ІРГЕЛІ ЖОБАЛАР ІЛГЕРІ ДАМУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша облысымызда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Экономиканың негізгі қозғаушы күші болып есептелетін кәсіпкерліктің де күре тамырына қан жүгіртіле бастады. Қарапайым тұрғындардың көкейіндегі мәселелер де - басты назарда. Аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі биліктің бүгінгі басты шаруасына айналған. Осы және басқа да тақырыптар облыс әкімінің орынбасары Мұрат Оспановпен болған сұхбатта кеңінен сөз болды.

 

- Мұрат Мағауияұлы, әңгімемізді дүниежүзін дүр сілкіндірген дағдарыстан бастасақ. Бұл құбылыстың біздің экономикалық дамуымызға да кері әсерін  тигізгені мәлім. Бірақ қазірде облыстың әлеуеті нығайып, бұрынғы табыстарымызды еселеп алдық. Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз.

- Шындығында, осыдан екі жыл бұрын басталған әлемдік дағдарыстың облыс экономикасына әсері тиді. Сол тұста әлемде шикізат бағасы арзандап кетті де, шетелдерге өнім шығаратын кәсіпорындардың жағдайы нашарлады. Осы тұста өнеркәсіп өндірісі                  21 пайызға төмендеді. Алайда, бұл ұзаққа созылған жоқ. 2010 жылдың нәтижесінде көрсеткіш қайтадан өсті. Дағдарысқа дейінгі даму деңгейіне қол жетті. Тіпті кейбір өлшемдер бойынша асып та кетті. Мәселен, көмір өндірісіндегі өсім 10 пайызды, электр қуаты бойынша 8,4 пайызды құрады. Әрине, мұның бәрі әлеуметтік жағдайға да оң септігін тигізді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, аз қамтамасыз етілгендер саны 30,3%-ға дейін кеміді. Сондай-ақ еңбекақы мөлшері жоғарылап, инфляция деңгейі де белгіленген мөлшерде, яғни 7,6 пайыз төңірегінде тұрды.

Аймақ экономикасын дағдарыстан кейін жаңғыртуға 2009-2010 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандыру жоспары ерекше үлес қосты. Дағдарысқа қарсы шаралар, соның ішінде, 15 жүйе құраушы ірі кәсіпорынмен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдар жасалды. Биыл да осы қарқыннан таймайтын боламыз. 2011 жылы өнеркәсіптің өрлеуі 4,7 пайыз төңірегінде болады деп күтілуде.

- Облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қандай қарқынмен жүзеге асуда? Жаңа жобалар аймақ тұрғындарына қандай игіліктерді әкелмек?

- Бағдарламаның мақсаты – экономиканы әртараптандыра отырып, шикізатқа тәуелді болуды азайту. Бұл ретте экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеру – басты талаптың бірі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірімізде 122 жоба жүзеге асуда. Айтып өткендей, оның ішінде жаңа өндіріс те, ескіні  жаңғыртуды көздегені де бар. Былтырғы жылдың өзінде-ақ 30 жобаның тұсауы кесіліп, соның нәтижесінде 2647 жұмыс орны ашылды. 

Маңыздылығы бөлек нысанның бірі – мембранды әдіс арқылы хлор және каустикалық сода өндіретін кәсіпорын. Елбасымыздың қатысуымен өткізілген тікелей телекөпір кезінде іске қосылған бұл өндірісте жылына 30 мың тонна өнім шығарылады. Әлемнің озық технологиясы қолданылатын мұндай өндіріс Қазақстанда жоқ. Осыған дейін каустикалық сода мен хлорға деген еліміздің сұранысын импорт өнімдер өтеп келді. Енді нарықты отандық химиялық өніммен қамтамасыз етудің мүмкіндігі туды. Бұл өндірістің экологияға қауіпсіз екенін, әрі энергия пайдалану бойынша үнемді екенін айтып өткен жөн.

Биыл облыста құны 75,6 млрд. теңге болатын 40 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 10-ы бірінші жартыжылдықта қолданысқа беріледі. Солардың ішіндегі  – Ақсу станциясындағы №2 энергоблокты қайта қалпына келтіру, «Гофротара» ЖШС-дегі қуаттарды арттыру мен өндірістік құрал-жабдықтарды жаңғырту сынды жаңашыл жобалар бар. Осы және өзге де жобалар тиісті жоспарға сәйкес, жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

- Ендігі жерде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асу барысына қысқаша тоқталсаңыз...

