Жыл сайын мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қыруар қаржы бөлініп жатса да, ауыл кәсіпкерлері оған дер кезінде қол жеткізе алмауда. Бірақ ауыл шаруашылығында барлық істі уақытында атқармаса болмайды. Амалы жоқтықтан шаруашылықтар мамыр айында қажет тұқым сепкіш техниканы өз қаржысына асығыс сатып алуға мәжбүр. «Қазагроқаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» тәрізді қаржы институттары болса несие беруге келгенде ширақтық көрсетпей тұр. Кеше агроөнеркәсіп саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барысын қарау жөнінде кеңес өткізген облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев құзырлы мекеме өкілдерін сынға алды.
«Ақтоғай-Агро» ЖШС былтыр күзде заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған көкөніс қоймасын салғаны белгілі. Енді биыл серіктестік жаңа жобаның екінші кезеңін бастауға ниет білдірген. Яғни, картопты тереңдетіп өңдеуді қолға алмақ болған. Сөйтіп, қойманы салуда қолдау білдірген «Қазагроқаржыға» қайтадан өтініш тапсырған. Алайда, үміті тез ақталмай тұр. Фирма иесінің бірі А.Терентьевтің айтуынша, қаңтар айынан бері түпкілікті шешім жоқ. Уақыт болса өтіп барады, бірақ несие қолға тимегендіктен көктемгі егіске қажет техниканы жеке қаржыға сатып алмасқа болмады. Мұның арты жобаға екі рет өзгеріс енгізуге әкеліп тіреді. А.Терентьевтің сөзіне қарағанда, егер істің арты бұлай ұзаққа созыларын білгенде, көмек сұрап коммерциялық банктерге барар еді.
Облыс әкімі сенімді клиент екенін танытқан «Ақтоғай-Агро» секілді ірі серіктестікті әбігерге түсіріп қойған «Қазагроқаржы» әрекетіне таңданыс білдірді. Ірі шаруашылықтар бұлай қиналып жатқанда, несиеге шағын бизнестің қолы қайдан жетсін?!
- Үкімет кәсіпкерлікті қолдау үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер мемлекеттің ұсынған жеңілдіктерін ала алмай отыр. Егер бизнес несиені коммерциялық банктерден алса, онда «Қазагроқаржының» не керегі бар? - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Шарбақты ауданындағы «Красиловка» ЖШС де түйткіл мәселеге кездескен. Шаруашылық Канада жерінен бір мың бастан артық асыл тұқымды мал әкелмек ойы болған. Бірақ жобаны құптаған кеңсенің қызметі қазір басқасына берілетін болып, соның салдарынан қаржысы келмей қалған кәсіпкер мүйізді қараны жеткізуге аттана алмай қолы байланып отыр.
- Біз мұндай түрімізбен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. Басылым беттеріндегі хабарларға қарағанда, «Қазагроқаржы» орталық аппаратының атқарып жатқан жұмысы зор. Сонда миллиардтаған қаржыны қандай бақытты кәсіпкерлер алып отыр? Біздің шаруалардан сұрасаңыз, жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының алдына үлкен міндет қойды. 2016 жылға қарай 60 мың тонна ет экспорттау қажетпіз. Бірақ осыған бағытталған жобаны қаржыландыруда ширақтық байқалмайды, - деген аймақ басшысы орталықпен тілдесетінін жеткізді. Қажетті мәліметтерді жедел әзірлеуді тапсырды. Инвестициялық жобаларды жедел іске асыруға кедергі болатын әкімшілік жайттарды да тезге салатын кез жетті. Бизнестің өркендеуі үшін ортақ мүдделестік керек.
Қазірде облыста кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласына қатысты 17 инвестициялық жобаны жеке қаржысын жұмсап, іске асыруда. Соның бірі – «Победа» ЖШС. Мұнда алдағы уақытта 400 бас сиырға арналған сауын фермасы жабдықталады. Алғашқыда үкіметтік қорлардан несие алмақ болған серіктестік кейін бұл жолдың бұралаңы мен қалтарысы көп екенін, ұзақ жүруге тура келетінін бірден түсінген көрінеді. Бірақ екінің бірінде жеке қаржысы мол еместігі айдан анық.
Кеңес соңында Бақытжан Әбдірұлы облыстың аудандарының басшылары жаңа жобалар ұсынуда белсенділік танытпай отырғанын тілге тиек етті. Қашыр ауданы ғана 7 жобаны шығарды. Аудан әкімдерінің маңызды міндеттерінің бірі - бизнесті дамытуға күш салу екені ұмытылмаса керек.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

