ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБЫСТАР

Біз Біртұтас экономикалық кеңістік құру ісінде барынша ілгеріледік. Ол кеңістік қазақстандық өндірушілер үшін өнім өткізудің байтақ базарын ашады. Бұл бәсекеге шыдас беретін тауарлар шығару мен қызмет көрсету үшін біздің бизнесімізді ынталандырады.

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауынан.

 

(Соңы. Басы газеттің №131, 134 сандарында.)

 

III. Бәсекелестік - болашаққа бастайтын бағдар

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері еліміздің баса назар аударған тағы бір тұсысыртқы нарыққа шығу. Бұл, ең алдымен, отандық өндірушілерімізге пайдалы. Көршілес елдердің сұранысына сәйкес өнімдер шығаруға ұмтылады. Басқаша айтқанда, өнімдерді экспорттау мүмкіндігіне ие болады. Алайда, үлкен дайындықсыз оған екінің бірі бара алмайды. Өніміңіз сапалы болса ғана, шекараның арғы бетіндегі тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болады. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілерімізді экспортқа бейім, заманауи технологияға негізделген өндірістер құруға жетелейді. Еліміздің басқа нарықта танылуы жалпы экономикаға үлкен пайда әкеледі. Осы себептен, 2010 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріне ортақ Кедендік одақ жұмыс істей бастады. БұлПрезидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың іргелі бастамасының бірі.

Бірден айта кетелік, қазірде бұл одақтың үш мемлекет үшін де аса сәтті жоба екенін мүше мемлекеттер тегіс мойындап отыр. Мәселен, таяуда ғана Мәскеуде өткен Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев «Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ортақ интеграция жөніндегі идеяны сонау, қиын-қыстау 90-шы жылдары-ақ айтқан болатын. Сол бір кезеңде «интеграция» сөзі кеңестік кезеңнің лексикасы ретінде дұрыс қабылданбайтын еді. Бірақ, соған қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің күш-жігерін аямай, посткеңестік кеңістік шеңберінде интеграциялық үдерістерге бару қажеттігін көпшілікке түсіндіріп, ұғындырып отырды» десе, Беларусь Президенті Александр Лукашенко «Менің ойымша, еуразиялық кеңістік шеңберінде қалыптасқан тиімді саясат Қазақстанды да, Беларусьті де, Ресейді де дұрыс бағдармен әкеле жатыр» деп атап көрсетті.

Бастапқыда Кедендік одақ құру идеясына табанды түрде қарсы пікір айтқандар табылған-тұғын. Кейбір сарапшылар мұның арты отандық өндірушілердің «күйреуіне» әкеп соғатынын айтқан. Алайда, егер біздің өндірушілеріміз ішкі нарықта ғана жүре берер болса, сапа мәселесінің жақсара қоймайтыны белгілі. Сапа қашан алға басады? Тек бәсекелестік болған жағдайда ғана. Көршілес елдердің тауарларымен таласа алатындай етіп шығарсақ, отандық өнімдер шетке ысырылып қала ма екен? Рас, нарыққа енді көшкен кезеңде мемлекет импорт тауарлардан өз кәсіпкерлерімізді қорғап бақты. Бірақ, «сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды» деген бар. Қазақстан экономикасы өркениетті есептелуі үшін өндіріс саласының ерекше деңгейде өрлегені керек. Десек те, отандық бизнесті балаша «мәпелей» берсек, оның оңайлықпен бәсекеге қабілетті болуы екіталай. Сол себептен, әзірге Кедендік одаққа мүше үш ел аумағында өзін-өзі сынап көруіне жол ашылды. «Әзірге» деуіміздің сыры бар. Бұл жолы отандық өндірушілер үш мемлекеттің нарығында көріне алса, кейін көптен айтылып жүрген Дүниежүзілік Сауда ұйымына лайықты дайындалғанымыз болып есептелер еді. Яғни, Кедендік одақбіздің кәсіпорындарымыз үшін шағын бәйге. Аламанға қосылар алдында бапталу үшін аса қажет алаң. Сол себепті, Елбасы 170 млн. тұтынушысы бар алып нарықты игеру міндетін қойып отыр.

Кедендік одақ отандық тұтынушылар үшін де пайдалы. Бәсекеге ұмтылудың нәтижесінде тауарларымыз бен өнімдеріміздің сапасы әлдеқайда жақсарып, тіпті бағаға да оң әсерін тигізеді. Әрине, патриот ретінде қазақстандық тауарды сатып алған жөн. Алайда, егер импорт өнімнен гөрі оның сапасы төмен, ал бағасы қымбат болып жатса, өндірушінің өз обалы өзіне. Таза бәсекелестіктің тұтынушы үшін тиімді тұсы осы.

Павлодар облысы - құрылыс материалдарын, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, мұнай өңдеу өнімдерін, ферроқорытпа, алюминий тотығын, электр және отын энергиясын өндіретін көп салалы өнеркәсіптік кешен. Сыртқы экономикалық қызмет облыс экономикасында елеулі роль атқарады. Сыртқы сауда операцияларының негізгі үлесін металлургия саласы құрайды. Атап айтқанда, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» АҚ филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «ПМХЗ» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар.

Биылғы қыркүйектің 28-29 күндері Павлодар қаласында «Қазақстан-Сібір» халықаралық көрмесі өткізілді. Онда Ресейдің бізбен шекаралас жатқан Омбы, Томск, Новосібір облыстары, Алтай өлкесінен ірі кәсіпорындар өкілдері келіп, өз өнімдері мен қызметтерін таныстырды. Ертеден «ауылы аралас, қойы қоралас» көршілер нарықтық жағдайда өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі. Осы айтулы шараға қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Әсет Исекешев Қазақстан мен Ресейдің экономикалық тұрғыдағы әріптестігінің келешегі зор екенін айтты. Кедендік одақтың құрылуы 2010 жыл қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемін 27,2 пайызға өсіруге ықпал етті. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Ал биылғы жыл басынан бергі көрсеткіш 46 пайызға жетіп отыр. Бара-бара бұл өсім еселене бермек.

