ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА СЕРПІЛІС

Аймағымыздың энергетикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі жоғары. Сәйкесінше, жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да ауқымы жағынан зор маңызға ие. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облысымызда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалардың бірқатары Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2  станцияларына тиесілі. Мұнда бүгінде өндіріс көлемін арттыру бағытында қайта құру және модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа қондырғылар орнатылып жатыр.  Атап өтерлігі, экология мәселесіне баса мән берілуде.
Мысалы, Екібастұздың ГРЭС-1 станциясында екінші электр сүзгіш орнатылуда. Естеріңізде болса, мұндай алғашқы қондырғы өткен жылдың желтоқсан айында №5  энергоблокқа орнатылған болатын. Бұл жолы кезек №6 энергоблокқа келіп отыр. Қазіргі кезде электр сүзгішті монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ол алдағы екі-үш айдың ішінде іске қосылады деп күтілуде. Жобаның құны – екі миллиард теңге. Жалпы, 2013 жылға дейін барлығы алты электр сүзгіші орнатылмақ. Осы мақсатқа компания 12,5 миллиард теңге қаражат қарастырып отыр. ГРЭС-1 станциясының директоры Рысқан Свамбаевтың айтуына қарағанда, аталмыш қондырғыларды орнатудың маңызы зор. «Бүгінде елімізде экология мәселесі өте өзекті тұр. Сондықтан әрбір энергоблок осындай электр сүзгіштермен жабдықталуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қондырғылар станция жұмысы нәтижесінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды төрт есеге азайтады», - дейді ол.
Станция басшылығы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Болашаққа деген жоспарлары зор. Мысалы, қазіргі кезде мұнда екінші энергоблокты қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Алайда, ол тек 2014 жылы ғана іске қосылады. Мамандардың айтуына қарағанда, жұмыс ауқымы өте көп. Аталмыш мақсатқа 409 миллион АҚШ доллары қарастырылған. Келесі жылы                  №8 энергоблок пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, бүгінде жұмыс істеп тұрған төртінші және жетінші энергоблокқа электр сүзгіштер орнатылады. Оның әрқайсысына екі миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады.
Қазір ГРЭС-1-де бес энергоблок жұмыс істеп тұр. Соның арқасында 2500 М/Ватт злектр энергиясы өндіріледі. Алайда, станцияның жобалық қуаты төрт мың М/Ватт екендігін ескерсек, алда әлі талай ауқымды істер күтуде. Енді төрт-бес жылда қалған үш энергоблок іске қосылып (олар 1996 жылдан бері тоқтап тұр), нәтижесінде станция толық жобалық қуатына шығады деп жоспарланып отыр. Жоғарыда атап өткендей, барлық сегіз энергоблокқа электр сүзгіштер орнатылатын болады. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Биыл станцияға жалпы сомасы 29 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.
Қуаты жағынан сәл төмен, бірақ еліміз үшін стратегиялық маңызы зор кәсіпорындардың бірі – Екібастұздың ГРЭС-2 станциясы. Биыл мұнда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында, өндірілген энергияны түрлі жүйелерге таратуға арналған қуаты 500 кВт болатын ашық үйлестіру құрылғысын қайта қалпына келтіру, кеңейту жұмысы бар. «Бұған дейін бізде бір ғана желі болатын. Бұл – өте қауіпті. Қандай да бір төтенше жағдай орын алып, аталмыш желі зақымданатын болса, станция жұмысы толық тоқтап қалады. Ол өз кезегінде энергия өндіруші құрылғыларға әсер етеді. Жұмыстың кілт тоқтауынан қысым артып, пештер мүлде істен шығуы мүмкін», - дейді станцияның басқарма төрағасы Ғани Сәлімжуаров. Сол себепті бұл жобаға үлкен мән беріліп отырған көрінеді. Аталмыш ашық үйлестіру құрылғысы жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл мақсатқа 869,2 миллион теңге инвестиция тартылып отыр.
Сондай-ақ, станцияның №1  және №2 энергоблогының технологиялық үрдісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін модернизациялау ісі қолға алынған. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл қадам шығынды едәуір азайтып,           өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Онымен қоса, мұнда  №3 энергоблоктың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін №4 және №5 эергоблоктың құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, биыл станцияда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 24,6 миллиард теңгені құрамақ. Кәсіпорын басшылығы, мұның барлығы мемлекет қолдауының арқасында мүмкін болып отыр, дейді. «Жоғарыда атап өткен ауқымды жобаларды өз күшімізбен қолға ала алмайтын едік. Қажетті қаржы көлемі тым жоғары. Бірақ, қол қусырып отыруға да болмайды. Себебі, станцияда жұмыс істеп тұрған құрылғыларға шұғыл модерни-зациялау жұмыстары талап етілді. Олар әбден ескірген. Бұл ретте, бізді ел Үкіметінің электр энергиясына шектеулі тариф белгілеу туралы шешімі тығырықтан алып шықты. Соның арқасында, өзімізге қажетті қаражатты жинап алу мүмкіндігіне ие болдық», - деп атап өтті Ғ.Сәлімжуаров.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Екібастұз қаласы.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31