ЖАҢАШЫЛДЫҚ ПЕН ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДА

 

«...Біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек».

 

ҚР Президентінің 2010 жылғы Жолдауынан.

 

Ертістің Павлодар өңіріндегі аграрлық ғылымның ордасы болып саналатын Павлодар ауыл шаруашылығы ғылымизерттеу институты (АШҒЗИ) қазіргі күні аймақтың агрокешенін өркендетуге айтарлықтай үлесін тигізуде. Ұжым мамандарының жетістіктері аймақтағы көптеген шаруашылықтарда кеңінен қолданылуда.

Институт селекционерлері 18 жыл ішінде 7 авторлық куәлік алып, патентке 5 өтініш берді. Жыл сайын институт селекциясының сұрыптарының егіс көлемі ұлғайып келеді, қазір жаздық жұмсақ бидай бойынша мұнда шыққан сұрыптар облыстағы егіс көлемінің 30%-ын құраса, келешекте 70%-ға дейін көбейеді деген сенім зор. 1993 жылы мекеме алғаш құрылған күннен бастап селекциялық жұмыстарды дамытуға көңіл бөлініп, шараларға ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары С.Бекенов пен Л.Бекенова жауапты болды. Кейін олардың ізін жаңа буын жалғастырды. Селекциялық үрдіс толықтай орындалып, жыл сайын сынақтан 14 мыңнан астам сұрып үлгілері өткізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде жаздық жұмсақ бидайдың 11 сұрыбы шығарылып, мемлекет сынағына берілді: пісу мерзімі орташа Ертіс-97, Северянка, Северянка-2, Шығыс, Золотистая және ортадан кешірек пісетінПавлодар-93, Секе, СалтанатАстана, Ертіс-7, Павлодар-8, Бекзат; күздік бидайдың 1 сұрыбыПамяти Бекенова. Қазіргі кезде жаздық жұмсақ бидайдың 5 сұрыбы селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне еніп, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында қолданысқа жіберілген.

- Соңғы 20 жылдағы егіншіліктегі зерттеу жұмыстары ылғал қорларын тиімді пайдалану, аймақтың негізгі топырақ түрлерінің құнарлылығын сақтау және арттыру мәселелеріне бағытталған. Астық және мал азықтық дақылдарды, олардың жаңа сорттарын, тыңайтқыш қолдану жүйесін, өсімдіктерді арамшөптерден, аурулар мен зиянкестерден қорғаудың технологиялары ресурс үнемдеу негізінде жетілдірілуде, - дейді Павлодар АШҒЗИ-ның бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Ермұратов. – Егіншілік жүйесіндегі ең нәтижелі жетістікол профессор Б.Мұстафаевтың жетекшілігімен жүргізілген Қазақстанда алғаш рет қысқы ылғал қорын сақтау үшін астық дақылдарының сабақтарын тарақтау арқылы аңыздықтан ықтырма немесе жаппай тарақталған аңыздық қалдырудың әсерін зерттеу жұмыстары. Бұл технология қыста механикалық қар тоқтатуға кететін энергиялық және қаржылық шығындарды болдырмай, дала алқабының өнімділігін 20-30 пайызға арттырады, топырақтың қарашіріндісінің азаюына жол бермей, оның құнарлылығын сақтауға және арттыруға мүмкіншілік туғызады. Солтүстікшығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне керекті ылғалдың 60-70 пайызы қысқы ылғалдан қалыптасады. Сондықтан қысқы ылғалды сақтау қазіргі пайдаланудағы ресурс үнемдеу технологиясының негізі болып саналады. Сондай-ақ, егіншілік жүйесінде әртүрлі рельеф элементтерінің, топырақ және ауа райы әлеуеттерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясының әртүрлі деңгейі (қалыпты, үнемді, биологиялық түрдегі) зерттеліп, қарашірінді мөлшері 3 пайыздан артық агроландшафтарда, қара шіріндісі 2 пайыздан төмен егістіктермен салыстырылғанда бидай өнімі гектарына 4,0 центнер тары 4,2-6,3 центнер қарақұмық 3,0-4,6 центнер артық болатыны анықталды. Ауыспалы егістіктерде минералдық және органикалық заттар қолдану жүйесі мен жергілікті келешегі мол органикалық тыңайтқыштар көзі ретінде сабанды, жасыл тыңайтқыштарды, көмір қалдықтарын пайдалану ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары, агрохимиктер К.Мұстафаева, Б.Рахимова, Г.Қабжановалардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қ.Қанапияновтың басшылығымен егістіктен босаған құнарлылығы төмен эрозияға бейім жерлерді мал-азықтық дақылдарды өсіруге пайдалану мүмкіншілігі және осы аймақта бұрын егілмеген жаңа дақылдар ноқаттың, көпжылдық астық тұқымдас бидайық шөбінің, судан шөбінің өсіру технологиялары зерттелді. Ертіс өзенінің аңғарындағы шабындықты үстіртін өңдеудің ресурсты сақтайтын технологиясын зерттеу - ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ұ.Әлмішевтің үлесінде. Өзен аңғарына үстіртін өңдеу үшін мүйізді пішен себу тоғай шөбінің өнімділігін гектарына 30-40 центнерге немесе 14-15 мал азықтық бірлікке, тұқымын 3-3,5 центнерге жеткізді.

