БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БАСТЫ ҰСТАНЫМ

 

 

Әлем елдері әлі дағдарыстан толық айыға алмай тұр. Десе де, өткен жылдың біздің экономикамызға берген оң өзгерісі көп болды. Үкімет былтыр макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұруға және еліміздің дағдарыстан кейін өсімін қамтамасыз етуді басты міндет етіп белгілегенін білеміз. Жақында шығарылған жыл қорытындысына қарасақ, еткен еңбек еш кетпеген секілді.
 
ИНФЛЯЦИЯ ЖӘНЕ ЕҢБЕКАҚЫ
Инфляция мәселесіне келгенде көп жайтты сөз етуге болады. Қайбір жылдары шарықтап кеткен инфляция деңгейін дағдарыс басталғалы бері біздің Үкімет ерекше ауыздықтауға көшкен. 2010 жылы оның өсімі 6-8 пайыз төңірегінде болады деп болжам жасаған еді мамандар. Таяуда жарияланған есепке сүйенсек, өткен жылдың инфляция деңгейі 7,8% болып қалыптасыпты. Әрине, бұл – орташа республикалық көрсеткіш. Соның ішінде Павлодар облысына келсек, жағдай сәл басқа. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, 2010 жылы тұтыну бағасының индексі 107,6%-ды құрады. Тұтыну бағасының индексі дегеніңіз – инфляцияның негізгі құраушысы. Басқаша айтқанда, өткен жылғы бағалардың өсуі оған ерекше ықпал етті. Ресми ақпаратқа жүгінсек, 2010 жылы облыста азық-түлік тауарларының бағасы 8,8%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,4%-ға, ақылы қызметтер 9,1%-ға қымбаттады. Көлік қызметінің төлемақысына келсек, поезд – 17,7%-ға, трамвай – 16,7%-ға,  ал тұрғын үй-коммуналдық қызметі тарифтері 10,1%-ға көтерілді. Айтып өткендей, мұның бәрі аймақтағы инфляция деңгейіне тікелей әсер етті. 
Осы жерде облыс тұрғындарының ақшалай табысына да зер сала кетсек. 2010 жылдың үшінші тоқсанында халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 38977 теңгені құраған. Статистердің айтуынша, бұл - 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға артық көрсеткіш. Ақшалай табыс мөлшері бойынша алдыңғы қатарда Ақсу қаласы тұрса, табысы ең төмен өңірлердің қатарына Ақтоғай және Лебяжі аудандары кірген.
Үкіметтегілердің мәлімдеуінше, былтыр елімізде жалпы ішкі өнім көлемі өскен. Нақты өсім 7%-ды құраған. Жұмыссыздық деңгейі 2010 жылдың соңында 5,5%-ға дейін төмендепті. Билік бюджетте қарастырылған зейнетақы төлеу, әлеуметтік төлемдер және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеу бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелерді өз мерзімінде және толық көлемде орындап шыққан. 
 - Бұдан былай да Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау шараларын одан әрі жалғастырады, - деді ҚР Экономикалық даму министрі Жанар Айтжанова. - 2011 жылы бюджет саласы мен әлеуметтік шығыстарға жалақыны өсіру көзделген. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақының 30%-ға артуын ескерсек, оның ең төменгі мөлшері 24047 теңгені, орташа мөлшері - 36205 теңгені құрайды. Ағымдағы жылы әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер мөлшері ұлғайды. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30%-ға артады. 
Билік 2011 жылы инфляцияны 6-8% деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Үкімет пен Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлескен мәлімдемесінде биылғы жылы еліміздің жалпы ішкі өнімін 5%-ға өсіру көзделген. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі жылдың негізгі экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала бермек. Азық-түлік бағасын реттеу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдары да жауапты болады.
 
БАНК ПЕН БИЗНЕСТІҢ БЕРЕКЕСІ
Өткен жылы еліміздің банк секторындағы жағдай да тұрақталды. Естеріңізде болса, дағдарыстың алғашқы лебі бізге дәл осы екінші деңгейлі банктеріміз арқылы сезілген болатын. Қоржындарын сыртқы қарызбен толтырып, еш жақта қауіп көрмей келген банктер ең ақыры Үкіметтің көмегіне жүгінді. Ұлттық қорда жинақталған қаржы елдегі ахуалды тұрақтандыруға, банк жүйесін қайта құрылымдауға жұмсалды. Апта басында Премьер-Министр К.Мәсімов «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының мойнына алған міндетін абыройлы түрде атқарып шыққанын атап өтті. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылдың 11 айында ел банктерінің сыртқы қарызы 11,2 млрд. АҚШ долларына немесе 40 пайызға азайыпты. Бүгінде олардың берешектері 17 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бірте-бірте банктеріміз аяққа тұрып келеді. 
2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылды. Осыған дейін шикізаттың қойнауы ретінде танылған елдің экономикасын заманға сай әртараптандыруды жүктеген еді Президент. Үкімет белсене кірісіп, Индустрияландыру картасы қабылданды. Соның шеңберінде республика бойынша жалпы сомасы 801,8 миллиард теңгеден астам 152 индустриалдық жоба қолданысқа енгізілді. 
Былтыр Павлодар облысы бойынша 30 инновациялық жобаның тұсауы кесілді. Олардың жалпы құны 102 млрд. теңгені құрады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Мырзажан Үсеновтің айтуынша, 2014 жылға дейін аймақта 55 жобаны іске асыру көзделген. Алдын-ала жоспарға сәйкес, 2011 жылы 11 жобаны іске қосу белгіленген. Оның екеуі - республикалық, тағы екеуі аймақтық индустрияландыру картасына енген. Республика деңгейінде жүзеге асатын жобаларға  Екібастұздағы вагон жасау зауытының екінші кезегі мен Ақсу станциясының №2 энергия блогын қайта қалпына келтіру жұмыстары жатады. 
М.Үсеновтің сөзіне қарағанда, биыл тұсауы кесілетін жобалар саны жоспардан артық болуы мүмкін. Былтыр бастапқыда 24 жоба белгіленсе, жыл соңында тағы 6 жоба қолданысқа енгізілді. Мамандар қазір ірі кәсіпорындармен бірлесіп, осы бағытта жұмыс жасауда. 
Индустрияландыру бағдарламасымен қатар өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға байланысты, ең алдымен шағын және орта бизнесмендер қатарын арттыруды мақсат ететін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолға алынғанын білеміз. Соның шеңберінде жалпы несие көлемі 101,2 миллиард теңге болатын 225 жоба мақұлданған екен. Павлодар аймағында аталмыш бағытта бірқатар жобалардың құпталғаны мәлім. Соның қатарында «Гофротара» серіктестігі де бар. Мұнда сұранысы жоғары жұмыртқа орналастыратын қағаз қораптардың өндірісін екі есеге дейін ұлғайту жоспарланған. Бұдан басқа, облыста металлургия саласына қатысты бірнеше инвестициялық бастама қаржыландырыла бастады. Кәсіпкерлер мемлекеттің несие пайызымен қатар, банкке беретін кепілдік жүгін жеңілдетуге көмек беріп жатқанына риза. 
 
КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕРІ 
Былтыр Елбасының халықаралық ірі экономикалық жобасы - Кедендік одақ іске қосылды. Айта кету керек, саясаткерлер мен сарапшылар тарапынан әртүрлі пікір айтылғанмен, бұл келешегіміз үшін керек. Сыртқы нарыққа шығып, ондағылармен бәсекеге түспесе, біздің бизнесіміз де бір орында қалып қоймақ, экономикамыздың да өрісі кеңеймейді. Президент айтқандай, Кедендік одақ құрылысымен кәсіпкерлерімізге Ресей және Беларусь елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік туып отыр. Осыған дейін 16 млн. халқы бар Қазақстанның сұранысын өтеген кәсіпорындарға енді 168 млн. тұрғыны бар үш мемлекетке өнім өткізуге жол ашылды. Бірыңғай кедендік аумақ 2010 жылдың                     1 шілдесінен бастап қалыптаса бастады. Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл елде бизнес ахуалды жақсартумен қатар, шетелдік және отандық инвестицияларды тарта отырып, экономиканың өңдеуші секторын дамытуға түрткі болады.
Енді Павлодар облысы кедендік бақылау департаментінің ұсынған ресми есептеріне көз жүгіртсек. Облысымызда 6 шекаралық кедендік бекет болса, өткен жылдың алты айында олардан өткізілген көлік құралының саны екі есеге артқан. Бұған жаңа кедендік кодекстің талаптары бойынша жолаушы және жүк көліктерін кедендік бақылаудан өткізудің уақыты азайтылғаны әсер етсе керек. Мәселен, қазір жеңіл көлік 5 минут ішінде, жүк көлігі 25-30 минутта бақылаудан өткізіледі. Мамандар мүше елдердің арасында сауда жасауда бұрынғыдай лицензия, рұқсат, квота секілді құжаттар талап етілмейтінін айтады. Осыған дейін Ресейге тауар экспорттауда және импорт әкелуде жыл сайын облыс аумағында 18 мың кедендік жүк декларациясы толтырылса, қазірде оның қажеттілігі жоқ. Десе де, кедендік одаққа мүше елдер арасында сауда-саттық көлемін есептеуді жөн көргендіктен, 1 шілдеден бастап статистикалық есеп жүргізілді. Осы мәліметке сәйкес, Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы шамамен 1,2 млрд. теңгеге дейін жеткен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,7 пайызға артық. Сауда-саттықтың 56,9 пайызын импорт құраса, 43,1 пайызы – экспорт. Яғни, біз әлі шетелден көп өнім әкелеміз. Десе де, мамандар жаңа кедендік ережелер одаққа мүше елдер арасында ғана емес, басқа да мемлекеттермен экономикалық байланысты арттыра түсетініне сенімді.
Мұның бәрі - барыс жылының бергені. Ал биылдан не күту керек? Өз тарапынан Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржылық қадағалау агенттігі тізе қоса отырып, қоян жылы келесідей экономикалық саясатымен Қазақстанға және халыққа көп игілік әкелуге ниетті: біріншіден, «Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға» жан салмақ. Екіншіден, «экономиканы әртараптандыруға бағытталған шараларды, ең алдымен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға» сөз береді. Үшіншіден, бұл «Үштік одақтың» күш-жігері «жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге» бағытталатын болады. Төртіншіден, «адами капиталды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылмақ». Билік осы бағыттағы шаралар «Саламатты Қазақстан» атты денсаулық сақтау бағдарламасын, сондай-ақ онжылдық білім беру және 2020 жылға дейінгі тілдерді дамыту бағдарламасын іске асыруды қамтитынын нақтылайды. Мемлекеттік тілді өркендетуге қатысты соңғы бағдарлама биыл қабылдануға тиіс. 
«Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, - деді министр ханым, - макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, институционалдық даму, технологиялық және инновациялық даму деңгейі, елдің адами ресурстарының сапасын дамыту, сондай-ақ Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде сауда кедергілерін азайту және экономикалық бірігуді кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады». 2011 жылы мемлекет ҮИИД бағдарламасын іске асыру шеңберінде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдің инфрақұрылымын дамытуға іштен және сырттан инвестиция тартуға күш салмақ. «Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа индустриялық және инновациялық жобалар іске қосылатын болады» делінген мәлімдемеде.
 
                                          Әзірлеген - Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ. 
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 30
31