ЖЕТІСТІКТЕР – ЖАҢА ІСТЕРДІҢ БАСТАМАСЫ

Дербестік алып, дүйім жұртпен мойындалған тәуелсіз Қазақстанымыз 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында өзінің жүріп өткен өршіл де өнегелі жолына көз тастап, жеткен жетістіктерінің, толайым табыстарының қорытындыларын шығарып, болашақтың бағдарын сараптап отыр. Әрине, тұтастай еліміздің қуаттылығын еселеуде жекелеген өңірлердің қосар үлесі қомақты екені еш дау тудырмаса керек. Павлодар облысының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ өңірде кейінгі кезеңдерде жүзеге асқан игі өзгерістер мен жаңашылдықтар, болашаққа белгіленген жоспарлар туралы ой бөліседі.

– Дана халқымыз айтқандай, «Өткенді сараптау – болашаққа бағдар». Бүгінгі белесті бағамдау үшін артта қалған кезеңдерге көз тігу, салыстырып-сараптау – қашанда заңды құбылыс.
Тәуелсіз Қазақстан аз ғана уақыт ішінде, нақтырақ айтсақ, жиырма жылдың ішінде толайым табыстарға қол жеткізді. Күні кеше егемен мемлекет ретінде алғашқы қалыптасу кезеңіне бет бұрған алып Отанымыз бүгінде тұрақты даму жолына түскен, төрткүл дүниемен терезесі тең, абыройлы да айбарлы, қуатты елге айналды. Тарихтан мәлім, мұндай деңгейге иек арту үшін қайсыбір елдер тұтастай ғасырларды жұмсайды.
Кеңестік жүйе ыдыраған тұста Қазақстанның көптеген проблемалармен бетпе-бет келгенін білеміз. Сол бір алмағайып тұста тек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана еліміздің өтпелі қиыншылықтар мен ауыртпалықтарды, дербес түрде қалыптасу кезеңдерін сәтті еңсеріп, аз уақытта әлемдегі жетекші елдермен иық тірестірер, экономикасы қуатты мемлекетке айналарына сенгені анық. Осынау қиын да күрделі, аса жауапты кезеңдегі жұмыстардың барлығын Мемлекет басшысы өз мойнына алды.
Әрине, сол кездері экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларға сенімсіздікпен қарап, түпкі мақсаттарын түсінбеушілікке салынып, Қазақстанды тоқырауға қарай кері итермелеген жандар да аз кездеспеді. Алайда, Елбасымыз тек қана алға қадам басып, елді және тұрғындарды жарқын әрі жайлы болашаққа қарай нық сеніммен бастай білді. Соның айқын жеңісі мен жемісіне бүгінгі күні баршамыз көз тігіп, зор мақтанышпен куә болудамыз.
2000 жылдан бастап экспорттық бағыт бойынша нақты сектордың барлық салаларында өндіріс көлемі айтырлықтай еселенді. 2002-2010 жылдары негізгі капиталға құйылатын инвестициялар көлемі 9,3 есеге өсті. Облысымыздың республикалық инвестиция көлеміндегі үлес салмағы бір жарым есеге артты. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 5,8 есе ұлғайды.
Қазіргі уақытта аймағымызда 863 өнеркәсіп кәсіпорындары қарқынды жұмыс істеуде. Тек соңғы 10 жыл ішінде жаңадан 45 ірі кәсіпорын іске қосылды.
2001 жылдан бастап нақты көріністегі көмір өндірудің көлемі 33,7%-ға, электр энергиясын өндіру 67,4%-ға, ферроқорытпа – 49,9%-ға, мұнай өңдеу 2,2 есеге ұлғайтылды.
Тағы бір айтатын жайт, облыс тұрғындары арасынан «бұрын Павлодарда трактор зауыты және химкомбинат, құрылыс индустриясы кәсіпорындары болған еді, бүгінде олар жоқ» деген пікірлер естіліп қалады. Бұл - мүлде қате түсінік.
