Дүниежүзі саясаткерлері мен қаржыгерлерінің басы қатты. Уақыт өткен сайын «бұрын-соңды болмаған дағдарыс туады, оның салдары да ұшан-теңіз болады» деген болжамдар шындық болып көрінетіндей үрей билеп барады. Бұған негіз де жоқ емес. Таяуда Ұлыбритания Орталық банкінің басшысы Мервин Кинг өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бері ең ауыр шақ тууы ықтимал екенін айтып, қара бұлтты төндірді.
Алпауыттардың жаны алқымға тығылды
Естеріңізде болса, тамыз айына дейін әлем жұрты АҚШ-тың жағдайына алаңдаулы болды. Себебі, жаһандық экономика көшбасшысының өзі дефолт жариялауға шақ қалды. «2 тамыздан соң Америка күйрейді» деген де пікірлер желдей есті. Оның арты қай елге қалай әсер ететінін болжаушылар табылды. Бірақ бірінші тамыз күні Барак Обама ел бюджетінің дефицитін бір триллион долларға қысқарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл бюджеттік шығындардың айтарлықтай азаятынын білдірді. Мұндай кері қадамға Америка халқы әйгілі президенті Эйзенхауэр кезеңінен бері баспаған еді. Бұған азуын айға білеген Америка мәжбүрліктен барды. Егер мемлекеттік қарыз көлемі ұлғайтылмаса, азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге қаражат жеткіліксіз болар еді. Осыған ұқсас жағдай Еуропа елдерін де биледі.
Биыл жаз бойы әлем сарапшылары Еуропаның ертеңіне елеңдеумен болды. Грекия елі дефолтпен бетпе-бет келсе, Италия, Испания, Португалия мемлекеттеріне де тықыр таянды. Өзге ұсақ-түйек елдерді есепке алмағанда, Германия мен Францияның да шекесі шылқып тұрмағаны белгілі. Содан да, Еуроодаққа енетін елдердің басшылары күні-түні бас қатырып, уайым шекті. Неге бәрі бірдей ойланды дейсіз ғой. Себебі, Еуроодаққа кіретін бір елдің экономикасы шайқалса (кішігірім мемлекет болса да), оның әсері одаққа мүше басқа мемлекеттерге сөзсіз тиеді. Сондай-ақ, еуро валютасының арзандап кету қаупі де туындайды.
Айта кетелік, дәл осы еуроны дүниеге әкелуге Франция мен Германия көп тер төкті. Ширек ғасыр бойы жобаны жүзеге асыруға жанын салды. Енді, міне, әлемдік қаржы дағдарысы одақты екі өкпеден қысқан жайы бар. Одан құтылудың дара жолы шам алып іздесең де табылмай тұр.
Еуропаның Қазақстанға қандай қатысы бар?
Қайбір жылы дағдарыстың алғашқы толқыны соққан тұста «бізге оның әсері қалай тиюі мүмкін, Америка қайда, Қазақстан қайда?» деген әңгімелердің шыққаны мәлім. Бірақ, ол нарық заманын түсінбегендіктен туған сауатсыз пікір болатын. Себебі, қазіргідей алыс-беріс ұлғайған кезеңде шетелдегі жағдайлардың отандық экономикаға әсері болмауы мүмкін емес. Қаржыгерлеріміздің сөзіне құлақ түрсек, Американы айтпағанда, қазіргі Еуроодақтың жеделдетіп тығырықтан шығуына біз де тілектестік білдіруіміз керек. Ол елдерде дағдарыс туындап жатса, салқыны біздің экономикаға да тиері сөзсіз. Өйткені, біз ұлттық қорымыздың жартысын сол елдердің, әсіресе Франция мен Германияның бағалы қағаздарымен сақтап отырмыз. Сыртқы сауда айналымында Еуроаймақтың алатын орны да орасан. «Өгіздің басына туған күн бұзауға да келетінін» қазақ атам ежелден айтқан. Тағы бір ескеретін жайт, Қазақстан - сырт елдерге шикізат шығаратын мемлекет. Егер Еуропаға экспорттайтын мұнайымыз мен металдарымыздың құны ол жақта төмендеп кететін болса, қалталары қағылатын біздің кәсіпорындарымыз болмақ. Сол себепті, отандық сарапшылар Қазақстанның қапы қалмай, қам жасап, жоспарлы экономикаға көшкенін құптайды. Бұл жерде олар 2008 жылдың оқиғалары алда сабақ болуға тиіс екенін ескертеді.
