Бұрнағы күні Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сакғынтаев аймақ бюджетінің орындалуы бойынша селекторлық мәжіліс өткізді. Оған қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.
Алқалы жиын барысында облыстық қаржы басқармасының бастығы Бәкір Демеуов баяндама жасап, аталған мәселеге қатысты қалыптасқан жалпы жағдайды сөз етті. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде бюджет қаржысын игеру көрсеткіші төмен деңгейде сақталуда. Жергілікті жерлердегі бөлінген қазына қаржысының орындалуы 90 пайызды құрап отыр. Игерілмей жатқан қаражат 5 миллиард теңге көлемінде. Бұған негізінен республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттердің орындалмауы себепші болуда.
Игерілмеген бюджет қаржысының көп бөлігі Қашыр, Павлодар, Ертіс, Май, Баянауыл аудандарына және Павлодар, Екібастұз қалаларына тиесілі. Ал мемлекеттік мекемелер арасында бұл көрсеткіш бойынша облыстың құрылыс, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, энергетика және коммуналды шаруашылық басқармалары «көш басында». Мәжіліс барысында аты аталған аудандар мен қалалардың әкімдері және басқармалардың басшылары бюджеттің дұрыс орындалмауына ненің себепші болып отырғандығы жөнінде есеп беріп, жіберілген олқылықты түзету бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Шара қорытындысында облыс әкімі Б.Сағынтаев мемлекеттік орган басшыларына жыл соңына дейін қазына қаржысын толық әрі уақытылы игеру үшін жедел түрде тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Ал қаржы басқармасы бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, атқарылған жұмыс бойынша апта сайын есеп беріп отыруы тиіс.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

