АГРАРЛЫҚ САЛАДА СЕРПІНДІ ІСТЕР МОЛ

 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарында осылай деп баға берді

 

Кеше Ертістің Павлодар өңіріне Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен келді. Ол облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге аймақтағы бірқатар кәсіпорындарда болып, жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, облыстың аудандары мен қалаларының мал дәрігерлеріне жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті.

А.Мамытбеков алдымен «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде салынып жатқан 30 мың тоннаға дейін майлы және дәнді дақылдарды сақтайтын қойманың құрылысын көрді. Нысан келесі жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады. Өндірісте 100 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Серіктестік директоры Руслан Аушевтің айтуынша, мол өнім сақтауға лайықталған мұндай қоймалар аймағымызда сирек кездеседі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып қалды. Қызметкерлер күннің суықтығына қарамастан жұмыс қарқынын бәсеңдетпеген.

Мәртебелі мейман қалалар мен аудандардың мал дәрігерлеріне салтанатты түрде жеңіл автокөлік кілттерін (барлығы 14 автокөлік) табыстады. Шарада сөз алған аймақ басшысы Б.Сағынтаев жиналғандарды келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

- Ауыл шаруашылығы саласы - ел дамуындағы басым бағыттардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар саны артып, кәсіпкерлер өз бизнестерін дөңгелетуге мол мүмкіндік алуда. Ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламаларды қаржыландыру жұмысы да оң жолға қойылған. Жыл соңына дейін біздің өңірде он инвестициялық жоба іске қосылады. Мал шаруашылығын жетілдіру жұмысы да басты назарда. Облыста мал бордақылайтын төрт арнайы орын дайындалуы тиіс, - деді Бақытжан Әбдірұлы.

Қазіргі таңда мемлекет ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аймақтық бөлімшелерінің технологиялық жабдықталуына барынша көңіл бөлуде. Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша республиканың барлық аудандары мен қалаларына елімізде құрастырылған 257 автокөлік жіберілген. Кілттерді көлік иелеріне табыстаған Ауыл шаруашылығы министрі мал шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы ветеринарлық қауіпсіздік және эпизоотиялық жағдайды жақсарту бойынша нақты міндеттер қойғанын атап өтті.

- Қазақстанның Кедендік одақ және дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына енуіне байланысты аталған мәселелер бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Мемлекетіміз Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласында толайым табыстарға кенелді. Бидай өндірісі, ұн экспорттау саласында әлемдегі жетекші елдердің біріне айналдық. Соған қарамастан, шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Елбасы мал шаруашылығына көп көңіл бөлуде. Жалпы, осы бағытты нақты жетілдірмей, ауыл шаруашылығын дамыта алмаймыз. Бұл іргетасы дұрыс қаланбаған үй секілді,- деді А.Мамытбеков.

Павлодар аудандық ветеринарлық бөлімінің өкілі Б.Тасыбаев жиналғандар атынан осындай игі бастамаға мұрындық болған азаматтарға ризашылығын білдірді.

Министр «Павлодар» сервистік-дайындау орталығында болды. Азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге атсалысып, маусымаралық кезеңде жергілікті тұрғындар үшін бағасы қолжетімді көкөніс өнімдерін жеткізу - орталықтың басты мақсаттарының бірі. Бүгінде онда құрылған облыстық тұрақтандыру қорында 1050 тонна картоп пен 1350 тонна көкөніс сақталуда. Ал мұндағы қоймаларда сақталатын көкөніс өнімдерінің жалпы көлемі биыл 14,2 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Ауыл шаруашылығы министрі соңғы жылдары облыстағы көкөніс өнімдерінің көлемі өскенін атап өтті әрі оны сақтауға тамаша жағдай жасалғандығын тілге тиек етті.

Асылжан Сарыбайұлы осыдан кейін Успенка ауданының «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Ірі шаруашылық жыл сайын шамамен 30 мың гектар аумаққа тұқым себеді. Жылына шамамен 2400 тонна сүт, 520 тонна ет өндіреді. Таяуда серіктестікте 500 бас ірі қара малға арналған заманауи сүт фермасы іске қосылды. Қазақтың ақ бас сиырын өсіру мақсатында 600 бас асыл тұқымды репродукторға арналған арнайы орынға реконструкция жүргізілді. Серіктестік басшысы Александр Касицынның айтуынша, шаруашылықта әлеуметтік инфрақұрылымға айрықша көңіл бөлінеді. Жұмысшылар үшін 22 пәтер салынды. Галицкое ауылындағы барлық үйлер орталық жылу жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, шаруашылықтың қаржыландыруымен спорт кешені іске қосылды. Новопокровка ауылында балаларға арналған орталық жөндеуден өтті. Министр мырзаның сөзінше, мал шаруашылығын жоғары деңгейде жетілдірген дәл осындай нысандар елімізде некен-саяқ. Үкімет бұған барынша жағдай жасауда. Тек шаруалардың мал өсіруге деген ниеттері мен құлқы болса жеткілікті деді ол.

Павлодар қаласына қарасты Ленин кентіндегі «Рубиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - аймақтағы дамыған өңдеуші кәсіпорындардың бірі. Аталмыш шаруашылық өндірістің барлық тізбегін, яғни шикізат базасынан заманауи қайта өңдеу, ет және сүт өнімін өндіріп, оны өткізуге дейін қамтиды. Облыс орталығын, Астана қаласын және көршілес аймақтарды жоғары сапалы өніммен қамтамасыз ететін өндірісте бүгінде 1000-ға жуық адам қызмет етеді. Кәсіпорын, әсіресе, дәмі тіл үйіретін пісірілген шұжық өнімдерімен кең танылған. Министр шаруашылық жұмысына оң баға берді.

А.Мамытбеков өңірімізге жасаған сапарында жергілікті шаруалар көкөніс шаруашылығын өркендетуге барынша күш салып отырғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол мал шаруашылығын жаңаша әрі тың қарқынмен дамытып отырған «Галицкое» ЖШС секілді шаруашылықтар көбейсе, ауыл шаруашылығы саласының өндірістік ауқымын ұлғайтуға сеп болатындығын атап өтті.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31