ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ – БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ

 

 

Соңғы жылдары табиғат құбылысы ерекше. Павлодар жұртшылығы қытымыр қыстың қаталдығына көндігіп те қалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, еліміздің басқа аймақтарында болып жатқан түрлі коммуналдық апаттарға қарап, біздің жағдайымызға тәубе дейсіз. 
Алайда, осы орайда «облысымызда тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуде қаншалықты тыңғылықты дайындық жүргізілген?» деген ойға қаласыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласынан басқа, бүгінде энергия үнемдеу, жол жөндеу, телефон байланысын орнату, тұрғын үй құрылысы секілді өзектілігін жоғалта қоймаған мәселелер де баршылық. Көпшілікті толғандыратын сауалдарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярға қойған болатынбыз. Төменде сұхбатымызды оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
 
- Роман Васильевич, әңгімеміздің басында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында басымдық берілген іргелі міндеттер, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты мәселелер туралы ойыңызбен бөліссеңіз деймін. 
- Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы дәстүрлі Жолдауында осы саланың заман талабына сай дамуына баса назар аударды. Елбасы айтып өткендей, елдегі азаматтардың өмір сапасының көрсеткіші тұрғын үй жайлылығының деңгейімен өлшенеді. Десе де, көптеген жылдар бойы коммуналдық салаға жеткілікті қаржы бөлінбей келді. Бұл маңызды шаруа «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қолға алынды. Соңғы екі жылда әжептәуір жұмыстар атқарылды. Бірақ әлі де нәтижені еселеуге тиіспіз. Президент «сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет. Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесі 2015 жылға қарай 32 пайыздан 22 пайызға төмендеуі тиіс» деген талап қойып отыр. Сондықтан Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу мен қалпына келтіруге қаржы жинақтауды ынталандыру мен қосыла қаржыландырудың тетігін жасау мәселесі жүктелді. Бұл – алдағы уақытта аталмыш саланы көркейтуде ұлан-ғайыр шаруалар атқарылады деген сөз. 
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – ауызсумен қамтамасыз ету. Осыған дейін де бұл бағытта қыруар істер атқарылды. Ендігі жерде қолданыстағы желілерді күрделі жөндеуден өткізу және жаңа желілерді тарту міндеті тұр. Мәселен, Ертіс ауданын толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін Беловод топтық су құбырын тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Май ауданында да топтық су құбыры мәселесі шешілуде. Магистральді құбырлар салудың тиімділігі жоқ болған жағдайларда жер асты су көздері пайдаланылады. Әрине, барлау жұмыстарына және құрылғылар орнатуға қосымша қаржы жұмсалады. Дегенмен, Елбасының алға қойған тапсырмасын орындауымыз қажет. 2020 жылға дейін ауылдарымыздың 80 пайызы, қалалықтар толығымен орталықтандырылған жүйе бойынша сапалы ауызсуды тұтынатын болады. 
- Облысымызда тұрғын үй-коммуналдық саласын модерниза-циялау бағдарламасы шеңберінде қандай ірі жобалар қолға алынған?
- Қазірде айтарлықтай табыстарға бастауға тиіс шаралар жүзеге асуда. Былтыр «Жол картасы» шеңберінде 138 нысанды қамтыған 31 жоба іске асты. Соның қатарында жалпы ұзындығы 36,2 шақырым сумен қамтамасыз етуші құбырлар мен екі су тазалауыш құрылғы күрделі жөндеуден өткізілді. Атап айтқанда, Қашыр, Павлодар аудандарының Фрументьевка және Чернорецк ауылдарында және Баянауыл ауданының Майқайың кентінде ауызсу беру сапасы жақсарды. Ал облыс орталығында Лермонтов көшесі бойында сарқындылар өткізетін коллектор күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс өзі бірнеше жылдан бері кезең-кезеңмен атқарылды. Екібастұз қаласында да сумен қамту жүйесі талапқа сай реттелді. Жылумен қамту жүйесіне келсек, Ақсу қаласы мен Май ауданында 2,5 шақырымдық  желі қайта қалпына келтіріліп, Железинка ауданында бір қазандық күрделі жөндеуден өткізілді. Павлодар қаласында 16 шақырымды құрайтын электр беруші желілер мен 11 трансформатор пункті жөнделді. 
