Талайдан бері түйіні тарқатылмай, қалалықтардың бас ауруына айналған тұрғын үй қорын жөндеу мәселесін шешуді мемлекет өз қолына алатын болды. Бұл кеңестік кезеңдегі қайғысыз жағдай қайтадан оралды деген сөз емес. Бұл жолы Үкімет тұрғындарға балық емес, қармақ береді. Яғни, көпқабатты тұрғын үйді жөндеуге қажетті қаржының көзін табады. Әрі қарай пәтер иелері мүмкіндікті іліп әкетіп, пысықтық танытса, жеткілікті. Кешегі заманда бізбен бір шекпеннің астында болған эстондар да бұл жүйеге төселіп алыпты. Оның ар жағында еуропалықтардың қандай жетістіктерге бөленгенін айтудың өзі артық. Баспанамыздың қолайлы болуы үшін арнайы құрылған «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығы» АҚ қазірде жаңашыл бағыттар туралы әр аймақта түсіндірмелік жұмыстар жүргізуде.
Пәрменсіз ПИК-тер мен дәрменсіз борышкерлер
Осыған дейін қалалықтар тұрғын үй қорын күтіп ұстауда нарық талабынан шыға алмай келеді. Пәтерлердің бәрі жекешелендірілген тұста тұрғындар кейін үйдің төбесін, қабырғасы мен баспалдақ алаңын, жертөлесін күрделі жөндеу керек деген мәселенің алдан шығарын қаперіне де ала қоймағаны даусыз. Алайда, көп ұзамай бұл мәселе кесе-көлденең шықты. Тоқсаныншы жылдары аталған мәселені жаппай құрылған пәтер иелері кооперативтері шешер деген үміт болған. Бірақ ол ақталмады. Керісінше, кооперативтердің қолынан пәлендей іс келмейтіні уақыт өткен сайын айқындала түсті. Қазірде тұрғындарға сөз берсек, көпшілігі ПИК-тердің жұмысына көңілі толмайтынын дәлелдеп шыға келуге бар. Кооператив төрағаларының айтары мүлдем басқа. Олар тұрғындардың ай сайынғы төлемақыны уақытылы бермейтініне шағымданады. Осылайша екі жақ керісіп жүргенде, арада жиырма жылдың зыр етіп өте шыққанын аңғармаппыз. Сөйтіп, жөндеу көрмеген тұрғын үйлердің тозығы жетіп, қабырғасы қақырап, кейбірінің төбелері құлауға айналғанына куә болып отырмыз.
Күрделі жөндеуді айтамыз-ау, ПИК-тердің қысқы жылыту кезеңі жақындаған сайын байбалам тудыратыны жалған емес. Көптеген үйлердің ішкі жылу жүйелері станциядан жіберілетін қуатты қабылдауға шамасы жетпейді. Дайындық тиісті деңгейде жүрмеген соң, қақаған қыстың ортасында тұрғындардың жанайқайлары құлақ тұндырады. Мұндай апаттық жағдай осы жылдың басында Павлодар қаласында болды. Айманов көшесі, 41-үйдің тұрғындары облыс әкімінің сайтына жабыла шағым түсірді. Бірнеше пәтер су мен жылу қуатына жарымай қалған. Кейін оған пәтер иелері кооперативінің қатысы бары анықталды. Бірақ кейін көптеген үйлердегі ПИК төрағаларының әлгіндей шағымдарға бей-жайлықпен қарайтыны белгілі болды. Олардың айтуынша, бәріне тұрғындар өздері айыпты. Зейнеткерлерден басқалары айлық жарнаны төлегісі келмейді. Мұның арты сапасыз жұмысқа әкеліп тірейді. Қазір ПИК-тердің көбінде білікті маман жоқ, әйтеуір қолынан бірдеңе келетін, келімді-кетімді біреулерді жалдайды деген де пікір бар. Себебі, аз еңбекақы төлейтін мекемеге білікті кадр аяғын аттап баспайды. Бұл жағдайлардың бәрінің 97 пайызы жеке меншікке тиесілі тұрғын үй қорының жылдан-жылға тозуына апарып соғуда.
«Менің баспалдағым емес...»
Осыған дейін тұрғын үйлерде мүлдем күрделі жөндеу жасалмады деу бекер. Бірақ ондайлар аз. Жергілікті билік қол ұшын беруге де ұмтылды. Мәселен, Павлодар қаласында бұл мақсатта тұрғын үй көмегі ұсынылады. Ол баспана иелерінің ортақ мүлікті жөндеуге жұмсаған шығындарын өтеуге жіберіледі. Алайда, белсенділік таныта қойған тұрғындар жоқ. Бұл жерде көп нәрсе тұрғындардың көзқарасына да байланысты екенін атап өткен жөн.
- Халық барлығын Үкімет жасайды деп сеніп алған. Бірақ әркім өзінің меншігін өзі күтуге тиіс. Нарық осыны талап етеді, - дейді «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талап Рахманов.