Айтыңызшы, қазіргі уақытта ауыл шаруалары жоғары өндірістік қуаттылыққа ие шетелдік техникаларды сатып алып жатқанда, бұрынғының әбден ескірген әрі өзіндік құны жоғары тракторы кімге қажет?
Бүгінде шаруашылық иегерлері өткен күннің еншісінде кеткен техникалар туралы естігісі де келмесі анық. Әрине, трактор зауыты қазір жоқ. Бірақ, оның базасында жоғары қуаттылыққа ие металл қорытатын, түрлі диаметрдегі құбырлар мен басқа да аса қажетті өнімдер дайындайтын «Кастинг» ЖШС және «KSP Steel» ЖШС кәсіпорындары шоғырланған.
Енді экологиялық тұрғыдан аса қауіпті технологиясы болған бұрынғы химия зауытын алайық. Бүгінде оның орнына «Каустик» АҚ құрылды. Бұл кәсіпорын дәл бұрынғыдай хлор, каустикалық сода және тағы да басқа өнімдерді шығарады. Бірақ мұндағы өнімдер мембрандық әдіспен, ешқандай зияндылығы жоқ негізде жасалады. Айта кетейін, бұл әзірге бастамасы ғана. Таяу арада осы кәсіпорынның жанында аса ірі көлемде капитал тарту, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік өндірістерді қатыстыру арқылы еркін экономикалық аймақ құрылатын болады.
– Бақытжан Әбдірұлы, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, сөз жоқ, ел экономикасын тың бетбұрыстарға жетелеп, дамуға жаңаша сипат беріп отыр. Павлодар облысы мұндай тың жобаларды жүзеге асыру жағынан республикада көшбасшылар қатарында тұр. Алдағы Тәуелсіздік тойын өндірістің осы бағыты қандай жетістіктермен қарсы алмақшы?
– Бұл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға кіріспес бұрын біз тұтастай облыстың және оның әрбір ауданының өзіндік жағдайларын жіті сараптап алдық. Мұндай ұстаным бізге жекелеген ауданда немесе қалада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама-сының алға тартар тірегі болар жобаны айқындауға мүмкіндік туғызды.
Облысымызда аталған бағдарлама аясында жалпы инвестициялық көлемі 1 триллион 202 миллиард теңгені құрайтын 169 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 14 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бағдарлама басталғалы өңірде жалпы сомасы 168 миллиард теңгеге 62 жоба іске қосылды.
Үстіміздегі жылдың соңына дейін тағы 16 жобаны өміршең ету жоспарланған. Мұның бәрі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің тойы қарсаңындағы аса зор тарту.
Айта кетейін, бірқатар тың һәм жаңашыл жобалар Елбасымыздың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Олар – «Қазақстанның электролиз зауыты», мұнай-газ саласына арналған шексіз құбырларды өндіретін кәсіпорын, Павлодар мұнай-химия зауытында өнім сапасын арттыруға арналған сутегі өндіру бойынша қондырғыны орнату, метил-трет-бутил эфирін және полипропилен өндіру зауыты, «Қазақстанның Солтүстігі мен Оңтүстігі» аталатын қуаттылығы 500 киловатт жоғары қуатты электр таратудың аймақаралық желісін іске қосу және тағы басқалар. Осының барлығы ел Президентінің аймақтағы индустрияландыру қарқынына қаншалықты мән беретінін айғақтайды.
Бұл бағыттағы жұмыс ауқымын одан әрі кеңейте отырып, аймаққа тек индустриялы деген ғана емес, сондай-ақ, инновациялық деген мәртебені алуды көздейміз. Демек, ғылыми негізге бағытталған кәсіпорындарды құратын боламыз. Елбасымыз инновация, нанотехнология және басқа да серпінді бағыттар бойынша нақты міндеттер қойды. Сондықтан да, біз жаңашылдықтарды енгізуге барынша күш салудамыз.
– Павлодар өңірі еліміздегі ірі индустриялы өлке ретінде қабылданады. Ал аграрлық секторда бөле-жара айтар ілгерінді өзгерістер бар ма?
