Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі ең маңызды оқиға - ЕҚЫҰ-на төрағасы ретінде төрелік айтқанымыз және Астана саммитін өткізгеніміз екені даусыз. Бұл еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделін нығайтып, көптеген халықаралық құрылымдардың тізгінін ұстауымызға септігін тигізді. Атап айтқанда, былтырғы жылы ЕҚЫҰ-мен бірге Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа да (ЕурАзЭҚ) төрағалық еткен едік. Биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының да тізгіні сеніп тапсырылды. Осылайша, жаһандану көшінде өзіндік жолын қалыптастырған Қазақстан нағыз еуразиялық елге, құрлықтағы интеграциялық үдерістерді табанды жүргізушіге айналып келеді.
Әсіресе, интеграцияланудың қазақстандық үлгісі ЕурАзЭҚ аясындағы үдерістерден айқын аңғарылады. Біздің бұл ойымызды ЕурАзЭҚ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Бақытжан Ордабаев та растайды. Оның айтуынша, былтырғы жыл Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері үшін жаңа интеграциялық кезеңге қадам басқан кезең болды. Аталған үш елдің қатысуымен Кеден одағы құрылды. Интеграциялық үдеріс мұнымен тоқтамақ емес. Әрі қарай тереңдеп, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылуға тиіс. Бұған мүмкіндік беретін бірқатар маңызды құжаттарға да былтыр қол қойылды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан он жеті жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан Еуразиялық одақ құру туралы идеясының жүзеге аса бастағанын білдіреді. 1994 жылы айтылған сол идеяны жүзеге асырудың алғышарты ретінде әуелі Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. Бұл қауымдастықты құрудағы негізгі мақсат болашақта Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру болатын. ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің өзара саудасындағы шектеулерді алып тастау қауымдастыққа қатысушы елдердің сыртқы саудадағы тауар айналымын және өзара инвестиция көлемін айтарлықтай арттырды. Қаржылық интеграцияның нақты жүйесі жасалды, Еуразия даму банкі құрылды, гуманитарлық байланыс нығайып, мемлекетаралық мақсатты бағдарламалар жасау белсенді жүргізіле бастады. Содан бері ЕурАзЭҚ елдерінің ұлттық экономикасында тұрақты даму, инвестициялық белсенділік және сыртқы сауда айналымында оң динамика, әлеуметтік даму индикаторларында оң өзгерістер байқалып отыр.
Десе де, уақыт өте келе, интеграциялық үдерістерді әрі қарай осы бағытта өрбіте беру тек келісілген макроэкономикалық саясат пен экономиканың құрылымдық өзгерістеріне сәйкес жағдайда ғана жүзеге асатыны белгілі бола бастады. Әсіресе, бұл үдеріс қаржылық экономикалық дағдарыс кезінде айқын білінді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық қауымдастық алдында экономикалық ынтымақтастықты күшейту міндеті қойылды. Ол үшін келісілген нақты қадам жасау қажет еді. Сол себепті 2007 жылдың қазан айында ЕурАзЭҚ-ның Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен мемлекетаралық кеңестің отырысында Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды. Бірақ бұл қадамды жасауға сол кезде үш елдің - Ресей, Беларусь және Қазақстанның ғана экономикасы мен заңнамалық базасы дайын болып шықты. Душанбе басқосуында аталған үш елдің басшылары ЕурАзЭҚ шеңберіндегі аумақта бірыңғай кедендік кеңістік құру туралы келісімшартқа қол қойып, 2008 - 2010 жылдары Кеден одағын құру жөніндегі іс-әрекет Жоспарын бекітті. Аталмыш Жоспарға сәйкес, екі жыл бойы Кеден одағының келісімшарттық-құқықтық базасы жасақталды, бұл ретте 50-ден астам халықаралық келісімге қол қойылды. Үш елдің мемлекет басшылары Кеден одағын құрушы мемлекеттердің ортақ кедендік тарифтерін, кедендік реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базасын дайындау жөніндегі өкілеттілікті Кеден одағының комиссиясына беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, 2009 жылдың қаңтарынан бастап үш елдің үкімет басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған комиссия іске кірісті.
