Мамандар Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің құрған ортақ кедендік одағының елге әкелетін пайдасы туралы сараптауда. Дүйсенбі күні Павлодар қаласында «Кедендік одақ: Қазақстан өнеркәсібінің даму мүмкіндіктері» тақырыбында «дөңгелек үстел» болып өтті. Оған ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мамандары, Кеден және Салық комитеттерінің, басқа да құзырлы мекемелердің өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың қатарында «C.A.P.» талдау және болжау орталығы» қоғамдық қоры да болды.
Жалпы, Кедендік одақтың төңірегіндегі әртүрлі пікірлер әлі толастаған жоқ. Екіұшты әңгімелер тек біздің елде ғана емес, одаққа мүше басқа мемлекеттерде де өрістегені сөзсіз. Шындығында, жаңашыл жүйенің енгізілуі тек қана пайда әкелмейтіні жөнінде бұрын да айтылған еді. Бір жағынан, біз әлемдік сауда ұйымына ұмтылатын болсақ, кедендік одақ секілді сынақ дәлізінде өзіміздің қауқарымызды айқындап алуымыз керек. Сарапшылар ортақ одақтың бүгінгі пайдасына емес, келешекте ұсынатын даму мүмкіндіктеріне үңілген жөн деп есептейді.
Әу баста халық арасында «шекарамыз ашылса, тауарлардың бағасы өсіп кетеді» деген де пікірлер өрістеді. Бірақ ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның көтерілуі - бұған дейін үздіксіз қайталанып тұрған құбылыс. Біз көбіне өнімдерді жақын шетелдерден әкелеміз. Талдау мәліметтері көрсеткендей, қазір сол импорттаушы елдердің өздерінде тауарлардың қымбаттауы байқалады. Соңғы кезде пияздың бағасы екі есеге, ал қырыққабат 40 пайызға өссе, оның себебі Өзбекстанда сол өнімдерге деген баға шарықтап кеткен. Шын мәнінде, кедендік одаққа мүше елдердің жеткізушілеріне баж салығы жеңілдетілген. Яғни ол елдерден келетін тауарлардың бағалары тұрақты.
Осы жерде американдық тауық еті мәселесіне тоқтала кетсек. Отандық құс еті өндірісін дамытуды көздегендіктен сырттан келетін тауық етінің көлеміне шектеу қойылып отыр. Айта кетелік, бір жылдары дәл осындай тәжірибені Ресей қолданған. Соның нәтижесінде орыс жерінде құс еті өндірісі 2005 жылмен салыстырғанда 2008 жылы 53 пайызға өскен. Десе де, шетелдік құс етіне деген тосқауыл соншалық қатаң емес, сондықтан мамандар оның да бағаға оқыс әсері болады деп болжамайды.
Соңғы жылдары қаптап кеткен қытайлық түрлі техникалардың тасқынын да әлсірету көзделеді. Бұл үшін кедендік одаққа мүше елдерде өндірілмейтін құрал-жабдықтарды мемлекеттік баж салығынсыз жеткізуге, сөйтіп жаңа өндірістерді құру жобасын қолдау межеленген. Жаңа жүйе отандық өнеркәсіп саласына да тың серпін береді деп күтілуде. Мәселен, Шымкентте адамның денесіне ине арқылы салынатын (инъекциялық және инфузиялық) ерітінділер, ұнтақ түріндегі антибиотиктер мен түйме түріндегі дәрілік құралдар өндіретін медициналық зауыт салу жоспарланған. Шығарылатын дәрі-дәрмектер Ресей нарығынан сұраныс табады деген болжам бар. Тек былтыр ғана көршілес мемлекет 7,1 млрд. АҚШ доллары сомасында дәрілік құралдарды шетелдерден сатып алған. Ақтөбеде де «General Electric» компаниясы рентген техникасын жасау жөнінде жобасын ұсынып отыр. Аталған жаңа өндірістер үшін құрал-жабдықтарды жеткізу кедендік кодекске сәйкес қолжетімді болып отыр. Мамандар жаңа жүйе еліміздің әр облыстарындағы машина жасау зауыттарына шығарған өнімдерін Ресей және Беларусь нарықтарына жіберуге мүмкіндік ашқанын айтады. Дегенмен, әлі де болса жетілдіретін тұстар баршылық. Туындаған мәселелер айына екі мәрте тиісті министрлікте қаралып тұрады.
«Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Руслан Сұлтановтың айтуына қарағанда, кедендік одақ құру бастамасы тоқсаныншы жылдары келісіле бастаған. Сол кезде-ақ дербестігін алған мемлекеттер болашақта сауда саясатын кеңейту қажет екенін бағамдаған. Қазақстан мен Ресей және Беларусь елдері арасында Бірыңғай кедендік жүйе биылғы қаңтардан бастап құрылып, іс жүзінде заңнама 2010 жылдың шілдесінен бастап қолданысқа енді. Сол уақыттан бастап тауарларды кедендік рәсімдеу процесі алынып тасталды. Енді 2011 жылдың шілде айында үш мемлекет арасында кедендік тексеру шаралары да тыйылатын болады. Бара-бара аталған мемлекеттер арасында бірыңғай сауда аймағы құрылады. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі сыртқы сауда саясаты департаментінің директоры Ж.Күшікованың айтуынша, ол кезеңде біздің тұтынушыларға шетелдік табиғи монополия кәсіпорындарының қызметтерін пайдалану мүмкіндігі туады. Басқа да тиімді мүмкіндіктер ашылады.
Жалпы айтқанда, «дөңгелек үстел» барысында мамандар кедендік одақ аясында келешектегі даму жағдайлары туралы егжей-тегжейлі мәліметтер ұсынды. Айтпақшы, биылғы жылдың сегіз айлық қорытындысы бойынша ресейліктермен сауда-экономикалық қатынас одан әрі ұлғая түсті. Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Г.Арғынованың келтірген мәліметіне сүйенсек, Ресеймен жасалған сауданың жалпы сомасы - 2 млрд. долларға тең, беларустармен сауда байланысы одан төмен – 14 млн. АҚШ доллары. Дағдарыстың салдарынан көршілес елмен сауда-саттық 2009 жылы құлдырап кеткен болатын. Ендігі жерде оның қайтадан өрге басуына бірыңғай кедендік одақтың ықпалы бар екені даусыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