– Аграрлық сектор экономика саласында аса маңызды роль атқарады. Өнеркәсіпті саналатын біздің облыста да осы салаға баса мән беріледі.
Өңірімізде 4 мыңға жуық ауылшаруашылық құрылымдары әрекет етеді. Егін шаруашылығында біздің облыс бидай, күнбағыс және қарақұмық дақылдарын өндіру бойынша қолайлы саналады. Біз ауылшаруашылық өнімдерімен тек өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар, сыртқа экспорттаймыз.
Мал шаруашылығының даму қарқыны мен төрт түліктің өсімі де көңіл көншітерліктей. Облыста асыл тұқымды ірі қара мал, жылқы, қой мен шошқа өсіру бағытында 43 субъекті жұмыс істейді. Малдың сапалық сұрпын жақсарту бойынша асыл тұқымды сараптайтын екі дистрибьюторлық орталық қызмет етеді. Мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс Ресейдің бізбен көршілес өңірлерінде аса жоғары.
Егер сандық мәліметтерге ден қоятын болсақ, облыстың ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің көлемі тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда 2010 жылы 75,8 есе, 2000 жылмен салыстырғанда 3,7 есе өсті.
2011 жылы өңдеумен шұғылданатын нысандардың саны 416 бірлікке артты. Бұл – 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда төрт есе жоғары көрсеткіш. Осы кезең аралығында өңдеудің және дайындаудың 158 нысаны іске қосылды.
Индустрияландыру картасындағы агроөнеркәсіп кешені жобаларының үлесі төртінші бөлікті құрайды – 169 жобаның 42-сі. Мұны алдағы уақытта арттыру қажет.
2011 жылы егіс алқаптарының көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 62%-ға артты. Агроөнеркәсіп кешеніне салынған қаржыны мен өзін-өзі толықтай ақтайтын инвестициялар деп қарастырамын.
Тек биылғы жылдың өзінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 11 миллиард 800 миллион теңге қаржы бағытталды, соның ішінде                       3 миллиард теңгеге жуығын субсидиялар құрайды. Ауылшаруашылық дақылдары егістігінің жалпы аумағы былтырғы жылмен салыстырғанда бес есеге ұлғайды. Нәтижесінде біз астық, майлы дақылдар, көкөніс, картоп өнімдерінің жоғары шығымдарына қол жеткіздік. Қысқасы, бізде аграрлық сектордың әлеуеті аса жоғары. Бірақ біз оны толықтай пайдалана алмаудамыз. Бұл – өз алдына үлкен мәселе. Суармалы жер алқаптарын қайта жаңғырту бағыты мемлекеттік қолдауды қажетсінуде.
– Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу жолын сараптай отырып, Президенттің әлеуметтік бағытқа негізделген ұтымды саясатына назар аудармай кете алмайтынымыз аян…
– Сөз жоқ, нақ солай. Мемлекетті дамытудың барлық кезеңдерінде медицина мен білім беру саласы айрықша басымдыққа ие болды. Артта қалған жиырма жылда денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемі он есеге өсті.
Мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қаншалықты маңызды әрі уақытылы қабылданған құжат болғанын аз сөзбен бағалау оңай емес. Тек біздің облыстың өзінде соңғы уақытта 140 орынды екі балалар ауылы, 530 орынды үш балабақша іске қосылды. Мысалы, «жабайы нарық» жылдарында барлық балабақшаларды түбегейлі жеке меншікке сату етек алғаны белгілі. Мектепке дейінгі білім беру саласының жағдайы қиындады. Ал мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының қаншалықты ұтымды әрі уақытылы болғанын төмендегідей деректерден анық аңғара аламыз. Балалар бақшасының саны 2,5 есе артты, балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту деңгейін жыл соңына дейін 85%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
2001 жылдан бері облыста 8,1 мың орынды қамтитын 23 жаңа мектеп ашылды. 2015 жылға дейін Павлодар облысында бес мың орынды қамтитын бес жаңа мектеп құрылысын салу көзделген.
Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласында облыстық диагностикалық орталық, үш аурухана, туберкулезге қарсы үш аудандық аурухана, төрт емхана салынды. 2010 жылы Павлодарда облыстық туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілді. Аса озық медициналық қондырғылар павлодарлық кардиохирург-тарға, онкологтарға, басқа да дәрігер мамандарға науқастарды емдеуде жаңа технологияларды енгізуге жол ашты.
1998 жылдан бері аймақтың құрылыс саласына құйылған инвестиция нәтижелі болды. Тек 2000 жылдың өзінде 1999 жылмен салыстырғанда құрылысқа салынған капитал көлемі 1,8 есеге өсіп, 12,7 млрд. теңгені құрады.
Биылғы жылдан бастап облыста пәтерлерді тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы салу қолға алынды. Осы жүйе бойынша бой көтерген алғашқы үйлерді Павлодар қаласында жыл соңына дейін тапсыру көзделуде.
Алдағы жылы салаға 3,5 миллиард теңге жұмсау қарастырылып отыр. Нәтижесінде                  38 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйді іске қосу қамтамасыз етіледі. Бұдан өзге, тұрғын үй құрылысын жүргізу «Қазақстан алюминийі» АҚ-да, Ақсу ферроқорытпа зауытында, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясында» және басқа да кәсіпорындарда оң жолға қойылған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында 42 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Оның алды бүгінде іске қосылуда.
Биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 735 миллион теңге бағытталды. Нәтижесінде қазір сумен жабдықтау бойынша 12 жоба жүзеге асырылуда, сондай-ақ, Беловод және Май топтық су құбырларын қайта жаңғырту жобалары қолға алынған.
Біздің ең басты басымдықтарымыздың бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Бүгінде бізде жұмыссыздық деңгейінің ең төменгі көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Жыл басынан бері 7,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды, соның үш мыңы - тұрақты жұмыс орындары. Бұған кәсіпкерлік секторын дамыту жан-жақты мүмкіндіктер берді.
Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі құралы ретінде саналып отыр. Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемі екі есе артты.
Тек қана биылғы жылы осы бағдарламаны жүзеге асыруға екі миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Кәсіпкерліктің кең өріс алуына жағдай жасай отырып, біз тек аймақтың экономикасын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен мүмкіндіктер тудырудамыз.  
– Бақытжан Әбдірұлы, Сіздің облыс басшылығына келгеніңізге үш жылдан аса уақыт болған екен. Қазірге дейін нендей істер тындырылып, алғы күндерге нендей міндеттер белгіленіп отыр?
– Экономикада негізгі салмақ өнеркәсіптік секторға артыла береді. Тау-кен өндірісін, металлургиялық өнеркәсіпті, энергетиканы дамыту одан әрі жалғасады. Болашақта 2015 жылға дейін аймақты дамытуға оңтайлы жағдайлар тудыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында басымдыққа ие бағыттарды дамыту қолға алынатын болады.
Атап айтар болсам, ол – экономиканы және әлеуметтік саланы, агроөнеркәсіп кешенін жаңарту үшін инновациялық технологияларды енгізіп, өміршең ету.
Осы бағыттардың бірқатарының шеңберінде аймақтың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін дамыту, туристік әлеуетін кеңейту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынады.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында облыстың қол жеткізген нәтижелерін қалай қорытар едіңіз?
– Бұл сауалға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біздің барлық жетістіктеріміз – жаңа істердің бастамасы» деген сөзімен жауап берер едім. Барша қазақстандықтар атап өтуге дайындалып жатқан мерейлі тойға біздің де облыс лайықты көрсеткіштермен жетті.
Бұл – бүгінде қадірменді ардагерлеріміздің және олардың ізін, ісін жалғастырушылардың ұжымдық еңбегі. Барлығына сол үшін үлкен алғысымды білдіремін!
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31