Соңғы екі-үш жылда «Қазақтелеком» өзінің тұтынушыларына жаңа үлгідегі байланыс түрлерін және сандық жүйеде телебағдарламалар көру, жедел интернетке қатынау секілді заманауи мүмкіндіктерді ұсынып үлгерді. Бұрын тек қарапайым телефон байланысы қызметін көрсетумен ғана шектеліп келген компания осылайша аз уақыт ішінде жаңа технологияларды жедел түрде тәжірибеге енгізді. Кеше облыстық телекоммуникациялық дирекциясында осы қызмет түрлерін таныстыратын «iD-орталық» салтанатты түрде ашылды. Бұл шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев қатысты.
«iD-орталықтың» ерекшелігі мынада: мұнда аяқ басып кірген адам соңғы кездері қолданысқа енгізілген жаңа қызмет түрлерін қолданудың қыр-сырымен танысады. Сарапшы мамандар келушілердің әрбір сауалына толыққанды жауап береді. Негізінен, орталықта интерактивті телехабарларды көру мүмкіндігін беретін «iD-TV», жаңа желідегі «iD-phone» телефон байланысы, интернетке сымсыз қосатын «Wi-Fi» технологиясы, ғаламторға емін-еркін енгізетін «Megaline» қызметі жөнінде кең мағлұмат беріледі. Барлық мәліметтер мен кеңестер - тегін.
Облыс әкімі «iD-орталықтың» жеке адамдарға және заңды тұлғаларға арналған қызметтерімен танысты.
Бүгінде облыста 241 мың абонент телефон байланысымен қамтылған. Біздің облысымыз ауылдарға телефон орнату жөнінен еліміз бойынша көшбасшы болып есептеледі. Облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Асхат Күзековтің айтуынша, бүгінде 51 мыңға жуық жерлесіміз «Megaline» қызметін пайдаланады.
Бақытжан Әбдірұлы аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдарды телефондандыру мәселесіне көңіл бөлді. Бұрынғыдай емес, қазір ауылдықтар телефон байланысын жеке үйлеріне орнатуды сұрайды. Себебі, өмір сүру деңгейі әлдеқайда өскен. А.Күзеков бұл мақсатта арнайы бағдарлама негізінде жұмыстар жүргізілетінін айтты.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев арнайы қызметтер туралы егжей-тегжейлі мәлімет беретін орталықтың ашылуы абоненттер үшін пайдалы екенін жеткізді. Бұл – республика бойынша ашылған жетінші орталық. Басқарма төрағасы өзара нәтижелі әріптестік танытып келе жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта облыс әкімі Б.Сағынтаевтың ұсынысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ аймақтық түрлі өнеркәсіп орындары мен олардың ұсынатын қызметтері және өнімдері туралы кең мәлімет беретін «Интернет дата-орталық» құратын болады.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.


