ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН – ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ

«Шығыс» кенішіндегі техникалық қайта жарақтану өз нәтижесін беруде

 Қазіргі таңда елімізде өндірілген көмірдің жал­пы көлемінің үштен екі бөлігін Екібастұз кеніштері беріп отыр. Аса маңызға ие отын-энергетикалық аймақта жұмыс істеп тұрған ірі көмір кеніштері соңғы кездері инновациялық технологияларға бет бұра бастаған. Мұнда өндірісті ұлғайтатын жаңа жобалар жүзеге асып, заманауи техникалар енгізілуде, еңбек қауіпсіздігі артып, еңбеккерлердің жалақысы жақсарғанын айтуға тиіспіз.

alt25 жылдан астам тарихы бар «Шығыс» кенішінде былтырдан бастап көмір өндірісінде ерекше технология іске қосылды. Бұл бірегей әрі әмбебап технологиялық үрдіс циклді-ағынды аршу кешені деп аталады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жобаланған нысан кеніштегі кен жыныстарын үздіксіз тасымалдау мақсатында жасалды. Яғни, көмір қабатына дейінгі топырақ осы кешен арқылы сыртқа шығарылып, үйінділерге төгіледі.

Кенді аршу жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытында тұрғызылған кешен уатқыш қондырғы мен ұзындығы 6 шақырымдық ленталы конвейерден тұрады. Жүк сыйымдылығы тоқсан бір тонналық 12 бірдей «Komatsu» алып автосамосвалдары қазып алынған кен жынысын ұсақтағыш қондырғыға әкеліп төгеді. Бұл жерде уатылған кен одан әрі автоматты конвейерлі желіге түсіп, жоғарыда орналасқан кен жынысының үйінділеріне жеткізіледі. Осы кешен нәтижесінде бір жыл ішінде кеніштен шығарылатын жер жынысының көлемі 10 миллион текше метрге жеткен. Бұл  дегеніміз - 20 миллион тонна топырақ. Атап өтерлігі, уатқыш технология қоршаған ауаға түсетін шаң-тозаңды ұстап қалатын заманға сай сүзгілермен жабдықталған. Циклді-ағынды аршу кешені еліміз бойынша осы кеніште тұңғыш қолға алынып отыр.

Бұл – «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясының» айрықша мәнге ие инвестициялық жобаларының бірі. Оның құрылысына жалпы құны 85 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты. Заманауи өндірістік сипатымен танылуы себепті еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына еніп отыр.

«Шығыс» кенішінің директоры Валерий Приваловтың айтуына қарағанда, ашық әдіспен көмір өндіру үрдісінде топырақ қабатын сыртқа шығару - ең маңызды мәселе. Бұл жағынан жергілікті аймақта орналасқан басқа кеніштерден «Шығыс» оқ бойы озық тұр. Себебі, мұндай ауқымды да әмбебап кешенге ұқсас технология тіптен, еліміз тұрмақ ТМД аумағында әзірше жоқ десе де болады.

alt- Біздің кеніш жыл сайын 22 миллион тонна көмір беріп келеді. Корпорация басшылығы келешекте өндірісті ұлғайтуды көздеп отыр,-деп әңгімеледі В.Привалов. – Дегенмен, көмірді көп өндіреміз десек, кеніштен аршылатын жер жыныстары арта түсетін болады. Сондықтан, осы технологияның арқасында алда жаңа көрсеткіштерді бағындырамыз деген сенімдеміз. Олбіздің компанияның басты мақтанышы. Жаңа технология нәтижесінде көмір өндірісінің қазіргі қарқыны толық сақталып, қоршаған ортаға түсетін зиянды қалдықтар азаяды. Осымен бірге көмір отынының өзіндік құны мен кеніште пайдаланатын электр энергиясы шығыны да айтарлықтай кемиді. Бұған дейін біз қазып алынған топырақ қабатын экскаваторлар арқылы вагондарға тиейтінбіз. Оны сыртқа шығарған соң төгіп, ұсақтап, қайта тиеп, үйінділерге содан соң жеткізетінбіз. Кешен ашылған мезеттен ол машақаттан құтылдық. Бұл жерде жаңадан 200 жұмыс орны құрылды. Жалпы кеніш бойынша 3200-ден астам адам еңбек етеді.

