ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ

АПТА АПТЫҒЫ

Жеті күндік аптаның соңына да келіп жеттік. Апта бойына не өзгерді? Айдың астында, жердің үстінде ауыз толтыра айта қаларлықтай нендей жаңалықтар, былайғы жұртқа ой салар қандай оқиғалар орын алды екен? Жұмысбасты болып жүріп мен неден құр қалдым екен? деген сауалдар баршамызды мазалайтыны даусыз.

Ендеше, апта басынан бері орын алған қоғам үшін маңызы зор, салмағы басым делінетін жаңалық-оқиғалардың бірді-екілісіне ерекше тоқталмақпыз.

 

9 БАЛАны қамқорлыққа алу - БАТЫРЛЫҚ

Талайға үлгі боларлық жағымды жаңалық. Көкшетауда, қазақ отбасы 9 бірдей жетімді бауырына басты. Бір қызығы, балалардың бірі орыс болса, екіншісі сыған, сондай-ақ, татар мен неміс ұлтының өкілдері де бар. Діні мен тілі бөлек болғанына қарамастан, олар қазір бір шаңырақ астында қазақша сөйлеп, ұлттық үлгіде тәрбие алуда. Көкшетауда тұратын Мұхаммед пен Дариға Жұрынтаевтар шаңырақ құрған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде үш қыз, бір ұлды болған. Бірақ, уақыт өте келе, ұлдарына серік болсын деп бір бала асырап алмақ болады. Балалар үйіне барған олар бір емес, бірден тоғыз баланы асырап алыпты. Қазір оларды өз балаларымен теңдей көріп, тәрбиелеуде. Асыранды балалардың барлығы бауырға басқан ата-анасының тілінде, қазақша сөйлейді. Максим есімді сыған баласы мектептен тыс медресеге барады екен. Қазір Құран тануға талпынуда.

 

БАЛАДАН БЕЗГЕН «КӨКЕК АНА»

Біреулер өгей балаларды асырап алып жатқанда, енді біреулер туған балаларынан құтылғанша асық болуда. Павлодарда кішкентай ұлын жергілікті сауда үйлерінің біріне қасақана қалдырып кеткен әйел табылды.

Сауда орнының қызметкерлері жападан жалғыз адасып жүрген баланы байқап қалады. Үсті-басы мұнтаздай. Алғашында жергілікті саудагерлер оны ата-анасы іздеп келер деп үміттенген. Алайда, ешкім келмегеннен кейін баланы құқық қорғаушылардың қолына тапсырыпты. Бұл - осыдан шамамен он күн бұрын болған оқиға. Ал осы аптада, құқық қорғаушылар іздеген көкек ана қалалық ішкі істер бөліміне өзі хабарласып, ұлын жоғалтқанын мәлім етіпті. Тәртіп сақшылары болса, ананың соншалықты «ұқыпсыздығына» таң қалып отыр. Ол әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

 

ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП БАРАДЫ

Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап Ираннан мұнай сатып алу және оны тасымалдау ісі тоқтатылады. Мұндай келісімге Брюссельде өткен жиында ЕуроОдақтың сыртқы істер министрлері келіп отыр. Сонымен қатар, осы аптадан бастап Ислам Республикасымен қандай да бір жаңа келісімшарт жасасуға тыйым салынған. Еуропалық дипломаттардың айтуынша, қатаң санкция Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған. Бұған жауап ретінде Иран әлемде өндірілетін мұнайдың 40 пайызы тасымалданатын Ормұз бұғазын жауып тастайтынын тағы да ескертті. Ресми Тегеранның айтуынша, бұл дүние жүзінің «қара алтын» нарығында дағдарыс туғызады. Себебі, қарт құрлық елдерінің деніаталмыш мемлекеттің мұнайына тәуелді. Сондай-ақ, Иран ядролық бағдарламасын тек бейбіт мақсатта қолданатындарын айтып келеді. Қалай десек те, бұл бағытта жағдай ушығып тұр. Тіпті, кейбір сарапшылар Парсы шығанағы үлкен соғыстың алдында тұр деген болжам айтуда. Сәуегейсымақтар «үшінші дүниежүзілік соғыс болады» деп елді дүрліктіруде.

 

МОНОЛОГ ЕМЕС, ДИАЛОГ ҚАЖЕТ

Алдағы уақытта еліміздің мектептеріндегі сабақтар жаңаша сипатта өтетін болады. Себебі, бірқатар мамандардың айтуына қарағанда, ұстаздардың қазіргі сабақ беру тәсілі заман талабына сай емес. Мысалы, бүгінде мұғалімдер «сен тыңда, мен сөйлеймін» деген негізде жұмыс істеуде. Бұл оқушылар үшін жақсы әрине. Ұстаз сабақ сұраса сөйлеп, сұрамаса «тіпті жақсы» деп үндемей отыра береді. Бірақ, бұл балалардың өз ой-пікірлерін ашық жеткізе алмауларына әкеліп соқтыруда. Осы жайды ескерген білім саласының мамандары оқушының ой еркіндігін қамтамасыз етеді-ау деген жүйеге бет бұрмақшы. Яғни, алдағы уақытта мектептердегі сабақ бүгінгідей монолог түрінде емес, диалогқа негізделіп өткізілмек.

 

ЖЫНОЙНАҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Ақпан басталысымен, еліміздің жастары «Әулие Валентин» деп ат қойып, айдар тағып алған ғашықтар күні мерекесіне дайындала бастайды. Еліміздің дініне, діліне жат мерекені тойлау үрдісі толастар емес. Өкінішті. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, бұл мәселе талайдан бері сөз болып, түрлі мінберлерден айтылып жүр. Бірақ, нәтиже жоқ.