Биылғы жылы аталған бағдарлама аясында шараларды одан әрі жалғастыру мақсатында республика және облыс бюджеттерінен 1,5 млрд. теңге қарастырылды. Бұл қаражатқа сумен қамтамасыз ететін желілерді (жалпы ұзындығы 29,3 километр) жөндеп, сондай-ақ Лебяжі ауданында жылу беретін бір қазандық пен Железинка ауданында 2,8 шақырымдық желіні қайта қалпына келтіру көзделуде. Сонмен бірге, Павлодар қаласының 20 аулаішілік аумағын жөндеуге 100 млн. теңге, екінші Павлодардың көшелерін жарықтандыруға 22 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған. 
Тағы айта кетерлігі, өткен жылдан бастап, Усолка шағын ауданында тұтынушылардың сұранысын өтеу мақсатында жаңа подстанция салына бастады. 2012 жылы пайдалануға берілетін подстанцияның жалпы құны - 2 млрд. теңгеден асады. Қаржы республикалық қазынадан бөлінді.
- Қазіргі кезде жылу, су құбырларының төзімділігі туралы не айтуға болады? Тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңалау мәселесі қалай жүруде? Қуат өндіруші станциялардың қысқа дайындығы қандай? 
- Облыс бойынша жылу және электр энергияларын өндіретін станциялардың жұмысы күнделікті бақыланады. Кәсіпорындар негізгі өндірісте қолданылатын құрал-жабдықтарды жоспарға сай толық жөндеп шықты. Олардың қатарында 9 энергия блогы, 13 қазандық, 5 турбина және бір турбогенератор бар. Мұның өзі - қысқы жылу кезеңіне жасалған үлкен дайындық шарасы. Жалпы, қалаларды «Павлодар жылу желілері» АҚ-ның екі кәсіпорны мен «Тепловик-Ақсу» серіктестігі жылумен қамтамасыз етеді. Ал аудан орталықтарында мемлекеттік және жеке меншік коммуналдық кәсіпорындар қызмет көрсетеді. 2010 жылдың күзгі-қысқы мерзімінде 24,1 километрді құрайтын жылу желісі және 131,9 шақырым болатын су жүйелері күрделі жөндеуден өткізілді. Магистральді және таратушы құбырларда апаттың алдын алуға арналған жұмыс жүргізілді.
Қазіргі кезде облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарымен қатар, әлеуметтік мекемелерді жылумен тұрақты қамтуға баса көңіл бөлінуде. Осы жылғы 16-22 қаңтар күндері аралығында облыс энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері Майқайың, Қалқаман, Шідерті, Төртқұдық кенттерінде, Красноармейка ауылында, Ертіс, Ақтоғай және Железинка аудандарындағы мектептер мен ауруханаларға, балабақшаларға берілетін жылу жағдайын тексеріп, ондағы қазандықтардың жұмысының талапқа сай екендігіне көз жеткізді.
Бірақ та, жылыту мерзімі басталғалы бері инфрақұрылым нысандарында сумен, электр энергиясымен, жылу қуатымен қамтуға байланысты 103 апаттық оқиға орын алды. Соның ішіндегі ірісі – 2010 жылдың 31 желтоқсанында Ақсу қаласында болды. Су құбыры жарамағандықтан, қалаға берілетін судың қысымы азайтылды. Қатты аяздың салдарынан апатты бірден жою мүмкін болмай, суды басқа құбыр арқылы жіберу жөнінде шешім қабылданды. Сол күні кешкісін қала тұрғындарына толығымен су берілді. Жарылған құбырдың бөлігі 13 қаңтар күні жөнделіп, қазір ақсулықтар ауызсумен тұрақты қамтамасыз етілуде. 
Қысқы жылыту кезеңі басталғалы барлығы 72 шағым келіп түсті. Олардың дені, әрине, облыс орталығынан болды. Тұрғын үйлерде жылудың жеткіліксіздігі туралы Ақсу қаласынан - 6, Екібастұз қаласынан 2 оқиға анықталды. Шағымдар бойынша жедел істер қолға алынуда. Құрамында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының, Павлодар қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, «Энергоцентр» АҚ, «Жылу желілері» АҚ және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері бар шұғыл комиссия әрбір мекенжай бойынша барып, тексерулер жүргізді. Осы тексерулер көрсеткендей, тұрғын үйге желілер арқылы берілетін жылу қуаты мөлшерге сәйкес келеді. Жалпы үй бойынша бірқалыпты температура байқалады. Дегенмен кейбір жекелеген пәтерлерде суықтау. Себебі тұрғындардың өздері қысқы кезеңге жеткілікті дайындықсыз кіргені көрініп тұрады. Яғни, баспана иелері ішкі жылу жүйелерін талапқа сай реттемеген, есік-терезелерді, баспалдақ алаңы мен жертөлелерді жылытып бекітпеген.