«Шығыс» - әлемге әйгілі алып «Богатырь» кенішімен іргелес орналасқан кен орны. Бұл жердегі көмір қабатының қалыңдығы 180 метрге дейін жетеді екен. Қазіргі күні кеніштің ең терең тұсы 200 метрді құрайды. Геолог мамандардың есебіне сүйенсек, аталған кеніштегі көмір қорын жарты ғасырдан астам уақыт өндіруге болады. Мұнда шыққан көмір жергілікті теміржол стансаларында тиеліп, корпорацияға қарасты Ақсу электр стансасына, облыс орталығындағы ЖЭС-терге, сондай-ақ Ресейдің бірқатар өңірлеріндегі электр жарығын өндіретін нысандарға жіберіледі.

Циклді-ағынды аршу кешені учаскесінің бастығы Владимир Гончаров құрылысқа қажетті барлық керек-жарақты Германияның «ТАКРАФ» фирмасы жеткізіп бергенін айтады. Жалпы, Екібастұз өңіріндегі тау-кен өнеркәсібінде аталған компанияның өнімдері кеңінен қолданылады екен.

Мұндағы технологиялық көлік колоннасының бастығы Құдайберген Тәжмағанбетов уатқыш қондырғыға дейін жер жынысын тасып жеткізетін алып жүк көліктерінің жұмысы жайлы әңгімелеп берді. Оның сөзінше, жапондық жүк көліктерінің әрқайсысында 1250 аттың күші бар. Күніне бір көлік екі арада 35-40 мәрте жүріс жасайды. Олардың көмегімен күніне 80 мың тоннаға дейін жер жынысы қондырғыға жеткізіледі. Көліктер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, компьютермен басқарылады. Кабина ішінде салқындатқыш жүйе тұрақты жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, жүргізушіге барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Алып жүк тасымалдағыштар сына қалса, бірден жақын жердегі сервистік-жөндеу пунктіне апарылады. Тәжірибелі мамандар баршылық, кешен іске қосылар алдында тіптен экскаватор жүргізушісіне дейін арнайы дайындықтан өткізілген. Құдайберген Ыңқашұлы кеніште 2009 жылдан жұмыс істейді екен. 1984 жылы жолдамамен Якутиядағы белгілі бір көмір кенішіне барып жұмыс істегенін айтты. Онда он жылдай еңбектеніп, кейін елге қайтып оралған. Екібастұз өңірінде өндіріске енгізіліп жатқан технологиялар Якут елінде әлі қолға алынбай отырғанын тілге тиек етті ол. Заманға сай техникалармен жарақталған кешенде еңбек ету өзі үшін мақтаныш екенін де жасырмады. Мұндай заманауи технологиялық үрдіс көршілес кеніштердің мамандарын қызықтырып отырғаны анық.

Конвейерлі желінің жұмысы күндіз-түні бір тоқтамайды екен. Қазіргі күні корпорация осындай кешеннің екіншісін тұрғызуды ойластыруда. Осы жылдың алғашқы үш айында 5,802 миллион тонна көмір өндірілген. Айрықша атап өтерлігі, аталмыш кәсіпорын қазіргі күні технологиялық қайта жарақтану бағытында белсенді әрекет етуде. Бұрнағы жылы мұндағы теміржол көлігі дизельді машинадан электрлі тартқышқа көшірілді. Корпорация кеніш технологиясын жаңарту бағытында кешенді бағдарлама әзірлеп отырғанға ұқсайды.

Мұрат АЯҒАНОВ

Екібастұз қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 23 24
25 26 27 28 29 30 31