Ал біз батыстың жынойнақ мерекесін тойлауды шектеу қажет деп сабылып жүргенде, өзбек ағайындар шектеп те қойды. Өзбекстанның құзырлы орындары ұлттың ұлы құндылықтарына көлеңке түсіретін жат әдеттерге тоқтау салып, керісінше, ондай мерекесымақ күндері өзбек халқының ұлыларын еске алу шараларын ұйымдастырмақ. Мысалы, 14 ақпанда, яғни «Әулие Валентин күні» ала тақиялы әртістерге жұртты шулатып, концерт ұйымдастыруға тыйым салынды. Есесіне, «Махаббат күні» мерекелік шаралары салмақты да салиқалы мерекемен алмастырылған. Нақтырақ айтсақ, өзбек ақыны Бабырдың туған күнін (14 ақпан 1483-1530 жж). салтанатты түрде өткізуге шешім қабылдапты. Айтпақшы, бәріміздің басымызды қатырған бұл мерекені атап өтуге Түрікменстанда да тыйым салынған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелердің басшыларына 14-і күні отырыстар ұйымдастыруға болмайтындығы қатаң ескертілген. Үлгі алуға тұрарлық іс!

 

Данияр

ЖҰМАДІЛОВ.

 

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

 

 

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА СЕРПІЛІС

Аймағымыздың энергетикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі жоғары. Сәйкесінше, жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да ауқымы жағынан зор маңызға ие. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облысымызда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалардың бірқатары Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2  станцияларына тиесілі. Мұнда бүгінде өндіріс көлемін арттыру бағытында қайта құру және модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Жаңа қондырғылар орнатылып жатыр.  Атап өтерлігі, экология мәселесіне баса мән берілуде.
Мысалы, Екібастұздың ГРЭС-1 станциясында екінші электр сүзгіш орнатылуда. Естеріңізде болса, мұндай алғашқы қондырғы өткен жылдың желтоқсан айында №5  энергоблокқа орнатылған болатын. Бұл жолы кезек №6 энергоблокқа келіп отыр. Қазіргі кезде электр сүзгішті монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ол алдағы екі-үш айдың ішінде іске қосылады деп күтілуде. Жобаның құны – екі миллиард теңге. Жалпы, 2013 жылға дейін барлығы алты электр сүзгіші орнатылмақ. Осы мақсатқа компания 12,5 миллиард теңге қаражат қарастырып отыр. ГРЭС-1 станциясының директоры Рысқан Свамбаевтың айтуына қарағанда, аталмыш қондырғыларды орнатудың маңызы зор. «Бүгінде елімізде экология мәселесі өте өзекті тұр. Сондықтан әрбір энергоблок осындай электр сүзгіштермен жабдықталуы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қондырғылар станция жұмысы нәтижесінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды төрт есеге азайтады», - дейді ол.
Станция басшылығы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Болашаққа деген жоспарлары зор. Мысалы, қазіргі кезде мұнда екінші энергоблокты қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Алайда, ол тек 2014 жылы ғана іске қосылады. Мамандардың айтуына қарағанда, жұмыс ауқымы өте көп. Аталмыш мақсатқа 409 миллион АҚШ доллары қарастырылған. Келесі жылы                  №8 энергоблок пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, бүгінде жұмыс істеп тұрған төртінші және жетінші энергоблокқа электр сүзгіштер орнатылады. Оның әрқайсысына екі миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалады.
Қазір ГРЭС-1-де бес энергоблок жұмыс істеп тұр. Соның арқасында 2500 М/Ватт злектр энергиясы өндіріледі. Алайда, станцияның жобалық қуаты төрт мың М/Ватт екендігін ескерсек, алда әлі талай ауқымды істер күтуде. Енді төрт-бес жылда қалған үш энергоблок іске қосылып (олар 1996 жылдан бері тоқтап тұр), нәтижесінде станция толық жобалық қуатына шығады деп жоспарланып отыр. Жоғарыда атап өткендей, барлық сегіз энергоблокқа электр сүзгіштер орнатылатын болады. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Биыл станцияға жалпы сомасы 29 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.
Қуаты жағынан сәл төмен, бірақ еліміз үшін стратегиялық маңызы зор кәсіпорындардың бірі – Екібастұздың ГРЭС-2 станциясы. Биыл мұнда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында, өндірілген энергияны түрлі жүйелерге таратуға арналған қуаты 500 кВт болатын ашық үйлестіру құрылғысын қайта қалпына келтіру, кеңейту жұмысы бар. «Бұған дейін бізде бір ғана желі болатын. Бұл – өте қауіпті. Қандай да бір төтенше жағдай орын алып, аталмыш желі зақымданатын болса, станция жұмысы толық тоқтап қалады. Ол өз кезегінде энергия өндіруші құрылғыларға әсер етеді. Жұмыстың кілт тоқтауынан қысым артып, пештер мүлде істен шығуы мүмкін», - дейді станцияның басқарма төрағасы Ғани Сәлімжуаров. Сол себепті бұл жобаға үлкен мән беріліп отырған көрінеді. Аталмыш ашық үйлестіру құрылғысы жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл мақсатқа 869,2 миллион теңге инвестиция тартылып отыр.
Сондай-ақ, станцияның №1  және №2 энергоблогының технологиялық үрдісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін модернизациялау ісі қолға алынған. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл қадам шығынды едәуір азайтып,           өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Онымен қоса, мұнда  №3 энергоблоктың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін №4 және №5 эергоблоктың құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы, биыл станцияда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 24,6 миллиард теңгені құрамақ. Кәсіпорын басшылығы, мұның барлығы мемлекет қолдауының арқасында мүмкін болып отыр, дейді. «Жоғарыда атап өткен ауқымды жобаларды өз күшімізбен қолға ала алмайтын едік. Қажетті қаржы көлемі тым жоғары. Бірақ, қол қусырып отыруға да болмайды. Себебі, станцияда жұмыс істеп тұрған құрылғыларға шұғыл модерни-зациялау жұмыстары талап етілді. Олар әбден ескірген. Бұл ретте, бізді ел Үкіметінің электр энергиясына шектеулі тариф белгілеу туралы шешімі тығырықтан алып шықты. Соның арқасында, өзімізге қажетті қаражатты жинап алу мүмкіндігіне ие болдық», - деп атап өтті Ғ.Сәлімжуаров.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Екібастұз қаласы.
 

