Облыс орталығындағы «Сүт» акционерлік қоғамы облыс тұрғындарын табиғи әрі сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған бірегей кәсіпорын. Отандық нарықта өзіндік орнымен ерекшеленетін акционерлік қоғамның өнімдері Павлодар қаласындағы барлық дүкендерде сатылады. Сондай-ақ, облыс орталығына жақын орналасқан өзге де қалалардың тұрғындары «Сүт» АҚ-ның өнімдерін тұрақты пайдаланады. Қазіргі таңда мұнда екі жүзден аса адам жұмыс істейді. Тәулігіне 250 тонна өнім өндіріледі. Кәсіпорында биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде бірқатар игі бастамалар жүзеге асты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2014 жылға қарай ішкі нарықтағы азық-түлік өнімдерінің 80 пайыздан астамын отандық тауарлар құрауы тиіс екендігін ескерткен болатын. Маңызды құжатта алға қойылған бұл мақсат - тауар түрлері мен сапасының өсуін, сондай-ақ, өндіріс көлемінің ұлғаюын талап етеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, «Сүт» акционерлік қоғамы үшін бұл мақсаттарды орындау еш қиындық туғызбауда. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері тұрғындар арасында ерекше сұранысқа ие.
Павлодар қаласында алғаш рет сүт зауыты 1946 жылы іске қосылды. Тарихы сонау кеңестік қиын кезеңдерден басталатын кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігін сол кездегі жағдаймен әсте салыстыруға келмейді. Себебі, қазіргі уақытта мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы заман талабына сай жабдықталған. «Сүт» АҚ-ның құрылуы Павлодар қаласындағы сүт өнеркәсібінің алға жылжуына барынша үлес қосты. Былтырдан бастап «ФудМастер» брендімен өнімдер шығара бастаған керекулік өндіріс орны Қазақстан нарығындағы белді кәсіпорынға айналды. Зауыттан шыққан дайын өнімдер Павлодар, Астана, Семей, Екібастұз, Ақсу, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған қалаларының аумағына тарайды. «ФудМастердің» Қазақстандағы сүт өнімдерін шығаратын нөмір бірінші компания екенін ескерсек, оның қол астына өткен «Сүт» АҚ-ның ел ішіндегі беделі де, танымалдылығы да жоғарылай түсті.
Аталмыш компания жыл сайын Қазақстанның жоғары оқу орындары түлектерін іріктеп, Францияның Сүт университетіне оқуға жібереді. Олар екі жылдық оқудан кейін «Сүт өндірісінің магистрі» дипломын алып, кәсіпорынға жұмыс істеу үшін оралады. Бұл - отандық ғылымды дамытуға бағытталған тамаша мүмкіндік.
«Сүт» акционерлік қоғамы сүттен жасалатын өнімдердің жиырмадан аса түрін дайындайды. Мұнда шығарылатын тауарларға «Экологиялық таза өнім» белгісі беріліп, тексерістен өткен. Мәселен, кәсіпорын 2009 жылы сапа менеджменті мен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалайтын ІSО 9001-2008 және 22000-2005 біріктірілген жүйесін мақұлдады. Дәл осы жылы кәсіпорын цехтары жаңа құрылғылармен жабдықталып, толықтай жаңарды. Зауыт қызметкерлері біліктіліктерін үнемі арттырып отыруға мүмкіндік алған. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорын мамандарының бір бөлігі «ФудМастер» компаниясының есебінен Францияда шеберліктерін шыңдап, дайындықтан өтеді. Аталған елде «ФудМастерге» иелік ететін халықаралық өнеркәсіп тобы «Лакталис» компаниясының бас кеңсесі орналасқан. «Лакталис» зауыттары әлемнің барлық аймақтарында сапаны басқару жүйесінің тиімді тәсілімен жұмыс істейді. Мәселен, «ФудМастер» республикадағы тамақ өнеркәсібінің халықаралық ISO 9001-2000 стандарты бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізген алғашқы кәсіпорын атанып отыр. Ал 2010 жылдан бастап оған қарасты барлық кәсіпорындар халықаралық ISO 22000-2005 стандартының НАССР (бақылау орнату үшін қауіп-қатерлі нүктелерді талдау) тамақ өнеркәсібі қауіпсіздігі жүйесіне көше бастады. НАССР жүйесінің қағидалары мен тетіктері адам өмірі мен денсаулығына қауіп-қатердің туындауын едәуір төмендетеді. Сол арқылы, тұтынушылар үшін өнім қауіпсіздігі кепілдігін қамтамасыз етеді. Бұл - компанияның жемісті еңбек атқарып жатқандығының айқын көрінісі. 
