ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБЫСТАР

«...Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік. Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді. Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда - 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада - 4 есе өскен».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

биылғы Жолдауынан.

I.Өндірісі өрлеген өңір

Сөз жоқ, бүгінде шыққан биіктен көз салсақ, қол жеткен табыстарымыз ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әсіресе, экономикалық даму бойынша еліміз іргелі мемлекеттердің өзін таңдай қақтырады. Мұның бәрі, әрине, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары ел экономикасында «қайта аяққа тұру» дәуірі өткен болса, қазіргі кезде әлемнің алпауыт елдерімен қатар басып, тіпті олардан озу мақсаты көзделетіні айқын. Бірақ, бұл ауызбен айтуға ғана оңай. Нарықта тек парасатты, алды-арты өлшеп-кесілген, батыл қадамдар қажет. Сол себепті де, 2010 жылғы Елбасы Жолдауынан кейін үдемелі индустриялық-инновациялық даму саясаты қолға алынды. Бұған дейін мұнай мен металға бай шикізат отаны болып есептелген Қазақстан келешекте озық дамуы үшін экономикасын әртараптандыруға баса көңіл бөле бастады. Осылайша, ұлан-ғайыр іске әбден бекініп, белімізді шарт будық.

Жалпы, Павлодар жері бұрыннан индустрия орталығы болып саналады. Олай болмағанда ше? Республикада өндірілетін қоңыр және тас көмірдің 96%, ферроқорытпа өндірісінің 76%, мұнай өнімдерін өңдеудің 45%, өндірілетін электр энергиясының 44% бізге тиесілі. Ел бойынша тек бізде ғана глинозем, бастапқы алюминий мен жіксіз құбыр өндірістері жұмыс істейді. Бұл ретте, Үкіметтің қолдауы мықты болғанын айта кету керек. Электролиз зауытының құрылысы республикалық индустрияландыру картасына енгізілген ең ірі жобаның бірі болды. Зауыттың алғашқы өнім шығаратын кешені 2007 жылдың 12 желтоқсанында қолданылуға берілді. Ел тарихында елеулі болып қала беретін бұл оқиғаға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қатысты.

-Жалпы, мұндай ірі зауыт салуға он-жиырма жыл уақыт қажет. Алайда, электролиз зауытының әрбір кезегі небары екі жарым жыл ішінде салынды. Бұл осында жұмыс істеген құрылысшылардың, металлургтердің ерен еңбегінің үлгісі, - деген еді сол шақта Президент.

Тұңғыш электролиз зауытының өнімі бүгінде әлемдік нарықта сұранысы үлкен сапалы тауар болып саналады. Жалпы, әлемде ең сапалы алюминий А-9 маркалы болып табылса, бүгінде Қазақстан электролиз зауытында А-8,5 маркалы өнім шығарылады. Әдетте, жаңа салынған өндірістер төмен маркалы өнімдер шығарудан бастайды. Ал бізде жоғары технологияның арқасында бірден жоғары сапалы өнім шығаруға кірісті. Әрі, өндірістің экологияға әсері де қауіптенетіндей деңгейде емес.

Жіксіз құбыр өндірісі де бұған дейін қазақ жерінде кездеспеген еді. Сол себепті, мұнай-газ саласында сұранысы үлкен бұл өнімдер сырттан әкелінетін. Ал импорт тауардың құны қашанда қымбат. Егер ол өзімізде шығарылса, біріншіден, құны арзан болып, екіншіден, өндірісте жұмыс орны ашылар, яғни пайдасы орасан зор болатын. Осы орайда 2009 жылдан бастап алпауыт компаниялар мен кәсіпорындарда қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру жөнінде Президент тапсырмасы берілді. Биылғы тамыздың 3-інде аймағымызға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған саясат нәтижесінде облыста 20 жаңа өндірістер мен жобаларды құру мүмкін болғанын баяндады. Бүгінде жіксіз құбыр өндірісінен басқа, Екібастұз жерінде вагон жасау компаниясы, Павлодардың бұрынғы химия зауыты негізінде мембранды әдіспен хлор және каустик ұнтағын өндіру ісі оң жолға қойылғанын атап өту керек.

