Жаңартылған №2 энергоблок іске қосылатын күн жақын
Қазірде елімізде индустрияландыру саясатына ерекше мән берілуде. Осы орайда, аймақтың электр станцияларын модернизациялауға айтарлықтай жағдай жасалып отыр. Үкіметтің қаулысы бойынша қазір станциялар шектік тарифтерін жыл сайын көтеруге құқылы. Осы инвестициялық тариф есебінде тұтынушы халықтан түсетін қаражат өндірісті жаңартуға жұмсалуға тиіс. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ («ЕЭК») Ақсу электр станциясы өткен жылы жалпы сомасы 24 млрд. теңгенің жаңалау жұмыстарын жүргізген. Соның ішінде №2 энергоблокты қайта қалпына келтіру жобасы одан әрі жүзеге асырылды. Осы инвестициялық жобаның ерекшелігін егжей-тегжейлі түсіндіруді жөн деп шештік.
Ақсу электр станциясының (бір кездері ГРЭС деп аталатын) №2 энергоблогы 1996 жылдан бері тоқтап тұрды. Қиыншылық туындаған нарықтың бастапқы кезеңінде оның бөлшектерін басқа да блоктарды жөндеу кезінде пайдаланған. Ол тұста өндіріске мол инвестиция құюға екінің бірі бара бермейтін, барды ұқсатумен шектелетін. Алайда уақыт өте келе еліміздің электр қуатына деген сұранысы ұлғая берді. Келешекте энергияға деген қажеттіліктің еселене түсетінін ескерген Eуразиялық табиғи қорлар корпорациясы («ЕЭК» - сол корпорация құрамында) 250 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға шешім қабылдады. Сөйтіп, 2008 жылдан бері жүргізілген қажырлы еңбектің нәтижесінде ескі өндіріс құралын толықтай жаңартуға мүмкіндік туды.
- Кешегі Кеңес одағы елдерінде біздің станцияға ұқсас өндіріс орындары баршылық. Олардың ешқайсысы бара қоймаған жаңашылдыққа біз батыл түрде қадам бастық. Небары 24 айдың ішінде энергоблокты бастан-аяқ жаңадан орнаттық. Ескі ғимаратта демесеңіз, бұл - түбірімен жаңа технологияға құрылған өндіріс, - дейді «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ күрделі құрылыстар, қайта қалпына келтіру және модернизациялау бойынша бас инженерінің орынбасары Рустам Ахметов.
№2 энергоблоктың құрал-жабдықтарын Ресей, Украина елдерінің әйгілі зауыттары бірегей үлгіде, арнайы тапсырыс негізінде дайындап шығарды. Айтқандай, өндірістегі қолданыс мерзімін толық аяқтаған блокты модернизациядан өткізуге жүрексінбеген тек Ақсу станциясы ғана болды. Подольскі машина жасау зауыты негізгі құрал-жабдық болып есептелетін – қазандық қондырғысының жаңа үлгісін тұңғыш рет сынап көруге мүмкіндік алды. Бұрын оның құрастырған құралының өнімділігі әлдеқайда төмен болатын. Украинаның «Турбоатом» компаниясы да өзінің жаңа турбинасын алғаш рет әзірлеп, Ақсу станциясы өндірісіне пайдаланатын болды. Осындай, жаңа технологиялар орнатудың нәтижесінде №2 энергоблоктың қуаты 325 Мегаватқа жетеді. Салыстыру үшін айта кетелік, қазірде мұндағы басқа блоктар 300 Мегаватт электр қуатын өндіреді.
- Бұрынғы блоктың бөлшектерін әбден тазалап, оның орнына қайтадан жаңа құрал-жабдықтар орнатуды аяқтадық. Бір сөзбен айтқанда, біздің станциямыз инновациялық сынақтардың алаңына айналды. Мұнда құрал-жабдық дайындаушы зауыттар өздерінің жаңа технологияларын сынақтан өткізді. Олардың арнайы жіберген шеф-монтаждаушы кәсіпорындары энергоблоктың жаңа құрал-жабдықтарын орнатуға қатысты. «Екібастұз жылу-энергомонтаж» мердігер компаниясы да баға жетпейтін тәжірибеге кенелді, дейді Р.Ахметов.
Оның айтуынша, алғашқы бетте мұндай алып құрылысты игеріп әкететін мамандардың аздығын уайымдаған кез де болған. Себебі, соңғы 20 жылда мұндай ірі істер қолға алынбай, жұмыстың тетігін білетін аға буын мамандар бүгін ақыл айтатын ардагерлерге айналып үлгерген. Бір жағынан, жаңа технологияларды ескі ғимарат ішінде құру да қауіпсіздікке баса мән беруді талап еткен. Себебі, жанында басқа да энергоблоктар жұмыс істеп тұрады. Оларға құрылыс кезінде ешқандай залал келтірмеу керек. Әдетте, станцияның өзге құрал-жабдықтарына жеңіл-желпі болсын, әйтеуір бір жөндеу жасалып жатады. Бұл жағдай қолданылатын жүк көтергіш крандарды әрлі-берлі жылжытып, көшіріп жүруге мәжбүрлейді. Жұмыс қарқынын одан әрі қыздырады.