Аталмыш акционерлік қоғамның директоры Ержан Ингебаевтың айтуынша, биылғы жылы кәсіпорында табиғи шикізат өңдейтін еуропалық жоғары технологиялы құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл әзірленетін өнімдерді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Бұрындары қапшыққа құйылған сүт бірнеше күн ғана пайдалануға жарамды болып келсе, бүгінгі таңда оның қасиеті 21 күн бойы еш бұзылмайды. Жаңа технология бірқатар артықшылықтардан тұрады. Біріншіден, сүт өнімін ашық түрде әрі ұзақ сақтау қауіпсіздігіне кепіл береді. Екіншіден, сауда нүктелерінің қожайындары бұл тауарды ешқандай күдіксіз сатып алады. Олар сапалы өнімді сөрелерге қойғанда бұзылмайтындығына, тұтынушыға пайдалы және дәмді болып жететіндігіне сенімді бола алады. Үшіншіден, ұзақ мерзімге сақталатын өнімнің басты артықшылығы – оларды еліміздің алыс аймақтарына, шетелге шығаруға болатындығы. Директордың сөзіне сенсек, жоғары технологияның көмегімен бәсекеге қабілеттілікті бұдан да арттыруға мүмкіндік бар. Жалпы, өндірісті қайта жабдықтауға 280 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, сүт құйылатын үлкен ыдыстарды тазалайтын «СІР» аппараты, дайын өнімді сақтайтын үлкен қойма жасақталып, зертханалар жаңа құрылғылармен толыққан. Мамандардың пікірінше, бұл сүт сапасын арттыруға едәуір мүмкіндік берді.
Өндіріс орны бүгінде сүтті облыстың ауылдарынан ғана емес, сондай-ақ, көршілес облыстардан да тасымалдайды. Соңғы кезде сүт қабылдау пункттерінің жұмысы жандана түскен. Компанияның шикізатқа деген сұранысының бір бөлігін Павлодар ауданындағы бірқатар фермерлік шаруашылықтар өтейді. Алдағы уақытта сүт сатып алу мәселесіне баса маңыз берілмек.
Кәсіпорын отандық өнім өндірушілер арасында азық-түлік өнімдерінің бай тізімін шығарып, қазақстандықтардың талғамы мен сұраныстарын қанағаттандыруды алға қойған. Олардың ішінде тұтынушылар сүйіспеншілігіне ие болған «ФудМастер» айраны, «ФудМастер» қаймағы, «Үй» сүзбесі, йогурттар мен «Дольче» құймаланған ірімшіктері, «БИО-С» ұйыған сүті, қатық және тағы да басқа өнімдер бар. Акционерлік қоғам жыл сайын ассортиментін жаңартып, тұтынушыларға дәмдік сапасы жетілдірілген жаңа өнімдерді ұсынып отырады.
Тауар көлемін ұлғайту - акционерлік қоғамның басты бағыттарының бірі. Мұнда тәулігіне ақшаға шаққанда 8,5 миллион теңгені құрайтын өнім шығарылады. Сонымен қатар, зауыт ай сайын жергілікті бюджетке 3 миллион теңге көлемінде салық төлейді. Кәсіпорын шығаратын өнім ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен тексерілген әрі мақұлданған.
- «ФудМастер» компаниясының Қазақстан бойынша Шымкент пен Есік қалаларында және біздің облыста филиалдары бар. Республиканың оңтүстік аймағында орналасқан зауыттармен салыстырғанда, кәсіпорында өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік басым. Себебі, ол жақта сауын сиырларын экологиялық себептерге байланысты бір-екі жылдан артық ұстай алмайды. Биылғы жыл басынан бері «Сүт» акционерлік қоғамы 21 мың тонна өнім өндірді. Бұл - өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. 2009 жылдан бастап кәсіпорынның жұмысы толықтай автоматтандырылды. Тауардың сапасын арттыру бағытында жемісті жұмыстар жүргізілуде. Өнімдерімізді Ресей Федерациясына шығаруды жоспарлап отырмыз. Солтүстік көршілерімізде сүт өнімдерін дайындайтын ірі зауыттар саны шектеулі екенін ескерсек, біздің өнімді Павлодар облысымен шекаралас жатқан аймақтарға жеткізуге әсте болады. Бұл ретте, Кедендік Одақтың тигізер пайдасы зор деп отырмыз. Қазірдің өзінде Новосібір, Омбы облыстарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келесі жылы да жоспарлы жұмысты жалғастырамыз, - деді Е.Ингебаев.
