Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі қарсаңында «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Шығыс филиалында мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңадан жабдықталған орталық диспетчерлік пунктің тұсаукесері өтті. Еліміз бойынша алғашқы болып ашылған «Павлодар» орталық диспетчерлік пунктін іске қосу шарасына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен акционерлік қоғам басшылығы қатысты.
Облыс орталығында орналасқан «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, инновациялық-технологиялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынған. Орталық диспетчерлік пункт – соның алғашқысы. Аймақ басшысы еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына, Қытай Халық Республикасына «қара алтын» тасымалын жүзеге асыратын бас мұнай айдау стансаларын қашықтықтан автоматты басқару және бақылау жүйесін іске қосты. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның бас директоры Қайыргелді Қабылдин бұл диспетчерлік пункт Қазақстандағы және бұрынғы Кеңес елдері кеңістігіндегі алғашқы теңдессіз инновациялық жоба екенін жеткізді.

- Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан жобалаушыларға, мамандарға алғыс білдіремін.Бұл–мұнай айдау нысандарын бақылау, басқару саласындағы инновациялық жаңашылдық. Болашақта Қазақстанның мұнай құбыры жүйесі ел жүрегі - Астана қаласынан осындай үздік технология арқылы басқарылатынына үміттенеміз. Ортақ бастамаларымыздың табысты болуына тілектеспін», - деді ол.
«ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының директоры Жеңісбек Лұқпанов озық технологиялық пункті еліміздегі мұнай тасымалы саласындағы серпінді жобалардың бірі екенін тілге тиек етіп, ол өндірістік тұрғыдан тиімді екенін айтты. Өз кезегінде Бақытжан Әбдірұлы акционерлік қоғам басшылығына осындай өміршең бастаманы іске асырғаны үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен облыс үшін жасап жатқан демеушілік көмегін алға тартты. Мәселен, былтыр «ҚазТрансОйл» АҚ демеушілігімен Павлодар қаласында бес көп салалы спорт алаңы ашылған. Оның құрылысына компания 280 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Орталық диспетчерлік пунктте жабдықталған SCADA атты озық басқару жүйесі аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету кешені болып табылады. Өткізгіштігі жоғары талшықты-оптикалық желі негізіндегі телекоммуникация жүйесімен жасақталған, магистралды мұнай құбырларын қашықтықтан бақылау және басқару мүмкіндігіне ие. Қазіргі кезде Шығыс филиалының құрылымдық бөлімшелерінде 10 жергілікті және төрт аудандық диспетчерлік пункт кезең-кезеңмен іске қосылған. «Павлодар» орталық диспетчерлік пунктінің мұнай тасымалы қызметінің бекітілген тәртібі негізінде қызметкерлер құрамын оңтайландыру, өндірістік шығынды азайту, мұнай айдау үрдісін болжау, өндірістік есептілікті автоматты бақылау мақсаттарына қол жеткізудегі маңызы зор.
Заманауи жабдықтар мен бақылау-өлшеу озық құралда-рымен қамтамасыз етілген диспетчерлік пунктінің жобасы бес ай ішінде жасалған. Алдағы уақытта ұзындығы төрт мың шақырымнан астам қашықтықты құрайтын Омбы-Павлодар (Ресеймен шекаралас учаскесі), Павлодар-Шымкент, Құмкөл-Қарақойын, Кеңқияқ-Құмкөл, Атасу-Алашаңқай (Қытай Халық Республикасымен шекаралас бөлігі) мұнай құбырларының жұмысы іш ауыспалы диспетчер тарапынан басқарылып, бақыланады. Бұл еліміздегі индустриялық-инновациялық даму стратегиясына қосылған зор үлес екенін атап өткен абзал.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

