ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБЫСТАР

 

Бүкіләлемдік банктің 2010 жылғы баяндамасында Қазақстан бизнес мүддесі үшін реформа жүргізуде көшбасшы деп танылған. Бизнеске неғұрлым қолайлы ахуал жасау жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан 183 елдің арасынан 59-шы орынды иеленеді.

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан.

II.Бизнесбасым бағыттың бірі

Қазақстан тәуелсіздігін алғалы экономикалық жүйе түбегейлі өзгерді. Бұған дейін шығарған өнімдерін «қайда өткіземдеп бас қатырмайтын еді кәсіпорын басшылары. Себебі, кеңестік одақтың түкпір-түкпірінде жатқан тұтынушылары оған мәлім еді. Бірақ, бұл жоспарлы өнім өндіру жағдайы нарықтық экономика келген соң мүлдем өзгерді. Енді тек сұранысқа сәйкес өнім шығару мәселесі пайда болды. Елімізде шағын және орта бизнес саласы дами бастады.

Дәл осы сала өркениетті мемлекеттерде айтарлықтай жоғары дамыған. Оларда кәсіпкерліктің үлесі жалпы экономиканың 90 пайызын құрайды. Нарықтық қатынасқа көшкен соң біздің еліміз де осы бағытқа баса мән бере бастады. Елбасының өзі талай рет шағын және орта бизнес экономиканы алға сүйрейтін қуатты күшке айналуға тиіс екенін атап көрсеткен болатын.

Шыны керек, бастапқыда кәсіпкерлікті таңсық көрген азаматтарымыз көп ұзамай оны да дөңгелетіп әкетті. Бұл орайда мемлекеттің қолдау-қошеметі үлкен болғанын атап өту керек. Жыл сайын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында көкөніс өсірумен шұғылданатын кәсіпкерлер жыл сайын едәуір көлемде субсидия алып келеді. Өнеркәсіп саласында өрге басқандар қаншама? Соңғы кезде, әсіресе, өңдеу саласына именбей келіп жатқандар бар. Бұл да болса, Үкімет қолдауының нәтижесі.

2010 жылдан бастап ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен бизнесті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы іске қосылды. Бұл дағдарыс салдарын еңсеруге арналған іс-шараның елеулісі болатын. 2008 жылы дауылдай соққан әлемдік қаржы дағдарысы біздің кәсіпкерлерімізді есеңгіретіп кеткен еді. Кезінде қымбат несиелерін қап-қаптап ұсынған екінші деңгейлі банктерден еш қайран болмады. Дәл осы шешуші кезеңде Үкімет «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен көмекке жетті.

Бірден айта кетелік, Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қадамын шетелдік сарапшылар да жоғары бағалады. Мәселен, биылғы қазанның 14-інде Кереку төрінде өткен республикалық семинарға келген германиялық «GIZ» өкілдігінің басшысы Райнер Гертц кәсіпкерлікті қолдап отырған Қазақстан мемлекетінің саясаты дұрыс деген баға берді. Бүгінде Германияда шағын және орта бизнес экономиканың 90 пайыз үлесін алады. Бір кезде неміс жерінде де осындай батыл қадамдар жасалған болатын.

Осы шарада ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Е.Орынбаевтың айтып өткеніндей, бүгінде елімізде шағын және орта бизнес саласы ішкі жалпы өнімнің 32 пайыздық үлесін иеленіп отыр. 2005 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саны 1,6 есеге өскен. Бұл салада қазірде елдің еңбекке қабілетті азаматтарының үштен бір бөлігі жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламаның іске асуы нәтижесінде салықтық төлемдер де ұлғайды.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлердің өндірісті жаңғыртуға жұмсайтын несие пайызын субсидиялауды көздейді. Яғни, банктен алған несие өсімінің бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл – дамуды ойлаған кәсіпкер үшін таптырмас көмек. Екінші бағыт та кәсіпкерге бұрын алған несиесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпке салған айналым қаржысын ұлғайтуға болады. Үшінші бағыт экспорттаушы кәсіпорындарға арналған. Олар да ескі несиесін субсидиялауға құқылы. Ол несиені кәсіпкер жаңа инвестицялық жобаны жүзеге асыруға қолданады, сондай-ақ, өндірістің көлемін арттыруға пайдаланам десе де, өз еркі. Төртінші бағыт бойынша кәсіпкерлердің қуатын арттыру көзделген. Бұл ретте өз кәсібін жаңада бастаған азаматтарға ақпараттық көмек көрсету, кәсіпкерлік жөнінде оқу өткізу, басшыларды іс жүргізуге үйрету секілді қызметтер ұсынылады.

Дәл қазіргі уақытта облыс аумағында Президент бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы соңғы екі жылдан бері шағын және орта бизнестің дамуына орасан зор үлесін қосып, несие алуға кететін уақытты айтарлықтай азайтуда және кәсіпкерліктің аяқтан тік тұрып кетуіне септігін тигізуде. Мысалы, облыста белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік саны 25,2 мыңға дейін жетті. Демек, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артты деген сөз. Бюджетке түсетін салық төлемдері де көбейді (46,2 млрд. теңге). Олар шығаратын өнім мөлшері де артып келеді. Бағдарламаның арқасында үш мыңға жуық жұмыс орны сақталып қалды және алдағы уақытта тағы 500 жұмыс орны ашылмақ. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде аймақтың биылғы бюджеті 2,5 есеге артты (2010 жылдағы 657 млн. теңгеден 1,7 млрд. теңгеге дейін). Бүгінгі таңда бағдарламаның жүзеге асыру бойынша Павлодар облысы республикада үздіктер қатарында.

