Елді мекендерді көріктендіру саласында Ертіс ауданының ауылдық тұтынушылар кооперативтері бірқатар игілікті жұмыстарды атқаруда. Мысалы, Қоскөл ауылындағы «Көмек» кооперативі 2 мың шаршы метр жерге түрлі гүлдер отырғызып, ауыл көшелеріндегі ағаштарды суарып, күтіп-баптаумен айналысуда. Сондай-ақ жергілікті әкімдік, мектеп, амбулаториялық бөлімше сынды әлеуметтік нысан ғимараттарын ағымдық жөндеуден өткізіп, қоғамдық орындарды ақтап, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Онымен қоса, Даңқ ескерткіші жөндеуден өткізіліп, ауыл ішіндегі жолдардың шұңқырлары тегістелген.
Ағашорын елді мекенінде тұрғындар «Бескепе» ауылындағы иесіз қалған үйлер ауласынан 120 түп жеміс-жидек көшеттерін әкеліп, әрқайсысы жеке шаруашылықтарын толықтыра түсті. Ал Голубовка ауылының орталық демалыс саябағына 200 түп бәйтерек пен қарағай ағаштарының көшеттері отырғызылып, оларды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Сілеті ауылдық округінің «Сұлукөл» тұтынушылар кооперативінің негізінде жұмыссыздарды еңбекпен оңалту орталығы ашылған. Әзірге онда үш адам жұмыс істейді.
Ауданның басқа да елді мекендеріндегі аталмыш кооперативтер ауыл тұрғындарының сұрауымен тұрғын үй аулаларын қоқыстан тазарту сынды басқа да қызмет түрлерін көрсетуде.
Қ.ҚАЛИАҚБАРОВ.