Пәтер иелері кооперативтерінің де жіберген кемшіліктері бар. Мәселен, Қамзин көшесі, 12 үйдің жылу торабындағы құрал қалдықтармен бітеліп қалып, кейін оны ПИК-пен бірге жылу жүйелері кәсіпорны жөнге келтірді. Жалпы, облыс көлемінде жылумен қамту жағдайына ерекше көңіл бөлініп, тұрғындардың шағымдарына едел-жедел әрекет етудеміз. Еліміздің қолданыстағы арнайы ережесіне сәйкес, тұрғын жайларда ауа температурасы 16-20°С мөлшерінде болуға тиіс. Бірақ бүгінде пәтерлердегі жылу мөлшері аталмыш көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болып тұр. 
- Қыс мезгіліндегі басты міндеттердің бірі – көше тазалығы. Бұл шаруалар қалай атқарылуда?
- Қалалықтар соңғы екі жыл бойы көктемде көшелер мен жолдардың қар суына толып қалмайтынын байқаған болар. Себебі жауған қарды мердігер фирмалар дер кезінде тазалап отырады. Сол себепті, күн жылығанда қар лай суға айналып жатып қалмайды, көшелер бірден құрғап қалады. Күн сайын қар тазалау үшін 100-ге тарта арнайы техника мен 400-ге жуық адам көшеге шығады. Облыс орталығында                85 техника жұмыс істейді. Ал жеке меншік аумақтарды тазалауға – нысандардың иелері жауапты. Бұл жұмыстың орындалуын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мен ішкі істер органдарының инспекторлары бақылайды. Бірақ жүргізілген рейдтердің нәтижесінде қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекстің 387-бабына сәйкес шағын және орта бизнес басшыларына 127 ескерту жасады. Соның қатарында Торайғыров көшесі, 32, Лермонтов көшесі, 22, Кутузов көшесі, 40, Академик Сәтбаев көшесі, 33 мекенжайларында орналасқан кәсіпкерлік нысандары бар. Бұл барлық меншік иелері бәрі бірдей жауаптылық танытпай отырғанын көрсетеді. 
Жалпы, қар тазалау жұмыстары - маңызды іс. Таза жолда жүру қауіпсіз әрі көлік кептелісі туындамайды. Бүгінде коммуналдық қызмет өкілдері нәтижелі жұмыс істеуде. 
- Аязды күндерде қоғамдық көліктердің кестеге сәйкес жүруі өте маңызды. Себебі жолаушылардың өміріне қауіп төнбейді. Бұл жағдай бақылауда ма?
- Әрине, бұл мәселе - үнемі назарда. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс ішіндегі автобус бағыттары бойынша айта қаларлықтай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Барлық қоғамдық көліктердің қозғалысы - кестеге сәйкес. Қала ішіндегі жолаушы автобустары жолда қирап қалған жағдайда қосымша автобустар шығарылатын болады. 
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мәліметі бойынша 2010 жылдың 31 желтоқсанынан 2011 жылдың 4 қаңтары аралығында облыс ішінде және басқа да облыстар арасында жүретін 3 автобус орта жолда қирап қалған. Бұл жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылданды. 
Түйіндеп айтқанда, жолаушы тасымалының жағдайы қыс мезгілінде жіті қадағалауда болады. 
- Осы жерде автокөлік жолдарын жөндеу мәселесі ойға оралады. Бұл бағыттағы жұмыс қаншалықты алға басып келеді?  
- Соңғы жылдары аудандық, облыстық және республикалық маңызға ие автокөлік жолдарын жөндеуге қыруар қаржы жұмсалуда. Жалпы, Павлодар облысындағы пайдаланылатын автокөлік жолының ұзындығы 5,6 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде республикалық маңызға ие бөлігі 26 пайыздан асса, қалғаны - облыстық және аудандық маңыздағы жолдар.
2011 жылы жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық қаржы көздерінен 4,1 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылып,                    235 шақырымдық республикалық, облыстық және аудандық жолдар жөнделмек. Оның ішінде 9 шақырымдық жол қалпына келтірілсе, 18-не күрделі және 193-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал Жаңажол-Ескелді бойындағы 15 шақырымдық автожолдың құрылысы биылғы жылы аяқталатын болады.   
Сондай-ақ, қалалар мен аудандар бюджеттерінен аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 352 млн. теңге бөлу жоспарланған, соның ішінде 280,8 млн. теңге ағымдағы жөндеулерге және автокөлік жолын күтіп ұстауға жұмсалады деп көзделуде. Сонымен қатар 13,3 шақырым жол орташа жөндеуден өткізіліп, жобалау жұмыстары жүргізіледі. 
