Павлодар қаласының тұрғындарын таза әрі сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «ФудМастер Павлодар» зауытының басшылығы жақында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Отандық нарықта өзіндік орнымен ерекшеленетін «ФудМастер» компаниясының Павлодар қаласындағы зауытының өнімдері облыс орталығындағы барлық дүкендерге таралады. Баспасөз мәслихатына «ФудМастер» компаниясының бас директоры Аида Сапарғазинова, «ФудМастер Павлодар» зауытының директоры Ержан Ингебаев, Павлодар қаласының ветеринарлық бас инспекторы Асқар Мұстафин қатысты.
СҮТ ЗАУЫТЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында 2014 жылға қарай ішкі нарықтағы азық-түлік өнімдерінің 80 пайыздан астамын отандық тауарлар құрауы тиіс екендігін ескерткен болатын. Президенттің Жолдауында алға қойылған бұл мақсат тауар түрлері мен сапасының өсуін, бұған қоса өндіріс көлемінің ұлғаюын талап етеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, биылғы жылы өзінің 15 жылдығын атап өтіп жатқан «ФудМастер» компаниясы үшін бұл мақсаттарды орындау еш қиындық туғызбады. Бүгінгі таңда компания өнімдері тұрғындар арасында ерекше сұранысқа ие.
«ФудМастер» компаниясы Қазақстан нарығында сүт өнімдерін өндіру саласындағы көшбасшы кәсіпорын болып табылады. Республикамыздың аумағында көптеген сүт өндірістерін іске қосу жұмыстары осы компанияға тиесілі. 1995 жылдан бастап алғашқы қазақстандық йогурт, түйіршікті сүзбе, картонды асептикалық қораптағы ультрапастерленген сүт өнімдерін шығарған компанияның жұмысы бүгінде жаңаша қарқынмен дамып келеді. Кәсіпорын отандық өнім өндірушілер арасында азық-түлік өнімдерінің ең бай тізімін шығарып, қазақстандықтардың талғамы мен сұраныстарын қанағаттандыруды алға қойды. Олардың ішінде тұтынушылар сүйіспеншілігіне ие болған «ФудМастер» айраны, «ФудМастер» қаймағы, «Үй» сүзбесі, йогурттар мен «Дольче» құймаланған ірімшіктері, «БИО-С» ұйыған сүті, қатық және тағы да басқа өнімдер бар. Қазіргі уақытта компания сүт өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарды. Кәсіпорын жыл сайын ассортиментін жаңартып, қазақстандықтарға дәмдік сапасы жетілдірілген жаңа өнімдерді ұсынып отырады.
Халықаралық, республикалық тағам байқауларының жүлдегері «ФудМастер» компаниясы үшін 2010 жыл Павлодар қаласындағы зауытты қайта құру мен толық қарқында іске қосу мерзімі ретінде белгіленді. Енді облыс орталығындағы зауыт еліміздегі сүт өндірісінің озық үлгідегі зауыттарының біріне айналып, Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарындағы тұтынушыларды табиғи сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
- Павлодар қаласындағы зауыттың толық қуатта жұмыс істей бастауы біздің компания мен өз тұтынушылары арасындағы байланыстың нығая түсуіне, еліміздің орталық және солтүстік аймақтарындағы тұрғындарды алуан түрлі табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компания кәсіпорынды қайта құру үшін 3 миллионнан астам евро көлемінде қаражат бөлді. Енді өндіріс желісі шын мәнінде ұзақ уақытқа сақталатын табиғи және сапалы өнім шығаруға мүмкіндік алды,- деді баспасөз мәслихаты барысында компанияның бас директоры А.Сапарғазинова.
