Сапалы өнімдер таңдалды

Жұма күні Павлодар қаласында «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсы болып өтті. Оның ашылуы салтанатына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жыл сайын өтетін байқауда бизнестің әртүрлі бағытына жататын 52 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

- Шағын және орта кәсіпкерлік саласында қаншама өзгерістер болып жатқанын көруге болады. Өзімізде өндірілген тауарлардың түр-түрі қойылыпты. Көп кәсіпкерлер жаңа өнімдер шығара бастаған, бұрыннан өндірілетін тауарлардың сапасын одан әрі жақсарта түскен. Инновациялық бағытқа ұмтылып жатқандары байқалады. Бұл экономиканың тұрақты дамуын көрсетеді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша істердің нәтижесі шағын және орта бизнестің алға басуына оң ықпал жасауда, - деді аймақ басшысы көрмені аралаған сәтінде.

Аймақтық байқауға қатысушылар «Өндірістік мәндегі үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлар» атты үш аталым бойынша жүлделі орындарға таласты. Көрмеге өз өнімдерін батыл ұсынған кәсіпорындардың қай-қайсысын алсаңыз да, облыс тұтынушыларына танылып қалған өндірушілер. Мәселен, «МолКом-Павлодар» серіктестігінің сүт өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленеді. Директордың өнім өткізу жөніндегі орынбасары Нона Кананадзенің айтуына қарағанда, қазір мұнда 40-тан астам өнім түрі шығарылады. Соңғы кезде адамның иммундық қасиетін арттыратын, ас қорыту жүйесін жақсартуға көмектесетін био-өнім өндірісі игерілген. Павлодар облысынан тысқары аймақтарға да сапалы сүт өнімдерін өткізеді, компанияның жеке дүкендері де жұмыс істейді.

«Қазбытхим» серіктестігінің нарыққа шыққанына екі жылдың жүзі болған. Осы уақыт ішінде сабын, сусабын, өзге де кір жууға арналған өнімдерімен тұтынушыларына танылып үлгерген. Фирма өкілі А.Дзюбаның мәлімдеуінше, «Батыр», «Бәйтерек» секілді химиялық негіздегі тұрмыс құралдары еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Келешекте компания «Қазақстан темір жолы» секілді алпауыттардан қомақты тапсырыс алуды көздейді. Бұл ойдан облыс әкімі де хабардар болды.

- Отандық тауарларды ұлттық компаниялар сатып алуға мүдделі болуға тиіс. Тапсырыс болса, кәсіпкерлер өнімдерін қазіргіден де көбірек шығара алады. Бұрынғыдай емес, шағын және орта бизнес инновациялық жобаларға мән береді. Көрме барысында кәсіпкерлермен әңгімелескенімде, біразының мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерден хабары аздығы байқалды, - деді Бақытжан Әбдірұлы.

Аймақ басшысы алдағы уақытта облыста химиялық парк құрылатынын, оның шағын және орта бизнестің дамуына оң әсері болатынын жеткізді. Жалпы, кәсіпкерлікті қолдауға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Даму» қоры арқылы баса мән беріліп отыр.

Бір күнге созылған көрме-конкурстың сарапшылар шығарған нәтижесі бойынша, «Өндірістік мәндегі үздік тауарлар» аталымына «Павлодар машина жасау зауыты», «Нефтехим» компаниясы, «Павлодар картон-рубероид зауыты» лайық деп танылды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Қазбытхим», «Қазақстан» ЖШС-тері мен жеке кәсіпкер «Қарашашева» марапатталды. Ал «Үздік азық-түлік тауарлар» өндіретін кәсіпорындар қатарында «РубиКОМ», «МолКом-Павлодар» серіктестіктері мен «РЭГТайм» шаруа қожалығы көзге түсті.

Аймақтық байқауда бағы жанған кәсіпорындар осы жылдың қараша айында Бүкіләлемдік сапа күніне орай Елбасының қатысуымен өтетін республикалық кезеңге жолдамалар алды. Бұл шара жергілікті өндірушілердің озық сапалы өнім шығаруға ерекше құлшыныс білдіруіне жол ашатыны айқын.

Нұрбол  ЖАЙЫҚБАЕВ

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 23 24 25 26
27 28 29 30