Ерекше атап өтерлігі, «Сүт» акционерлік қоғамында білімі мен тәжірибесі толысқан жастар көп. Айбек Ақботин - кәсіпорындағы өнім дайындалатын цехтың операторы. Оның мұнда жұмыс жасап жатқанына үш-төрт жылдың жүзі болыпты. Алдымен қарапайым қызметкер ретінде орналасқан ол кәсіпорында арнайы курстарды меңгеріп, операторлық қызметке дейін көтерілген. Тіпті, әскери борышын өтеп келгеннен кейін де, өзінің сүйікті жұмысына ерекше ықыласпен кіріскен. Кәсіпорын басшылары жас маманның келешегінен зор үміт күтеді.
- Мұнда жастардың жұмыс жасауына мол мүмкіндік бар. Қайран қалатыным, қалада екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыз замандастарымды көп кездестіремін. Ал олар мұндай қызметті менсінбейді. Көбісіне өзгелерге әмір беріп отыратын жайлы орын керек. Менің ойымша, қай салада жұмыс жасасаң да, ең бастысы, елге пайдаң тисе болғаны. Зауытымыз жыл санап көркейіп келеді. Сапалы да таза сүт өнімдерін шығаруға қол жеткіздік. Кәсіпорында жұмыс істеп, білімін жетілдіргісі келетін жастарға жақсы жағдай жасалған. Тіпті, сүт өндірісі жақсы дамыған елдерге барып та оқуға болады. Өткен жылы бес әріптесім Францияда оқып келді. Зауытымызға жаңа құрылғылар орнатылды, автоматты қондырғылар жоғары жылдамдықпен жұмыс істейді. Сағатына үш мың қорап сүт дайындауға мүмкіндік бар. Санитарлық жағдайлар да жіті қадағаланып отырады. Алдағы уақытта да дәл осындай тамаша қарқынмен алға басар болсақ, кәсіпорынның отандық нарықтағы деңгейі бұдан да арта түсер еді,- дейді жас маман.
«Сүт» акционерлік қоғамындағы білімді жастардың бірі - сапа және зертхана бөлімінің бастығы Кирилл Деви. Зертхана жұмыстарын жетік меңгерген Кирилл тауардың сапасы мен құрамына жауап береді. Оның қарамағына топтасқан қызметкерлердің барлығы да жастар. Кәсіпорынның физикалық-химиялық зертханасы жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық орталықпен тексерілген. Мұнда зертхананың аты айтып тұрғандай, өнімнің физикалық, химиялық құрамы қадағаланады және микробиологиялық қауіпсіздігі анықталады. «Зертханада алдымен сүт өнімдерінің қышқылдық құрамын анықтаймыз. Себебі, кейбір өнімдерде қышқыл көп болса, енді бірінде жетіспей жатады. Бұл - тауардың сапасына орасан зор ықпал етеді. Одан кейін сүттің майлылығы қадағаланады. Майлылық қорабында көрсетілген көрсеткішпен сай келуі тиіс. Биылғы жылы зертханаға жаңа құрылғылар орнатылды. Атап өтерлігі, кәсіпорында арнайы кітапхана жұмыс істейді. Оның кәдімгі кітапханадан артықшылығы - мұнда кітаптар емес, шығарылған өнімнің құрамы жазылған құжаттар сақталады. Бұл - өнімнің сапасына шағым білдіргендерге көрсететін басты дәлеліміз. Арқаны кеңге салушылық біздің жұмысқа тән емес»,- дейді ол.
Бүгінде еліміз бойынша сүт пен сүт өнімдерін пайдалану деңгейі артып келеді. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жартысында, орташа сүт тұтыну деңгейі жан басына шаққанда 36 литрге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Осыған қарап, отандық сүт өндірушілердің жұмысы қарқын алып келе жатқанын көруге болады. Десек те, қала халқы ауыл тұрғындарына қарағанда сүт өнімдерін аз тұтынады. Бұған жергілікті сүт нарығы мен сүт шаруашылықтарының дамуы әлі де болсын кенжелеп тұрғаны себеп.
Өткен жылы біздің облыста 347,5 мың тонна сүт өнімдері өндірілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыстың әр тұрғынына сүт өнімдері орташа есеппен 465 келіден келген. Ал тұтыну деңгейіне келетін болсақ, өндірілген өнімнен ол екі есеге төмен. Яғни, жыл бойы әр адам 219 келі сүт өнімдерін пайдаланған. Осы көрсеткіштер арқылы сүтті күнделікті тұрмыста жиі пайдаланатындар аз деп шамалауға болады.
Медициналық зерттеулер бойынша, бір адам жылына 405 литр сүтті тұтынуы керек. Ал біздің азаматтарымыз орташа есеппен 205 литр сүт ішеді. Адамның денсаулығы мықты болуы үшін сүтті көбірек пайдалануымыз қажет. Мәселен, Скандинавия елдері бұл өнімді жиі пайдаланады, соның салдарынан олардың өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 90 жасты құрайды.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

