Экономика

ШЕТЕЛДІК КӘСІПОРЫНДАР ӘРІПТЕСТІККЕ ҮМІТТІ

 

аймағымызда халықаралық көрме ұйымдастырылды

 

Павлодар қаласында «MinTech-2012» атты тау-кен, металургиялық және көмір өндірісі технологиясы мен құрал-жабдықтарының, сондай-ақ, «KazInterPower» деген атауға ие энергетика мен электртехникаларының халықаралық көрмелері өтуде. Оған әлемнің 10 алпауыт елінен келген елуге жуық танымал өндіріс компаниялары қатысуда. Атап өтерлігі, шетелдік компаниялардың Павлодар облысына деген қызығушылығы зор.

 

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, аталмыш көрмелердің дәл біздің аймағымызда өткізілуі тектен-тек емес. Павлодар облысы - Қазақстанның энергетикалық орталығы. Екібастұздық электр станциялары, Ақсу ГРЭС-і, өзге де ірі жылу станциялары өндірісті өңірдің әлеуетін арттырып тұр. Онымен қоса, аймақ ферроқорытпа мен көмір өндірісі, машина жасау құрылғылары және басқа да сұранысы мол өнімдердің көп бөлігін қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы, «MinTech» халықаралық көрмесі еліміз бойынша осымен он екінші мәрте ұйымдастырылуда. Ол Павлодардан бөлек Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өткізіліп келеді. Ал «KazInterPower» көрмесінің пайда болғанына небары екі жыл болды. Және ол тек біздің аймағымызда өткізіледі. Бұл ретте, облысымыздың энергетикалық әлеуеті ескерілген, - дейді мамандар. «ҚАЗЭКСПО» халықаралық көрме компаниясының президенті Мария Молдағалиеваның айтуынша, жыл өткен сайын аталмыш қос көрменің маңыздылығы артып, қатысушылар саны көбейіп келеді. Биылғы көрме Ресей, Австрия, Австралия, Германия, Сербия, Украина, Финляндия, Швеция және Швейцария елдерінің энергетика, металлургия, тау-кен саласында қызмет ететін кәсіпорындарының басын қосып отыр. Шара ҚР Үкіметінің және облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

- Аймағымыздың өндіріс саласы күннен-күнге дамып келеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызы зор. Аталмыш бағдарлама аясында жаңа өндіріс орындарын салумен ғана шектелмей, қазір жұмыс істеп тұрған ірі кәсіпорындар мен станцияларды модернизациялау ісі де жүргізіледі. Бұл жұмыстарға қазіргі заманға сай жаңа технологиялар, құрал-жабдықтар қажет болады. Сондықтан, мұндай көрмелердің маңызы зор, - деп атап өтті шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Арслан Әбдіқалықов.

Көрме қатысушыларының қатарында аймағымызға алғаш рет аяқ басып отырған шетелдік компания өкілдері баршылық. Солардың бірітау-кен өнеркәсібінде қажетті химиялық қоспаларды өндіретін қытайлық «SERT International Trade Co.Ltd» кәсіпорыны.

- Бұл - Павлодар қаласына алғашқы келуіміз. Көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантады. Нәтижелі боларына үміттіміз. Бүгінгі күнге дейін біз Қазақстандағы «Арселор Миттал», «Қазақмыс» сияқты ірі компаниялармен әріптестік қатынастар орнаттық. Енді павлодарлық кәсіпорындармен ынтымақтасамыз деген сенімдемін, - дейді «SERT International Trade Co.Ltd» кәсіпорынының бас директоры Қанат Зейнолла.

Жалпы, шетелдік кәсіпкерлермен тығыз әріптестік қатынасты дамытуға бағытталған бұл шара екі күн бойы өтеді. Оның аясында қатысушылар энергетика саласындағы озық технологияларды пайдалану, энергия үнемдеу сияқты тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, арнайы ұйымдастырылған семинарларда бас қосты. Бұған қоса, шетелдік меймандар облысымыздағы ірі өндіріс орындарында болды.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ.

 

ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ КӨКӨНІСТЕР

 

жаңа жылыжайда өсірілуде

 

Тұрғындарды жыл бойы жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және көкөністердің маусымаралық жетіспеушілігін болдырмауда жылыжай кешендерінің маңызы зор екендігі уақыт өткен сайын айқын аңғарыла түсуде. Аймағымызда шаруашылықтың бұл түрі қарқын ала бастады. Қомақты табыс көзі саналатын жылыжай қызметіне бет бұрған кәсіпкерлердің саны артуда. Солардың бірі – «ПКФ Модуль ПВ» ЖШС. Серіктестік мемлекеттік «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаржылай қолдауға ие болып, кәсібін дамытуда.

