Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірдегі барлық мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар, банктердің басшыларының басын қосып, кеңес өткізді. Жиында 2011 жылы атқарылған жұмыстардың алдын-ала қорытындысы мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 26 желтоқсан күні берген тапсырмаларын орындауға байланысты мәселелер айтылды.
- Биылғы жыл баршамызға ерекше жыл болды. Қазақстанымыз ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толайым табыстармен атап өтті, - деп бастады сөзін Бақытжан Әбдірұлы.
Бұл кезең ішінде өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, ауылшаруашылық және әлеуметтік нысандар бой көтерді. Осының нәтижесінде облысымызда жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі арта түсті. Аймақтық жалпы ішкі өнім жыл қорытындысы бойынша 7,2 пайызға өседі деп күтілуде. Жан басына шаққандағы көрсеткішке келсек, ол орташа республикалық межеден асады. Бұл жерде өнеркәсіп саласының үлесі арта түскенін айту керек. Еңбек өнімділігі де еселенді.
Бақытжан Әбдірұлы облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы сәтті іске асып жатқанын айтып өтті. Индустрияландыру картасына жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 169 жоба енгізілген. Биыл 54 жоба жүзеге асса, оның 20-сы - жаңа өндіріс. Бұл ретте шағын және орта бизнес саласы белсенділік танытуда. Соңғы екі жылда аталмыш бағдарламаның нәтижесінде 3,5 мың адамға лайықты еңбекақы төленетін жұмыс орындары ашылды. Бұрын-соңды болмаған 18 өнім түрі шығарыла бастады.
Кедендік одақтың құрылуы алыс-жақын елдермен сауда-саттықты дамыта түсті. Тек биылғы он ай ішіндегі табыс 2010 жылдың көрсеткішінен 30 пайызға асты. Биылғы жылдың басты жобасы ретінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының құрылғанын айтуға болады. Қазірде оны басқаруға шетелдік компаниялар мен инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтыратын істер атқарылды. Өткен жылға қарағанда, өнім көлемі 8,5 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын және өңдейтін ұзын саны 12 нысан ашылды.
Облыс әкімінің айтуынша, 62 мың тонна өнім сақталатын заманауи үлгіде жабдықталған 10 көкөніс қоймасы бір жылда тек Павлодар өңірінде ғана пайдалануға берілді. Малды асылдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда. Биыл Германия, Канада, АҚШ секілді алыс шетелдерден ет бағытындағы 1457 бас ірі қара мал сатып алынды. Мұндай батыл қадамға барушылар - Ертіс ауданының «Ертіс» тәжірибелік шаруашылығы, Павлодар ауданының «Болат» шаруа қожалығы және Баянауыл ауданының «МТС Жайма» ЖШС-і.
Өңірде шағын және орта бизнес саласында да ілгерілеушілік байқалды. Бұл ретте «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы оң нәтижелер берді. Жалпы алғанда 110 өтініш құпталды.
Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысының да жүргізіліп жатқанын атады. Бұл іске ірі кәсіпорындар да атсалысуда.
2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және «Ақ бұлақ» бағдарламалары қабылданды. Осыған дейін 40 көппәтерлі үй күрделі жөндеуден өткізілді. Тиімділігі танылған бағдарлама келер жылы кеңейтіле түспек. «Ақ бұлақ» бойынша ауылдарды ауызсумен қамту үшін 2011 жылы 2,8 млрд. теңге бағытталды. Облыста сумен қамтуға байланысты 25 жобадан басқа Май және Беловод топтық су құбырларын қайта қалпына келтіру бойынша істер атқарылуда.
Биылғы жылы бастау алған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы 4600 адамды қамтып отыр. Қазірде 1454 адам оқудан өтіп, 676 маман жұмыс тапты. Ауылдағы бизнесін дамыту үшін 177 адамға шағын несиелер берілді. Қазірде осы бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер қолданысқа берілуде. Осындай игі істердің нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі 5,4 %-ды құрады. Орташа еңбекақы көлемі 15 пайызға өсіп, 73 мың теңгеге жетті.
Жыл бойынша инфляция мөлшері болжалды көрсеткішті құрамақ. Осы орайда негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгенін айту керек. Тұрақтандыру қоры құрылып, 20 «әлеуметтік» сауда орындары жұмыс істейді. 74 сауда нүктесіне өнім төмендетілген бағамен түсіріледі. Бұл туралы жергілікті тұрғындарға хабарланып тұрады.
Білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласын дамыту – басты міндеттер. 2011 жылы білім саласына жұмсалған қаражат көлемі 33 миллиард теңгеге жетті. Президенттің «Балапан» бағдарламасын іске асыруға басымдық берілді. Бір жылда екі жаңа балабақша салынып, 11 ескі ғимарат қайта қалпына келтірілді, 14 шағын орталық ашылып, жеке меншік тәрбие мекемесі іске қосылды. Соның нәтижесінде жыл бойы 4 мың бала орналастырылып, мектепке дейінгі оқу-тәрбиемен қамту деңгейін 81%-ға жеткізу мүмкін болды. Салыстырмалы түрде келтіре кетсек, бұл көрсеткіш республика бойынша 47,6%-ды құрайды. Облыс әкімі көрсеткіштері төмен Ертіс, Павлодар, Шарбақты аудандарының басшыларына аталған бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыс бюджетінің үштен бір бөлігінен артық қаржысы денсаулық сақтау саласына жұмсалады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру өз нәтижелерін көрсетуде. Өкпе аурулары мен басқа да жұқпалы сырқаттар бойынша көрсеткіштер жақсарды. Ана өлімі оқиғасының 2 есеге қысқарғаны қуанышты жайт. 2011 жылы 11 емдеу мекемесі тұрғызылды. Заманауи құрал-жабдықтар мен санитарлық көліктер сатып алынды. Ауылдық жерлердегі медициналық қызметті жақсарту үшін жылжымалы кешен жұмыс істейді. Дәріханалармен қамтылу жағдайы да оңалды.
Облыс әкімі Павлодар өңірінде Президенттің салауатты өмір салтымен айналысушылар қатарын 30 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасы орындалып жатқанын атады. Бүгінде халықтың 24,2 пайызы спортпен шұғылданады. Бұл жөнінен республика көрсеткішінен асып тұрмыз.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейтойына орай 34 мәдениет мекемесі күрделі жөндеуден өткізілді. Соның ішіндегі ірілері – А.П.Чехов атындағы орыс драма театры мен Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі. Айта кетерлігі, мәдениет ошақтары ауылдық жерлерде де жұмыстарын жандандыра түсті.
Осылайша, облысымыз 2012 жылды елеулі нәтижелермен қарсы алады.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Елбасының жуырда өткізген маңызды жиынында берген тапсырмалары бойынша міндеттерді белгіледі. Соның бірі - тұрғындардың шағымдарына мұқият қарау. Президент әр өңірлерде әлеуметтік маңызға ие мәселелерді жедел шешуге жергілікті әкімдер жауапты екенін қадап айтты. Әрбір қала мен аудан басшылары халықтың мұң-мұқтажына жіті назар аударуы керек. Облыс әкіміне 2011 жыл бойы 1635 жазбаша және 545 ауызша өтініш келіп түскен. Электронды негіздегі жеке блогқа екі мыңнан астам адам хат жазған. Белгілі болғандай, өтініштердің 30 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 25 пайызға жуығы әлеуметтік мәселелерге байланысты. Сондай-ақ, аудан-қала басшыларының, мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты шағымдар бар. Олардың бәрі қаралып, тиісті шешімдер жасалды. Бұл - биліктің халықпен арадағы байланысын көрсетеді.
Облыс әкімі көптеген мәселелерді аудан-қала әкімдері жергілікті жерде жедел шешуге міндетті екендерін еске салды. Мәселен, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы туралы шағым көп. Бұған ешқандай себептер іздемей-ақ қала басшылығы тікелей араласуға тиіс. Облыс әкімі кейбір аудан басшыларының жоқ жерден мәселе туындатып қойған жағдайларын да тілге тиек етті. Олардың жұмысында ешқандай ұсақ-түйек болмауға тиіс!
Бақытжан Сағынтаев алдағы төрт күндік мереке жауапты мекеме басшылары үшін үлкен сынақ болатынын ескертті. Құзырлы орган басшылары коммуналдық қызмет көрсету жүйелерінің дайындығын әбден пысықтап, ешқандай апаттық жағдай тудырмауды ойластыру керек. Бұл жағдай жалпы қысқы жылыту маусымында жіті назарда болуы керек. Алыс және шағын ауылдармен байланыс, жол жағдайы бәрі ескерілуге тиіс.
Облыс әкімі келер жылы әлемдік дағдарыс қайта айналып соғуы мүмкін деген пікірлерді ескеріп, тиісті дайындық жасауды талап етті. Сондықтан келесі жылғы бюджетті қайта қарап-талдап, қажет емес шығындарды қысқартуды тапсырды.
2012 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) жағдайында жұмыс істейді. Біздің кәсіпорындарымыз бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге бейімделуі тиіс. Бұл жөнінде де тиісті түсіндірмелік жұмыстар жүргізу тапсырылды. Бақытжан Әбдірұлы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жұмыстар сол қарқынмен жалғасатынын мәлімдеді. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар да бәсеңдемейді, ол үшін нарықты қажетті азық-түлікпен толтыру көзделеді. 2011 жылы баға шарықтауына жол берілмеді. Келер жылы да негізсіз қымбаттату жағдайында қатал шаралар қолданылуы керек. Қазірде 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауына дайындық шаралары толыққанды жүргізілуде, деп түйіндеді облыс әкімі сөзін.
Кеңес соңында Бақытжан Сағынтаев облыс тұрғындарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке, азаматтарға денсаулық тіледі. Бағы асқан, дәулеті тасыған егеменді еліміздің ертеңі жарқын болсын деген тілегін білдірді.
Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.
font color=3