Эллада елінің соңғы үміті
Ұлыбритания банкі басшысының «алда келе жатқан дағдарыс өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында болған депрессиядан да асып түсуі, тарихта кездеспеген құбылыс та болуы мүмкін» деген сөзінен кейін үрейдің үстіне үрей жамалды. Соңғы кезде экономикасы дефолтқа жақындап, жаны шыр-пыр болып, шырылдаған ел - Грекия. Әйгілі ескерткіштер елі, аңызға толы Афины жері аузын ашқан балапандай дәрменсіз болып қалды. Алға айналып келген экономика доңғалағы кенеттен артқа қарай зырылдай жөнелгенде, ел басшылығы Еуроодақ жаққа жалтаңдай қарап, алақан жайып, көмек сұрады. Шыны керек, бұл бір оңайлықпен қабылданған шешім болмады. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізген еуропалықтар бақайшағына дейін есептеп, көмек бермеске болмайтынын, Грекияның әлсіреуі тұтас Еуропа экономикасын шайқалтуға әкелетінін ұқты. Содан да қарсы пікірлер бас көтергеніне қарамастан, ежелгі Эллада елінің мемлекеттік қарызының тең жартысын жоятын болып келісті. Қазіргі кезде аталған мемлекеттің жеке меншікке және ұлттық кредиторларға қарызы - 350 млрд. еуроға жуық.
Ортақ кемедегі Грекияны құтқару жөнінде шешім қабылданғаны ондағы азаматтарға үміт шырағындай болғаны анық. Бірақ, Франция президенті Николя Саркази үшін бұл аса қуанышты жайт болмағанға ұқсайды. Британдық «Sky News» телеарнасына берген сұхбатында француз лидері: «2001 жылы Грекияны Еуроодаққа бекер алған екенбіз», деп бармағын шайнаған. Соған қарағанда, ол елге Еуроодақ көмек қолын «дағдарыс болса, оның ауыр салдары бізге тиеді» деп қорыққаннан ғана созды деген ой туады. Франция басшысы «Грекия еуроаймақта интеграциялануға дайын болмай, жалған көрсеткіштерді ұсына отырып, одаққа кірді. Енді біз оған бәріміз күйремеу үшін көмектесуге мәжбүрміз» дегені де бар. Оның айтуынша, «Грекия дефолтқа ұшыраған жағдайда ол Италияны да бірге құрдымға тартар еді. Инвесторлардың күдік-күмәні күшейер еді. Оның арты еуроның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Егер еуро құлдыраса, бүкіл Еуропаны шыңырауға қоса тартып әкетеді.»
Десе де, жақында ғана Еуропа саммитінде қабылданған шешім Грекияның оңалуына оң әсерін тигізетініне Н.Саркози сенімді секілді.
«Кемедегінің жаны - бір»
Еуроодақтың жағдайынан сәл ауытқып, Кедендік одақтың ахуалына көшейік. Еуроаймақтың құрамына қандай елдердің кіретінін көзі ашық оқырман өзі-ақ біледі. Кедендік одаққа Қазақстан мен Ресей және Беларуссияның мүше екенінен де хабардар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Кеден одағы құрылғаннан бері аталмыш елдермен сыртқы-сауда айналымы едәуір өскен. Павлодар облысының да шекаралас аймақтармен алыс-берісі көбейгені айтылады. Болашақта одаққа мүше елдердің өзара интеграциялануы қазіргіден де күшейе түседі деп болжануда. Бұған негіз де бар. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш мемлекеттің арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылады.
Ресей Үкіметінің басшысы В.Путин таяуда «Известия» газетіндегі мақаласында Кедендік одақ келешекте Еуразиялық одаққа айналып, Еуропамен ара-қатынасты нығайта түсетін жол болатынына сенімді екенін айтқан. Мүше елдердің қатары артуы да мүмкін. Қосылуға қырғыздар мен тәжіктердің қызығушылығы бар.
Кедендік одақтың құрылуы өз ішімізде біраз пікірлерге негіз болғаны жасырын емес. Біреулер сауда шекарасының ашылуы отандық экономикаға қауіпті екенін айтса, тағы басқалары дербес ел болудан қаламыз деген сыңайда әңгіме өрбітті. Бірақ жоғарғы билік иелері оның қазақстандық тауар өндірушілер үшін жаңа көкжиек болатынын, шетелдердің нарығына шығуға оңтайлы жол екенін көлденең тартты.
