Былтыр мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы басталды. Бағдарлама жаңа мақсаттар мен заманауи технологияларға бағытталған үздік инновациялық жоспарларды біріктіреді. Өткен жылы елімізде жаңа индустрияландырудың алғашқы зауыттары мен фабрикалары іске қосылды. Бұл бастама мемлекет ішіндегі алпауыт кәсіпорындарға өз өндірісін модернизациялауға мол мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттің зор қолдауын іс жүзінде сезініп отырған кәсіпорындардың бірі – «Павлодарэнерго» АҚ. Мұнда биыл бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, Павлодар қаласындағы басты энергетикалық нысандардың бірі болып табылатын үшінші жылу электр орталығында (ЖЭО) жаңа қондырғылардың құрылысы мен модернизациялау жұмысы жүргізілуде. Олар – жылу қуаты сағатына 248 Г/калорий болатын №1 қазандық агрегаты мен 65 МВт қуатты №1 турбинасы. Оның жобалық құны 6,1 миллиард теңге көлемінде.
Жалпы, аталмыш ЖЭО-дағы қазандық агрегаты қырық жыл бұрын іске қосылған. Әбден тозығы жеткен. Сондықтан оны қайта қалпына келтіру жұмыстары аса маңызды. Нәтижесінде ол станция жұмысын едәуір жеңілдетпек. Экономикалық және экологиялық тұрғыдан да өте тиімді, дейді мамандар. Қазандықтың негізгі бөлшектері ауыстырылғаннан кейін қоршаған ортаға шығарылатын азот оксиді мен күлдің мөлшері бірнеше есеге азаяды. «Павлодарэнерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Владимир Шевцовтың айтуына қарағанда, қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектер толық жеткізілген. Қазіргі кезде қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар тәмамдалуға таяу.
Жоғарыда аталған инвестициялық жобалар аймағымыз үшін стратегиялық маңызға ие. Қосымша жылу көзі пайда болып қана қоймай, үшінші ЖЭО-ның электр қуаты 505 МВт-қа дейін (440 МВт-тан) ұлғаяды. Сол арқылы станция өзінің жобалық қуатына жетпек. Сондай-ақ ол қыс мезгілінде орталықтың еш қиындықсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Мысалы, жаңа турбина тұтынушылардың электр энергиясына деген күннен-күнге өсіп келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз етпек. Оған қажетті құрал-жабдықтар Ресейдің Екатеринбург, Новосібір қалаларынан әкелінді. Турбина орнату жұмыстарының жобалық құны – 6 089 миллион теңге. Атап өтерлігі, қазандық агрегаты үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанының аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Ал жыл соңына дейін жаңа турбина пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, Павлодардың ЖЭО-2, ЖЭО-3 және Екібастұз қаласындағы ЖЭО станцияларында электроэнергияны есептеудің автоматтандырылған коммерциялық жүйесін құру ісі аяқталды. Кәсіпорын басшылығы мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр дейді.
Осыдан екі жыл бұрын, әлем елдері қаржы дағдарысының қыспағынан құтыла алмай отырған шақта Қазақстан Үкіметі электр энергиясына шектеулі тариф енгізу туралы Қаулы қабылдағандығы белгілі. «Бұл еліміздің энергетика саласы үшін аса маңызды шешім болды. Соның арқасында отандық энергия үнемдеуші кәсіпорындар сол қиын кездің өзінде өндірісті модернизациялау мен қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды. 2016 жылға дейін бекітілген аталмыш Қаулы инвестиция тартып, өнімнің өзін-өзі ақтау көрсеткішін жоғарылатуға және жұмсалған қаржыны толық өндіріп алуға жағдай жасап отыр. Біздің кәсіпорын модернизациялау шараларына өткен жылдың өзінде 5,4 миллиард теңге инвестиция жұмсады», - деді В.Шевцов.
Қайта жаңғырту жұмыстарын қарқынды түрде жүзеге асырып келе жатқан аймағымыздағы алпауыт кәсіпорынның бірі - Ақсу ферроқорытпа зауыты. Онда өндірілетін құрамында хром, кремний, марганец қоспалары бар қорытпаларға деген сұраныс әлем нарығында жылдан-жылға өсуде. Қазіргі кезде «Қазхром» трансұлттық компаниясының филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты жылына 1,2 миллион тонна өнім шығаратын, өз саласы бойынша әлемдегі жетекші металлургиялық кәсіпорын болып табылады. Алайда, зауыт директоры Арман Есенжоловтың айтуына қарағанда, кәсіпорынның бірқатар өндіріс цехтары күрделі жөндеу жұмыстарына зәру. Тіптен, кейбір балқыту пештері зауыт іске қосылғаннан бері, яғни қырық жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз істеп келе жатқан көрінеді. Сондықтан биыл мұнда техникалық қайта жарақтандыру және модернизациялау бойынша инвестициялық бағдарламаның негізгі шаралары аясында бірнеше балқыту цехтарындағы пештер күрделі жөндеуден өткізілуде. Осылайша, үстіміздегі жылдың наурыз айында №46 пеш толық жөндеуден өткізілді. Қазіргі кезде №45 пешті модернизациялау жұмысы аяқталуда. Қыркүйек айында №12 балқыту пеші қайта қалпына келтіру үшін тоқтатылса, жыл соңында кезек №28 пешке келеді. Осындай әрбір пешті қайта жарақтандыру үшін шамамен 6-8 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалатын көрінеді.
Атап өтерлігі, Ақсу ферроқорытпа зауытының қуатты өндірістік базасының арқасында күрделі жөндеу жұмыстарын кәсіпорынның өз жөндеу қызметтері атқарады. Бір пешті қайта қалпына келтіру үшін 90 тәулікке жуық уақыт қажет, дейді мамандар. Аталмыш бағытта соңғы үлгідегі заманауи автоматтандырылған құрал-жабдықтар, арнайы конструкциялық элементтер мен механикалық бөлшектер қолданылмақ. Жұмыс барысында әлемдік ферроқорытпа саласындағы соңғы ғылыми, техникалық жетістіктердің қолданылуы өндіріс көлемін ұлғайтып, экологиялық қауіптілігін едәуір төмендетеді деп күтілуде. Және, бұл пештер кем дегенде он жыл мүлтіксіз жұмыс істейтін болады.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Павлодар-Ақсу-Павлодар.

