Павлодар облысындағы сәулет-құрылыс мемлекеттік бақылауының бастығы Қанат Қашкиров бұқаралық ақпарат өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында ағымдағы жылдың жарты жылында жүзеге асырылған іс-шараларды баяндап, жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстармен таныстырды.
Қанат Шаймарданұлы үстіміздегі жылы сәулет, қала құрылысы және жалпы құрылыс саласында жасалып жатқан істер бойынша 93 тексеріс жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Осының нәтижесінде 42 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 771 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды. Мониторинг барысында анықталғандай заң бұзушылықтың басым бөлігі заңсыз құрылыс, нысандырды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден өткізу кезінде байқалған. Бұл көрсеткіш 46 пайызды құрайды. 34 пайызы тұрғын үйлерді қайта жабдықтау және жоспарлау бойынша заң бұзушылық жасаған. Белгіленген тәртіп бойынша нысандар мен кешендерді дұрыс пайдаланбағаны үшін қозғалған іс 9 пайыз болды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге кеміді. Іске қосар жобаларды, құрылыс – жинақтау жұмыстарды орындауда мемлекеттік нормативтердің және Заңдардың бұзылуына орай 9 пайыз жұмысқа әкімшілік іс қозғалды.
Ағымдағы жылы басқарма мамандары 98 салынып жатқан және қайта жаңғырып жатқан нысандарды бақылады. Мониторинг барысында негізі қаланған құрылыс орындарының 63 заңсыз деп танылды. Олардың қатарында 44-інің құрылысы тәмамдалды, ал 19-ы аяқталған жоқ. Аталмыш мәселелердің көпшілігі құжаттандыру кезіндегі олқылықтан болған көрінеді. Сондықтан, сәулет және құрылыс басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен, «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасы Павлодар облыстық филиалы, сонымен қатар облыстың сот, қадағалау органдарының өкілдерімен бірге қалалар мен аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осының салдарынан үстіміздегі жылғы заңбұзушылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда қысқарған. Басқармаға келіп түскен 716 өтініш-тілектердің 50-і арыз. Тұрғындар мен мекемелердің осындай талаптары уақытында қанағаттандырылып, жауаптары берілді. Басым бөлігі лицензияны растауға, қала құрылысы жұмыстарына қатысты.
Жыл басынан бері сәулет-құрылысы басқарамасы тарапынан облысымызда 182 өндірістік құрылыс жұмыстарына рұқсат берілді.
2010 жылдың 1 шілдесінен бастап «Бір терезе» бағдарламасы аясында сәулет-құрылыс саласында жұмыстар жасау үшін берілетін лицензия Павлодар облысының қоғамға қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылатын болады. Қазіргі кезде аталған мекеме қызметкерлері құжаттарды қабылдау жұмыстарын тыңғылықты атқаруда.
Алдағы жарты жылдықта ай сайын өткізілетін мониторинг жалғасын таппақ. Қалалық және аудандық сәулет-құрылыс бөлімдерімен түсіндіру жұмыстары мақсатында семинарлар ұйымдастыру да жоспарда бар. «Қажетті мәліметтерді уақытында немесе дұрыс бермеген қызметкерлерге Заң тұрғысында қолданылатын жаза бар»,-дейді Қанат Шаймарданұлы. Сондықтан, мұндай қателіктерді болдырмау үшін екіжақты жұмыстың маңызы зор. Тыйым салынған жерлерге дүкен, дәмхана, дәріхана салған кәсіпкерлерге де арнайы шаралар қолданылады. Мәселен, бүгінгі күнге дейін сот қарауында болған 7 істің үшеуі көшіруге ұшырайтын болса, қалған төртеуіне айыппұл салынды. «Осындай жағдайлардың бір мысалы – Усолка мөлтек ауданындағы су зонасында салынған дәмхана құрылысы. Енді, бұл демалыс орны алдағы уақытта су зонасының жанынан табылмайтын болады»,-деді өз сөзінде Қ.Қашкиров. Сондай-ақ, Қ.Шаймарданұлы басқа да басқармалармен тығыз қарым-қатынаста болу - жұмыстың нәтижелілігіне әкеледі деп атап өтті.
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.