Осылайша, санаулы уақытта Павлодар облысының аумағында көпсалалы индустриялық кешен құрылды. Соңғы 10 жылда облыста жоғарыда айтылған жіксіз құбыр, бастапқы алюминийден бөлек, кабель өнімдері, болат, фармацевтикалық препараттар, машина жасау және химиялық өнімдер шығаратын, бұрын болмаған 45 ірі өндірістік кәсіпорын құрылды. Павлодарлық өндірушілер осылайша жаңа белесті бағындыруға көшті.

Жаңа индустрияландыру саясаты қолда бар өндірістерді заман талабына сай жаңғырту мәселесін де шешуде. Мәселен, биыл «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» Ақсу электр станциясында 1996 жылдан бері тоқтап тұрған екінші энергоблокты қайта іске қосты. Айтары сол, «қайта іске қосты» демесеңіз, ондағы құрал-жабдықтың бәрі жаңадан орнатылған. Тіпті, су жаңа. Энергоблокқа қажетті турбина мен қазандық, басқа да құрылғы-көмекші аспаптар Ресей мен Украина зауыттарынан арнайы тапсырыс бойынша дайындады. Сондықтан энергоблоктың өндіріс қуаты бұрынғыдан артып, 325 Мегаватқа жетті. Бұл жобаны Еуразия табиғи қорлар корпорациясы екі жылда аяқтады. Кейін белгілі болғандай, Ақсу станциясы тектес өндіріс орындары бұрынғы КСРО кеңістігінде жеткілікті, бірақ олардың ешқайсысы осындай күрделі әрі инновациялық жаңаруға бет бұрмапты. Бұл жағдайды Ақсуға арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалады. Энергетиктердің қуатты жігеріне әрдайым таңданатынын жеткізді. Блокта әлемдегі үздік электр сүзгілері орнатылған. Яғни, ешқандай да қауіпті емес. Айта кетерлігі, Ақсу станциясы қазірде №6 энергоблокты жаңарту жұмыстарын қолға алған. Аталмыш энергоблокты 2013 жылдың соңына қарай іске қосу жоспарланған.

Таяуда ғана (25-26 қазан күндері) Астанада Павлодар облысының күндері өткізілгенін, онда өңірдің экономикалық жетістіктері таныстырылғанын хабарлаған едік. Көрме кезінде индустрияландыру картасы бойынша іске асқан жаңа жобалар туралы мәлімет берілді. Астана төрінде «Богатырь Көмір», «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Қазақстан электролиз зауыты» кәсіпорындары өз жобаларының макет-үлгісін ұсынды. Мәселен, «Богатырь» кеніші бүгінде 260 метр тереңдікке жеткен жер бетіндегі ең алып көмір өндірісі. Өндірісті ұлғайта түсу үшін соңғы жылдары кеніштегі тасымалды электр жүйесіне көшірді. Сөйтіп, енді бір ғана кеніште жылына 40 млн. тонна көмір шығаруға болады.

Бір кездері шетелдіктердің қолында болған, бүгінде ел игілігі үшін қызмет етіп жатқан кәсіпорынның бірі – Екібастұз ГРЭС-1 станциясы. Қазақстан және ТМД елдерінің электр энергетикасы саласын дамытуға еңбегі сіңген азамат Болат Нұржановтың есімі берілген станция №5 энергоблогқа заманауи электр сүзгісін орнатқаны мәлім. Оның құны - 1 миллиард АҚШ долларынан астам. Қайбір жылы Елбасы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында 8 блоктың небары төртеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын айтқан еді. Содан бері басшылық тоқтап тұрған блоктарды қайта іске қосуды көздеп, жөндеу жұмыстарына кірісті. Сөйтіп, станция 2016 жылға дейін өзінің жобалық қуатына (4000 мВт-қа) қол жеткізеді. Кәсіпорынның инновациялық бағдарламасы аясында барлық энергоблоктарға электр сүзгі құрылғылары орнатылады деп жоспарланған.

