2014 жылға дейінгі мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі мақсаты - экономиканы әртараптандыру, қазақстандық үлес пен шикізаттық экспорт әлеуетін арттыру, шағын және орта кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, жоғары технологиялы өндіріспен болашақ экономикасына көшу. Павлодар облысы бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыруда әрі экономиканың тың салаларын дамытуда көзге түсуде.
Соңғы жылдары облыс орталығында химия кластерін құру туралы сөз қозғалып, бұл бағытта елеулі жобалар қолға алына бастады. Химия өндірісін дамытудағы алғашқы қарлығашы «Каустик» АҚ болып табылады. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының қатысуымен болған жалпыұлттық телекөпір барысында ашылды.
Қоршаған ортаға қаупі жоқ
Химия өндірісі павлодарлықтар үшін таңсық сала емес. Кеңес өкіметі тұсында облыс орталығында бүкіл Батыс Сібір, Орал және Орталық Азияны химиялық өнімдермен қамтамасыз етіп отырған алып кәсіпорын болған. Бірақ, экологияға қауіп төндірген зауыт 1994 жылы жабылып қалды. Онда бұрын каустикалық ұнтақ пен хлорды алу үшін сынап қолданылатын. Кейін кәсіпорын аумағында тоғыз жүз литр сынап қалдығы жиналғаны белгілі болып, оны залалсыздандыру жұмыстарына ғана мемлекеттен 10 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Осылайша, өміршеңдігі уақытша тоқтаған химия зауытының қажеттілігі туралы әңгіме уақыт өте келе қайта жаңғырып, 2002 жылы онда «Каустик» АҚ құрылды. Ал 2007 жылдан бастап өндіріс технологиясын тұтасымен жаңарту қолға алынды. Бұрынғы кеңестік кәсіпорыннан қазіргі зауыттың басты айырмашылығы, бұнда өнім қауіпсіз тәсіл – мембрандық әдіспен алынады. Яғни, сынап қолданылмайды. Сұйық күйіндегі химиялық қоспалар арнайы сүзгіден өтеді. Бүкіл технологиялық үрдіс жабық күйінде жүргізіледі. Тіпті, дайын өнімнің өзі арнайы цистерналармен жөнелтіліп отырады. Сондықтан, экологиялық жағынан қатері аз.
Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Ерлан Орымбековтың айтуына қарағанда, мұндағы өндіріс аумағындағы ағынды сулар бір жерге жиналады. Сол жерде залалсыздандырып, арнайы дайындалған орынға төгіледі. Топырақ құрамына ешқандай зақым жоқ, себебі, қатты қалдықтар мүлдем кездеспейді. Ал тұздың шайындылары арнайы полигонға апарылып көміледі.
Каустикті ұнтақ және хлор шығаратын жаңа зауыт осы жыл соңына қарай толық қуатына көшеді делінуде. Республикада бұл өндірістің баламасы жоқ, ол бүгінде сырттан әкелініп отырған аса қажетті химиялық өнімдерді алмастыратын болады. Құрылысы үш жылдан астам уақыт ішінде салынған жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңге тұрса, оның 10 миллиард теңгесі «Қазақстанның Даму Банкі» арқылы бөлінді. Кәсіпорын бұрынғы химия зауытының орнында тұрғызылғанын атап өткен абзал. Зауыт мембрандық әдіспен жылына 30 мың тонна каустикті ұнтақ пен 6,6 мың тонна натрий гидрохлоридін, 26,4 мың тонна хлор және 45 мың тонна тұз қышқылын өндіру мүмкіндігіне ие. Осы жылдың алғашқы алты айында «Каустик» кәсіпорнында жалпы құны 134,8 млн. теңгені құрайтын 386 тонна өнім өндірілген. Бүгінде аталмыш химиялық шикізат бойынша отандық сұраныстың сексен пайызы өтеледі деп жоспарланып отыр.
Өндіріске шикізат ретінде негізінен тұз пайдаланылады. Павлодар өңірінде тұзды көлдердің мол қоры орналасқанын ескерсек, зауыт болашақта шикізатқа байланысты тапшылық көрмейді деп сеніммен айтуға болады. Шикізаттың жақын жерде орналасуы, арзан электр қуаты мен жаңа технологияны пайдалану арқасында шығарылатын өнімнің құны шетелдік өндірушілердікінен айтарлықтай төмен. Технологиялық кешеннің жұмыс үрдісі экологиялық жағынан барынша қауіпсіз. Кәсіпорында бүгінде шамамен 500-ге жуық адам еңбек етеді.
