Наурыз айының 1-інен бастап қала ішінде жүретін «1э» автобусының бағыты өзгерді. Бастапқыда жұрт түсінген жоқ. Себебі, бұған дейін аталмыш автобус жолаушыларды вокзалдан мінгізіп алып, Усолка шағын ауданына дейін (Лермонтов-Сәтбаев көшелері арқылы) жеткізіп, одан соң дәл осы жолмен кейін қайтатын. Жауапты мекеме «1э» бағытының өзгеретіні туралы алдын-ала құлаққағыс етіп жатпады. Аялдамаларға хабарландыру ілу соншалық қиын іс емес. Жаңалықтан еш хабары жоқ тұрғындар айдың алғашқы күндері автобустың бөгде бағытқа бұрылып, уақытынан кеш жүре бастағанына қынжылғаны рас.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы И.Рыбастың айтуынша, бағытты өзгертуге себеп болған. Естеріңізде болса, биылғы көктемде Усолкада №4 емхана ашылды. Бұл емдеу орнына алыстағы Дачный шағын ауданының тұрғындары да қаралады. Осыны ескерген билік автобус бағытын өзгертуге шешім қабылдапты.
- «1э» автобусы белгілі уақыттарда емханаға бұрылады. Дачный ауданынан кері қайтқанда да осындай айналмалы бағытпен жүреді, - деп түсіндірді бөлім бастығы.
Айта кетелік, өткен жылы дәл осы үлкен автобустың емханаға неге қатынамайтыны туралы мәселе көтергенімізде, аталмыш мекеме өкілдері емханадан Ткачев көшесіне қосылатын жолдың ені тар екенін, сондықтан апатты жағдайды болдырмасқа тек шағын автобустарды (маршруткаларды) жібергенін айтқан болатын. Құрылыс бөліміндегілер жолдың енін 2 метрге азайту арқылы пәленбай миллион теңгені үнемдегенін жеткізген. Алайда бұл жолы билік орындары бастапқы ойларынан қайтқан сыңайлы.
- Ешқандай апат туындамайды. Себебі, әлгі жолдың бөлігінде екі автобус қарама-қарсы жолықпайды, - деді И.Рыбас.
Бөлім бастығының мойындауынша, жүру бағыты өзгертілгеннен кейін екі-үш күн бойы тұрғындар автобусты әдеттегіден ұзағырақ күтуге мәжбүр болған. Кейін қосымша автобустар шығару арқылы бұл мәселе шешілді, бәрін ұйымдастырдық, деп сендірді ол.
Сөз соңында айтарымыз, кейде биліктің қолайлы болсын деп керісінше жағдайды ушықтырып жіберетіні болады. Себебі, бұған дейін де таңертеңгілік жұмысқа асығатын уақытта Усолка тұрғындары «1э» автобусын ұзақ күтіп, кешігіп қалатын. Автобустың жиі жүрмегендігі салдарынан жолаушылардың қарасы да көбейіп, нәтижесінде автобус лық толып шыға келетін. Одан шығарда түймеңізді түгендеуге мәжбүр боласыз...
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