Павлодарлық сүт зауытының «ФудМастер» компаниясы құрамындағы тарихының алғашқы қадамдары модернизацияланудан басталады. Енді кәсіпорында табиғи шикізатпен жұмыс істейтін, еуропалық өндірушілердің жетілген, ең жоғары технологиялы құрал-жабдықтары орнатылды. Оның көмегімен қосындыны пайдаланбай-ақ ұзақ мерзімге дейін сақталатын өнім шығаруға болатындығын жеткізді «ФудМастер Павлодар» зауыты сапа бөлімінің менеджері Раиса Лухманова. «Бұл үдерісті автоматтандыру, сыртқы ортамен байланыстың жоқтығы, жетілген салқындандыру жүйесі және өніммен байланысы бар қондырғылардың барлығын тазалау нәтижесінде жүзеге асып отыр» дейді ол.
А.Сапарғазинова өнімді 21 күн сақтау мүмкіндігі – компания қызметінің маңызды бағыты екенін жеткізді. Бұл бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, сүт өнімін ашық түрде әрі ұзақ сақтау қауіпсіздігіне қосымша кепіл береді. Екіншіден, сауда нүктелерінің қожайындары бұл тауарды ешқандай күдіксіз алатын болады. Олар сапалы өнімді сөрелерге қойғанда бұзылмайтындығына, тұтынушыға пайдалы және дәмді болып жететіндігіне сенімді бола алады. Үшіншіден, ұзақ мерзімге сақталатын өнімнің ең маңызды артықшылығы – оларды еліміздің алыс аудандарына, шетелге шығаруға болатындығы. ФудМастер зауыттарында пайдаланылатын жоғары технологиялардың арқасында 21 күн бойы сақталатын өнім алуға болады. Бұл жағдай ең бірінші кезекте жоғары сапалы шикізат пен өңдеу технологиясының нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр. «Біздің тәтті және сапалы сүт өніміміз ел ордасы Астанаға және біздің облыспен шекаралас өңірлерге тарайтындығын мақтан тұтамыз. Бұған қоса, біздің аймақтың қалалары мен ауылдарының тұрғындары өз дастархандарын бұрын- соңды дүкен сөрелерінде болмаған сүт өнімдерімен толтыруға мүмкіндік алды», дейді «ФудМастер Павлодар» зауытының директоры Ержан Ингебаев.
«ФудМастер Павлодар» сүт зауыты компанияның Есік және Шымкент қалаларындағы кәсіпорындары секілді қабылданатын сүттің сапасына қатысты өте үлкен талап қояды. Сонымен бірге, компания сүт жеткізушілерге бұл талаптарды орындауға көмектеседі. «ФудМастер» зауыттарына табиғи сүт Қазақстанның барлық аймақтары бойынша 70-тен аса шаруа қожалығынан жеткізіледі. Сүт дайындаушыларға салқындатқыш құралдар орнатылып, жем-шөппен қамтамасыз етіледі. Дайындаушыларға өнім көлемін арттыруға көмектеседі, шаруаларға сүтті қабылдау орталықтарына тасымалдауға қолғабыс жасалады. Павлодар қаласындағы зауыт қайта құрылғаннан кейін кәсіпорынның қуаты артты. Соған байланысты компания шаруалардан бастапқы мөлшерден артық көлемде сүт қабылдай бастады. Қала бойынша сүт қабылдау пункттері көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Компания шығаратын өнім ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен тексерілген әрі мақұлданған. Бақылаушы органдар зертханаларында жүргізілетін зерттеулер «ФудМастер» өнімдерінің мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар «ФудМастер» компаниясы сүт өнімдерін қауіпсіз өнім ретінде Қазақстаннан Ресей Федерациясына апаруға сол елдің арнайы қадағалау орталығының рұқсатын алған қазақстандық өндірушілер тізіміндегі бірегей компаниялардың бірі.