 

ЕРТІСТІҢ ЕСЕЛІ ТАБЫСТАРЫ

altЖазық дала. Жер-ананың төсінде алтын дәні жайқалған, береке-бірлігі жарасқан астықты өлкені бетке алдық. Бұл - тағылымды тарихы мен мақтан тұтар шежіресі бар, халықтың мәртебесін өсірген ұл-қыздардың қасиетті ордасы, ырыс пен бақ дарыған өркенді өңірлердің біріЕртіс ауданы. Толқынымен ойнаған ерке Ертіс өзенінің жағасында орын тепкен аталмыш өңірдің бүгінгі ахуалы көз қуантарлықтай. Байқағанымыздай, ауданда атқарылып жатқан игі істер баршылық. Бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа кәсіпорын бой көтерген. Әлеуметтік саланың да әлеуеті жоғары. Тұрғындардың хал-ахуалын жақсартуға бағытталған бағдарламалардың атқарылу барысы да оң бағаға ие. Әрине, мәселелер де жоқ емес. Бірақ, еңбекке деген ынта-жігердің арқасында оның барлығын шешуге болады, дейді ертістіктер. Бір сөзбен айтқанда, ауданның экономикалық және әлеуметтік, мәдени дамуы назар аударарлық.

 Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 13 тамыздағы номерінен оқи аласыз)

 

ЭЛЕКТР ҚУАТЫНА МҰҚТАЖДЫҚ БОЛМАЙДЫ

Ақсу станциясында №2 энергоблок пайдалануға берілді

 

Бейсенбі күні Ақсу электр станциясында жаңартылған №2 энергоблок қайта іске қосылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бірінші вице-президенті Марат Бугубаев қатысты.

- Елбасы тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асып жатқаны мәлім. Былтыр индустрияландыру картасы негізінде отыз жобаны іске қоссақ, осы жылы 52 жаңа жоба жүзеге асырылады. Оның 12-сі алғашқы жартыжылдықта тапсырылады. Нәтижесінде бір мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Инновациялық жобалардың ерекшелігіне келсек, энергетика саласын дамытудың маңызы зор. Павлодар облысын энергетиканың жүрегі десе де болады. №2 энергоблокты модернизациялаудан өткізген Ақсу электр станциясының қадамы құптарлық. Бұдан біраз уақыт бұрын көтеріліп келген электр қуаты тапшылығы туралы мәселені қозғаудың енді реті жоқ.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

 (Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 25 маусымдағы номерінен оқи аласыз )

 

НӘТИЖЕ ДЕ, БОЛАШАҚ ТА БАР

ENRC корпорациясы құрамындағы кәсіпорындар қатарындағы – Қазақстандық электролиз зауыты (ҚЭЗ) мен Қазақстан Алюминиі (ҚА) үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы өндіріс қорытындыларын жариялады. Осы уақыт аралығында кәсіпорындар қол жеткізген көрсеткіштер - өндіріс қызметінің қарқынды дамуының дәлелі.

2011 жылдың алғашқы үш айында жоғары сапалы алюминийдің 62 мың тоннасы өндірілген. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсан көрсеткішімен салыстырғанда 37,8 пайызға артық. Осындай көрсеткіштерге қол жеткізу былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығы соңында Қазақстан индустриализациясы Картасы мен үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына енген жаңа зауыттың екінші кезегінің іске қосылуымен байланысты екені сөзсіз. Өткен жылдың соңында өндіріс орнының жобалы қуаттылығын жүзеге асыру облыстағы алюминий өндірісінің өсімін қамтамасыз етті. Бұл үдеріс осы жылы да жалғасын табуда.

Шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюы әкелінетін шикізат көлемін шамалайтыны белгілі. Осыған байланысты алюминий зауыты жыл соңына дейін глинозем өндірісін жылына 1,7 миллион тоннаға дейін кеңейтуді жоспарлауда. Әзірге бірінші тоқсанда қанатты металл өндірушілері 404 мың тонна глинозем өндірді, бұл - өткен жылдың салыстырмалы кезеңіндегі көрсеткішпен тең.  Боксит шығару 2,2 пайызға көбейтілді. Жоғарыда аталған жоғары көрсеткіштер - кәсіпорын акцинерлерінің іске жұмсалған маңызды шығындар, яғни боксит шығару ісін ұлғайтуға кепілдік болатын жаңа технологияларды енгізу жоспарының жемісі.

Сонымен қатар, «Қазақстан Алюминиі» АҚ бағалы металл – галлий өндіреді. Осы жылдың бірінші тоқсанында галлий өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 1 пайызға артық шығарылды.

Қазақстандық электролиз зауытында қуаттылығы жылына 136 мың тонна күйдірілген анод зауытының құрылысы  жүріп жатыр. Жаңа инвестициялық жобаның құны – 240 мың АҚШ доллары. 2012 жылы іске қосылатын зауыт сыртқы тасымалдаушыларға деген тәуелділікті жойып, анодтың жеткілікті көлемімен алюминий металын өндіруді қамтамасыз етеді. Бір жағынан, кәсіпорынның шеттен әкелінбеген, яғни өз шикізаты өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, анод өндірісі іске қосылғаннан кейін 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

ENRC тобындағы кәсіпорындар әрдайым техникалық қауіпсіздік пен еңбек қорғанысына үлкен мән береді. Екі кәсіпорында қызмет ететін 13 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарлама жұмыс істейді. 2011 жылдың бірінші тоқсанындағы еңбек қорғанысына орай жүргізілген іс-шараларға ҚЭЗ-да – 118 миллион теңге және ҚА-де 168 миллион теңге жұмсалды. Олардың құрамына компенсация, қосымша төлемдер, сақтандыру, жеке бастың қорғалуы үшін құралдармен қамтамасыз ету, арнайы оқыту мен тамақтандыру сынды шаралар кіреді.  Соның дәлеліндей, KIOSH-2011 бірінші қазақстандық халықаралық конференция және өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қорғанысы бойынша көрме шеңберіндегі «Сенім» атты ұлттық салалық байқау қорытындысы нәтижесінде ҚЭЗ-ның мемлекеттің «Үздік қауіпсіз кәсіпорны» атанды.