 

Күні кешеге дейін жылыжайда өскен көкөніс десе, көз алдымызға дәріленген бақша өнімдері елестейтін. Оны денсаулығымызға зияны бардай көріп, алуға құлқымыз бола бермейтін. Одан гөрі ашық аспан астында өскен табиғи өнімді алуға ұмтылатынбыз. Сөйтсек, шындығында, ауа райының қолайсыздығына тәуелсіз жылыжай шаруашылығы ашық жермен салыстырғанда сапалы әрі мол өнім алуға кепілдік береді екен.

Бүгінде мұнда жалпы көлемі 2200 шаршы метрді құрайтын үш жылыжай жұмыс істеуде.  Қияр, қызанақтың бірнеше түрі өсіріледі. Жалпы, кәсіпорын жылыжай қызметімен өткен жылдан бері айналыса бастаған. Негізінде, бұл үлкен тәуекелді қажет ететін бастама. Серіктестік директоры Марат Мұратов жылыжай кешенінің құрылысын осындай тәуекелмен бастапты.

- Бұл біз үшін тың кәсіп түрі болғандықтан, алғашында көп өнім ала алмағанымыз да рас. Бірақ, осымен екінші жыл қатарынан жылыжай жұмысын дамытып, жетілдіріп келеміз. Соның арқасында өнім көлемі де артты. Мысалы, қияр бойынша алар болсақ, бүгінде бір жинағанда 700 килограмға жуық өнім аламыз, - дейді кәсіпорын директоры.

Мақсатына жету жолында күні-түні дамыл таппаған ол жылыжайға «тамшылап суару» әдісін енгізді. Күтіп-баптау жұмысының толық жүйесі ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделген, үнемі білікті мамандардың қадағалауында. Жаңалықты жатырқамай қабылдайтын павлодарлық кәсіпкер осылайша көкөнiс пен жемiс-жидек өсiруде тың технологияларды кеңiнен қолдануға көштi.

Қыс мезгілінде жылыжай жергілікті өнертапқыш Николай Храмовтың ойлап шығарған жаңа әдісі арқылы жылытылады. Ол үшін жылыжайлар жанынан қазандық салыпты. Халық арасында ол«ғажайып пеш» деп аталып кеткен. Мұның тиімділігі- отынды үнемдейді. Қызуы күшті. Экологияға зиянсыз. Ең бастысы кәдімгі қиыршық тастарды жағады, нәтижесінде қалдығы өңделмеген әк тас болып шығады. Яғни, қалдықсыз отын. Оның үстіне, бұл пеш арқылы жылыжай ішіне бу жіберіп, ылғалдандыруға болады.   Ерекшелігі сол, мұнда қиыршық тасқа аз көлемде көмір араластырылып жағылады. Көмірдің күлі қазандықтың тор көзі арқылы астына түседі. Беткі қабатында таза әк тас қалады. Ол дайын өнім ретінде сатылуда. Демек, қосымша табыс көзі пайда болды. Ең бастысы, өнертапқыш  Н.Храмовтың айтуынша, бұл әдіс арқылы отын көлемін7-8 есе үнемдеуге болады. Ал қызуы қарапайым отындарға қарағанда он еседен артық. Нәтижесінде,  қыстың күні жылыжайдағы температура                     +25-28 градустан төмендемейтін көрінеді.

Жалпы, жылыжай құрылысына40 миллион теңге қаржы жұмсаған. Оның жартысы кәсіпкердің өз қаражаты болса, қалған бөлігін несиеге алыпты. Бұл ретте, мемлекеттік«Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасының мол септігі тиді, дейді«ПКФ Модуль ПВ» ЖШС директоры М.Мұратов. Серіктестік иесі болашақта жылыжайлар көлемін1 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Жылыжай жүйесінің тиімділігі сол, онда өндірілген өнімдер өңірде азық-түлік бағасының да төмендеуіне сеп болады.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ.

 

ЗАУЫТТЫҢ ЖАҢА ӨНІМІ

altПавлодар қаласындағы «Kazakhstan Projekt» ЖШС-де құс жұмыртқаларына арналған кейс түріндегі қағаз қорапшалар шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Оның ерекшелігі сол, өндіріске қажетті шикізат есебінде тұрмыстық қалдықтар, қағаз бұйымдары пайдаланылады. Индустрияландыру картасына енген аталмыш жобаның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Ерлан Арын қатысты.