- Осы бағдарламаға енгізілетін бизнес-жобаларды іріктеу мақсатында облыс әкімі төрағалық ететін аймақтық үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы билік органдары, банктер, кәсіпкерлік бірлестігі өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар кіреді. Жобаларды қарастыруда жергілікті билікпен бірге «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры және екінші деңгейлі банктер қатысады. Кәсіпкерлерге бизнес-жоспарлар құруда заңгерлік, консалтингтік және әдістемелік көмектер берілуде. Жалпы айтқанда, бүгінде аталмыш бағдарлама өзінің тиімділігін танытты, кәсіпкерлер тарапынан үлкен қызығушылық байқалады. Негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларына мән берілген. Өткен жылы бағдарлама негізінде 657,3 млн. теңге бөлінді. Айта кетерлігі, бағдарлама негізінде инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлік секторды оңалтуға қаржы бөлінді.

- Соңғы кезде аталмыш кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына бірқатар өзгерістің енгізілгені мәлім. Сол туралы түсініктеме бере кетсеңіз...

- Иә, бағдарламада біраз өзгерістер пайда болды. Бұрын өзгермелі пайызды өсім бойынша несиені субсидиялау мүмкін болмаған еді. Қазір ондай жағдайдағы кәсіпорын бағдарламаға қатыса алады. Сондай-ақ, жобаларды қараудың мерзімдері анықталды. Енді бұл уақыт банк пен кәсіпкердің келісімге қол қойған күнінен бастап есептеледі.

Тағы бір мәселе, экономиканың басым секторы қатарына желілік сауда саласы да енгізілді. Бұл жеткізушілерді, онда да қазақстандық өндірушілерді, қолдауға бағытталған. Негізінде көмек отандық өндірушілермен және жергілікті тауар шығарушылармен оңтайлы қарым-қатынас орнатқан сауда өкілдеріне беріледі.

Бағдарламаның экспортқа бейім өндірістерді қолдау бағыты да өзгеріске ұшырады. Оған еліміздің Кедендік одаққа кіруіне байланысты туындаған бірқатар мәселелер себеп болды. Енді кәсіпкерлердің валюталық қатерлерін төмендету шаралары белгіленді.

Бағдарламаға төртінші жаңа бағыт қосылды. «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» деп аталған қолдау түрінде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге небір көмектер беріледі. Сондай-ақ, жұмыс істейтін бизнеске сервистік жәрдем көрсетіліп, оларға топ-менеджментті оқытуға, шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға, кадр даярлауға мүмкіндіктер жасалады. «Даму» қоры қысқа мерзімді оқулар өткізеді.

Өткен жылы бағдарлама аясында сервистік қызмет көрсету бойынша берілген қаржы толық игерілді. Ал несиенің өсімін субсидиялау бойынша бөлінген қаржының 9,7 пайызы ғана пайдаға жаратылды. Бағдарлама қаржысының толық игерілмеуіне жобалардың банктер мен мекемелердің бас кеңселерінде ұзақ құпталуы кері әсерін тигізді. Мәселен, былтырғы жылы аталмыш бағдарлама пилотты жоба болғандықтан, кәсіпкермен ұсынылған құжаттар тізбесі жергілікті жердегі банктермен бір, орталықтағы банктермен қайта түзетіліп, кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, уақыт ұттыратын жайттардың жиі қайталанғаны жасырын емес. Ал биылғы жылы мұндай өрескелдіктерге жол бермеу үшін аймақтық филиалдар мен қаржыландыратын орталық банктердің мүдделері бір жерден шығуын көздей отыра, бұл мәселені реттеуді қолға алдық.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер өтініштерінің аз болуы да себеп болды. Қазірде оларды бағдарламаға қатысуға ынталандыратындай, неғұрлым көбірек ақпарат беретін түрлі шаралар мен кездесулер өткізілуде. Банктер де бұл жағынан қалыс қалып жатқан жоқ.

- Шетелге экспорт өнімдерін шығаруға бейімделген шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі қалай жүзеге асырылуда?..

- Экспортқа бейімделген өндірістерді қолдау – мемлекет экономикасы үшін маңызды. Бизнес субъектілеріне несие алғанда кепілдік беру, оның өсімдерін субсидиялау - саланы қолдау мен дамытуда ең көп қолданылатын жәрдем түрі. Егер мұндай мемлекеттік көмектер көрсетілмесе, кепілдендіретін құралдар болмаса, екінші деңгейлі банктер бизнесті қаржыландыруға батыл кіріспес еді. Себебі, олар да қауіпті деген жағдайларға қарайлайды.

Қазір мемлекет отандық тауарларды шетелдерде танытуға, сөйтіп кәсіпкерлерімізге шетелдік нарықпен байланыс табуға көмектесуде. Бұл орайда, өнімдерді көрмелерде таныстырып, тұсаукесерлер жасауға ықпал етеді. Сондай-ақ, бизнесті тиімді жүргізуге де үйретеді. Кәсіпкерлер шетелдерде тауарын жылжытуға бел буса, көрмелерге қатысып, өкілдіктер ашып, шетелдерде мамандар оқытуды ойласа, мемлекет жұмсалған шығындарды  50 пайызға дейін өтейді.