Қос кәсіпорында қоршаған ортаны қорғау бойынша жүзеге асырылған іс-шараларға үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жұмсалған қаражат мөлшері 1,143 миллиард теңгеден асты (ҚЭЗ бойынша 16,56 миллион теңге және ҚА бойынша 1,127 миллиард теңге). Электролиз зауытында санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру мақсатында 400 жас ағаш отырғызылды (барлық жыл көлемінде 365 мың ағаш отырғызылған), №4 газ тазалау құрылғысы салынды, өндірістік сумен жабдықтау үшін тазартылған тұрмыстық ағынды суды бірнеше рет қолдану енгізілді. Алюминий зауытында №3 шлам жинақтаушының құрылысы жалғасуда және біріктіру цехының №8 электрофильтрлі пештің құрылысы тәмамдалды.

Қызметкерлерге арналған әлеуметтік бағдарламалар – бөлек тақырып. Оларға берілетін әлеуметтік пакетпен қоса түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетіледі. Бірінші тоқсанда әлеуметтік бағдарламаларға ҚАЗ-да 15,6 миллион теңге және ҚА-де                        155 миллион теңгеге жуық инвестиция құйылды. Әлеуметтік бағдарламалар құрамына әлеуметтік пакет пен әлеуметтік саланы (спорттық залдар, медициналық орталықтар, «Кристалл» және «Восход» сауықтыру кешендері) қамтамасыз етуге, демеушілік  және қайырымдылыққа, сондай-ақ, кәсіподақ ұйымымен бірігіп жасалынған жобалар аясында жұмсалған шығындар кіреді.

ENRC тобындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғын үй бағдарламасы көпшіліктің қызығушылығына ие. ҚЭЗ 145 пәтерлі үй салып жатыр. «Қазақстан Алюминиі» АҚ-дағы тұрғын үй бағдарламасы 2006 жылдан бастап сәтті жүзеге асырылуда. Осы уақыттан бастап екі он қабатты үй іске қосылып, 250 жұмыскер жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Тұрғын үй бірінші кезекте 10-15 жылға төлемді бөліп берумен пайызсыз займ шарты бойынша жас мамандарға, жоғары білікті жұмыскерлер мен аса тапшылыққа ие мамандық қызметкерлеріне берілетінін атап кеткен жөн.

Зейнеткерлер үшін мерекелерге арналған ақшалай сыйлықтар, емделуге материалдық көмек және тұрғын үйді жөндеуден өткізу түрінде әлеуметтік жәрдемақылар қарастырылған. Кәсіпорындарда поликлиника, 40 төсекке арналған күндізгі стационар, физиотерапевтік және диагностикалық бөлім, рентген кабинеті және барокамерасы бар медициналық орталық жұмыс істейді. ҚА-де кәсіпорын жұмыскерлерінің балалары санынан білікті мамандарды даярлау бағдарламасын жүзеге асыруда. Мысалға алатын болсақ, 2011 жылдың мамыр айына дейін ҚА қаражаты есебінен 47 студент пен оқушы білім алуда. Жыл сайын АҚ-ң 3 мыңнан астам жұмыскерлері даярлау, қайта даярлау курстарынан өтіп, біліктілігін арттырады. Оның 80 пайызын жұмыс кадрлары құрайды.                   ҚА-нің ұжымын даярлау мен дамытуға жыл сайын 150 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Осындай жағдай ҚАЗ-да да орын алған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі            білім беру мәселелері аясында зауытта аймақтағы жаңа электролиз өндіріске арналған мамандарды даярлау мен қайта даярлаудан өткізу мақсатында білім орталығы құрылды. Бұл жерге келісім-шарт негізінде ТМД елдері алюминий зауыттарының ғылыми және білім беру орталықтарының тәжірибелі оқытушылары шақырылады. Мәселен, ҚЭЗ-да жұмыс мамандықтарын 764 адам алды. Кәсіпорындарға маман даярлайтын қаладағы білім беру мекемелерімен әріптестік байланыс орнаған.

ҚЭЗ бірқатар әлеуметтік жобаларға демеушілік етті. Атап айтсақ, «Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қоғамына демеушілік көмек, аз қамтылған отбасы балаларына қысқы киімдерді сатып алу, есту қабілеті нашар азаматтар қоғамында қайырымдылық ас ұйымдастыру және тағы басқалар. ҚЭЗ-ң мұрындық болуымен Ұлы Жеңістің мерейтойлық жылында «Дорогая слава» атты халықаралық патриоттық жоба жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясының Псков және Ленинград облыстарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің ескерткіштерін жөндеу және салу болып табылды. Металлургтердің көмегімен павлодарлық іздестіру отряды  Ресей жерінде қаза болған жауынгерлерді іздестіру және қайта жерлеу шараларына қатысады. Бұл жылы аталмыш жоба жалғасын таппақ.