Жалпы, аталмыш кәсіпорынның құрылғанына небары үш жылдың жүзі болса да, бүгінде ол еліміздегі сапасы жоғары гигиеналық тауарлар өндіретін ірі фабрикалардың бірі. Қазіргі кезде кәсіпорын «Snow Leaf» (ағылшын тілінен аударғанда «Мамықтай парақ») маркасымен отызға жуық дайын тауар түрін шығарады. Оның ішінде қол орамалдарының түр-түрі, майлық, дәретхана қағаздары және тағы басқа көптеген өнімдер бар. 
Зауыт құрылысы арнайы инвестициялық жоба аясында жүзеге асқан. Кәсіпорын - еліміздің және жақын шет елдер тұрғындарын сапалы гигиеналық тауарлармен қамтамасыз ету тұрғысынан құрылған. Бұған дейін мұнда екі цех жұмыс істеп тұрған болатын. Енді, міне, №3 цех қатарға қосылды.
- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының арқасында өндірісімізді одан әрі дамытудамыз. Жаңа цех бой көтерді. Оның жұмысы толығымен автоматтандырылған. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар Оңтүстік Корея елінен жеткізілді, - дейді «Kazakhstan Projekt» компаниясының директоры Қуаныш Қабиденов. Жоба құны – 112 миллион теңге тұрады. Мамандардың айтуынша, мұнда өндірілетін қағаз қорапшалардың экологиялық тазалығы жүз пайызды құрайды. Онымен қоса, жұмыртқаларды ұзақ уақытқа сақтау мүмкіндігі бар. Себебі, аталмыш кейс ішіндегі температура қалыпты сақталады. Бағасы да арзан. Цех айына алты жүз мың дана кейс шығара алады (әрқайсысы он жұмыртқаға арналған).
Облыс әкімі Е.Арын жаңа цехтың жұмысына оң бағасын берді. - Өздеріңіз білетіндей, индустрияландыру картасы аясында биыл аймағымызда 55 жоба іске қосылуы тиіс. Соның бірі - осы цех. Бұл зауыт мемлекет қолдауының арқасында іске қосылған болатын. Енді, міне, қосымша жаңа өндірісті қолға алуда. Облысымызда мұндай өнім шығаратын кәсіпорын жоқ. Бұл - шағын болса да қуатты, даму мүмкіндігі зор өндіріс орны. Көңілге жағымдысы, шикізат ретінде қолданыста болған түрлі қағаз қалдықтары пайдаланылады. Сапасы жақсы. altКез келген шетелдік өндірушілерге бәсекелес бола алады, - деді облыс әкімі. 
Қазірдің өзінде еліміздің әр өңірінен павлодарлық кәсіпорынның жұмыртқа салатын кейстеріне қызығушылық білдіріп жатқандар бар көрінеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының бір кәсіпорынымен әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізілуде. «Kazakhstan Projekt» ЖШС-нің аталмыш өніміне аймағымызда да сұраныс жоғары болмақ. Аймақ басшысының айтуына қарағанда, Шарбақты құс фабрикасы іске қосылуға таяу. Қызылжардағы осы тектес фабриканың да жұмысы жандана түспек.
 
Данияр ЖҰМАДІЛ.
 

ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР МЕМЛЕКЕТ ИЕЛІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ

 

Павлодар облысына қарасты елді мекендердің басым бөлігінде бас жоспары жоқ. Жер телімдерін тиімді пайдаланудың осы және басқа да мәселелері аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаровтың қатысуымен өткен семинарда сөз болды. Шараға облыс әкімі Ерлан Арын қатысты.
 
Семинарға сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан және бірқатар ауылдық округтер әкімдері, мемлекеттік орган басшылары шақырылды. Елбасы талай айтып жүрген жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бүгінде өзекті тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жылдар бойы пайдаланусыз жатқан жер телімдерінің жайы Мемлекет басшысы тарапынан үлкен сынға ұшыраған еді. Көрсеткіші жайсыз аймақтардың қатарында Павлодар облысы да бар.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу, заңды және жеке тұлғаларға жер телімдерін беру барысында заңнама талаптарының сақталуы, картография мәселелері сөз болды. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қ.Отаровтың айтуынша, бүгінде облысымыздағы бес мыңнан астам тұрғыны бар ірі елді мекендердің 70 пайызының бас жоспары жоқ. Мұндай мәселе  біздің аймаққа ғана қатысты емес. Республика бойынша 19 қала мен  78 кенттің бас жоспары жасалмаған. Сондай-ақ, облысымызда қалалық аймақтардың да жоспары бекітілмеген. 
Ауыл шаруашылығы мақса-тындағы игерілмей жатқан жерлерге келер болсақ, биыл облыс бойынша 1,4 миллион гектар жер телімі тексеруден өтпек. Соның арқасында жылдар бойы қараусыз, пайдаланусыз жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Онымен қоса, облыста жеке меншік тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелері де тексеріледі. Ал олардың саны - 4,5 мың бірлік. 
Семинар барысында жиналғандар жер заңнамасын жетілдіру, жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуына мемлекет тарапынан бақылау орнату мәселелерін де талқылады. 
 
