Бағдарламаны жүзеге асыруда Павлодар облысы екінші орында
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасы өзінің тиімділігін танытуда. Соның нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлер жеңілдетілген шарттар бойынша несиелерге қол жеткізіп, бизнесін сауықтыруға зор мүмкіндік алды.
2011 жылдың қорытындысы бойынша аталмыш бағдарламаны іске асыруда Павлодар облысы республика көлемінде екінші орынды иеленіп отыр. Алда тек Қарағанды облысы келеді. Осы уақытқа дейін Павлодар аймақтық үйлестіру кеңесі 104 жобаны бағдарламаға енгізіп, 74 жоба бойынша 3 млрд. теңгенің субсидиясы берілді. Екінші деңгейлі банктер арасында «Цесна Банк», «БТА Банк» және «Нұрбанк» мекемелері белсенділігімен көзге көрінді.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының бізге берген мәліметіне сүйенсек, бағдарламаға енгізілген жобалардың жартысына жуығы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, одан кейінгі орында – көлік тасымалы және сақтау қоймаларына байланысты жобалар.
«Бизнестің Жол картасы 2020» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде әлеуметтік жағдайдың да оңға басқанын айта кету керек. Бүгінге дейін 11644 жұмыс орнының сақталуынан басқа, жаңадан 2192 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді.
Бізде жүзеге асып жатқан кәсіпкерлікті кең тұрғыда қолдау бағдарламасы бұрынғы кеңес елдерінде кездеспейді. Тіпті, көршілес Ресейдің бизнесмендері қызыға көз тастайтын көрінеді. Оның жөні де бар. Бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Олар жаңа кәсіпкерлік түрін ашуға ғана арзан несие беріп қоймайды, сонымен бірге, ескі қарыздың да жүгін жеңілдетуге көмектеседі.
Айтпақшы, аталмыш бағдарлама негізінде банктер сұрайтын кепілді мемлекеттен алу жағдайы да қарастырылған. Әзірге Павлодар облысында мұндай ерекше қолдауға ие болған екі кәсіпкер бар. Оның біріншісі – полиэтилен қаптар шығаратын Қасымов кәсіпкерлігі болса, екіншісі - есімі таяуда ғана белгілі болған Сатабаева жеке кәсіпкерлігі. Соңғы бизнес нысанына берілген кепілдік мөлшері 65 млн. 130 мың теңгені құрайды. Бұл - жалпы жоба құнының тең жартысы. Кәсіпкер несиені 14 пайыздық өсіммен алған. Ендігі жерде жоба иесі бағдарлама аясында субсидиялауға қол жеткізсе, жылдық өсімнің жартысынан құтылып, 7 пайызын ғана төлейді.
Экспортқа тауар шығарам деушілерге де бағдарламаның ұсынатын қолдауы зор. Тек кәсіпкер ағайындарымыз қаймықпай алға баса білсе болғаны. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері аумағында Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмыс істей бастады. Бұл біздің үздік өндірушілерімізге шекаралас жатқан Ресей нарығына шығуға үлкен мүмкіндік береді. Бірақ, алдымен өзге нарықты «жаулау» үшін кәсіпкерлерімізге бәсекеге төтеп беру қажет-ақ. Оның басты шарты – тауардың сапасы мен бағасы. Егер осы екі мәселенің бірі тұтынушының қолайына жақпай жатса, кеденнің арғы бетінде жолы болуы екіталай. Осы орайда, нарық талабынан шығу үшін «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасын қатысушыларға мемлекет таптырмас мүмкіндік беріп отыр.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