Павлодардағы жаңа химия өндірісінің құрылысы алғашқы сәттен-ақ Елбасының бақылауында болып келді. Былтыр жаңа жобаның тұсауын кескен кезде Мемлекет басшысы химия зауытының пайда болуы үлкен мүмкіндіктерге жетелейді деп айтқан еді. Озық технологияға негізделген кәсіпорынның соңын ала, қазір өңірде химия кластерін жасаудың алғашқы жобалары ұсынылуда.
Бүгінде кәсіпорынның арзан өнімі еліміздің ішкі нарығындағы импорттық тауарларды ығыстырып жіберді. Себебі, оның шығаратын өнімдері сапалы болып келеді, әрі ел өміріне қажет тауарлар. Мысалы, сұйық хлорды алайық, ол республикамыздың барлық аймақтарындағы сумен қамтамасыз етуші кәсіпорындарға қажет. Өйткені, ауыз су арқылы жұқпалы аурулардың, түрлі бактериялардың таралмауы хлормен тазартылып отырады. Зауыт іске қосылғанға дейін Қазақстан сұйық хлорды Өзбекстан мен Ресейден сатып алып отырған.
Арнайы экономикалық аймақ құрылады
Алдағы жылдары «Каустик» АҚ-ның айналасына «Химпарк-Павлодар» атты арнайы экономикалық парк құрылады. Мұндағы ескі химия зауытынан қалған инфрақұрылым жаңартылады. Теміржол, автокөлік жолдары жақын орналасқан, жүк тиейтін терминал бар. Жалпы, аумағы 1200 гектар жерге химия өнеркәсібіне қатысты кәсіпорындар орын теуіп, өздерінің өндірістерін өркендетуге мүмкіндік алады. Аймаққа 50-60-тай кәсіпорын сыйып кетеді. Олар «Каустик», «Павлодар мұнай-химия зауыты» акционерлік қоғамдарынан және басқа да кәсіпорындардан шикізат ретінде химиялық өнімдерді алып, өз алдарына басқа өнім түрлерін шығарумен шұғылданады. Өз инфрақұрылымдарын ортақ мақсатқа біріктірген кәсіпкерлер нәтижесінде бизнестерін дамытудың мүмкіндігін иеленеді. Осылайша бұл жерде химия кластері дамып, аталған салада тың өндірістер пайда болады. Аталған жобалар табысты болса, «Каустик» зауытының өндірісі де кеңейе түспек.
Үстіміздегі жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен облысқа келгенде, «Каустик» акционерлік қоғамында болып, өндіріске жоғары бағасын берген. «Каустик» АҚ бұрынғы әскери зауыт, қайта жөндеуден өткізілгеннен кейін ол бейбіт мақсаттағы, бірақ, Қазақстанға аса қажет өнім – хлор, каустикалық сода мен тұз қышқылын шығаруда. Ол ішкі нарыққа жеткізіледі, біз құрған Кеден одағында да сұранысқа ие. Бұнда кәсіпорынға тиесілі үлкен аймақ бар, коммуникациялар тартылған, жаңа жұмыс орындары ашылатын жаңа химия зауытын салу жоспарланып отыр. Мұнда біз бизнеспен айналысқысы келетін қазақстандықтар үшін еркін экономикалық аймақ құрамыз», – деген еді сол сапарында Мемлекет басшысы. Президенттің зауытты аралауы барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның басшысы Владимир Школьник келешекте Қазақстан аумағында химиялық өндірісті дамыту бағытында жүзеге асатын жобалармен таныстырды. Павлодар аумағында көрсетілген тың өндірістер ұлттық компанияның қажеттілігін өтеуде айрықша мәнге ие. Сондықтан, компания өз тарапынан оларды өркендетуге атсалысады деп мәлімдеген болатын В.Школьник.
