Экология мәселелерін шешуде және қоршаған орта жағдайын жақсарту бағытында мемлекеттің ролін арттыру үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Ол қаржы табиғатты қорғау шараларына жұмсалады. Мысалы, үстіміздегі жылы аталған салаға қарастырылған қаражат көлемі 587,1 миллион теңгені құрады. Бұл - өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш.
Ауызсу мәселесі шешілуде
Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Соның арқасында 2020 жылға дейін облысымыздың ауылдық елді мекендерінің 80 пайызын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыру ісі екі кезеңнен тұрады. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жер асты суларының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Сол себепті еліміздің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Павлодар облысының 21 ауылдық елді мекенінде іздеу-барлау жұмыстарын жүргізе бастады.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2011 жылға республикалық бюджеттен 734 688 мың теңге бөлінді. Оның ішінде, 620 183 мың теңге оннан астам ауыспалы нысандардың құрылысына бағытталған. Яғни, бұл - өткен жылы салынып бітпеген ауызсу нысандарындағы жұмысты аяқтауға арналған қаржы. 41 988 мың теңге жаңа жоба, Лебяжі ауданы орталығындағы су құбыры мен суды тазарту құрылғыларын қайта қалпына келтіруге жұмсалуда. Ал Луганск, Береговое, Көктөбе, Галкин, Ертіс ауылдарындағы жөндеу жұмыстарына 72 517 мың теңге қарастырылған. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Ауызсу мәселесін шешуге бағытталған ілгерінді, маңызды жобаның бірі - құрылысы өткен жылы басталған Беловод және Май топтық су құбырын қайта құру жұмыстары болып табылады. Беловод топтық су құбырын қайта құру ісіне жалпы құны 6 366 700 мың теңге жұмсалмақ. Бұл жобаның арқасында 2014 жылға дейін Ертіс ауданының 32 елді мекенін және Май ауданының 23 елді мекенін сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жер байлығы – ел байлығы
Басқарманың пайдалы қазбалар бөлімі жалпыға бірдей таралған пайдалы қазбаларды бақылап, үйлестіру ісімен айналысады. Павлодар облысының аумағында пайдалы қазбалардың қорлары бекітілген 105 кен орны, сонын ішінде: кірпіш шикізатының – 41, қиыршық тасты материалдың – 8, құрылыс тасының – 18, цемент шикізатының – 2, құрылыс құмының – 13, әктастың – 3, керамзит шикізатының – 2, қалыптауыш материалдарының – 1, ас тұзының – 13, әрлеуіш-қаптауыш тастың – 4 кен орны бар. Бұл ретте 61 кен орны әзірге бос тұр.
Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша жер қойнауын пайдалану реестрінде облысымыздың 34 кәсіпорыны тіркелген. Олармен 44 келісімшарт жасалды. Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына сәйкес басқармамыздың жер қойнауын пайдалану бөлімі аталмыш келісімшарттар міндеттерінің орындалуына мониторинг жүргізеді. Егер кәсіпорындар өз міндеттеріне салғырт қарап, мойындарына алған жұмысты дұрыс атқармаса, мемлекеттік орган біржақты тәртіпте келісімшартты бұзуға құқылы. Биыл осындай үш факті тіркелді.
Сондай-ақ, жақында ғана тікелей келіссөздер нәтижесінде аймағымыздағы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі.
Табиғат қорғау бағдарламалары
Қоршаған ортаны қорғау шараларын жақсарту және экологиялық мәселелерді шешу ісі басқарма қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, ауылшаруашылығы кәсіпорындарын мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында Ертіс өзенінің арнасын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытқа 220,9 млн. тенге қарастырылған. Биыл тазалау жұмыстары Павлодар ауданының Черноярка ауылы маңында жүргізілді.
Су нысандарын қорғау және олардың санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы маңызды мәселелердің бірі – су қорын пайдалануды бақылауда ұстауға көмектесетін аумақтарды анықтап, бекітіп алу болып табылады. Сәйкесінше, бұл аймақтар ерекше қорғауға алынады. Осылайша, үстіміздегі жылы Ертіс өзенінің Ақсу қаласы аумағындағы бөлігінің, Баянауыл ұлттық паркінің Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл, Біржанкөл, Мойылды және Маралды көлдерінің айналасына арнайы белгілер орнатылды. Ол белгілер аталмыш су нысандарының мемлекет қорғауында екендігін білдіреді.
Онымен қоса, жыл сайын Ертіс өзеніне ағып қосылатын суға мониторинг жүргізіледі. Бұл ретте, облыс орталығындағы Солтүстік өнеркәсіптік аймақ ерекше назарда. Өзен суына сынап сияқты басқа да зиянды заттардың қосылмауы қадағаланып отырады. Атап өтерлігі, қазіргі кезде Усолка өзенін толықтыру жұмыстары жүргізілуде (4,0 млн. теңге).
Нұрлан НӘБИЕВ,
Павлодар облыстық табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының бастығы.