- Кедендік Одақ облыс экономикасына қандай оң өзгерістер әкелуде?

- Одақтың құрылуы сыртқы сауда айналымына тиімді. 2010 жылы облыстың сауда-саттығы 3,6 млрд. долларды құрады. Бұл - 2009 жылдың деңгейінен 1,7 есеге артық көрсеткіш. Бөліп қарастырғанда экспорт - 1,5 есеге, импорт көлемі 1,8 есеге ұлғайған. Кедендік одаққа мүше елдермен сауда көлемі де артты. Сондай-ақ, павлодарлық өндірушілер үшін жаңа өндірістер құруға ықпал етті. Мәселен, бүгінде Беларусь Республикасымен бірге «Ертіс-Лифт» ЖШС-інде жолаушылар лифтісін құрастыру жобасы жүзеге асуда. 2011 жылы мұнда 40 лифтіні құрастыру жоспарланған.               2012 жылы 200 лифтіге дейін шығарылады деп күтілуде. Қазірде бұл лифтілер облыста пайдаланылып, басқа да аймақтарға өткізілуде.

Әрине, тарихи қалыптасқан жағдай бойынша сыртқы саудада Ресейдің алатын үлес салмағы басым. Былтыр бізден Ресейге 275,5 млн. теңгеге тас көмір экспортталды. Бұл - сыртқа сатылатын тауарлар көлемінің 26,3 пайызы. Сондай-ақ, алюминий экспорты да ұлғайды. Ал Ресейден бізге негізінен мұнай шикізаты импортталады. Былтыр 560,4 млн. АҚШ долларына тең мұнай жеткізілді.

- Қазіргі кезде еңбек нарығына қажетті кәсіптік мамандарды дайындау қандай деңгейде?

- Бүгінгі күні облысымызда жалпы саны 197,2 мың жұмысшыны құрайтын сегіз мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жасайды.

Талдау нәтижесі алдағы үш жылда облыста 22 мыңға жуық білікті мамандар мен жұмысшылар қажет болатынын анықтады. Онда өнеркәсіп саласына қажетті мамандық иелеріне деген сұраныстың үлесі айтарлықтай. Қазірде кәсіптік мамандар колледждер мен лицейлерде даярланады. Соңғы кезде нарықтағы жағдайға байланысты «Мұнай мен газды сақтау және тасымалдау», «Жол және құрылыс жұмыстарының машинисі» секілді жаңа мамандық түрлері ашылып, сұранысқа сәйкес электр және жылу энергетикасы, машина жасау салаларына қатысты мамандар көптеп дайындала бастады.

Әрине, білікті маман даярлау үшін оқу орнының да материалдық-техникалық базасы мықты болуға тиіс. Барлық оқу сыныптарында әдістемелік құралдар мен техникалық жабдықтар қолданылады. Оқушыларды білікті маман етіп тәрбиелеуде, оқытушылардың да заманға сай дайындығы қажет. Осы орайда, жыл сайын 200-ге жуық оқытушы біліктілігін көтереді.

«Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде еңбек нарығында талап етілетін мамандықтарды даярлау қарастырылуда. Тиісті басқармалар даярланатын мамандар санын нақтылап та қойды.

Аймақта арнайы оқу орындарынан басқа, «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Павлодарэнерго» кәсіпорындарында да жұмысшылар дайындалады.

Сондай-ақ, облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жанындағы «Кадрларды дайындау және қайта даярлау орталығы» да өндірісті өңірге қажетті мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда.

- Қарапайым халықтың жергілікті биліктен күтетін бір үміті бағаны тұрақтандыру болса керек. Бұл орайда қандай шаралар қолға алынуда?

- Шындығында, нарық заңын түйсінген заманда, оның талаптарымен санаспауға болмайтыны анық. Осы тұрғыда, баға саясатына мемлекет екі түрлі жолмен араласа алады. Реттеудің тікелей түрі - құзырлы мекемелер табиғи монополия кәсіпорындарының қызметтері мен өнімдеріне мөлшерлі бағалар мен тарифтерді бекітеді. Оның қатарына ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы жатады.

Ал екінші жол - басқа. Мәселен, осыған дейін өндірушілермен меморандумдар жасалды. Бекітілген келісім бойынша кәсіпорын күзге дейін бидаймен, ұнмен тұрақты қамтамасыз етеді.