Зауытта 200-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы біліктіліктерін үнемі арттырып отыруға мүмкіндік алды. Қызметкерлердің бір бөлігі компания есебінен Францияда шеберліктерін шыңдап, дайындықтан өтеді. Онда «ФудМастерге» иелік ететін халықаралық өнеркәсіп тобы «Лакталис» компаниясының бас кеңсесі орналасқан. «Лакталис» зауыттары әлемнің барлық аймақтарында сапаны басқару жүйесінің тиімді тәсілімен жұмыс істейді. Мәселен, «ФудМастер» республикадағы тамақ өнеркәсібінің халықаралық ISO 9001:2000 стандарты бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізген алғашқы кәсіпорын атанып отыр. Ал 2010 жылдан бастап Компанияның барлық кәсіпорындары халықаралық ISO 22000:2005 стандартының НАССР (бақылау орнату үшін қауіп-қатерлі нүктелерді талдау) тамақ өнеркәсібі қауіпсіздігі жүйесіне көше бастады. НАССР жүйесінің қағидалары мен тетіктері адам өмірі мен денсаулығына қауіп-қатердің туындау қаупін едәуір төмендетеді. Сөйтіп, тұтынушылар үшін өнім қауіпсіздігі кепілдігін қамтамасыз етеді. Бұл - компанияның жемісті еңбек атқарып жатқандығының айқын көрінісі.
Өнім сапасы мен қауіпсіздігі үшін компания «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Бұған қоса, тағы бірнеше мәрте «Қазақстан нарығында ең үздік тауар» сыйлығы мен дипломын жеңіп алды. 2010 жылы «ФудМастер» айраны Қазақстан тұтынушылар Лигасының халықтық «Мінсіз» сапа белгісіне, одан басқа ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазақстанның Сүт Одағы» лигасының сүт өнімдері жөніндегі республикалық байқауының жоғары деңгейдегі көптеген дипломдарын қанжығасына байлады.
- Бізге білікті мамандармен қоса тұтынушылардың сенімі де өте маңызды. «Сенімді өндіруші» атағы – компания үшін үлкен жетістік. «ФудМастер» оны мақтан тұтады. 15 жылдық дамудың қорытындыларын шығара отырып, біз өз серіктестерімізге сенімді әріптестігі үшін және тұтынушыларымызға айрықша сенімі үшін алғыс айтамыз. «ФудМастер» компаниясы алдағы уақытта да қазақстандықтарды сапалы әрі табиғи өнімдерімен қуанта бермек»,- деді жиын соңында компанияның бас директоры А.Сапарғазинова.
Павлодар қаласында алғаш рет сүт зауыты 1946 жылы іске қосылды. Тарихы сонау сұрапыл кезеңдерден басталатын зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігін сол кездегі жағдаймен әсте салыстыруға келмейді. Себебі қазір мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы заман талабына сай жабдықталған. 1992 жылы «Сүт» акционерлік қоғамының құрылуы Павлодар қаласындағы сүт өнеркәсібінің алға жылжуына барынша үлес қосты. Биылғы жылдан бастап «ФудМастер» брендімен өнімдер шығара бастаған павлодарлық зауыт Қазақстан нарығындағы белді кәсіпорынға айналды. Зауыт тәулігіне 250 тонна сүт өнімдерін өндіреді. Ал зауыттан шыққан дайын өнімдер Павлодар, Астана, Семей, Екібастұз, Ақсу, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған, Алматы қалалары мен Алматы облысының аумағына тарайды. Жыл сайын «ФудМастер» компаниясы Қазақстанның жоғары оқу орындары түлектерін іріктеп, Францияның Сүт университетіне оқуға жібереді. Олар екі жылдық оқудан кейін «Сүт өндірісінің магистрі» дипломын алып, кәсіпорынға жұмыс істеу үшін оралады. Студенттердің шетелде оқу және тұру шығындарын компания өзі көтереді. Бүгінгі таңда кәсіпорында Францияда оқып келген 5 маман жұмыс істеуде. «ФудМастер» компаниясындағы жалпы қызметкерлер саны 1915 адамды құрайды. Бұл 2004 жылмен салыстырғанда 53 пайызға жоғары.
Компанияның негізгі міндеті - Қазақстандағы сүт өндірісінің тұрақты дамыту және республика халқын әлемдік сапа стандартына сәйкес өніммен үздіксіз қамтасыз ету, дейді компания қызметкерлері.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Павлодар қаласы.




