Сейсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Мағауияұлы Оспановтың төрағалық етуімен ірі өндірістерде отандық өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру мәселесіне арналған кеңес болып өтті.
Ұлттық компаниялар мен алпауыт кәсіпорындарда қазақстандық үлесті арттыру мәселесі осыдан үш жыл бұрын Елбасының тапсырмасы бойынша, дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде қолға алынғаны белгілі. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Себебі, қазірде оның шағын және орта бизнесті дамытуда тиімділігі танылып отыр. М.Оспановтың айтып өткеніндей, осындай қолдаудың нәтижесінде облыста әртүрлі салалар бойынша жаңа кәсіпорындар қанатын жайды. Мәселен, өңірдің бірнеше кәсіпорнына «Қазақмыс» корпорациясы өсімсіз несие беріп, оның қайтарымы ретінде дайын өнімдер алып отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қ.Шәбеновтің мәлімдеуінше, былтыр қазақстандық үлесті арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жалпы құны 207 млрд. теңгенің келісімдері жасалды. Бұл - 2010 жылғы көрсеткіштен 20 пайызға артық. «Богатырь Көмір» ЖШС, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Павлодар машина жасау зауыты» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ тәрізді жүйе құраушы кәсіпорындар белсенділігімен көзге түсті.
Қазақстандық тауарлар үлесін арттыру мәселесінің қолға алынуы шағын және орта бизнес өндірістерін ұлғайтуға да септігін тигізуде. Айта кетерлігі, елімізде екпінді түрде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да аталмыш бағытты жандандыра түсуге жол ашып отыр. Мәселен, биыл Екібастұздағы вагон жасау зауытының өндірісі ұлғайтылды. Бұл зауыт толық жобалық қуатын игерген кезде отандық нарықтағы теміржол вагондарына деген сұранысты 30-40 пайызға дейін өтейді деп күтілуде. Ал қазіргі кезде электролиз зауытының жанынан анод өндірісінің салынып жатқанынан құлағдар боларсыз? Бұл алюминий өндірісіне қажетті шикізаттың түрін өзімізде шығарып, қытайлық анодтан түбегейлі бас тартуға ықпалын тигізеді. Сол секілді, қазір «Каустик» АҚ жанынан арнайы экономикалық аймақ құру жобасы қолға алынып отыр. Болашақта өңірде химиялық кластердің негізі қаланады. Мұның бәрін неге келтіріп отырмыз? Себебі, аталған жаңашыл өндірістерге шағын және орта бизнестің өнімдері мен қызметтері қажет. Бірақ, бұл жерде баса назар аударатын тұстар бар. Олар ұсынылатын қызмет пен өнімдердің сапасы мен бағасына байланысты. Егер екеуі бірдей көңілден шықпай жатса, «ірі компаниялар бізден бас тартуда» деп, бизнестің босқа ренжуі жарамас.
Кеңесте ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жергілікті өнімдер үлесін арттыру департаментінің директоры Серік Кәмел республика деңгейінде аталмыш бағытта атқарылып жатқан істер туралы баяндады. Оның сөзіне қарағанда, қазірде ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өндірістер анықталып отыр. Ендігі жерде оны құруға көмек беріледі. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтер ұсынушылар туралы бірыңғай мәліметтер базасын жасау көзделеді.
Кеңес барысында Екібастұздың электр станциялары, «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі», «Павлодар мұнай-химия зауыты» акционерлік қоғамдары, «Богатырь Көмір» ЖШС және тағы да басқа аймақтың алпауыт кәсіпорындарының өкілдері өз тауарлары мен қызметтерін өткізуге ниет білдірушілермен диалог өткізді. Тапсырыс берушілер қойылатын талаптарын түсіндірді.
Қазақстандық үлесті арттыру жөнінде аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін келер жылдың басында өтетін арнайы форум кезінде білетін боламыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

