Соңғы уақытта аймақ кәсіпкерлерінің белсенділігі арта түсуде. Мемлекет тарапынан бизнес құрылымдарына жасалып жатқан қолдау шараларының игілігін түсінген олар бүгінде берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қалыс қалмаудың қамына кіріскен. Облысымыздың ірі зауыттар, кәсіпорындар, шағын және орта жеке меншік кәсіпкерліктер мен шаруа қожалықтары өз істерін дамытуға ниетті. Осы орайда бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен екі бірдей мәжіліс өтті. Оның алғашқысы, аймағымызда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына байланысты болса, екіншісі мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы барысына арналды. Атап өтерлігі, аталмыш алқалы жиындар барысында облыстың үйлестіру кеңесімен кәсіпкерлік, өнеркәсіп салалары бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына және индустриаландыру картасына ұсынылған бірқатар жобалар мақұлданды. Normal 0 false false false RU X-NONE X-NONE MicrosoftInternetExplorer4 /* Style Definitions */ table.MsoNormalTable {mso-style-name:"Обычная таблица"; mso-tstyle-rowband-size:0; mso-tstyle-colband-size:0; mso-style-noshow:yes; mso-style-priority:99; mso-style-qformat:yes; mso-style-parent:""; mso-padding-alt:0cm 5.4pt 0cm 5.4pt; mso-para-margin:0cm; mso-para-margin-bottom:.0001pt; mso-pagination:widow-orphan; font-size:11.0pt; font-family:"Calibri","sans-serif"; mso-ascii-font-family:Calibri; mso-ascii-theme-font:minor-latin; mso-fareast-font-family:"Times New Roman"; mso-fareast-theme-font:minor-fareast; mso-hansi-font-family:Calibri; mso-hansi-theme-font:minor-latin; mso-bidi-font-family:"Times New Roman"; mso-bidi-theme-font:minor-bidi;}
«Жол картасының» арқасында жолы болғандар
Қазіргі кезге дейін республика бойынша кәсіпкерлік саласына қатысты барлығы 462 жоба мақұлданған. Оның ішінде 47 жоба Павлодар облысына тиесілі. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына іліккен бұл жобалардың басым көпшілігі өңдеу өндірісіне байланысты болып отыр. «Даму» қорының Павлодар облысындағы аймақтық филиалының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуына қарағанда, алдағы уақытта кем дегенде қосымша тағы алты жоба мақұлданбақ. Олар ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің қарауында жатыр. Ал жалпы, облыс бойынша екінші деңгейлі банктерге жалпы сомасы 14,433 миллиард теңге болатын барлығы 103 өтініш келіп түскен.
Жекелей алып қарайтын болсақ, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 63 жоба ұсынылып, 52-сі кәсіпкерлік мәселелері бойынша аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданған. Оның ішінде 44 жоба тиісті министрлік тарапынан қолдау тауып отыр. Аталмыш жобалардың жалпы құны - 3,259 миллиард теңге. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының келесі бағыты бойынша екінші деңгейлі банктердің қарауында 39 өтініш жатыр. Әзірге тоғыз жоба бойынша субсидиялау келісімшартына қол қойылды. Ал сегіз өтінішті кәсіпкерлер қайтадан қайтып алған. Үшінші бағытқа қатысты құны 70 миллион теңге болатын бір жоба («Павлодартұз» ЖШС тарапынан) ұсынылып, мақұлданды.
Мәжіліс барысында аймағымыздағы екінші деңгейлі банктерге өтініш білдірген төрт жоба облыс әкімі Б.Сағынтаев төрағалық ететін аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына түсті. Олардың қатарында «Ақ-Ниет», «Қайрат ЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Абелгазинов А.Г» және «Оспантаев С.С» жеке кәсіпкерліктері бар. Бұл бизнес құрылымдары бағдарламаның бірінші бағыты бойынша көмек алуға ниетті. Кеңес мүшелері өтініштерді бірауыздан қабылдады. Артынша жобалар ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің қарауына жөнелтілмек. Жіберілген өтініштер құпталса, аталмыш кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жылына 14 пайыздық үстемемен несие ала алады. Бірақ, олар бұл несиені небары жеті пайыздық үстемемен қайтаратын болады. Себебі, бағдарламаға сәйкес, қалған жеті пайызды мемлекет субсидиялайды. «Кәсіпкерлерге көрсетілетін мұндай қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Сондықтан, оны өз деңгейінде насихаттау қажет. Бүгінгі күнге дейін бағдарламаға іліккен жоғарыда аталған 47 жоба қатысушыларының тәжірибесін көрсетуіміз керек. Өзге де түрлі деңгейдегі бизнес құрылымдарының өкілдеріне үлгі болсын», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Инновациялық дамудың жаңа деңгейі
Павлодар облысының үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша үйлестіру кеңесінің қарауына көптеген тың жобалар ұсынылды. Жалпы, республикалық және аймақтық индустриаландыру картасына қосу үшін барлығы 27 жоба ұсынылды (республикалыққа – 12, аймақтыққа –15 жоба). Сондай-ақ, 8 жоба аталмыш кеңестің бақылауына берілді. Бұл ретте, өндіріс саласы бойынша жалпы құны 177,1 миллиард теңге болатын 10 жоба, энергетика саласы бойынша 5 (құны 112,7 миллиард теңге), агроөнеркәсіп кешені саласында 19 (құны 3,8 миллиард теңге), туризм және спорт саласында бір жоба (құны 0,2 миллиард теңге) бар.
Ұсынылған барлық жобалар жеке-жеке қаралды. Әрбір кәсіпкерлік басшысының пікірі ескерілді. Кеңес мүшелері барлық дерлік өтініштерді мақұлдады. Соның арқасында аймағымыз үшін стратегиялық маңызы зор бірқатар бастамалар қолға алынбақ. Тек екі-үш жоба ғана қайта қаралуға жіберілді.
Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан кейбір мәселелер сөз болды. Мысалы, Болат Нұржанов атындағы Екібастұздық ГРЭС-1 станциясы республикалық индустриаландыру картасына үш бірдей жоба ұсынған. Оның ішінде, энергоблоктарды қайта қалпына келтіру және электрсүзгісін орнату сияқты жұмыстар бар. Алайда, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі өкілдері бұл бастамалардың барлығының басын біріктіріп, бір жоба ретінде ұсынуға кеңес берген. «Бұл мүмкін емес. Олардың әрқайсысы әртүрлі жоба. Жүзеге асу мерзімі де әрқилы. Жобалық-сметалық құжаттары, техника-экономикалық негіздемелері де бөлек. Сондықтан олар жеке-жеке қаралуы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, жоғарыда аталған министрлікке тиісті ұсыныспен шығатындығын жеткізді.
Аймағымыздың агроөнеркәсіп кешенінде де ілгерілеушілік байқалады. Шаруа қожалықтарының басшылары мемлекет тарапынан қолға алынып отырған бағдарламаларға қатысуға мүдделі. «Бұл - қуанарлық жағдай. Облыс шаруаларының белсенділігінің арқасында көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы мәселесі шешімін тауып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша аймағымыз республикада үздіктер қатарында. Ендігі кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, мал шаруашылығын дамыту қажет», - деді Бақытжан Әбдірұлы.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

