Еліміздің агроөндірістік кешеніне ғылыми батыл қадамдар қажет деп есептейді жергілікті ғалымдар. Мамандардың пікірінше, ғылым мен білімнің қарыштап дамыған қазіргі заманында онсыз жетістікке жетем деушілердікі бос әурешілік. Сондықтан шаруалар мен ғалымдардың бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды. Бұл мәселе С.Торайғыров атындағы ПМУ-де өткен «Агроөндірістік кешенде ғылым мен өндірістің интеграциясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз болды.
Шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері Қойлыбай Медеубеков, Ғалиолла Мейірманов, еліміздің және Ресейдің Омбы, Новосібір, Томск облыстарынан келген белгілі ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Германия елінің өкілдері болды. Атап өтерлігі, конференцияға аймағымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да көптеп жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл ғылым мен тәжірибені ұштастыруға, яғни ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары мен шаруалардың өзара ынтымақтастық орнатуына мол мүмкіндік береді.
Конференция барысында еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөндірістік кешен жұмысында озық технологияларды пайдалану, аталмыш саладағы ғылыми зерттеулерді дамыту сияқты басқа да көптеген мәселелер талқыланды. Жиынға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Онымен қоса, ғылыми-тәжірибелік конференция аясында бірқатар павлодарлық ғалымдардың кітаптарының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы ПМУ ішінен ҚР ҰҒА академиктері Қойлыбай Медеубеков пен Мехлис Сүлейменов атындағы атаулы аудиториялар ашылды. Университет жанынан Қазақстан-Герман трансплантология орталығы құрылды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