Соның нәтижесінде нанның бағасы сол қалпында сақталып тұр. Жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нанның бағасы республика бойынша ең төмен. Айта кетері, жекелеген азаматтар санатына жататындар, ардагерлер мен көпбалалы отбасылар, батыр аналар тауарлар мен қызметтер сатып алуда жұмсаған шығындарына өтемақы алады. Бағаға ықпал етудің жанама түріне облыстық және республикалық бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерге субсидия беру мәселесі де жатады. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арзан жанар-жағармай беріледі, су жеткізудің бағасы субсидияланады, өнімділік пен сапаны көтеруге қолдау жасалады.

Сондай-ақ, көкөніс өнімдерін тұрақтандыру қорын құру, қайта өңдеу кәсіпорындарының басшыларымен сауда үстемелерін сегіз пайызға дейін түсіру жөніндегі келісімдердің арқасында және әлеуметтік дүкендер мен бөлімдерді ет өнімдерімен тұрақты түрде қамти отыра, азық-түліктерге деген бағаны қолжетімді деңгейде ұстап отырмыз. Тіпті, арнайы әлеуметтік бағасы жазылған қызыл түсті баға көрсеткіштерін де айналымға енгіздік. Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, ең қажет деген азық-түліктер біздің өңірімізде анағұрлым арзандау.

Мұның бәрі - өз кезегінде нәтижеге бағытталған игі істердің жемісі.

Қазіргі кезде Үкімет әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдеріне шектік бағалар белгілеудің тәртібін әзірлеуде. Бөлшек саудадағы бағаны осы межеден асырып жіберсе, кінәлі тұлғаға айыппұл салынады. Осылайша, мемлекетте бағаны реттеудің тағы бір құралы пайда болып отыр.

- Картоп пен көкөніс өнімдерінің қысқы және көктемгі мезгілдегі бағасына ықпал жасаудың жолы табылғанға ұқсайды. Айтып отырғаным – осы өнімдерді күзде төмен бағамен сатып алып, сақтап, кейін сұраныс ұлғайғанда халыққа арзан бағамен сатып жатқан сервистік орталық жайында. Бастама күткендегідей жемісті болып отыр ма?

- Бағасы қолайлы көкөніспен қамту мәселесі аймағымызда көптен бері  шешімін таппай келе жатқан мәселе болатын.

Осыған орай, былтырғы жылы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ертіс өркені» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы құрылды.

Оның мақсаты - жаңа айтып өткендей, бір мезгілдерде бағасы қымбаттап кететін көкөніс және басқа да азық-түлік өнімдерін дайындап, сақтап, кейін тұрақты бағада нарыққа шығару.

Өткен жылы орталық 1895 тонна картоп,  1165 тонна қырыққабат пен сәбіз сатып алды. Бүгінде ол өнімдер әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орындарында, базарларда сатылуда. Қысқы мерзімде сервистік орталық 40 тоннадан астам қияр мен қызанақ  әкеліп, базардағыдан төмен баға бойынша мерекелердің алдында өткізді. Желтоқсан айында құтыға құйылған күнбағыс майы жеткізілсе, бүгінде оның литрі дүкендерде 300 теңгеден сатылуда. Ал ақпан айында жеткізілген пияздың бір килограмы 85 теңгеден сатылды. Оның базардағы бағасы – 105 теңге. Жуырда сервистік орталық Қызылорда жерінен алынған «Ақ маржан» күрішінің бір килограмын 110 теңгеден босатты. Биыл күзде жергілікті өндірушілерден 1220 тонна картопты келісін 30 теңгеден сатып алу жөнінде келісім жасалды. Дәл осылай оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлерімен де тіл таптық. Олар 250 тонна пияз жібереді, килограмын 25 теңгеден сататын болады.

Жергілікті өнімдерді көбейту мақсатында инвестициялық жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, «Ертіс өркені» корпорациясының көмегімен Черноярка жеріндегі су тартатын насосты станцияны жеке меншіктен сатып алып, қазір суармалы жүйелерді қайта қалпына келтіруге күш салынып жатыр. Сөйтіп, талай жылдан бері тарығып келген көкөнісшілерді сумен толықтай қамту көзделіп отыр. Бұл алқаптарға су жіберудегі шығынды азайтуға, одан әрі өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге ықпал жасайды.

Осылайша, суармалы жерлерде картоп пен көкөніс өнімдерін бұрынғыдан екі есе көптеп өсіруге мүмкіндік беріледі. Бұл елімізде, соның ішінде аймақта азық-түлікпен жеткілікті қамтуға жол ашуда.

Қорыта айтқанда, аталмыш саладағы жүйелі жұмыстар бүгінгі күні өз нәтижесін беріп отыр.

- Маңызды да, мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 30