 
Д.АЙТПАЙҰЛЫ.
 

ШЕГІРТКЕДЕН ҚАУІП БАР МА?

Әлбетте, егістік атаулыны әп-сәтте орып түсетін шегірткенің қуаңшылық болып, күн қатты ысығанда қара құрттай қаптайтыны белгілі. Ал биыл, сәуірдің аяғында +27 градусқа дейін көтерілген аңызғақ ыстық леп жаздың қуаң күндерін еске салғандай еді. Тәңір берер берекені аспаннан күтерміз, ал жер астынан шыға келіп, жолындағысын жайпап өте шығатын шегірткеге қарсы не амал бар?

Биыл республикалық бюджеттен егістікке ерекше қауіп төндіретін зиянкестердің алдын алу, ауруға шалдыққан дәнді-дақылдар мен жерді өңдеу үшін республикалық бюджеттен 81 миллион теңге бөлініп отыр.
- Бұл қаражат облыс аумағындағы 122,2 мың гектар жерге шегірткеге қарсы дәрілер шашуға, 19 мың гектар аумақты өңдеуге, 20 гектар жерді «колорадо» қоңызына қарсы дәрілеуге жұмсалмақ. Биыл шегірткелер жылдағыдан бір апта бұрын көбейеді деп күтілуде. Егер қуаңшылық болса, бұл жәндіктерден қауіп болмай қоймайды. Сондықтан, бар мүмкіндіктерді қарастырып, шегіртке жұмыртқалары жандануының алдын алу үшін барлық іс-шараларды дер кезінде атқаруымыз керек, - деді облыстық аумақтық инспекциясының бөлім бастығы Арман Шүйкенов.
Облыс бойынша көктемгі өңдеу жұмыстары үшін бюджеттен 16884 мың теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, бұл қаражат 18 747 мың гектар жерді химиялық өңдеуге жететін көрінеді.
- Өткен жылы мемлекеттік қордағы 26 мың 758 гектар жерге шегірткеге қарсы дәрілендіру жұмыстары жүргізілген болатын. Ал биылғы алдын ала болжам бойынша                34,9 мың гектар жер өңделуі тиіс еді. Бірақ, облыстық бюджеттен бөлінген қаржы аздық етіп отыр,- дейді басқарманың бас маманы Рымтай Әбілмәжінова.
Облысымызда қазір шаруа қожалықтарына тиесілі 20,43 мың гектар егістік алқаптары бар. Олар химиялық қоспаларды өздері сатып алып, дәрілеулері тиіс. Химиялық препараттардың әсер ету деңгейі әртүрлі болғандықтан, бағалары да бірдей емес.    
Мамандардың айтуынша, үстіміздегі жылдың маусым айында құрғақшылық болады деп күтілуде. Сондықтан, шегірткеден қауіп жоқ деп кесіп-пішіп айту да қиын.

Сая МОЛДАЙЫП.
 

 

ШАҒЫН БИЗНЕС ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОЛЫ МА?

Бүгінгі таңда облысымызда әйелдер бизнесін дамытуға барынша көңіл бөлуде. Бұл ретте, өңірімізде бұрын-соңды болмаған арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Жаңа жобаның алғашқы нәтижелері жаман емес.

 

Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға байланысты облыс орталығында «дөңгелек үстел» шарасы өтті. Оған Павлодар қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Темен Жайлин, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту орталығының бастығы Әлия Айтжанова және несібесін кәсіпкерліктен іздеген бір топ әйелдер қауымы қатысты. Жиында бағдарламаның бір жылдық қорытындысы шығарылып, жаңа мақсат-міндеттер түсіндірілді.

Т.Жайлиннің айтуынша, Павлодар қаласы - әйелдер кәсіпкерлігіне ден қойған алғашқы өңір. «Біздің облыс – өндірісті өлке. Мұнда шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті жандандыруға баса мән беріп отыр. Ал жерлестеріміздің қолға алған осынау келелі бастамасы өзге аймақтарға үлгі екені сөзсіз. Былтыр бағдарлама аясында он адамға 300 мың теңгеден грант үлестірілді. Ол үшін қала бюджетінен 3 миллион теңге бөлінді. Биыл да дәл осы мөлшерде қаржы қарастырылған. Мұндай бағдарлама алғаш   рет ұйымдастырылса да, қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп болды. Өтініш білдірушілер комиссия алдында өздерінің бизнес-жоспарларын қорғады. Үздік шыққан жобаларға гранттар тапсырылды. Алды жаңа бизнестерінің жемісін көруде», - деді Т.Жайлин. Бөлім бастығы биыл да бағдарлама арқылы жеке кәсібін ашуды көздеп отырған нәзік жандылар белсенділік танытады деген сенімде.

Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту орталығының бастығы Ә.Айтжанованың айтуына қарағанда, наурыз айында бағдарламаны насихаттау жұмыстары жүргізілген. Ал осы айда үміткерлердің өтініштері тіркелді. Келесі айда қатысушыларды топ-топқа бөліп оқыту жұмыстары басталады. Үздік деп танылған он жобаға гранттар тапсырылады.

Надежда Загорулька - өткен жылы бағдарламаға қатысып, алғашқылардың бірі болып грант ұтып алыпты. Берілген қаржыға бөдене фермасын ашқан оның шаруасы бүгінде алға басып келеді. Шаруаға балалары мен немерелері де бел шеше кіріскен көрінеді. Қазіргі уақытта фермада 400-ге жуық бөдене бар. кәсіпкер құс санын көбейтуді қолға аламын дейді.

Павлодар қаласының тұрғыны Рена Назимова да бағдарлама жеңімпаздарының бірі. Ол ұтып алған 300 мың теңгеге интернет клубын ашқан. Құрылғанына аз уақыт өтсе де, клуб облыс орталығындағы кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгеріпті. Ренаның интернет клубы арқылы «Крендель» өнімдеріне тапсырыс беруге болады. Жеткізу бағасы - 300 теңге. Егер 6 мың теңгеге тауар алатын болсаңыз, өнім тегін жеткізіледі. Клубта жұмыс істейтін үш адамның қызметтеріне көңілі толады. Жоғарыда аталған қос кәсіпкер қала әкімдігінің жасап отырған тың мүмкіндіктеріне дән риза екендерін айтты.

 

 

Фархат ӘМІРЕНОВ,

Павлодар қаласы.

 

ҚАРБЫЗ ӨСІРУГЕ ДЕ ҚАЖЫР КЕРЕК

Биыл облыс тұтынушылары Лебяжі ауданының «брендіне» айналған қарбыздың жаңа түрлері мен қаптамаға салынған асқабақ дәнінің дәмін татады. Бұл аудан тұрғындары арасында «қарбызшы» атанып кеткен Қайрат Шапуов ширатып жатқан шаруашылықтың ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болмақ.

 

Лебяжілік азаматтың қарбыз өсірумен айналысқанына 14 жылдың жүзі болған. Бұл уақыт аралығында Қ.Шапуов халық арасында еңбекқорлығымен танылып, ауданның бетке ұстар кәсіпкерлерінің біріне айналды.

Осы жылы бағбан өз шаруашылығының көкжиегін кеңейтуге бел шеше кіріскен. Қосымша жер телімін алып, асқабақ дақылы мен қарбыздың басқа да сұрыптарын өсірмек ойы бар. Бүгінгі таңда Ресей мен Украинадан дақылдардың тұқымы әкелініп қойылған.

- Өткен жылға өкпем жоқ. Қарбыздың 500 тоннасын жинап, саттық. Биыл өнімділікті еселемекпін. Болашақта қарбызды Павлодар облысы аумағында ғана емес, бүкіл республика бойынша сатуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, асқабақ дәнін өндіруді қолға алмақпыз. Құдай қаласа, биыл күзде аудан тұрғындары қаптамадағы шекілдеуіктің дәмін татады, - деп жоспарларымен бөлісті ол.

«Қайрат» шаруа қожалығындағы жаңашылдықтар мұнымен шектелмейді. Шаруашылық иесінің айтуынша, қарбыз тұқымын шетелден арбалаған қиынға соғады. Сондықтан, болашақта селекциялық жұмыстардың қыр-сырын меңгеріп, тұқым дайындауды қолға алмақ.

Қ.Шапуов биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеті миллион теңгеден астам несие алып, несібесіне жаратуда. Қырыққа жуық қара мал сатып алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, ол қысқы мал азығы ретінде көпжылдық тарақ бидайық шөбін егуге кіріскен.

- Қарбыз егілген алқаптың құнарсызданып қалатыны бар. Сондықтан, жомарт жердің ырысын азайтпау мақсатында 200 гектар аумаққа тарақ бидайық егемін. Несие алуға көмек көрсеткен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Сайра Ықыласоваға айтар алғысым шексіз, - дейді кәсіпкер.

