Бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Еуразиялық табиғи қорлар корпорациясы (ENRC PLC) Бас атқарушы директоры Феликс Вулис әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша әріптестік Меморандумына қол қойды. Аймақтың ірі өнеркәсіп орындарын қанатының астына жинаған корпорация облыстың дамуына 2,4 млрд. теңге шамасында қаржы салатын болды.
- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ENRC корпорациясы биыл бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырады. Осындай қолдау танытқаны үшін корпорация басшылығына, акционерлерге және жеке өзіңізге ризашылығымызды білдіреміз, - деді Бақытжан Әбдірұлы Ф.Вулиске қарата айтқан сөзінде.
Облыс әкімі корпорацияның жыл сайын демеушілік танытатынын атап өтті. Осы жылы алғаш рет медицина саласына қажетті аппараттарды сатып алуға 311 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл емдеу мекемелеріндегі қызмет сапасын ұлғайтуға септігін тигізері анық. Мәселен, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға берілетін қаржы құлақ-мұрын және көз ауруларын емдеуге пайдаланылатын, қол жетпей келген құрал-жабдықтар алуға жұмсалады. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Серім Сыздықов жеткізді.
Мемлекет басшысы кәсіби-техникалық мамандар даярлауды жаңа деңгейге көтеруді тапсырған болатын. Бұл ретте аталмыш корпорация №7 лицейді осы заманға лайық толықтай жаңартуды өз мойнына алып отыр. Б.Сағынтаев басқа аймақтарда мұндай іске бюджет қаржысы салынып жатқанын, ал біздің облысымызда оған демеушінің қатысып отырғанын тілге тиек етті. Корпорация қаржысы Ақсу №19 лицейіне де беріледі. Директоры Ф.Кисеноковтың айтуынша, қаражатқа әртүрлі әдістемелік құралдар мен арнайы киімдер сатып алынып, оқу үлгерімі жақсы студенттерге шәкіртақы да төлеуге мүмкіндік бар. Қазірде аталмыш мекеме түлектерінің 90 пайызға жуығы бірден жұмыс табады. Шыны керек, мұндай көрсеткішпен екінің бірі мақтана алмайды.
Ақсу қаласында спорттық-сауықтыру кешенін салуға да корпорация қаржы құяды. Мұндай мекемені жергілікті жұртшылық көптен бері күтіп келеді. Бұдан басқа, металлургия алыптарының иесі саналатын ENRC тұрғын үй құрылысына да айрықша мән беруде. Осыған дейін «Қазақстан алюминийі» АҚ бірнеше көпқабатты баспананың кілттерін табыстағаны бар. Биыл Павлодар қаласында 144 пәтерлі, Ақсуда 64 пәтерлі тұрғын үйлер салынады.
Облыс әкімі өз жұмысшыларына арнап тұрғын үй құрылысын жүргізу бастамасын өңірдегі басқа да ірі кәсіпорындар іліп әкеткенін атап өтті. Мәселен, бұған дейін бірде-бір баспана салмаған мұнай-химия зауыты биыл жұмысшыларын қарық қылмақ. Одан басқа, маңызды істен «Қазақстан Теміржолы», «Проммашкомплект» компаниялары да тысқары қалмайтынын мәлімдеді.
Бақытжан Әбдірұлы корпорацияның «Ертіс» футбол клубына қаржы жағынан көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Былтыр жергілікті команда ел біріншілігінде қола жүлде еншіледі. Биыл одан жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп күтілуде. Волейбол және теннис түрлері бойынша жарыстарда жерлестеріміз жарқырап көрініп жүр.
- Облыс халқы кәсіпорындардың табысы өндірісті дамытуға, бір бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып жатқанын білуге тиіс, - деді аймақ басшысы.
Сөз алған ENRC PLC Бас атқарушы директоры Феликс Вулис халыққа қажетті жобаларды іске асыруға көмектесуді корпорация өзіне бір мәртебе санайтынын атап өтті. Кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың жағдайы біз үшін аса маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды болашақта одан әрі жалғастыратын боламыз, - деді ол. Қол қою рәсімінен кейін тараптар бір-біріне алғыс білдірді.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