Кеден одағы құрылған соң да ЕурАзЭҚ өз жұмысын бұрынғысындай жалғастыруда. Аталмыш қауымдастықтың он жылдығы Қазақстанның былтырғы төрағалығына тұспа-тұс келді. Осы атаулы датаға орай Астанада өткен жылдың 5 шілдесінде өткен мемлекетаралық кеңестің отырысында үш елдің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Онда ЕурАзЭҚ-тің соңғы он жылдағы даму жолы оған қатысушы елдердің экономикалық әлеуетін біріктіріп қана қоймай, ЕурАзЭҚ-ті - Кеден одағын құру туралы келісімшартта белгіленгеніндей, нақты интеграцияның бірінші кезеңіне көтерілуге мүмкіндік бергені айтылған.
Жалпы, ел арасында осы «Кеден одағының қажеті бар ма?» деген әңгіме де айтылмай жүрген жоқ. Сарапшылардың сөзімен жауап берсек, Кеден одағы - керек одақ. Біріншіден, бірыңғай кедендік аумақ құру арқылы түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа жол ашылады, ең бастысы бірлескен өндіріс орындарын ашу арқылы одаққа мүше елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге болады. Сыртқы тауарлар экспанциясынан бірлесіп қорғануға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, Кеден одағына мүше елдер бір-бірімен сауда-саттық жасасқанда шекарадан кесіп өтер кезде төленетін кедендік алым-төлемдерден босатылып, қағазбастылықтан құтылады. Үш елдің бүгінгі таңда 2 трлн. долларға бағаланып отырған бірыңғай нарығы бұдан да кеңейе түседі. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылығымызды арттыратын көрінеді. Ең бастысы, үш елдің халқы үшін тұтынатын өнімдер ассортименті кеңейеді. Үш елдің арасында бәсекелестік орнайды, бұл өз кезегінде сапаның артуына, тауар мен өнімнің қолжетімділігіне жол ашады. Үш мемлекеттің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, кірісімізді арттырады. Ал кәсіпкерлеріміз өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруда жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге ие болады.
Кедендік одақтың артықшылығы туралы айтқанда мына мәселеге назар аудармасқа болмайды. Бүгінгі таңда үш елдің аумағында 170 млн. адамнан тұратын үлкен нарық құрылуда. Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2 трлн. долларға, ал өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд. долларға жетіп отыр. Бұған қоса, Кедендік одақ энергоресурстар нарығында маңызды рөл атқаратын ойыншыға айналады. Жер бетінде өндірілетін бидайдың 12 пайызы осы Одаққа тиесілі әрі сол бидайдың әлемдік экспортының 17 пайызы да Одақтың еншісінде болады. Алдын ала болжам бойынша Кедендік одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылға қарай 15 пайызға артады.
Қазақстанның басым дауысымен жүргізіліп келе жатқан Еуразиялық интеграцияланудың Кедендік одақтан кейінгі кезеңі Бірыңғай экономикалық кеңістік құру болмақ. 2009 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда жеті елдің басшыларының бейресми саммиті өткені есте. Сол кезде Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің басшылары 2010 жылдан бастап Кеден одағы, ал 2012 жылдан Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істей бастайтынын мәлімдеді. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Бірыңғай экономикалық кеңістік құруға негіз болатын халықаралық 17 келісім бекітілді. Сарапшылар мұны ЕурАзЭҚ-қа Қазақстан төрағалығы тұсындағы жетістік ретінде бағалап үлгерді. Өйткені бұған дейінгі жоспар бойынша он шақты ғана құжатты бекіту көзделген болатын.
Кеден одағына мүше елдердің 2010 жылдың 9 желтоқсанында қабылдаған Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы декларациясында Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның әрі қарай жалғасатыны, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке өзге елдердің де мүше болуына жол ашық екені айтылған. «...Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыта отырып, біз еуразиялық экономикалық қауымдастық құруға бет бұрамыз, басқа елдермен, халықаралық экономикалық бірлестіктермен және Еуропалық одақпен үйлесімді, бірін-бірі толықтырып тұратын өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында ортақ экономикалық кеңістік құрамыз» делінген декларацияда.