Ресей Премьер-Министрі де Кедендік одақты Кеңестік одақ деп түсіну әбестік екенін айтқан. Оның пікірінше, өткеннің еншісінде қалған, келмеске кеткен жүйені қайта оралту немесе көшіру аңғалдық болар еді, бірақ жаңа құндылықтар, саяси, экономикалық негіздегі қызығушылықтар аясында шоғырлану – уақыт талабы. Бізге табиғи, адами байлығымызды күшейте отырып, индустриялық және технологиялық жарыстарда бәсекеге қабілетті болуға жол ашылады. Жаңа жұмыс орындарын ашып, инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Тіпті, Еуроодақ, АҚШ, Қытай секілді алпауыт елдермен, ұйымдармен тереземіз тең болып, жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ететін боламыз. Айтпақшы, осылайша ТМД мемлекеттері әлемдік дағдарыстан да бірлесіп, бірін-бірі сүйеп шығуға да талпынады. «Кемедегінің жаны – бір». Оны Грекияны құтқаруға барын салып жатқан Еуроодақтың мысалы да дәлелдейді.
Қамданбаған ел қапы қалады
Еуропа елдеріндегі қазіргі жағдай Қазақстанның да қырағы назарында екенін айттық. Себебін де түсіндірдік. Айта кетелік, дағдарыстың алғашқы толқыны бізге сабақ болды. Бір кезде «Ұлттық қор құрып, оған мұнайдан түсетін қаржыны құямыз» дегенде, біреулер қарсы шығып еді. Ол бастаманың ауыр күн туғанда ел экономикасын сақтайтын бірден-бір жол екеніне көзіміз жетті. 2008 жылғы дағдарыстан кейін банк жүйесінің, жалпы экономикалық көрсеткіштердің түзелуіне Ұлттық қордан бөлінген 10 млрд. АҚШ доллары көп көмек болғаны есімізде.
Таяуда Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко әлемдік дағдарыстың екінші толқыны ұратын болса, еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін республика Ұлттық қордан 20 млрд. доллар жұмсауға дайын екенін мәлімдеді. Екінші толқын алдыңғысына қарағанда жойқын болмаса ғана осынша қаржы жұмсалады. Жоғарыда айтылған 20 млрд. доллар елімізді дағдарыс әрі кетсе жарты жылға созылғанда ғана тұрақты ете алады. Бірақ егер дағдарыстың кезекті толқыны одан ұзақ әрі күрделі болса, шығын мөлшері асып түсуі мүмкін. Бүгінде Ұлттық қорда 41 млрд. АҚШ доллары бар, бұл – ішкі жалпы өнімнің 25 пайызы.
Айтпақшы, өткен аптада Г.Марченко Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі қаржы саласының, атап айтқанда, валюта нарығының ағымдағы жағдайы жалпы жақсы екенін айтты.
– Соңғы бірнеше күнде теңге нығаюда. Сыртқы орта Қазақстан үшін қолайлы қалпын сақтауда. Мұнай, астық, металл бағасы жоғары деңгейде. Біз егер бұл жағдай одан әрі жалғасатын болса, онда жалпы аталған оң үрдіс сақталады деп күтіп отырмыз. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап оң үрдіс байқалуда. Банктер тарапынан экономиканың нақты секторына несие бөлу арта бастады. Тұрғындардың депозиттері мен салымдарының өсімі тұрақты жалғасын табуда, осы ретте, депозитті доллардан гөрі теңгемен салу жалғасын табуда. Жалпы алғанда, макроэкономикалық жағдай, банк секторы мен валюта нарығындағы жағдайлар жақсы қалыпта қалып отыр, – деді Г.Марченко журналистерге арналған брифинг барысында.
Еуропаның басына үйірілген қара бұлттан Қазақстан Үкіметі де іш жия бастағанын айтқанбыз. Таяуда еліміздің Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Мәжілістің пленарлық отырысында «Ағылшын Орталық банкі басшысының айтқандарын жоққа шығара алмаймын. Дағдарыстың екінші кезеңі есік қағып тұрғаны шындық» деп мойындады. «Үкімет дағдарыстан аман қалудың жобасын жасады. Егер де ол (дағдарыс) есіктен енетін болса, сол жобаны жүзеге асыруға тура келеді» деді. Бірақ ол қандай жоба, оның басын ашып айтпады.
Белгілісі, аузын апандай ашып, мысықтабандап келіп қалған алапат қаржылық дағдарыс әр елден қам жасауды талап етуде. Кез келген мемлекет апаттан қалай аман қалудың жолын іздеуде. Экономикасы күйреген елдің шаңырағы да ортасына түседі. Бұл – нарық заманының қатал шарты. Бізді Алла содан сақтасын.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

