ЕРТІСТІҢ СУЫ АРАЛҒА ЖЕТЕ МЕ?

Су мәселесі болашақта мұнай қоры секілді баға жетпес байлыққа айналады деп топшылайды мамандар. Бүгінде көптеген мемлекеттер осы мәселеге бас қатырып отыр. Оның қатарында Қазақстан да бар. Кеңестік жүйенің кесірінен Арал теңізін құрғатып, табанындағы тұзына телміріп қалған оңтүстік өңір, әсіресе, суға зәру. Қазірде Үкімет осы мәселені шешуге байланысты бір шешімге келді. Сонымен, Ұлы Ертістің суы қарт Аралға қандай арнамен ағады? Қытай жерінен бастау алып, Ресейдегі Объ өзеніне барып қосылып, одан әрі мұхитқа құятын Ертісті басқа жаққа бұру мүмкін бе?

 

Дәл осы тұста Қазақ елі әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың салып кеткен жобасын одан әрі ұқсатуға көшкелі тұр. Бір кездері Екібастұздан басқа Қарағанды қаласында суға деген тапшылық қатты еді. Бұл мәселені қазақтың біртуар алыбы ғылыми тұрғыда шеше алды. Кенді аймақтың тұрғындарын сумен қамтудың жаңа жолының тиімділігін Мәскеудегі мекеме басшыларына дәлелдеп, «ғасыр құрылысын» іске асыруға мүмкіндік ашылды. Сөйтіп, он екі жыл бойы салынған «Ертіс-Қарағанды» каналы 1971 жылы пайдаланыла бастады. Қазірде Қарағанды халқы тапшылыққа ұшырап отырған жоқ. Әрине, төлемдерді дер кезінде төлемеуге байланысты түрлі мәселелердің айтылып қалатыны бар. Бірақ, бұл - енді басқа мәселе.

Ерекшелігі сол, табиғат заңы бойынша өзен ешқашан төменнен жоғары ақпайды. Бірақ адам баласының қолынан келмейтіні жоқ. Қаныш Сәтбаев идеясының нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ канал салынды. Арна бойынша жылына 2 млрд. текше метр су өтеді. Ертістің суын облыстағы Ақсу қаласынан бастап Қарағандыға дейін 22 насос құрылғысы үздіксіз айдайды. Екі аралықта ондаған су қоймасы бар. Осындай күрделі кешеннің жұмыс істеуінің арқасында кеншілер қаласы суды бұрынғыдай қашықтан тасып, әуреге түспейді. Одан басқа, «Арселор Миттал Теміртау» сияқты өнеркәсіп алыптары канал суын қажетінше пайдаланады.

Гидролог мамандардың айтуынша, кезінде каналдың құрылысы өте сапалы жасалған. 40 жылдай жұмыс істеген құрылғылардың сыр бермеуінің өзі таң қаларлық жағдай. Бірақ бәрібір оларды заманға сай жаңарту керек. Каналды одан әрі ұзарту ойы бар екенін ескерсек, заманауи құрал-жабдықтар қуаттылықты еселеуге мүмкіндік береді.

- Бүгінде каналды автомат-тандыру және реконструкциялау мәселесі тұр. Электр қуатын және суды есепке алуды, диспетчерлік басқару пунктін толығымен жаңа тәсілге көшіру – оның бәрі үлкен жұмыс, - дейді «Қ.Сәтбаев атындағы канал» РМК бас инженері И.Литовченко. Бұл жерде тұтынушылардың дер кезінде есеп айырыспауы түрлі жөндеу жұмыстарына да кесірін тигізіп жатқанға ұқсайды. Каналдың өзі де ерекше болғандықтан, оның жұмысына қажетті құрал-жабдықтар да арнайы тапсырыс бойынша сатып алынады. Ресейден әкелінетін бір ғана доңғалақ 50 млн. теңге тұрады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су қорлары жөнінде комитеті болса, ең қажетті деген жұмыстарға ғана қаржы беруден әрі аса алмай тұр.

Осымен бірегей каналдың бүгінгі мәселесін қоя тұрып, оны алдағы уақытта дамыту мүмкіндігіне көшсек. 2002 жылы «Ертіс-Қарағанды» арнасынан 17 миллиардыншы текше метр су өткізілді. Бұл бір алып өнеркәсіп орнын жарты ғасыр сумен қамтамасыз етуге жетеді.

Осы оқиғадан бір жыл бұрын, 2001 жылы Ертістің суы Есіл өзеніне айдалып, Вячеслав су қорын толтыра бастаған болатын. Соның нәтижесінде Елордаға су тапшылығы мәселесі қатер болып төнуден қалды.

Су қоймаларын толтырудан басқа, канал суы суармалы шаруашылықтарды жүргізуге пайдаланылады. Бірақ мұнда жұмыс үздіксіз емес. Оның арты құрал-жабдықтың тез тозуына әкеліп соғады. Сондықтан, мамандар «Ертіс-Қарағандының» тағы бір тармағын тартып, суды Арал теңізіне дейін жеткізуді ұсынып отыр.

Бүгінде Қарағандыға дейін баратын каналды Жезқазғанға дейін жеткізетін құбыр салу мәселесі шешілген. Қаржының бір бөлігі берілді. Енді Жезқазғаннан суды Аралға дейін бұратын болсақ, жоба бойынша 8 насос станциясын салу қажет. Ол құрылғылар солтүстіктегі өзеннен жеткен суды Сарысуға, одан әрі Сырдарияға айдайды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су қорлары жөніндегі комитеттің төрағасы Анарбек Орманның айтуына қарағанда, қазірде қажетті сметалық құжаттама әзірленуде. Жезқазған жеріне дейін су жолын ашу үшін 52 млрд. теңге жұмсалады. Бұл жерде каналдың суы қырық шақты елді мекенге беріледі.

- 2012 жылға дейін насос станцияларын құру бойынша жұмыстарды аяқтап, 2013 жылдан бастап құрылысты бастауға кірісеміз. Сондықтан, жақын уақытта Ертістің суын Жезқазған, кейін 2020 жылға қарай Қызылорда облысы алады деген сенім бар, - дейді ол. Бүгінде Үкімет жобаны құптап қойды. Ендігі жерде қаржы бөлу мәселесі қалды.

Канал арқылы су жеткізілсе, Арал теңізі қайтадан шалқар айдынға айнала ма? Бұл мәселеге келгенде, мамандар батыл пікір айтудан аулақ. Себебі, ол үшін екі жүз жыл қажет көрінеді. Десе де, теңізде балық аулап, оның бетінде алаулап батқан күн көзін тамашалауға болады деген ой бар.

Жалпы, трансшекаралық өзен болып есептелетін ерке Ертістің суын кері қарай бұру мәселесі көптен айтылып келеді. Соңғыда өзенді бірлесіп тиімді пайдалану туралы Қытай елімен келісім жасалғалы бері бұл бастама қайта жандана бастаған. Осы орайда «Ертістің басында жатқан елмен ымыраға келдік, енді төменгі етекте жатқан орыс елі қандай ойда?» деген сауал да қылаң береді. Өткен жылы Өскемен жерінде өткен халықаралық инвестициялық Форумда Ресей басшылығы Сібір өзенін бұру жөніндегі Қазақстанның ойынан хабардар болған-ды...

 

Әзірлеген – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31