- Қолайсыздықты болдырмау мақсатында жаңа құрал-жабдықтарды бөлшектеп алып, ғимарат ішіне енгізіп, кейін қайтадан құрастыруға тура келді. Одан да энергоблокты тақыр жерден салған әлдеқайда жеңіл болар еді, - дейді Рустам Ахметов.
Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» демекші, жүйелі жүрген істің жемісін көретін күн алыс емес. Қазірде №2 энергоблокты қайта құру жұмыстары аяқталып, мамандар жаңа құрал-жабдықтарды өндіріске енгізумен шұғылданып жатыр. Бас инженердің орынбасары сөзіне қарағанда, мұнда құрылыстың қызу шағында мердігер фирмалардың бір жарым мыңнан астам жұмысшысы еңбектенген. Энергоблок пайдалануға берілген соң станция қосымша 50 жаңа жұмыс орнын ашады. Кәсіпорын басшылығы жаңа технологиялармен жұмыс істейтін мамандарды алыс-жақын шетелдерге жіберіп, оқытып, кәсіби тұрғыдан білікті қызметкер етіп даярлап алған.
Бөле-жара айтары, Ақсу электр станциясының №2 энергоблогына швейцариялық «Альстом» фирмасы бірнеше сатылы электр сүзгілерін орнатқан. Аталмыш құрылғы ауаға шығатын түтін құрамын - азот оксидін 99,96 пайызға тазалайды. Бұл - түбірімен жаңа өндірісте экология талаптары қатаң сақталады деген сөз. Бұл да ескеретін жайт. Себебі, станцияның пайдаланатын көмірінің күлі көп (40 пайыздан асады). Мұржасынан түтін будақтайтын станцияның тұрғындар денсаулығын ойлайтыны - құптарлық іс.
Жаңа технологияға негізделген энергоблоктың қуаты әлдеқайда жоғары болса да, онда шикізат тұтыну көлемі азаятыны - да өнегелі іс. Өндіріс шығынының аздығы, есесіне өнімділіктің арта түсуі – қазіргі кезде елімізде баса мән беріліп жатқан бағыт.
Айтпақшы, Ақсу станциясында биылғы сәуір айынан бастап №6 энергоблокты қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. Р.Ахметовтің айтуынша, екінші энергоблоктың жұмысында жинақтаған тәжірибелерді пайдаланатын кез келді. Алғашқы да жаңашыл дүниелерді жете білмегендіктен көптеген сұрақтар туындаған, ендігі жерде барлығын – құрылыс мерзімін, жұмсалатын шығынның көлемін жіті есептеуге толық жағдай бар. Жоспарға сәйкес, 2013 жылдың соңында тапсырылатын алтыншы энергоблокты қайта қалпына келтіруге 265 млн. АҚШ доллары жұмсалады. Бас инженер орынбасарының сөзіне қарағанда, алтыншы энергоблокты жаңғыртудың өз ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол осыған дейін жұмыс істеп келген. Екіншіден, әр блоктың өзіне тән техникалық артықшылықтары, өзгешеліктері болады. Оларды ескермеске болмайды. Станцияның энергоблоктарын жаңғырту жұмысы мұнымен аяқталып қалмайды. Мәселен, мұнда бірінші энергоблок 1968 жылдан бері жұмыс істейді. Кезінде оған күрделі жөндеу жүргізілгенімен, өндіріс қуаты ұлғайтылған жоқ. Ал №2 және №6 энергоблоктардың турбиналары да жаңа, сәйкесінше өндіріс қуаты да мейлінше арта түседі. «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ басшылығы жаңашыл бағыттағы істерге батыл түрде кірісіп отыр.
Станцияның электр қуатын негізінен ЕNRC кәсіпорындары пайдаланады, солардың қажеттілігі үшін өндіреміз. Бірақ біз басқа тұтынушылар үшін де жұмыс істейміз. Қазірде станцияның өндіретін электр қуатының 10-12 пайызы коммуналдық қызметке пайдалданылады. Бұл - шамамен, 100-120 Мегаватт. Біз нарықтағы осы үлесті сақтауға тырысамыз. Себебі, тұтынушы-ларымыздың сенімді болғаны керек. Олай болмаған күнде біз бүгін өнімімізді өткізуге қолданып отырған мүмкіндіктерден (рычаг) айырылып қаламыз. Электр қуатын басқа аймақтарға өткізу бойынша тендерлерге үнемі қатысамыз. Бірақ тасымал қашықтығы қиын болғандықтан, еліміздің оңтүстік өңірлеріне Екібастұз станция-ларының қызметі қолайлы, тарифтері де арзандау. Бірақ біз электр қуатын «Батыс-Солтүстік» желісімен Ақтөбе өңіріне жібереміз. Ондағы Еуразия корпорациясы кәсіпорнына ғана емес, «Ақтөбеэнергосбыт» секілді басқа да компанияларға өткіземіз. Корпорация кәсіпорындарына да, басқа да компанияларға өнім біркелкі тариф бойынша сатылады. Ресейге электр қуатын сатпаймыз. Ең алдымен өзімізді қамтамасыз етуді көздейміз, - деді таяуда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергеновтің қатысуымен өткен кеңесте «ЕЭК» АҚ президенті А.Рустамбаев.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Ақсу қаласы.