Осындай әлеуметтік саясат ENRC корпорациясы құрамындағы барлық кәсіпорындарда жүзеге асырылатынын атап кеткен жөн. Биыл корпорация негізінен Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламаларға арналған салымдарды 160 миллион АҚШ долларына дейін еселеуді жоспарлауда.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында ENRC корпорациясы мен Павлодар облыстық әкімшілігі аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара серіктестік туралы кезекті меморандумын қабылдады. Биыл осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 2,4 миллиард теңге бөлінді. Қаражат өңірдің 36 әлеуметтік жобасын іске асыруға бағытталады.

А.СЕЙТАЛИНА.

 

 

ЕЛІМІЗ ҮШІН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

 

Бейсенбі күні облысымызға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев екі күндік жұмыс сапарымен келді. Әсет Исекешев облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен бірге аймақтың ірі кәсіпорындарында болып, оларды модернизациялау жұмыстарымен танысты. Лауазымды тұлға еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауда Павлодар облысының елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

 

Ауылдағы кәсіпкерлік алға басады

 Премьер-Министрдің орынбасары алдымен Екібастұз қаласына қарасты Құлакөл ауылына аялдады. Мұнда ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобасы таныстырылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Асанов аталмыш құжаттың маңыздылығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Бұл әдеттегі бағдарлама емес. Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту туралы міндет қойылған болатын. Оны орындау мақсатында Үкімет пен «Нұр Отан» халықтық-демкоратиялық партиясының мүшелерінен, Парламент депутаттарынан құралған ұйымдастыру тобы арнайы бағдарлама әзірлеуді қолға алды. Бұл құжаттың ерекшелігі, онда ауылдық жерде өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жеке бизнеске қадам басып, белсенділік танытуына көмек беру мәселелері ескерілген. Тегін таратылатын ақпараттық кітапшаларда ауылда ашуға болатын 100 кәсіп түрі туралы толық мағлұмат беріледі. Оның мазмұны қарапайым адамға түсінікті әрі ықшам жазылған. Депутаттың айтуынша, ауылдықтарды жұмыспен қамту мәселесін тереңнен байыптап алған жөн. Сондықтан мектеп жасындағы оқушыларынан бастап бүгінде біздің нарыққа қандай мамандық иелері талап етілетіндігінен хабардар болуы керек. Бір кездері елімізде заңгерлер мен экономистердің есепсіз даярлануы еңбек нарығында тығырықты мәселеге алып келді. Есесіне, қазір тиісті мамандардың жоқтығынан қазынаның миллиондаған доллар қаржысы шетелдерден жететін келімсектердің қалтасына кетіп жатқан көрінеді. Сондықтан жаңа жобада осы күні елімізде сұранысқа сай мамандық түрлері жөнінде ақпарат ұсынылады. Бұл, бір жағынан, біздің шағын және орта бизнес нысандары үшін қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді, деді Ж.Асанов. Жобаның бірінші бағытында халыққа ақпараттық көмек берілсе, екіншісінде жергілікті атқарушы және орталық аппарат органдарының күшін Елбасының қойып отырған талабын орындау жолына жұмылдыру көзделеді.

Сөз арасында Мәжіліс депутаты ұсынылып отырған қанатқақты жоба еліміз бойынша тұңғыш рет Павлодар облысында тәжірибеге енгізілетінін атады. Оған негіз де жоқ емес. Даму деңгейі жөнінен аймағымыз көш ортасында келеді. Екіншіден, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына біздің облыстың қосып жатқан үлесі қомақты. Мәліметке сүйенсек, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде несиені субсиядиялау бойынша 22 өтініш түсіп, соның 15-ін тиісті министрлік мақұлдаған. Жалпы, облыста кәсіпкерлік нысандарының саны, оған сәйкес бюджетке төленетін салық көлемі де көбейіп келеді.

Ә.Исекешев кәсіпкерлікті дамытудың ұсынылған жобасын таяуда бекітіліп, тиімділігі танылады деп күтілетін бағдарламаның еліміздің барлық өңірлерінде қолданысқа енгізу жөнінде атап өтті. Облыс әкімі Б.Сағынтаев та аймағымызда қанатқақты жобаның нәтижелі іске асатынына сенім білдірді. Жиын барысында көтерілген мәселелер ескерілетіні белгілі болды.

  

Инвестициялар игілікке бастайды

Бұдан кейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Екібастұздың көмір және электр қуатын өндіретін кәсіпорындарында инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асу барысымен танысты.

«Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры В.Щукин алдағы уақытта кәсіпорынның әлемде ең озық технологиялы өндіріс орнына айналатынын жеткізді. Бұл табысқа индустрияландыру бағытындағы саясат оң ықпал жасауда. Былтыр кеніште көлік қозғалысының жолдары қайтадан қалпына келтірілді. Бұрын теміржол арқылы шығарылған өнім енді электрлі және дизельді сүйреуіш техникалардың көмегімен өндіріледі. Бүгінде кеніш өзінің тұтынушыларының алдындағы міндеттемелерін мүлтіксіз орындауда. 2017 жылға дейін инвестиция құюды жоспарлаған кәсіпорын көмірге деген сұраныс арта түскен жағдайда еңбек өнімділігін одан әрі көтеруге бейіл.

Екібастұздың электр өндіруші станцияларының басшылары болса, Үкіметтің шектік тариф жүйесін енгізгеннің пайдасына тоқталды. Одан түсетін қаржы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді жолына айналды. Айта кетелік, осыдан екі-үш жыл бұрын арнайы қаулы негізінде қуат өндіруші станцияларға тарифті жыл сайын шектік көлемде өсіріп отыру құқығы берілген болатын. Бұл жерде елдің энергетикалық жағынан қамсыз болуы көзделген еді. Сол себепті тарифтердің есебінен тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңалау мүмкіндігі берілді.

   Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» серіктестігі былтырғы жылдың соңында 5-інші энергоблокқа электр сүзгіш құралын орнатқан болатын. Соның нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтың мөлшері 6,8 есеге азайды. Қазірде аталмыш станцияда №8 энергоблок қайта қалпына келтірілуде. Ол іске қосылған жағдайда еліміздің аймақтарына жіберілетін және көршілес Ресейге де экспортталатын электр қуатының өндірісі еселенетін болады. Айта кетелік, осыған дейін Елбасы Екібастұз ГРЭС-1 станциясының тоқтап тұрған  бірнеше энергоблоктарын қайтадан іске қосып, станцияның жобалық қуатқа – жылына 4 мың МегаВатт өнім өндіруді тапсырған болатын.

Бүгінде мемлекет деңгейінде «Екібастұз ГРЭС-2» станциясының өндірісін ұлғайтуға мән беріліп отыр. Бұл ретте талайдан бері айтылған №3 энергоблок іс жүзінде салына бастаған. Станцияның қазақстандық және ресейлік акционерлері қаржы көзін де тауып қойды. Жобаны Ресейдің «Внешэкономбанкі» мен Еуропа Даму банкі қаржыландыруға келіскен. Станция басшыларымен әңгіме барысында Әсет Орынтайұлы модернизациялаудың қыр-сырымен танысып, кездесіп жатқан мәселелер төңірегінде ой қозғап, пікір алысты.

Қос станциядағы келелі істерден хабардар болған Премьер-Министрдің орынбасары бұдан кейін «Қазақстан вагон жасау компаниясына» ат басын тіреді. Бұл кәсіпорын еліміздің теміржол вагондарына деген сұранысын өтеу мақсатында құрылған болатын.  Алғашқы вагон құрастыратын кешен өткен жылдың шілдесінде іске қосылды. Серіктестіктің бас директоры М.Әлпиевтің мәлімдеуінше, бүгінге дейін 114 жүк вагоны шығарылды. Алдағы уақытта жүк вагондарының бірнеше түрін құрастыру көзделуде. Биылғы жылы екі кезегін іске қосатын кәсіпорын жыл соңына дейін толық өндірістік қуатқа қол жеткізеді. Бұл - компания осы жылдың желтоқсан айынан бастап жылына 2500 вагон құрастырады деген сөз.

Екібастұзда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде табысты жүзеге асып жатқан жобалармен кеңінен танысқан Ә.Исекешев облыстың сергектік танытып отырғанын атап өтті.

 

Өнімділікті көтеру – заман талабы

 Түстен кейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Павлодар қаласына келіп, өткен жылы іске қосылған «Каустик» АҚ-ында болды. Жоба бойынша мұнда жылына 30 мың тонна каустикалық ұнтақ пен 26,4 мың тонна хлор өндірілуге тиіс. Мәртебелі мейманды өндірістік процестен хабардар еткен «Каустик» АҚ Басқарма төрағасы Е.Орымбеков оның мембранды әдіспен жүретінін айтып өтті. Бұл экологияға әлдеқайда қауіпсіз. Кеңестік кезеңде бұл зауытта сынап әдісі қолданылды. Ол кездегі өндіріс қуаты қазіргіден артық болғанымен, қоршаған ортаға залалы көп болатын. Осы жерде Ә.Исекешевке облыс әкімінің орынбасары М.Оспанов үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста қолға алынған жобалар туралы көрнекі мәліметтерді ұсынды.

Одан соң Премьер-Министрдің орынбасары аталмыш кәсіпорында өткен өнімділікті арттыру және отандық өндірістерде қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін ұлғайту мәселелеріне арналған келелі жиынға қатысты. Бұл жерде де аймағымыздың қол жеткен табыстары сөз болып, жергілікті бизнес өкілдері сұрақтарын қойды.

Индустриялық даму бағдарламасы облыс кәсіпорындарында өндіріс қуатын арттыруға ықпал етуде. Өткен жылы облыста 30 инвестициялық жоба іске асты. Олардың қатарында жаңа өндірістерді ашуға, сондай-ақ бұрыннан жұмыс істейтін өнеркәсіп орнын жаңадан техникалық жарақтандыруға қатысты істер бар. Жедел модернизациялау мәселесіне көп көңіл бөлген кәсіпорындар табысқа жетуде. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірісті 1,5 млн. тоннадан 1,7 млн. тоннаға дейін өсірсе, электролиз зауыты қуатын 1,8 есеге арттырды. Биыл да осы бағыттағы жүйелі істер жалғасын табады. Ақсу және «Екібастұз ГРЭС-1» станцияларында қосымша энергоблоктарды іске қосу, қаладағы 3-інші жылу-электр станциясында турбина орнату секілді өнімділікті көтеретін жобалар баршылық. Облыста кәсіпорындардың ұлттық компаниялар мен холдингтерден ұзақ мерзімді тапсырыстарға қол жеткізуі де өндірісті ұлғайтуға септігін тигізуде. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына кіретін компаниялардың үлесін айтпай кетуге болмас. Өндірісті отандық өнімдер мен қызметтерді пайдаланудың үлесін арттырудың осылайша аймақтың өнеркәсіп ошақтарының дамуына оң жағдай туғызып отыр. Бүгінде облыста қазақстандық өнімдердің үлесін арттыруға бағытталған істер жалғасын табуда. Тапсырыс көлемі былтыр 447 млрд. теңгеге жеткізілді. Соның нәтижесінде кәсіпорындардың өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғайды. Қазірде 200 млрд. теңгеден астам соманың ниет-хаттамасына қол жетті. Былтырғы тәжірибе көрсеткендей, іс жүзінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсуі әбден мүмкін. Бұл – жергілікті өндірушілер үшін таптырмас пайда.

Облыста ауыл шаруашылығы саласында да іргелі жобалар іске асырылуда. Былтыр «Галицкое» шаруашылығында 500 басқа арналған сүт фермасы жабдықталса, биыл ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін 6 мал бордақылау орталығын ашу жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы көзін табуға байланысты қиындықтар кездесіп жатады. Осы орайда облыс кәсіпкерлері Үкіметтің «Өнімділік-2020» бағдарламасынан үмітті болып отыр.

«Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ бас директоры Ш.Данбайдың мәлімдеуінше, кәсіпорын мұнай шикізатымен қамтамасыз етілудің жаңа жолын қарастыруда. Қазіргі кезде ресейлік шикізатты пайдаланатын фирма мұнайды тек құбыр жолымен ғана емес, сонымен бірге теміржол арқылы алатын болса, тиімділік артады. Ресейлікпен қатар өзіміздің шикізатты пайдалануға мүмкіндік туады. Енді тек мемлекеттен көмек керек.

Үкіметтен қолдауды алдағы уақытта полимер өндіруді жоспарлаған «Нефтехим ЛТД» компаниясы да күтетіні мәлім болды.

Павлодар жерінде химия кластері құрылады. Бұл туралы кеңесте облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев айтып өтті. Арнайы экономикалық аймақ «Каустик» төңірегінде құрылатын болады. Оған әлемдік нарыққа танылған германиялық компания басқарушы ретінде таңдалады. Әсет Исекешев облыс әкімінің бастамасы Мемлекет басшысы тарапынан құпталғанын жеткізді.

Жиында мәлім болғандай, «Каустик» АҚ химиялық өндірістің екінші кезегін бастауды жоспарлап отыр. Бұған дейін жылына 30 мың тонна каустикалық ұнтақ өндіруге кіріскен кәсіпорын аталмыш өнімге деген сұраныстың үш есеге дейін артқанын ескере келіп, өндірістің қуатын алдағы кезеңде 100 мың тоннаға дейін жеткізуді межелеп қойған. Басқарма төрағасы Е.Әмірхановтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтың құрылуы өндірісті кедендік және салықтық жеңілдіктерге кенелтетін болады.

Кеңесте ұлттық компаниялар мен институттардың өкілдері өздері ұсынатын қызметтер, берілетін көмектер туралы хабардар етті. Облыстың елді индустрияландыру бойынша әлеуетінің жоғары екендігін айтты. Алайда шағын және орта бизнес саласы жаңашыл жобалар ұсынуды өзін-өзі таныта алмауда деген пікір айтылды. Облыс әкімі бизнес-жобалар жеткілікті көлемде дайындалатынын, бірақ банктердің орталық кеңсе қызметкерлерінің жеке-дара шешім шығаруы нәтижесінде құпталмай қалатынын жеткізді. Алдағы кезде Үкімет осы бағытты реттеуді қолға алатын болып отыр.

Кеңесті қорытындылай келе, Әсет Исекешев облыста индустрияландыру бағытында жүйелі істердің қолға алынғанын атап өтті. Биыл да әр аймақтардан республикаға ұсынылған жобалар бойынша Павлодар облысы алдыңғы орында. Үкіметке жаңа экономикалық мүмкіндіктермен ерекшеленетін жобалар қажет. «Атамекен» одағымен бірге өткізілген сараптама нәтижесінде елдегі кәсіпорындардың қуаты толықтай пайдаланылмайтындығы анықталды. Яғни, алда әлі атқаратын жұмыс көп. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Павлодар облысы өзінің әлеуетін танытады деген сенімдемін, деді ол. Облыс әкімі Б.Сағынтаев Павлодар жерінде кеңес өткізген Премьер-Министрдің орынбасары Ә.Исекешевке және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Басқарма төрағасының орынбасары Т.Құлыбаевқа алғыс білдірді.

 

Болашақтың бағдарламасы

Облысымызға жұмыс сапарының келесі күні, яғни кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аймағымызда жүзеге асуы барысымен танысты. Павлодардың ірі өндіріс орындары өкілдерінің қатысуымен өткен арнайы көрмеде болып, кәсіпкерлермен жүздесті. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында кәсіпорындарда қолға алынып жатқан іргелі жобалардың жай-жапсарын білді. Вице-премьер әрбір зауыт басшысымен жеке тілдесті. Барлық жобаларға байланысты түйткілді жайттар толық пысықталды.

«Қазақстандық үлес – жаңғырту мен инновация бастауы» деген атауға ие болған аталмыш көрмеге «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ сияқты облысымыздағы өндіріс саласының алпауыттары қатысты. Сондай-ақ ондаған шағын кәсіпорындар да болды. Жалпы, соңғы жылдары ел Үкіметі экономикадағы барлық салаларда тауарлар мен қызмет түрлері бойынша қазақстандық үлесті арттыруға күш салып отырғандығы белгілі. Ол елдегі өндірісті жандандырып қана қоймай, өз кезегінде ұлттық индустрияның бәсекелестігін де күшейтеді. Ал бәсекелестікті арттырып, экономиканы әртараптандыру үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаты болып табылады.

Бұдан кейін Вице-премьер Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінде» болды. Оның материалдық-техникалық жабдықталу жағдайымен танысып, қазіргі тыныс-тіршілігін білді. Бүгінде онда шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сынды интеллектуалдық ойындарды серік еткен жүздеген ұл-қыздар жаттығады. Жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Дегенмен, мәселе де жоқ емес. Шахмат үйінің ғимаратына жөндеу жұмыстары қажет. Облыс әкімі Б.Сағынтаев аталмыш мекемеге қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Бір атап өтерлігі, Ә.Исекешев Қазақстан Республикасы шахмат федерациясының президенті болып табылады. Оның айтуына қарағанда, Павлодар облысында шахмат ойыны өте жақсы дамыған. Аймағымыздың ойыншылары бұл тұрғыдан елімізде үздіктер қатарында.