Бүгінде ел өнеркәсібіне қажетті химиялық өнімдердің барлығы дерлік сырттан тасымалданатыны - еліміздің бұл салада кенжелеп қалғанын аңғартады. Ал шикізат қоры мен мүмкіндіктер бізде жеткілікті. Сондықтан да «Қазатомөнеркәсіп» жаңа бастамаға құлшына кірісуде. Ұлттық атом компаниясының химия кластерін дамытуға инвестиция салатындай жөні бар. Өйткені «Қазатомөнеркәсіп» химиялық реагенттерді тұтынатын Қазақстандағы ірі компаниялардың бірінен саналады. Сол себепті компания отандық химия өнеркәсібінің дамуына, көлік тасымалы шығындарының азаюына және қазақстандық үлестің ұлғаюына мүдделі. Соңғы мәліметтерге сәйкес жыл сайын елімізге сырттан 305,5 мың тонна кальцийлендірілген сода, 209 мың тонна тыңайтқыш, 33,9 мың тонна барий сульфаты, 15,6 мың тонна тұз қышқылы, 11,9 мың тонна аммиак, 7,85 мың тонна кристалды каустикалық сода, 9,8 мың тонна құрамында азоты бар қышқылдар, 6,8 мың тонна хлор, 3 мың тонна цианид, 46,4 мың тонна синтетикалық жуу құралдары (тазалағыш заттар да бар) жеткізіледі екен. Ақшаға шаққанда, бұл - қыруар қаржының сыртқа ағылып жатқанына жарқын дәлел. «Қазатомөнеркәсіп» саланы дамытудың жүйелі міндеттерін орындау мақсатында отандық және халықаралық ресурстарды жұмылдырудың жинақталған тәжірибесін қолдана отырып, Қазақстанның химиялық индустриясы үшін инновациялық идеялар мен стратегиялардың орталығы болуға дайын.
Жоғарыда атап өткендей, каустикалық сода және ілеспелі түрде сутегі өндірісімен қатар жүргізілетін хлор шығаратын «Каустик» АҚ Павлодардағы кластердің «жүрегі» болмақ. Хлор негізінде одан әрі тұз қышқылы және басқа да құрамында хлор болатын өнімдер алынатын өндіріс орындары ашылады. Сутегі тұз қышқылы мен сутегі тотығын алуға қолданылады. Тұз қышқылы мен жергілікті алюминий гидрооксидынан полиалюминийхлорид - ауызсуды тазалауда барынша тиімді реагент өндірілмек. Бұған еліміздің өзінде сұраныс өте жоғары. Ал каустикалық сода сыртқа да сатылуда, сондай-ақ, сол жердің өзінде натрий гипохлориды өндірісінде, болашақта натрий цианиды (алтын өндірісінде), жуу құралдары, тағы басқа өндірісінде кеңінен қолданылатын болады.
Тағы бір ірі жоба - Ресейдің «Группа НИТОЛ» компаниясы Павлодардағы экономикалық парк аумағынан трихлорсилан және күн энергетикасы мен электроникаға қажетті базалық материал – поликристалды кремний шығаруды ойға алған. Жоба жүзеге аса қалса, күн сәулесінен қуат алатын батареяларды жасауға қолданылатын химиялық затты Қазақстанда өндірудің мүмкіндігі бар. Нәтижесінде елімізде күн сәулесінен қуат өндіру саласы дамиды. «Группа НИТОЛ» компаниясын құрушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің мүшесі Анатолий Гончаров инвестициялық жобаның жалпы құны 1 миллиард АҚШ доллары тұратынын айтады. Бүгінде ниеттестік туралы келісім жасалып, жаңа өндірісті қаржыландыру, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу мәселелері туралы келіссөздер жүргізілуде. Егер ол толығымен құпталса, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Зауытты толығымен іске қосу 2015 жылға жоспарланған.
Жоғарыда аталған жобалар толығымен жүзеге асқан жағдайда облыста жаңадан 1200 жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандарды тартуға басымдық берілмек. Химиялық өндірістің дамуына еліміздегі басқа да металлургия және кен байыту кәсіпорындары мүдделі болып отыр. Бұдан басқа Түркия, Қытай және Германия елдерінен түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Мұнда еркін экономикалық аймақ құрып, химия кластерін дамытудың кешенді жоспары жасалып қойды. Ендігі мәселе - оның жүзеге асуында.
Мұрат АЯҒАНОВ.