 

Ақмарал ЕСІМХАН,

Лебяжі ауданынан.

 

ӘЗІРГЕ ҚАУІПТІ ІНДЕТ ЖОҚ

 

«Ет өндірудің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаны жүзеге асыруды белсендірек ету қажет».

ҚР Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік - экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан.

Биылғы жылдың көктемінде Алматы мен Жамбыл облыстарында аусыл ауруының ошақтары тіркеліп, төрт түлік малмен күн көріп отырған ауылдағы ағайындарды айдың-күннің аманында бір дүрліктірді. Қос облыс та былтыр аусыл ауруының үш бірдей ошағы тіркелген қырғыз елімен шекаралас жатыр.

«Ал біздің облыста мал ауруларының алдын алу үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда, жалпы, облыста төрт түлік малдың эпизоотикалық ахуалы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеп, облыс ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы Рахметолла Ақылжановқа жолыққан едік. Ол былай дейді:

- Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында елімізде ет өндірудің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл орайда, мал шаруашылығы саласында инновациялар енгізу, мал басын аман сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу сынды шаралардың маңызы зор болмақ.

Қазір Павлодар облысы бойынша 423,7 мың ірі қара мал, 667,5 мың қой-ешкі, 95 мың жылқы, 129 түйе, 86,1 мың шошқа бар болса, үй құстарының саны 524,1 мыңға жетті.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында қабылданған ҚР «Ветеринария туралы» жаңа заңына сәйкес бұл салаға біраз өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 13 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мен 164 ветеринарлық пункт құрылды. Мекемелердегі мамандар төрт түлік малдан бастап үй құстары, ит, мысыққа дейін бақылауға алып, хайуанаттар арасында жұқпалы аурулардың тарамауын қадағалайды, сондай-ақ, мал құжаттандыру, қаңғырған ит пен мысықтардың көзін жоюмен айналысып, жемтіктерді көметін орындарды дұрыс пайдалануды бақылауда ұстайды.

- «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, аусыл, сібір жарасы, құтыру, бруцеллез, туберкулез секілді мал арасында тез тарайтын қауіпті аурулардың алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылуда?

- Жоғарыда аталған пунктердің жұмысы жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған. Аусыл, құтыру, бруцеллез, т.б. сырқаттармен мал ауырса, адамдар арасына да бірден тарау қаупі туындайды. Қазіргі уақытта асыл тұқымды малды жұқпалы аурулардан сақтау үшін ауыл шаруашылығы министрлігінің базасынан вакцина бөлініп, егу жұмыстары жүргізілуде.

Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында біздің аймақтағы оңтүстік аудандар, нақтырақ айтқанда, басқа облыстармен шекаралас жатқан Лебяжі, Май, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласына қарасты ауылдардағы ірі қара малдың иммундық қабілетін көтеру үшін облыс бюджетінен бөлінген 18,8 млн. теңгеге вакцина сатып алынды. Үстіміздегі жылы жұқпалы аурулардың алдын алып, олардың 22 түріне диагностикалық зерттеу жүргізуге республика бюджетінен 291,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір осы бағыт бойынша көктемде жүргізілетін шаралар үшін аудандар мен қалаларға дәрі-дәрмектер толығымен жеткізіліп, жоспар бойынша жұмыс басталды. Тағы бір мәселе, бізде жыл сайын жабайы аңдардан жұғатын құтыру жұқпалы ауруы да бақылауға алынады. Мысалы, өткен жылы Ертіс ауданының Сілеті, Қарақұдық ауылдық округтерінде иттің құтыру ауруы тіркелді. Дер кезінде шара қолданылып, ауруды ауыздықтап үлгердік.

- Қайсыбір жылдары ауылдық жерлерде бруцеллез ауруы шығып, ондаған қара мал лажсыздан пышаққа түсті. Қазір бұл сырқаттың өршуі қай деңгейде?

- Бруцеллез ауыздықталды деуге болар. 2011 жылы Лебяжі ауданының Қызыләскер ауылы мен Успен ауданының Қоңырөзек ауылында қойдан бруцеллез шығып, бірден тиісті іс-шаралар қолданылды. Жалпы алғанда, жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде көрсеткіш 2,6 пайыздан 0,9 пайызға дейін төмендеді. Биылғы жылдың наурыз айында 72984 ірі қара мал (93 пайыз) тексеріліп, оның 386-сында сырқатты жұқтыру қаупі бары анықталды. Ал туберкулез сырқаты бойынша 123,5 мың ірі қара (101 пайыз) тексерілді. Сол секілді сібір жарасы бойынша жылқы, қой-ешкі, шошқа тексеріліп, егу жұмыстары жүргізілді. 2011 жылдан бастап барлық ірі қара малды есепке алу, құжаттау, сырға салу жұмыстары жүргізіліп, электрондық база жасалды. Биыл жылқы, қой, түйе мен шошқа есепке алынатын болады.