Павлодар облысында бұрынғы Семей сынақ полигоны әжептәуір жер алып жатыр, сондықтан осы жерлердің топырағы мен өсімдігінің радиоэкологиялық жағдайы аймақтың толғандыратын мәселесі. Ұзақ жылдар бойы бұл мәселемен егіншілік бөлімінің ғылыми қызметкері А.Бондаренко айналысып, осы аймақтың радиоэкологиялық мониторингі біртекті еместігін анықтап, радиациялық қауіпті нүктелер белгіленіп, оларды ауыл шаруашылығы нысанына пайдаланудан сақтау жолдары қарастырылуда. Ал мал шаруашылығы бөлімінде Қазақстанда алғаш рет симменталдарды әлемдік генофондтың ең сапалы әрі сүтті тұқымы қызыл ала голштиндермен шағылыстырудың өте жақсы үйлесімі табылды. Будан малдар, қоректендіру және бағу жағдайлары бірдей бола тұра, таза қанды симменталдармен салыстырғанда әр басына шаққанда сүт өнімін 178-383 келіге, сүт майлылығын 0,03-0,21% -ға, индексін – 43,3% -ға, сүт беру жылдамдығын 1,67 келі/минутқа арттырды.

- Бүгінде институттың ғылымизерттеу жұмыстары осы өңірдің топырақ, ауа райы мүмкіншілігін тиімді пайдалану үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге ғылыми негізделген ұсыныстар беру мақсатындағы егіншілік жүйесі түбегейлі жетілдірілуде. Атап айтқанда, ауыспалы егістіктер бұрын көбіне сүрі жерліастық дақылдары егілген 4-5 танапты болып келсе, қазір нарық сұранысына бейімделіп, ауыспалы егістіктер ретінде, айналымдағы технологиясына мән берілмеген дақылдар енгізілді. Оларды өсіру жолдары зерттелуде, - дейді Б.Ермұратов.

Павлодар облысында топырақтың екі аймағы бароңтүстік қара топырақ және қоңыр топырақ. Ал егістікте осы топырақтардың 60-тан астам түрлері бар. Топырақ түрлеріне түсетін ылғал мөлшеріне байланысты егілетін өсімдіктер де сол жағдайға бейім болуы керек. Оңтүстік қара топырақты аймақта негізінен астық дақылдары (бидай, арпа, сұлы), жарма дақылдарынан қарақұмық, майлы дақылдардан күнбағыс, рапс, зығыр, көпжылдық шөптерден жоңышқа, эспарцет, арпабас жақсы өседі. Ал қоңыр топырақты аймақта, әсіресе, оңтүстікте, шектеулі қара бидай, жарма дақылдары тары мен қарақұмық, майлы дақылдар, көпжылдық шөптерден еркекшөп, эспарцет, көпжылдық қара бидай егу тиімді.

Бақыт Рахымбайұлының айтуына қарағанда, институт бастапқы тұқым шаруашылығымен айналысып, облыс шаруашылықтарын бидайдың, арпаның, қарақұмықтың, тарының элиталық тұқымдарымен қамтамасыз етеді. «Ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістіктері облыстағы ірі шаруашылықтар тарапынан қолдау тауып, соңғы жылдары Шарбақты ауданының «Победа» ЖШС-і, Ертіс ауданының «Абай» ЖШС-і біздің ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Осы шаруашылықтардың егіс даласындағы институттың сұрыптары Ресей сұрыптармен салыстырғанда әлдеқайда өнімді, дән сапасы жоғары екені дәлелденді. Олар келешекте жергілікті сұрыптарға көшуге ниет білдіріп отыр. Бұл бастамаларды қолдап, бірлесіп жұмыс жүргізуге, өз шаруашылықтарында институт сорттарын көбейтіп, егуге жағдай жасаған аталған шаруашылық басшылары А.Поляков пен Н.Миллерге шексіз алғысымызды білдіреміз», - дейді институт директоры.

Зерттеу нәтижелерін насихаттау және өндіріске енгізу үшін мекеме құрамында Білім тарату орталығы қызмет істейді. Кезкелген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкер немесе шаруа тегін түрде телефон арқылы көкейкесті сұрағын қоя алады, оған тиісті ғылыми қызметкерлер жауап береді. Сонымен қатар, институтта арнайы ғылыми кеңесші тағайындалған, ол шаруашылықтардың туындаған сауалдары бойынша тікелей орнына барып көмек көрсетеді.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29