«Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы екінші жыл бойы жүзеге асып жатқаны мәлім. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақыт ішінде қаржыдан қысылған бірталай кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға ие болып, бизнесін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Барлығы 57 кәсіпкерге жалпы құны 2 млрд. теңге көлемінде субсидия берілді. Соның нәтижесінде бұрын және жаңадан алған несиелердің пайыздық өсімін төмендету құқын иеленді. Бағдарламаға енгізуге ұсынылған жобалардың жартысына жуығы өңдеу өнеркәсібіне жатса, 8 пайызы - ауыл шаруашылығына тиесілі. Қазіргі кезде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын орындау бойынша Павлодар облысы республикада Қарағандыдан кейінгі екінші орында келеді.
Семинар барысында ұйымдастырушылар кәсіпкерлікті қолдаудың тетіктерін оңтайлы пайдалануға шақырды. «Қазкоммерцбанк» АҚ бұған дейін «Даму» қорының бағдарламалары бойынша 1 млрд. теңгенің қаржысын игерген. Яғни, кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштерді қаржыландыруға қатысқан. Бүгінде «Азия даму банкі» арқылы да ұзақ мерзімді, шарттары да қолайлы несие желісін ұсынуда. Бұл туралы «Қазкоммерцбанк» АҚ филиалы шағын және орта бизнес бөлімінің бастығы Р.Қасымов әңгімеледі.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры филиалының бас менеджері М.Сәдібеков бағдарламаның төртінші бағыты аясында кәсіпкерлерге қаржылай емес көмектер көрсетілетінін де айтып өтті. Мәселен, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің келісімі бойынша 13 кәсіпкер-басшы арнайы оқудан өтті. Негізі, топ-менеджерлерге Астанадағы «Назарбаев университеті» жанындағы бизнес-мектепте оқудан басқа, төрт аптаға АҚШ, Германия елдеріне тәжірибе жинақтауға баруға болады.
Айта кетерлігі, таяуда ғана Павлодар облысында «бизнес-инкубатор» құрылды. Қазірде заманға сай осы жобаға қатысу үшін кәсіпкерлік нысандары арасында іріктеу өткізуге байқау жарияланып отыр. Жеңімпаздар өздерінің инновациялық жобаларын ойдағыдай іске асыруға кең мүмкіндік алады.
Семинар соңында кәсіпкерлердің сұрақтарына жауаптар берілді.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