Ресей – экономикамызға ірі инвестиция құюшы мемлекет. Бүгінде еліміз бойынша ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Негізінен, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ өндірісі, тау-кен саласы бойынша дамып келеді. Алдағы уақытта әріптестік көкжиегін одан әрі дамыту керек. Павлодар облысымен шектесетін Сібір аймағы Ресейдің жалпы аумағының 30 пайызын алып жатыр. Сібір Федералды округінде 20 млн. адам тұрады, 400 ірі кәсіпорын жұмыс ісейді. Жыл сайын Сібірге 560 млн. доллар көлемінде қазақстандық тауарлар экспортталады екен. Олар – мұнай-газ өнімдері, машина бөлшектері, құрылыс материалдары, азық-түлік өнімдері және тағы басқа өнімдер.

Айта кетерлігі, аталмыш көрме нәтижесінде облыс әкімі Б.Сағынтаев ресейліктердің тәжірибесіне сүйене отырып, Павлодар жерінде заманауи технопарк құру бастамасын көтерді. Келесі жылы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының форумы Павлодар жерінде өткізілетіні де белгілі болды. Бұл – біздің өндірушілердің көршілермен қоян-қолтық араласып, технологиялармен алмасуына үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.

Жалпы, Қазақстанның экспорттық әлеуетін сөз еткенде, Елбасының Жолдауында айтылған мәселе алдан шығады. Ол - 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу мәселесі. Бүгінде Ресейдің ет өнімдеріне деген сұранысы айтарлықтай үлкен. Өзін-өзі қамтуға қауқарлы емес. Сол себепті, Бразилия сияқты алыс елдердің өндірушілері жеткізуде. Егер мал шаруашылығын талапқа сай дамытатын болсақ, сұраныстың бір бөлігін қазақстандық өндірушілер жаба алады. Президент айтып өткендей, егер жылына 60 мың тонна ет экспорттар болсақ, оның пайдасы 4 миллион тонна бидайды сыртқа сатқанмен бірдей. Ендеше, ата кәсіпті қолға алмағанда қайтеміз?

Жалпы, жуырда Астанада өткен облыс күндері кезінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев Павлодардың ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда іргелі табыстарға бөленгенін айтты. Жиырма жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде айтулы өсімге қол жеткен. 1991 жылдан бері ауылшаруашылық тауарларын дайындайтын және өңдейтін 300-ден астам нысан іске қосылды. Агроөнеркәсіп кешенінде мал шаруашылығы, қайта өңдеу және ауылшаруашылық өнімдерін сақтау саласында 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соңғы он жылда 7 мың бірліктен астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Осының нәтижесінде облыста шығарылатын азық-түлік өнімдерінің түрлері 5 есеге көбейді. Бұрын 100 түрлі өнім болса, бүгінде жалпы ассортимент 500-ден асады. Бүгінгі күні облыс өзін-өзі ет, сүт, жұмыртқа, ұн, жарма, көкөніс және картоп секілді азық-түлік түрлерімен толық қамтамасыз етеді.

Біз мұны неге айтып отырмыз? Яғни, Павлодар облысы, жоғарыда айтылғандай, тек көмір, электр энергиясы, метал, басқа да құрал-жабдықтар секілді өнімдерден басқа, ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттауға әлеуеті жетеді. Кәсіпкерлерге ой салу ниетімен айтамыз. Қолда бар ет өнімдерін сапалы өңдей білсек, көршілерімізге жетпей жатқанын есепке алсақ...

Айта берсек, бастапқыда көп күмәнмен көз тастаған Кедендік одақтың берер пайдасы баршылық. Қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы бизнес-жобалардың туындауына себеп болып жатқаны бар. Ендеше, келешекте көсегеміз бұдан да көгере түседі деп сенеміз.

Мәскеуде өткен басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Кеден одағы аясында тауар айналымы еркін қозғалысының қамтамасыз етілуіне жол ашылғанын атап өтті. Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында жалпыға ортақ нарық қызметі, капитал мен жұмыс күшін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі. Барлық отандық компаниялар Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің шынайы монополиялары мен көліктік инфрақұрылымдары қызметіне теңдей қолжетімділікке ие болады. Олардың барлығында да бірдей бәсекелестік жағдай қалыптасады. Осылайша, Кеден одағы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістікті жаңа көкжиекке көтермек.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Деректер мән дәйектер

1993 жылдан бері ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру көлемі 73 есе өсіп, 2010 жылдың соңында 60,7 миллиард теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1991 жылы 618 бірлік болса, 2010 жылы 4120-ға жетті, жаңа жұмыс орындарының саны 1991 жылы 980 болса, 2010 жылы 4510-ды құрады.

Тәуелсіздік жылдары облыста 2535,9 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Халықты ауызсумен қамту үлесі 1991 жылы 44 пайыз болса, 2010 жылы 81 пайызға жетті.

Жүк айналымы 1991-2010 жылдар аралығында 6,5 есеге өсті (3135,9 млн. тонна-км-ден 20538,7 млн. тонна км-ге дейін). Тасымалданған жолаушылар саны 1991 жылы 226,9 миллион болса, 2010 жылы 798,1 миллион адамды құрады (өсім – 3,5 есе).

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31