Аталған бағдарлама аясында Павлодар жерінде жаңашыл жобалар жүзеге асырылғанын айтқан едік. Соның бірі – «Гофротара» серіктестігінің өндірісті жаңа технологияларға көшіру жобасы. Бұған дейін тұтынушылардың қағаз-картон бұйымдарына деген сұранысын шетелден келетін импорт тауарлар өтеп келді. Құрылғанына көп бола қоймаған зауыт біртіндеп өз өнімдерін ұсынды. Сол-ақ екен, Қазақстанның әр түкпірінен сұраныс артып, тапсырыс молая түскен себепті зауыт технологиясын жаңартып, жаңадан қондырғылар сатып алуды көздеді. Ойлана келе, серіктестік басшысы Г.Қайдарова «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысуға ниет еткен. Біраз уақыттан кейін кәсіпорын банктен жеңілдетілген несие алып, ол қаржыға Тайвань, Германия, Қытай елдерінен автоматты желілер, қағаз қораптарды өлшеп, пішетін қондырғылар сатып алған. Өндірісті кеңейту барысында 211 миллион теңге қаражат жұмсалды.

Осындай көмек-қолдаудың арқасында кәсіпорын табысы да жақсарды. Өнім көлемі де ұлғайды. Жаңа технологияның нәтижесінде «Гофротара» ЖШС бүгінде еліміздің қағаз өнімдері нарығының 20 пайызын иеленген. Г.Қайдарова таяуда Павлодар жерінде өткен «Қазақстан-Сібір 2011» халықаралық көрмесінен кейін өнімдерге Ресейдің шекаралас аймақтары қызығушылық білдіріп отырғанын жеткізді.

Аталмыш бағдарлама негізінде Үкіметтің қолдауына «Технологиялық желілер», «Технопром-Текс» тәрізді кәсіпорындар да ие болды. Біріншісі пенополистирол плитасы атты құрылыс материалын өндіруді жобалап, ол үшін 40 млн. теңгеден астам несие алса, екіншісі мата тігетін құрал-жабдық сатып алуға 35 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізген. Аталған жобалардың іске асуы жаңадан 30-60 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекет бағдарламасы өндірістерді жаңалаумен қатар, бұрынғы жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша мамандарды қабылдауға жол ашып отыр.

Белгілі болып отырғандай, жеңілдетілген шарттар бойынша несие алуға шағын кәсіпкерлік иелері де қызығушылық білдіруде.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде бағдарламаның бірінші бағыты, яғни жаңа бизнес ашу бойынша 91 өтініш келіп түскен. Оның 76-сы министрліктің құптауын алып, жалпы сомасы 4,3 млрд теңге субсидия бөлінді. Айтпақшы, «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер инфрақұрылым мәселесін шешуге де мүмкіндік алуда. Мәселен, «Павлодарэнерго» АҚ мен «KSP Steel» ЖШС автокөлік жолын жөндеуге 170-185 млн. теңгеден қаржы алған. Бүгінде ескі несиесінің пайыздық өсімін мемлекет есебінен төмендеткісі келетіндер көп. Қазірде 8 жоба бойынша 5,2 млрд. теңге субсидиясын төлеу жөнінде келісімге қол қойылған. Айта берсек, бағдарлама аясында бүгінге дейін 13 кәсіпкер-басшы Астанадағы «Назарбаев университеті» жанындағы бизнес-мектепте оқудан өткен. Жалпы, кәсіпкерлерге одан басқа төрт апта уақыт АҚШ, Германия елдеріне тәжірибе жинақтауға да баруға болады екен. Қарап отырсаңыз, Үкімет басы бар кәсіпкердің қолтығынан демейтін түрлі шаралардың кешенін ұсынып отыр. Енді қай кәсіпкер «бізді қолдаушы жоқ!» деп базына айта алар екен?! Ондайлар табылып жатса, кінәнің бір ұшы белсенділік көрсетіп, ниет таныта білмеген бизнесменнің өзінде болса керек.

Павлодар қаласында «Бизнестің жол картасы 2020» тақырыбында өткен форумда ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов орта және шағын бизнесті мемлекеттік қолдау негізінде Қазақстанда дайындалмайтын техникалық мамандықтар бойынша білікті жұмыс кадрын шетелде дайындау үшін гранттар беру туралы мәселелер көтерді. Бұл – мемлекеттің алдағы уақытта да кәсіпкерлікті кең тұрғыда қолдауға дайын екенін көрсетеді. Себебі, кез-келген нарықтық мемлекеттің экономикалық дамуы ондағы бизнестің хал-ахуалынан танылса керек. Бұл жағынан алғанда, қазір Қазақстан кешегі күні бір шекпеннің астында болған кеңестік елдер арасында үздік келе жатқаны мәлім.

 

Айқындама:

1993 жылдан бері облыстың сыртқы сауда айналымы 11,9 есеге ұлғайды және алғаш рет 2010 жылы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты. Кедендік одақтың құрылуы бұл бағытқа өзінің айтарлықтай үлесін қосты.

Негізгі капиталға түсетін инвестициялар бойынша өсім 9,3 есеге жетті, 2002 жылы 20,6 млрд. теңге болса, 2010 жылы - 190,8 млрд. теңге.

Орташа айлық номиналды еңбекақы 377 есеге өсті, 1993 жылы 172 теңге болса, 2010 жылы 64955 теңге болды. Аз қамтылған азаматтар саны 1993 жылы 108,6 мың адамды құраса, 2010 жылы 1,5 мың адам болды.

Жұмыссыздық деңгейі 2,5 есеге төмендеді, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ол 13,8 пайыз болса, өткен жылы 5,1 пайызды құрады.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

(Жалғасы. Басы газеттің №131-санында.)

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 24 25 26 27
28 29 30