- Аймағымызда, әсіресе ауылдық жерлерде телефон байланысымен қамту бойынша қандай табыстар бар?
- Негізінде, Павлодар облысы телефон орнату мәселесі оңтайлы шешілген аймаққа жатады. Облыстағы барлық 412 елді мекен байланыспен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде қолда бар станциялардың жартысынан астамы ауылдық жерлерге қызмет көрсетеді. Олардың қатарында жүзден астам сандық және 72 CDMA-450 базалық станциясы бар. Оларда әлі қосымша тұрғындарды қосуға мүмкіндік бар. Шалғайда жатқан ауылдар 26 «ДАМА» спутниктік байланыс жүйесімен қамтамасыз етілген. 
Өткен жылы қалалық және ауылдық жерлерде негізгі телефон аппаратын орнату жағдайы жақсара түсті. Жалпы, байланыстың даму деңгейі әр жүз адамға шаққанда қанша телефоннан келетініне байланысты өлшенеді. Бұл жағынан біз - республика бойынша көшбасшылардың біріміз. Еліміз бойынша әр жүз адамға шамамен 24,1 телефон болса, аймағымызда бұл көрсеткіш 32,4 аппаратты құрайды. Қалалармен қатар біздің ауылдарымыз да алдыңғы қатарда келеді.
Енді байланыс саласын дамытуға және модернизациялау мәселесіне келсек. Былтыр «Қазақтелеком» АҚ облыстық дирекциясы Лебяжі ауданының Аққу ауылында және Екібастұзға қарасты Төртқұдық ауылында СDМА технологиясы бойынша сымсыз желіні іске қосты. Қашыр ауданының Фёдоровка ауылында, Ақтоғай ауданының Жолболды ауылында, Ертіс ауданына қарасты Панфилов және Голубовка елді мекендерінде CDMA–450 сымсыз желі технологиясы бойынша базалық станциялар құрылуда. 
Сонымен қатар, кең жолақты интернетке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту мақсатында облыс аудандарында 2688 порттан тұратын талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылды. Осы жерде жаңа заманның желісі саналатын «NGN» технологиясын тартуға да қыруар қаржы жұмсалғанын айта кеткен жөн. Бұл желінің мүмкіндігі облыс қалаларында кеңінен пайдаланылып қана қоймай, Успенка, Шарбақты, Лебяжі аудандарының орталықтарында интернет арқылы кең ауқымды мәліметтер жіберу үшін жағдай жасалған. Солнечный, Майқайың, Қалқаман, Шідерті кенттерінде абоненттердің ғаламдық торға қосылуларына жол ашатын құралдар орнатылды. Осы жұмыстардың бәріне өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ  986,4 млн. теңге игеріп, оның ішіндегі 331,5 миллионы ауылдық жерлерге жұмсалды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. 
СDМА  сымсыз радиобайланыс станциясын құру үшін Баянауыл ауданындағы Аймауытов ауылында, Железинка ауданындағы Уәлиханов елді мекенінде және Ақтоғай ауылында инфрақұрылымдар дайындалды. Базалық станциялар Майқарағай және Қорт ауылдарына да қызмет көрсетеді. Биыл Тереңкөл-Железинка және Қалқаман-Майқайың бағыттарында талшықты-оптикалық желілерді тарту арқылы халыққа ұсынылатын байланыс қызметінің түрлері мен аясын кеңейту көзделіп отыр. Ал Павлодар қаласында FTTH талшықты желісі тұрғын үйлерге дейін тартылады деп күтілуде. 
Осылайша байланыс саласы заман талабына сай даму үстінде. Биылғы жылы «Қазақтелеком» АҚ телекоммуникацияның дамуына 930 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр.
 - Соңғы жылдары энергия үнемдеу жөнінде көп айтылады. Бұған дейін аста-төк байлықты бағалай алмаған халқымызға енді үнемшілдікке үйренетін кез келді ме? Қандай жұмыстар қолға алынған? 
- Облысымызда энергия үнемдеуге байланысты кешенді жоспар жүзеге асуда. Бұрынғы кездегідей, тұтынушылар қуатты есепсіз пайдаланбауға тиіс. Негізгі жұмысты бюджеттік мекемелерден бастадық. Он мекемеге 48 автоматты жылумен қамту пункттері орнатылды. Нәтижесі бірден көрінді. Өткен жылдың қазан-қараша айларында төлемақы алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 млн. теңгеге үнемделді. Мұндай жылу пункттері денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту саласындағы мекемелерде іске қосылған. Осыған қарамастан, ғимараттардағы жылу режимі тиісті мөлшерге сәйкес. 
