
Аймағымызда табиғат пайдалану бойынша бірқатар мәселелер күрделеніп тұр. Бұл туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен балық және аңшылық шаруашылықты дамытуға байланысты мәжілісте айтылды.
Бүгінде облысымызда балық шаруашылығын дамытуға болатын 297 су айдыны бар. Оның біреуі - Ертіс өзені - халықаралық мәндегі су қоймасы болса, он бірінің республикалық маңызы бар. Олардың жалпы жағдайы көңіл көншітерліктей. Ал аймақтық мәнге ие қалған 286 су қоймасына қатысты мәселе мүлде бөлек. Қазіргі кезде аталмыш су қоймаларының шамамен тек жартысында ғана балық шаруашылығын дамыту ісі оңтайлы жолға қойылған. Бұл – келісімшарт бойынша белгілі бір мерзімге жалға берілген көлдер. Өкінішке қарай, қалған су айдындарының әлі күнге дейін заңды иелері жоқ. Алайда, бұл балық өсіріп-сату кәсібін қолға алғысы келетін кәсіпкерлер жоқ деген сөз емес. Өзен, көлдерді жекеменшік қолға жалға берместен бұрын онда ғылыми негізде биологиялық-экономикалық зерттеулер жүргізілуі тиіс. Ал Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің бастығы Нұрбек Сыздықовтың айтуына қарағанда, мұндай жұмыстарды жүргізуге қаржы тапшы.
Су қоймаларын жалға алып отырған кәсіпкерлердің барлығы өз иеліктеріне жоғары жауапкершілікпен қарайды деп те айту қиын. Талап бойынша олар тек табыс табуды ғана құнттамай, өздеріне тиесілі өзен, көлдердің жалпы жағдайына ерекше мән беріп, әсіресе балық қорын көбейтуді назарға алуы тиіс.
Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі кезде облыс бойынша жан басына шаққанда 0,333 грамм балық етінен келеді екен. Бұл - төмен көрсеткіш. Аймақ басшысының айтуына қарағанда, су қоймаларын жалға алушылар тұрғындарды қажетті деңгейде балық өнімдерімен қамтамасыз етуге міндетті. Кәсіпкерлер өздері балық аулап сатқаннан гөрі, су қоймаларын жеке тұлғалардың пайдалануына беріп қоюды жөн санайды. Соңғылары өз кезегінде кәсіпкерлерге тиісті ақыларын төлейді. Бірақ олардың аулаған балықтары сауда орындарына түседі деп сеніммен айту қиын. Сондықтан, балық саудасын да дұрыс жолға қою қажет. «Кез келген жерде, жол жиектерінде заңсыз түрде саудалауды тоқтату керек. Сондықтан, бұдан былай әрбір су қоймасы иелеріне белгілі бір сауда нүктесін бекітіп, балықтың босатылу бағасын анықтап берген жөн. Өзен, көлдерді жалға алушылар аталмыш сауда орындарын балық өнімімен қажетті көлемде қамтамасыз етіп, тұрақты түрде жеткізіп тұруды міндеттеріне алсын», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Облыс аумағындағы шағын көлдердің құрғап қалуы үлкен мәселе тудырып отыр. Өзен, көлдерді жағалай өскен шалғын шөптер мен ағаштардың жиі өртенетіні де балық шаруашылығымен айналысушылардың бас ауруына айналуда. Заңсыз балық аулау көрсеткіштері де тыйылмай келеді. Өткен жылы мұндай 605 факті тіркелген. Осындай мәселелердің салдарынан бүгінде облыс бойынша жиырмадан астам табиғат пайдаланушы өз жер аумақтарынан бас тартып отырған көрінеді.
Мәжіліс барысында аңшылық шаруашылығы мәселесі де сөз болды. Облыста аң аулау аумағы 10,5 миллион гектар жерді құрайды. Бүгінде жеті миллион гектарға жуық аумақ 30 аң аулау шаруашылығына бекітілген. Алайда олардың барлығы өз мойындарына алған міндеттерін толық деңгейде атқармайтын көрінеді. Жалпы, аңшылық – табысты бизнестің бір түрі. Алайда оның өз қайтарымы болуы тиіс. Кәсіпкерлер жер аумақтарын жалға алып қана қоймай, ондағы жануарлар әлемін (фауна) ұлғайтуға баса назар аударуы тиіс. «Мұндай шаруашылықтарды уақытылы анықтап, жалға берілген жер аумақтарын заң жүзінде алып қою қажет. Ал болашақта, мыңдаған гектар жерлер кім-көрінгеннің қолында кетпес үшін тиісті шаралар қолданған жөн. Мысалы, қандай да бір аң аулау аумақтарын жекеменшік қолға бермес бұрын олардың қаржылық, басқа да мүмкіндіктеріне зерттеу жүргізген дұрыс», - деді аймақ басшысы.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