Бір айта кететін мәселе, мал арасында жұқпалы аурулардың тарамауы үшін ет өндірумен айналысатын кәсіпорындарда, арнайы пунктер мен алаңдарда ғана мал сойылып, оларда санитарлық-ветеринарлық талаптар қатаң қадағалануы тиіс. Сонымен бірге, арам өлген малды, жемтікті, қалдықты көметін арнайы орындар әрбір ауылдық округте болуы керек. Облысымыздың аумағында 173 ауылдық округ бар болса, солардың 145-інде мал соятын орын, елді мекендердің 124-інде ғана өлексе көметін алаңдар дайындалған. Тағы 19 алаң әзірлеу үшін бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Негізі, талап бойынша әр ауыл, әр елді мекенде жоғарыда айтып ілгендей, мал соятын және өлексе, қалдық көметін арнайы орындар болуы шарт.

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

 

ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ШИРАТАМЫЗ! ағайынды Филоненколар осылай дейді

 

altЖелезин ауданының Лесной ауылдық округіне қарасты Раздельное деген шағын ауыл бар. Аталған елді мекеннің тұрғындары ағайынды Виктор мен Владимир Филоненколар біраз уақыттан бері түйе малын асырауға кірісіпті. Енді олар ауданда түйе шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.  
Алғашында ауыл жұрты ағайындылардың қолға алған бұл бастамасынан нәтиже шығарына күмән келтіріпті. Дегенмен, уақыт өте келе еңбексүйгіш Филоненколар өздерін жалпақ жұртқа мойындатып қана қоймай, айрықша сый-құрметке ие болды. Ауылдықтар үшін мүлде таңсық болып көрінетін түйе малын асырауға бел шешкен олар алдымен жоғарыда аталған жануар жайлы деректер іздейді. Өздерінше зерттеп, зерделеп алған ағайындылар содан кейін барып түйе сататындармен байланыс орнатады. Бүгінгі таңда Филоненколардың шаруашылығында үш түйе бар. Осыдан бір ай бұрын біреуі боталапты. Екіншісінің де төлдейтін мезгілі таяу көрінеді. Виктор Александровичтің сөзіне қарағанда, түйелерді сатып алуға 1 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалған. 
- Бұларды өткен жылдың күзінде сатып әкелдік. Нақты қай жерден алғанымызды өзіміз де білмейміз. Әйтеуір хабарландыру бойынша барып, алып келдік. Ойсылқара тұқымы бізді жатсынған жоқ. Бір қызығы, түйені сатып алғанымызбен, оларға лайықты қора салуды естен шығарыппыз. Сол себепті, олар қыс бойы далада жатты. Құдайға шүкір, қыстан аман-есен шықты. Оларға тыныштық керек. Мазаласаң күйзеліске ұшырайды. Аяқтарын тұсап, жайылымға қоя береміз. Алысқа ұзап бармайды. Біреуін мініске үйреттік. Шамалы сауып та көрдік. Жануардың жүнін, шұбатын пайдаланып, жеке шаруашылығымызды ширатсақ деген арманымыз да жоқ емес, - дейді ағайындылар. 
 
Фархат ҚЫЗДАРБЕК, Железин ауданы.
 

«БАҒДАРЛАМА БАҒЫМЫЗДЫ АШТЫ» ДЕЙДІ ЕКІБАСТҰЗДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР

«Қазақстанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде көптеген қазақстандықтар оның тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді».

        ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық
        жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан.

alt
Аймақ экономикасын дамытуға серпін беретін салалардың бірі - жиһаз өндірісі. Бұл сала еліміздің әр өңірінде әрқалай дамыған. Бұл тұрғыдан алғанда, Павлодар облысында бәсекелестік жоғары. Облыс орталығын айтпағанда, шағын қалалардың өзінде тапсырыспен жиһаз жасайтын орындар баршылық. Солардың бірі – екібастұздық «Авангард» кәсіпорыны. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өндіріс ауқымын кеңейтіп, қызмет түрін жетілдірген аталмыш жиһаз өндірісі салоны бүгінде өз саласы бойынша үздіктер қатарында.

