Облысымызда егін ору науқаны аяқталып келеді. Қазіргі кезде астықты дәнді-дақылдардың жүз пайызы жиналды. Шаруалар бүгінде майлы дақылдарды оруға кіріскен. Атап өтерлігі, биылғы астық шығымы жақсы.
Үстіміздегі жылы облыс аумағында 526,7 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілген болатын. Бүгінде аталған алқаптағы астық толығымен жиналды. Шығымы да көңіл көншітерліктей. Шаруалар орта есеппен алғанда гектарынан 8,6 центнерден өнім алды. Нәтижесінде барлығы 453,5 мың тонна астық жиналды. Оның ішінде 362 мың тонна бидай, 51 мың тонна арпа және 17,7 мың тонна сұлы бар. Ал жарма дақылдарының егіс алқабы 36,5 мың гектарды құрады. Мұнда да өнім жүз пайызға орылды. Өткен жылмен салыстырғанда, астық өндірісінің көлемі 192,8 мың тоннаға артық.
Аймағымызда 299,2 мың тонна картоп жиналды (13,9 мың гектар жерден). Оның орташа шығымдылығы гектарынан 215 центнерді құрады. Көкөніс бойынша 4,4 мың гектар алқаптын 114,0 мың тонна өнім алынды.
Қазіргі кезде облысымыздың төрт ауданында күнбағысты ору басталды. Апта басындағы көрсеткішпен алып қарайтын болсақ, барлығы 217,5 мың гектарға отырғызылған майлы дақылдардың 44,4 мың гектары шабылды.
Қылышын сүйреп қыс та жақындап қалды. Облысымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдарында малға азық дайындау ісі аяқталды. Бүгінде шаруалар 951,3 мың тонна шөп үйіп, 9,3 мың тонна пішендеме мен 41,8 мың тонна сүрлем дайындап алды.
Қазіргі кезде диқандар бидайды «Жолқұдық» ЖШС және «Шарбақты» элеваторларына тапсыруда. Соңғы деректер бойынша, астық сақтау орындарына барлығы алпыс мың тоннаға жуық өнім жеткізілген.
Д.АЙТПАЙ.

