Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 24 маусымында Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегін іске қосқанда, Павлодарда бастапқы алюминий өндірісінің құрылуы қанатты металды өңдеу саласын алға бастыратынын айтқан еді. Көп ұзамай «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамы алюминий ширатпасын шығару жөнінде жаңа жобаның тұсауы кесілгенін мәлімдеді. Кәсіпорын өзімізде өндірілетін алюминийдің жылына 15 мың тоннасын өңдейтін болады. Бұрын қазақ жұрты сазбалшық өнімінен алюминий шикізатын шығаруды армандаса, бүгінде сол алюминий құймасынан дайын өнім алуға да қол жеткізіп отыр.
Елімізде сым және кабель өнімдерін өндірумен аты шыққан «Қазэнергокабель» АҚ осыған дейін бірнеше инвестициялық жобаларды сәтімен жүзеге асырды. 1993-1999 жылдар аралығында зауыт заманға сай технологиялар бойынша құрылды. Өнімділігі жоғары шетелдік құрал-жабдықтар сатып алынды. Жалпы құны 9,5 млн. АҚШ доллары тұратын жоба шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасына сәйкес қолдау тапты.
2006 жылы «Қазэнергокабель» кәсіпорны телефон байланысына пайдаланылатын сым мен сырты қапталған, қуатты кабельді өндіруге кірісті. Салынған инвестиция көп кешікпей ақтала бастады. Жалпы сомасы 12,8 млн. АҚШ доллары жобаны іске асыруға кәсіпорынның жеке салымынан бөлек, шетелдік және Қазақстанның Даму банкісінің берген қаржысы пайдаланылды. Соның нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаты екі есеге артып, қосымша 150 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Алайда қол жеткен табыстарға «Қазэнергокабель» АҚ тоқмейілсіп қалмады. Өткен жылдан бастап кәсіпорында алюминий ширатпасын (оралған сым) өндіру жобасы қолға алынды. Оның ерекшелігі сол, жаңа өндіріске Павлодар жерінде өндірілетін алғашқы қазақстандық алюминий құймасын пайдалану көзделді.
- Осыған дейін алюминий шикізаты Ресей мен Қытайдан әкелінетін еді, ендігі жерде өзіміздің өнімді пайдаланатын боламыз. Павлодарда шығарылған металл сырттан әкелінген шикізаттан әлдеқайда сапалы, - дейді акционерлік қоғамның бас директоры Дмитрий Цымбал.
Жоба бойынша ширатпа сым өндірісіне жылына 15 мың тонна шикізат қажет. Оның басым бөлігін өзіміздің электролиз зауыты толығымен қамтамасыз етеді. Жергілікті шикізаттың пайдаланылуы өндірістің шығынын азайтуға, одан әрі сым, кабель сияқты дайын тауардың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан бойынша «Қазэнергокабель» АҚ-ынан ешбір кәсіпорын алюминий ширатпасын өндірмейді. Басқаша айтқанда, бәсекелесетін ешкім жоқ. Бұл Павлодарда шығарылатын дайын өнімді еліміз бойынша өткізуге ешқандай кедергі жоқ деген сөз. Зауыт басшылығы алюминий ширатпасы өндірісіне жұмсалған қаржының (салымның жалпы көлемі – 471 млн. 939 мың теңге) 3,5 жыл дересінде ақталып шығатынына сенімді. Жоба бойынша бір жылда шығарылатын өнімнің 4 мың тоннасы зауыттың өзі пайдаланса, 4,5 мың тонна ширатпа еліміздің сым-кабель өндіретін зауыттарына жөнелтіледі, келешекте экспортқа шығару мәселесін де шешу жоспарланған. Таяуда іске қосылған цехта бүгінге дейін 16 тонна алюминий сымы өндірілген.
Осылайша, Павлодар жерінде жергілікті шикізатты өңдейтін жаңа өндіріс құрылды. Оның нәтижесінде шетелден (негізінен Ресейден) сатып алынып келген алюминий ширатпасын өзімізден шығаруға мүмкіндік туды. Алдағы уақытта еліміздің бұл өнімге деген сұранысын толық өтеу үшін өндірісті одан әрі ұлғайту көзделеді. Инвестициялық жобаның сәтті іске қосылуы жұмыспен қамту мәселесін шешуге үлес қосуға және ел қазынасын толықтыратын салық төлемдерін арттыруға жол ашады.
Айта кетелік, Елбасының өзі іске қосқан Қазақстан электролиз зауытының өнімін (онда жылына 250 мың тонна алюминий құймасы шығарылады) шикізат ретінде пайдаланатын жаңа жобалар қатары алдағы уақытта да толыға бермек. Соның дәлелі – осыдан біраз бұрын облысымызға түрік бизнесмендері келіп-кеткен. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Мырзажан Үсеновтің айтуынша, шетелдік «CNPG Industries» фирмасы алюминий автомобиль дискілерін, ал «Galaksi Group» құрылысқа қолданылатын алюминий төсемелерін шығаруға мүдделілік танытып отыр. Сәтін салса, бұл өндірістер құрылады, оның арты аймағымызда алюминий кластерінің жүзеге асуына әкеледі. Әзірге біз осы жылдың маусым айында іске қосылған «Қазэнергокабель» АҚ-ның алюминий ширатпасының өндірісін «сазбалшық-алюминий-дайын өнім» кластерлік тізбегінің алғашқысы деп қабылдайтын боламыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