Астана жерінде өткен тұсаукесер көрмеге «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ да қатысты. Айта кетелік, елімізде шығарылатын «АИ-92» маркалы бензинінің 65 пайызы Павлодар зауытында өндіріледі. Бірақ әлі де болса, біз өзіміздің жанар-жағармайымызға жарымай отырмыз. Осы орайда, 2017 жылға дейін сұранысты толықтай өтеу жөнінде үкіметтік бағдарлама да қабылданған. Бұл үшін алдымен зауыттарды мұнай шикізатын сапалы өңдейтіндей модернизациялау керек. Бәлкім төртіншісі де салынады деген сөз бар. Бірақ, ол 2020 жылдан бұрын бой көтермейді. Сондықтан қолда барды ұқсатып жаңғыртып, Президенттің отандық тұтынушыларды бензинмен толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын қалайда орындауға тиіспіз.

- Осы мақсатта соңғы үш жылда өңдеу көлемі 2 есеге ұлғайтылды. Қазірде «Еуро-2» стандартына сәйкес келетін өнім шығаруға қол жеткіздік, деп мәлімдеді жуырда «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директоры Данбай Шухрат. Бірақ зауыттың өзі отыз жылдан бері жұмыс істейді, яғни құрал-жабдықтары тозды. Сол себепті, алдымызда өндірісті толық модернизациядан өткізу мақсаты тұр. 2015 жылдың аяғына қарай кәсіпорынның өнімдері «Еуро-5» стандартына сәйкес келіп, мұнайды өңдеу тереңдігін 90 пайызға дейін жеткізу көзделеді. Егер осы міндетті орындасақ, республикадағы ең заманауи зауытқа айналамыз. Бұл жерде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы көмектесуде.

Астана қаласында өткен облыс күндері кезінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев журналистерге былай деді:

- Үдемелі индустриялық-иннновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісерде біз облыстағы жағдайды сараптан өткізіп, қалалар мен аудандарда локомотивке айналатын жобаларды анықтап алдық. Біздің ең ірі және ең жаңа инновациялық жобаларымыз Елбасы Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Облыста 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай 168 жоба жүзеге асырылуда, бұл жобаларға 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылған, жобалар толықтай жүзеге асса, жаңадан 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бағдарлама басталғаннан бері облыста 158 млрд. теңгенің 42 жобасы іске асырылды. Осы жылдың соңына дейін тағы 43 жобаны аяқтау көзделіп отыр.

Айтып-айтпай не керек, индустрияландыру саясаты Павлодар облысының тағы бір түлеп, дамуға деген құлшынысын өсіруге ерекше серпін беріп келеді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Тәуелсіздік

кезеңіндегі жетістіктер

 

*2010 жылы өңірлік өнім өндірісі көлемі 1031,9 миллиард теңгені құрады, 1993 жылмен салыстырғанда (ол жылы 2,4 миллиард теңге, 200 жылы – 150,9 млрд. теңге) бұл көрсеткіш 430 есе өскен.

*Жан басына шаққандағы өңірлік өнім өндірісі 1993 жылы 531,9 АҚШ долларын құраса, 2010 жылға дейін ол 18 есеге өсіп, 9387,1 АҚШ долларына жетті.

*1993 жылдан бергі уақыт ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 256 есеге өсіп, 2010 жылы 844 миллиард теңгені құрады (1993 жылы – 3,3 миллиард теңге).

*Осымен бірге өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11 еседен артық өсті және 2010 жыл қорытындысында жан басына шаққанда 47,2 мың АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш агроөнеркәсіп кешенінде – 2,4 есеге артты (1993 жылы – 2,1 мың АҚШ доллары, 2010 жылы – 5,1 мың АҚШ доллары.

 

(Жалғасы бар.)

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30