Ал оған «Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттері арасындағы Кедендік одақтың жұмысы қалай жүріп жатыр?» деген сұраққа жауап бермес бұрын Кеден одағының алғашқы жылындағы жұмыс қорытындысына көңіл бөлу керек. Мәселен, Қазақстанның Кеден одағы елдерімен арадағы тауар айналымы 2010 жылы 28 пайызға, импорт көлемі 20,7 пайызға, ал экспорт 39,4 пайызға өсті. Ал Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 89 миллиард долларды құраса, осы соманың 19 пайызы Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі. Сарапшылар, бұл тек алғашқы бір жылдың ғана нәтижесі екендігіне ерекше назар аударып отыр.
Айта кетер бір жайт, бүгінде миллиондаған халқы, триллиондаған экономикалық әлеуеті бар кеңістікке қызығушылықпен қарап, мүшелікке өтуге ниет танытып отырғандар да бар. Олардың қатарында Қырғызстан мен Тәжікстан елін айтуға болады.
Президент биылғы Жолдауында «Қазақстан Ресей, Қазақстан және Беларусь Кеден одағын жедел де тиімді дамыту ұстанымында қалады. Біз ТМД елдерімен ынтымақтастығымызды дамытатын боламыз. Біз еуропалық әріптестерімізге бірлесіп, көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан - ЕО: 2020» энергетикалық хартиясын жасап, қабылдауды ұсынамыз. Бұл Еуропа рыногына энергия ресурстарын жеткізу, тұрба құбыры жүйесін дамыту тұрақтылығына кепілдікті қамтамасыз етеді» деп атап өткен болатын. Демек, Кеден одағының келесі белесін игеру жолындағы жұмыстар толастамақ емес. Жасыратыны жоқ, Кеден одағына мүше болу ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді дейтін пікірлер де айтылды. Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры Төлеутай Сүлейменов бұл пікірдің қисынсыздығын айтады. «Кеден одағы Еуропалық одақ секілді өзіне мүше елдердің тәуелсіздігіне ешқандай да нұқсан келтірмейді. Бұл одақ керісінше, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Өйткені, ең төменгі қосылған құн салығы Қазақстанда ғана бар» дейді ол. Ендігі міндет - отандық кәсіпорындар бәсекелестікті күшейтсе болғаны. Өйткені, Қазақстан Кедендік одақ құрудан мейлінше мол пайда және максималды дивиденттер алудан үмітті. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны да сол себептен қабылдағанын айта кету керек. Қалай болғанда да біз Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіреміз. Сондықтан 2012 жылға сақадай-сай тұруымыз қажет. Ал оған дейін жоғарыда айтып өткен интеграциялық экономикалық бірлестік қызметін реттейтін халықаралық маңызы бар 17 келісімді Қазақстан мен Ресей ратификациядан өткізіп жатыр. Ал Беларусь елі ол құжаттарды бекітіп тастаған.
Р.S. Тобықтай түйіндеп айтқанда, бүгінде еуразиялық интеграциялық үдерісте Қазақстанның салмағы бәрінен басым тұр. Бұған соңғы жылдарда әлемдік аренадағы белсенділігіміздің айта қаларлықтай серпін бергені сөзсіз. Атап айтқанда, еуразиялық интеграциялануға қатысушы елдердің бәрінен бұрын ЕҚЫҰ-ға төраға болғанымыз, Астанада саммит өткізіп, жаһандық саясатта батыл қадам жасағанымыздың маңызы зор болды. Биыл Астана мен Алматы қалаларында өткен VІІ қысқы Азия ойындары қатарлы шаралар да Қазақстанның көшбасшылығын айқындай түсуде. Біз тек осылай ғана жаһандануға жұтылып кетпей аман қала аламыз: ағыны күшті өзенді тоқтату мүмкін емес, тек оны өзіңе тиімді арналарға қарай бұра білсек болғаны.
aikyn.kz