Шын мәнінде солай. Заман өзгерсе де, қалалықтардың ой-санасы өзгермеген. Үйдің төбесінен су тамшылап тұрса, ол – тек жоғары қабаттағы пәтерлердің бас ауруы. Жертөлеге батпақ толып, жәндіктер мен кеміргіштер қаптап кетсе, ол шаруамен төменгі қабаттың тұрғындары айналысуға тиіс. Сыртқы есікті жұлып әкетсе де, ортаңғы этаждағылардың ұйқысы тыныш. Әйтеуір, пәтері аман болса болғаны. Қалғаны күйіп кетсе де міз бақпайды. Дәлізге шам орнатудың өзі қыруар іс секілді мұрнын шүйіріп жүреді. Тазалық жағына келсеңіз де солай. Бәз біреулер баспалдақта жатқан қоқысты жинау былай тұрсын, доңыз тәрізді одан сайын қақырынып-түкірініп кетеді. Міне, қазір біздің бойымызға сіңіп кеткен әдепсіздік! Мұндай тұрпайылық қасиеттерді жоймай тұрып, ортақ мүлікті күрделі жөндеу туралы ой қозғаудың өзі қиын. Жауапкершілік болмаса, бастама деген жайына қала береді. Ондайлар ортақ мүліктің жөндеуіне қалтасынан бір теңге шығаратынына күмән көп. Біздің қазіргі болмысымыз осындай!
Қазақтар мен эстондар ұқсай ма?
Ал еуропалықтар мүлдем басқа. Батыс жұрты бізден әлдеқайда озып кеткен деп, ауызды қу шөппен сүрту жарамас. Жарайды, оларды былай қойып, кезінде бір одақта болған Эстонияны алайық. Мамандардың айтуынша, эстон жерінде де «хрущевка» деп аталып кеткен ескі үйлер көп. Бірақ олар қазіргі заманға лайық. Сыртына қараса, көз тартады, ішіне кірсеңіз, шыққыңыз келмейді.
Бір жылдары олардың да жағдайы бізге ұқсас болған. Бірақ модернизация мәселесін мемлекет жеделдеткен. 2001 жылдан бастап тұрғындарға күрделі жөндеу жүргізу үшін ұзақ мерзімді несиелер беруге кіріскен. 20 жылға дейін берілетін қарыздың өсімі де көп емес, жылына 2-3 пайызды ғана құрайды. Екі бөлмелі (53-60 шаршы метр) пәтері бар тұрғындар несиені ай сайын 8700 теңгеден жауып отырады. Одан басқа коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысады. Шетелде күрделі жөндеу үшін ай сайын жинақтау жүйесі де оң жолға қойылған. Халықтың ортақ мүлікке деген жанашырлық көзқарасы нәтижесінде ескі үйлердің сырты көз сүйсіндіретін, іші энергия үнемдейтін қолайлы баспанаға айналған. Эстонияда ортақ мүлікті күрделі жөндеу ісін үйлестіретін 10 мыңдай пәтер серіктестігі (кооперативтер) жұмыс істейді. Сондай-ақ, муниципалды полиция бар. Егер біздегідей балкондар мен терезелер әртүрлі болып боялған жағдайда, бұл орган айыпты азаматтарға әкімшілік жаза белгілейді.
Алайда, мұның бәрі біздің болмысымызға сай келеді деу қиын. Эстондардың тәжірибесіне негізделген жаңа жүйені енгізгенмен, оның бізге берер пайдасы мен жемісі күткендегідей болса жақсы. Ақсу қаласы «Отан» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Зәуреш Иманбаева ұзақ мерзімді несиені тұрмысы төмен тұрғындар мекендейтін үйлерге беру қиындық тудыратынын айтады.
- Бүгінде кооперативке айлық төлемдерін дер кезінде төлеп тұрған кейбір үйлердің өмір сүру деңгейі жақсы деген сөз. Алайда, бәрі ондай емес. Мәселен, былтыр аталмыш шаһардағы Ленин көшесі, 16-үйдің сыртын сылап-сырлау үшін 112 пәтерден небары 30 мың теңге жиналды. Аз ғана ақшаға күрделі жөндеу жүргізу мүмкін емес. Мұндай белсенді емес тұрғындарға мемлекеттен 20 жылға несие алып, оны кейін қайтару қиын. Олар оның тиімділігін түсінбейді де. Жұрт Үкімет келіп, бәрін тегін реттеп береді деп ойлайды, - дейді ақсулық ПИК-тің төрайымы.
Қайткенде де үміт басым....
- Қазір біз әрбір аймақтан ұсыныстар қабылдап, арнайы бағдарлама жасап, Үкіметке ұсынатын боламыз, - дейді Талап Рахманов, - Арнайы концепция жасау үшін Еуропаның Даму және қайта құру банкінен 220 мың еуро қаржы бөлінді. Сондай-ақ бұл іске Дүниежүзілік даму банкі де атсалысады.
Оның айтуына қарағанда, Үкімет тұрғын үй қорын күрделі жөндеуден өткізу ісін инвестициялауға қаржы көзін табады. Бірақ берілетін несие қайтарымды болып табылады. Яғни, оны халық кейін үстеме пайызымен төлейді. Әзірге пайыз мөлшері қанша болатыны беймәлім. Белгілісі, дәрменсіздігі анық танылды. Ендігі жерде кондоминиумді басқарушы орган – ПИК-тер үйге қызмет көрсетуге сервистік компанияларды жалдауға тиіс. Бұл кәсіби жағынан білікті мамандардың келуіне жол ашады. Қазіргі кезде кооператив әрі тапсырыс беруші, әрі орындаушының рөлін атқарып жүр. Енді олар атқару мәселесін өз ісін білетін мамандарға тапсырады. Алдағы уақытта жинақтау жүйесін де қолданысқа енгізу көзделеді. Бірақ мұның бәрі тұрғындардың таным-түйсіктерінің өзгеруімен тікелей байланысты. Егер ортақ мүлікті жөндеуге әр пәтер иесінің үлес қосу қажеттігін сезінбейтін болсақ, істің алға басуы екіталай. Бұл ретте орталық мамандары пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді тиімді деп есептейді. Ал қаржы мәселесіне келсек, барлық тетіктері жуырда әзір болатын бағдарламада егжей-тегжейлі анықталады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

