Аймағымызда ауылдық жерлерінде өрттің алдын алу мәселесі әлі де өзекті тұр. Өрт сөндіруге қажетті техника, құрылғылар жеткіліксіз. Ал техника бар жерлерде жергілікті әкімдер жұмысты оңтайлы ұйымдастыра алмайды. Мектеп сияқты әлеуметтік маңызы зор нысандардың өзінде қауіпсіздік шаралары толық сақталмайтын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, кемшілік баршылық. Әрине, бұл ретте, тиісті органдар еш қамсыз отыр деуге келмес. Керісінше, қолдан келген шараларын жасап бағуда. Алайда, бұл көптің күшімен ғана шешілетін дүние. Демек, атқарушы билік пен мемлекеттік органдар аталмыш олқылықтарды жоюға жұмыла кірісуі қажет. Осы және басқа да өзекті проблемалар облыстық мәслихаттың азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының Ақтоғай ауданында өткен көшпелі отырысында сөз болды. Депутаттар тобын аталмыш комиссиясының төрағасы Александр Бабенко бастап барды. Шараға сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменттерінің басшылығы, аудан әкімі Жұмагелді Қожанов, ауылдық округтер әкімдері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Ақтоғай ауданы.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 8 қазандағы номерінен оқи аласыз)

