаев пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы В.Ким іске қосты.
Бұдан кейін энергетиктер күніне арналған мерекелік шара Екібастұз қаласының «Өнер» мәдениет сарайында жалғасты. Салтанатты шара барысында сөз алған облыс әкімі Б.Сағынтаев энергетиктерді, станция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен және отыз жылдық мерейтоймен құттықтады. «Энергетика - ел экономикасының қозғаушы күші. Онсыз бүгінгі тіршілікті елестете алмаймыз. Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жатқан үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жобалары да энергетика саласымен тығыз байланысты. Бұл ретте, Екібастұздың ГРЭС-1 станциясының алар орны да ерекше. Бір атап өтерлігі, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш станцияда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларды, оның ішінде әсіресе жаңадан іске қосылған электрсүзгіні жоғары бағалап отыр. Сондай-ақ Елбасы мұндай электрсүзгілерді еліміздегі барлық станцияларда орнату қажет екендігін атап өтті. Үкіметке аталмыш құрылғыларды елімізде жасау ісін дамытуды тапсырды. Бұл - біз үшін үлкен қуаныш. Осының барлығы - сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы, құрметті энергетиктер!» - деді аймақ басшысы.
Шара барысында станцияның құрылып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің құрметіне көптеген жылы лебіздер айтылды. «Осынау қарқынды отыз жылдықта станция дамуына, ілгерілеуіне қаншама өз ісіне адал, кәсіби мамандар үлес қосты. Жалындаған жас болып келгендер ақылы асқан, дарынды энергетиктерге, хас шеберлерге айналып жатты. Станция тек қазақстандық мамандардың ғана емес, бүкіл посткеңестік елдердің энергетиктерінің нағыз шыңдалу, шеберлік мекеніне айналды», - деді Қазақстан энергетиктері ардагерлер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов.
Бір атап өтерлігі, бүгінде ГРЭС-1 станциясының тек бес энергоблогы ғана жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары жұмысы тоқтап тұрған тағы үш энергоблокты қайта қалпына келтіру ойластырылуда. Осы арқылы станция 2016 жылға дейін өзінің толық қуаты — 4000 мВт-қа шықпақ. Және, аталмыш мерзімге дейін кәсіпорынның инновациялық бағдарламасы аясында барлық энергоблоктарға электрсүзгі құрылғылары орнатылады деп жоспарланған.
Салтанатты шара барысында станцияның бірқатар қызметкері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басшылары да өз тарапынан марапаттарын табыстады. Ал ардагерлердің бірқатары «Еңбегі сіңген энергетик», «Құрметті энергетик» атағына ие болды.
- Екібастұздық ГРЭС-1 Қазақстан энергетикасы саласының көшбасшысы ретіндегі мәртебесін абыроймен арқалап, мемлекеттік мақсаттарды табысты орындап, өндірістің биік шыңына жетіп келеді. Осыны ескере отырып, кәсіби мереке күні сіздерге қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Біздің өнім күн сайын миллиондаған үйді жылумен, жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Болашақта станцияның өндірістік қуаты одан әрі артпақ. Себебі қазіргі кезде қолға алынып отырған құрал-жабдықтарды жаңарту ісін тұрақты инвестициялауға көп күш жұмсалуда. Бұл – еліміздің болашақтағы энергетикаға деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы В.Ким.
Шара соңы отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке ұласты.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Екібастұз қаласы.

