Аймағымызда сәрсенбі-бейсенбі күндері өткізілген «Қазақстан-Сібір 2011» халықаралық көрмесі павлодарлық кәсіпкерлер үшін табысты болды. Бір ғана мысал, аталмыш көрме аясында «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Польша елінің бірқатар алпауыт кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
Оған сәйкес, екі жақ Павлодар қаласы трамвай басқармасының жылжымалы құрамын модернизациялау, трамвай жолдарын жөндеу және облыс аумағында трамвай құрастыратын цех ашу бойынша инновациялық жобаны бірлесе жүзеге асыруға келісті. Бірнеше жылдан кейін Павлодар қаласының көшелерінде жаңартылған шойын жолдармен еуропалық стандарттарға сай трамвай вагондары жүретін болады. Сондай-ақ, облыс орталығында жаңа трамвайлар құрастырылып, шығарылмақ. Тұтыну нарығы да бар. Жоғарыда аталған көрме аясында еліміздің басқа да облыстарымен, Ресейдің шекаралас бірқатар аймақтарымен әріптестік қатынастар орнатылды.
Д.АЙТПАЙҰЛЫ.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 1 қазандағы номерінен оқи аласыз)