Электр энергиясын үнемдеу мақсатында бюджеттік саладағы нысандарда күнделікті қолданыстағы шамдар электр үнемдейтін шамдарға ауыстырылды. Жалпы орнатылған 18 мың шамның өзіндік пайдасы бірден байқалып отыр. Электр энергиясының үнемділігі 5,3 млн. теңгені құрды.   
Сондай-ақ, қазір жеке меншік иелері мен кәсіпкерлер экологиялық жағынан таза жылу насосын қолдануға көше бастады. Арнайы құрылғы табиғи энергия өндіріп, автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін станцияларға, коттедждерге ыстық су берумен қатар, оларды жылу қуатымен де қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, биыл бюджеттік сала мекемелерінде қанатқақты жоба ретінде баламалы жылумен қамту жүйелері орнатылады. Республикалық бюджет есебінен 20 тұрғын үйге энергия аудиті жүргізіліп, соның үшеуіне сапалы жылу изоляциясынан кейін жылу пункттерін орнатады. Сондай-ақ облыс орталығындағы №№1, 11, 28 мектептерді, бесінші емхана мен №4 балабақшаны жылу құрылғыларымен жабдықтау жоспарланған. 
- Дамыған елдердегі сияқты біздің мемлекетімізде де тұрғын үй инспекциясы тәжірибеге енгізіліп отыр. Мұның қандай тиімділігі бар? 
- Қазіргі кезде тұрғын үй инспекциясы облыстың барлық қалалары мен төрт ауданында құрылған. Алдағы уақытта   қалған аудандарда да осындай инспекция құрылатын болады.  
Құрамы 4-7 маманнан тұратын инспекция жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жанынан құрылып, жұмыс істейді. 
Аталмыш инспекцияның негізгі қызметі - тұрғын үй қорының базасын түгендеп, ғимараттардың жағдайына тексеріс жүргізеді. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға енгізілген өзгеріс туралы пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, түсіндірмелік жұмыстар атқарады. Үй басқарушысын сайлау бойынша жиын өткізеді. Мәселен, былтыр Павлодар қаласында үш жүзден астам жиналыс өтіп, онда 875 тұрғын үй бойынша төбені, үй сыртын жөндеу, подъездер мен балкондарды нығайту сияқты қажетті жұмыстардың көлемі мен бағасы анықталды. 
Сондай-ақ тұрғындарға ортақ мүлікті жөндеуден өткізуге көмектесу мақсатында жергілікті мәслихаттардың шешімімен тұрғын үй көмегі берілетін болған. Бұл көмек түрі отбасы табысының 10 пайызы күрделі жөндеуге жұмсалған жағдайда төленеді. Өткен жылы осы санаттағы тұрғындар жалпы 165,7 млн. теңгенің тұрғын үй көмегін алды. Соның ішінде Павлодар қаласы бойынша - 65,7 млн. тенге, Екібастұз қаласында - 60 млн. теңге, Ақсу қаласында 40 млн. теңге пайдаланылды. 
Осындай істерден соң, Кутузов көшесі, 6/2 үйінің тұрғындарына күрделі жөндеу жұмыстарына 434,2 мың теңге бөлініп, мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Ортақ мүліктің жағдайын жөндеуге байланысты жиындар Ақсу және Екібастұз қалаларында да өтіп, атқарылатын жұмыстар мен оған кететін шығындар көлемі белгіленген. Ақсу қаласында өткен жылы ортақ мүліктерді күрделі жөндеуден өткізу үшін 453 мың теңгеден аса қаражат берілді.
Қорыта келгенде, мен қарапайым тұрғындардың мынаған назар бөлуін өтінемін. Тұрғын үйлердің ортақ үлестегі бөліктерін жөндеу тек қана мемлекеттің шаруасы емес. Бұл мәселеге пәтер иелерінің өздері де тікелей жауапты. Өкінішке қарай, барлық жағдайды тек бюджет қаржысына жасау мүмкін емес. Бұл жерде тұрғындар жауапкершілікті сезінгені жөн. Энергия үнемдеу мәселесіне келгенде де осы жайт алдан шығады. Үй иесі бола тұрып, баспанасын қысқы мезгілге лайықты дайындамай, кейін билік өкілдеріне шағым түсіретін тұрғындарымыз көп. Үнемдемеске болмайды, себебі коммуналдық төлем арзан емес. Әрине, кезінде ысыраптауға бойы үйреніп қалған халықтың бірден көндігіп кетуі қиын. Десе де, үнемшілдік – қазіргі заманның басты талабы.
Әңгімелескен Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28