Oсыдан жеті жыл бұрын жиһаз өндірісін қолға алған кәсіпорын уақыт өте келе бой түзеп, айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. ¬Өндіріс орны заманауи технологиялық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Оның өндірістік қуаты жылдан жылға жоғарылап келеді. Себебі, сұраныс мол. Кәсіпорын директоры Полина Бочкованың айтуынша, тұтынушылардың қаржылай мүмкіндігі ғана емес, талғамы да артқан. Сол себептен, мұнда сапаға баса назар аударылады.
Жалпы, жиһаз нарығының өзіне тән ерекшелігі бар. Қарапайым үлгідегі, қалыпты түсті жиһаздардың дәурені өткелі қашан. Қазір құрылымы күрделі үй жабдықтарына сұраныс артқан.
- Тапсырыс беруші жиһаздың сапасына, бағасына, оның қандай өнімнен жасалғанына ерекше мән береді. Біздің тауар сұранысқа мейлінше сай болуы қажет. Бұл – заман талабы. Бірақ, қанша тырысқанымызбен жоспарлаған дүниелерімізді өз күшімізбен жүзеге асыру қиынға түсті. Өндіріс ауқымын арттырып, өнім түрлерін көбейту үшін қыруар қаржы қажет еді. Біз сияқты шағын кәсіпкерліктерде мұндай мүмкіндіктер көбіне бола бермейді. Бақытымызға орай, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында үлкен қолдауға ие болдық, - дейді П.Бочкова.
Кәсіпкер аталмыш бағдарлама бойынша бір пайыздық үстемемен  20 миллион теңге көлемінде несие алуға қол жеткізген. Оған қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, орнатыпты. Соның арқасында мұнда тапсырыс берушінің өтініші бойынша кез келген үлгідегі ас үй, қонақ үй, жатын бөлме жиһаздары жасалады. Сондай-ақ, жиһаздың жекелеген заттары өндіріледі. Тіпті, 3D үлгісіндегі материалдар шығарылады. Мұндай жабдықтар Екібастұз қаласы бойынша басқа ешбір кәсіпорында жоқ.
Өндіріс орнының басшылығы мұнымен шектеліп қалмаймыз деп отыр. Болашақта үй есіктерін жасауды қолға алмақ. Олардың да үлгісі, түсі тұтынушылардың өтініші бойынша жасалмақ.
«Авангард» кәсіпорынында үй жабдықтарын жасап шығаратын және қалпына келтіретін шеберханалар, дайын өнімді саудалайтын алаң бар. Кәсіпорынның жалпы аумағы 1200 шаршы метрден асады.

Міндет – жолаушы талғамына сай қызмет


«Бизнaltестің жол картасы - 2020» бағдарламасының игілігін көріп отырған кәсіпорындардың бірі - «Екібастұз автовокзалы» ЖШС. Компания қалааралық, халықаралық және облыс аумағында жолаушылар тасымалдаумен айналысады.
Бүгінгі таңда автовокзал жолаушыларға қажетті барлық мүмкіндіктермен жабдықталған. Сонымен қатар, тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау үшін билет сататын кассалар, диспетчерлік бөлімше, анықтама бюросы, қол жүктерін сақтау камерасы, демалу орындары және түрлі әдеби кітаптар, газет-журнал, ұсақ-түйек тауарлар сататын киоскілер жұмыс істейді. Жолаушыларды тасымалдау бойынша жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалған.
Қалааралық және халықаралық сапарларға жайлы, қауіпсіз, жаңа үлгідегі автобустар қатынайды. Кәсіпорынның иелігінде өзіне тиесілі Volvo, Mercedes маркалы он автобус бар. Сондай-ақ, қырық автобусқа шақталған жылытылатын жабық тұрақ жұмыс істейді. 2000 жылы негізі қаланған «Екібастұз автовокзалы» серіктестігі бүгінде халықаралық бағытта жолаушы тасымалдау қызметі бойынша монополист болып есептеледі. Яғни, қызметтің бұл түрінен жергілікті жерде оған бәсекелес атанар ешкім жоқ. Мысалы, қазір Екібастұз қаласынан Ресейдің Томск, Омбы, Кемеров өңірлеріне рейстер жүруде. Сондай-ақ, 13 қалааралық және облыс аумағында бес бағыт бойынша жолаушылар тасымалданады.
Өткен жылы серіктестік басшылығы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңгедей қаржылай көмекке ие болып, қосымша үш автобус сатып алған.alt
- Бағдарлама талаптары біз үшін өте қолайлы. Шағын бизнеске елімізде бұрын-соңды мұндай деңгейде қолдау көрсетілмеген еді. Сондықтан, жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға тырысудамыз. Биыл жазда тағы үш автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Екібастұз автовокзалы» ЖШС директоры Александр Петухов.

Данияр ЖҰМАДІЛ,
Екібастұз қаласы.
 

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31