Жыл өткен сайын елімізде құрылысшы мамандығының мәртебесі де өсіп келеді. Солардың еңбегінің арқасында елордамыз Астананың сән-салтанатымен айдай әлемге танылып отырғаны ақиқат.
Әрине, біздің де аймағымызда еңбектері еленіп жатқан құрылысшылар жетерлік. Құрылыс саласының, соның ішінде тұрғын үй құрылысының дамуына Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаның да қосқан үлесі зор. Осы бағдарлама аясында 2005 жылдан бері облысымызда арзан бағалы баспаналар салынып, қаншама отбасы қоныс тойын тойлады?! Осылайша, құрыш білекті құрылысшылар тұрғындарға толайым қуаныштар сыйлап келеді.
Тек қана тұрғын үй емес, соңғы кезде аймағымызда мектептер мен ауруханалардың да ерекше қарқынмен салынып жатқаны мәлім. Мұның бәрі - халқымыздың денсаулығы мен болашағын ойлағандықтан іске асырылып жатқан орасан істер. Оған да біздің құрылысшыларымыз бойындағы күш-жігерін аямастан, тынымсыз еңбектеніп, өз үлестерін қосуда.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, осы жылдың бірінші жартысында Павлодар облысында 125 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды, соның 89-ы тұрғын үй болып табылады. Үстіміздегі жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94 пайызды құраған. Атқарылған жұмыстардың ауқымды бөлігін жеке меншік құрылыс фирмалары иеленген.
Еліміздің өркениетті болашаққа ұмтылғанын ескерсек, уақыт өткен сайын құрылысшы мамандығының қажеттілігі арта түсері сөзсіз. Ендеше ол сала да заман талабына сай дами бермек.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