Ә.Исекешев ат басын бұрған соңғы нысан – Инновациялық Еуразия университеті. Аталмыш білім беру мекемесі Павлодар облысының үздік жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Мұндағы оқыту үрдісінде қазіргі заманғы озық технологиялар қолданылады. Университетте жабдықталған түрлі зертханалар студенттердің халықаралық деңгейдегі сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Әсіресе, Вице-премьердің назарына күн сәулесі арқылы энергия өндіретін, яғни табиғи энергия көзін пайдалану бойынша жұмыс істейтін арнайы жабдықталған зертхана ілікті. Бір атап өтерлігі, бұл еліміз бойынша бірегей зертхана болып табылады. Әзірге, Қазақстанның ешбір жоғары оқу орынында мұндай технология қолданылмайды. Университет мамандарының айтуына қарағанда, оқу ордасы ғимаратының отыз пайыздай бөлігін қуат көзімен аталмыш зертхана аясында орнатылған құрылғылар қамтамасыз етіп отыр. Ең маңыздысы, ИнЕУ басшылығы, ғалымдар мен студенттер бұл жобаны әрі қарай дамыту ісімен айналысуда.  Бұл ретте, Ә.Исекешев университет басшылығын осы сала бойынша еңбек етіп жатқан еліміздің басқа да ғылыми орталықтарымен әріптестік қатынас орнатуға шақырды. «Қазіргі кезде елімізде энергияны қайта өндірумен айналысатын орталық құрылуда. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар мықтап қолға алынбақ. Сондықтан сіздерді де осы жұмыстарға араласуға шақырамыз», - деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары ИнЕУ студенттерімен жолықты. Кездесу барысында ел болашағының жастардың ғылым-білімге деген талпыныстарына, еңбекқорлықтарына байланысты екендігі айтылды. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асып жатқан Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, сапасы мен құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға бастайтындығы белгілі. Тұтастай алғанда бағдарлама болашақ табыстардың негізі, өнеркәсіпте ғана емес, сонымен бірге адам санасындағы өзіндік бір төңкеріс болмақ. Ол үшін, Ә.Исекешевтің айтуына қарағанда, бәсекеге қабілетті, ойы озық, іскер, бастамашыл болашақ кадрлерді даярлауға көп мән берілуі тиіс. Әрбір жас жоғары оқу орынының қабырғасында жүріп-ақ өз ісін бастап, ғылыми зерттеулер жасап үйренуі тиіс. Ал мемлекет өз тарапынан барлық қажетті көмегін көрсететін болады, деді Вице-премьер. Бүгінде қолға алынып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобалар болашаққа бағытталған. Ал келешек, жастардың қолында.

Шара барысында студенттер ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевке өздерін толғандырған сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

 

ТИІМДІЛІГІ ТАНЫЛҒАН ТЫҢ ЖОБАЛАР БИЫЛ ДА ЖЕТКІЛІКТІ БОЛМАҚ

 

Павлодар облысында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын жобалар саны көбеюде. Өткен жылы аймағымызда 30 жаңа жоба іске қосылды. Сәрсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте тағы 13 инновациялық жоба республикалық және аймақтық деңгейдегі индустрияландыру карталарына енгізілді.

Облыс кәсіпкерлік және  өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Шәбенов республиканың индустрияландыру картасына ұсынылған үш жобаның жалпы құны 22,64 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді.

«Павлодарэнерго» АҚ өзіне қарасты 3-інші жылу-электр орталығында №1 турбинаны модернизациялауды және №1 қазандық агрегатын қайта жаңғыртуды қолға алып отыр. Алғашқы жоба бойынша жұмыстар өткен жылы басталып кеткен. «Павлодарэнерго» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары В.Шевцовтың мәлімдеуінше, турбинаның жаңартылуы өндірілетін қуатты 65 мегаватқа арттыратын болады. Сондай-ақ, жаңадан 5 жұмыс  орнын ашуға мүмкіндік береді.         Айта кетерлігі, екі жоба бойынша салынатын инвестиция тұрғындардың төлейтін тарифтерінен тұрады. Оған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өзі жағдай жасап қойған. Естеріңізде болса, соңғы екі жыл бойы өндіруші станцияларға жыл сайын шектік көлемде тарифтерін өсіріп отыруға рұқсат берілген. Облыс әкімі атап өткендей, біздің станцияларымыз осы тарифтің ең жоғарғысын таңдап алады.

Ал үшінші – Екібастұз кешенді қорытпалар зауытының құрылысына қатысты жобаны кеңес мүшелері республикалық картаға енгізбеді. Бірақ бұл әзірге ғана. Дәл қазір жобаның атауы болғанмен, сметалық құжаттары жоқ, қаржыландыру көзі де анықталмаған. «Егер асығыстық жасап бұл жобаны мақұлдап жіберсек, ертең іске аспай қалған жағдайда, ертең өзіміз Премьер-Министрдің алдында ақталып жүретін боламыз», деді аймақ басшысы. Сондықтан Екібастұз зауытының жобасы кейінге қалдырылды. Әзірше ол бойынша жүретін жұмыстарды үйлестіру кеңесі бақылайтын болады. Айта кетелік, жоспар бойынша биыл басталып,  2014 жылға дейін жүзеге асырылуға тиіс жоба іске қосылса, 434 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Аймақтық индустрияландыру картасына ұзын саны 9 жоба енгізілді. Оның бесеуі – тың жобалар. Құбыр өндірісінің жобалық қуатын 100 мың тоннаға жеткізуді көздейтін   «Павлодар құбыр зауыты» алдағы екі жылда 1,09 млрд. теңгені іске жаратпақ ойда. Бұған дейінгі кеңесте қаралып, қаржыландыру көзі табылмағандықтан, кейінге ысырылған жоба бұл жолы мақұлданды. Оның өнімдері бүгінде кеңінен сұранысқа ие.

«Заман Инвест» серіктестігінің директоры Б.Киреевтің баяндауынша, Қызылтау кен орнында көмір өндіру және кокс шығару жобасын төрт жылда іске асыру жоспарланған. Ал «Победа» ЖШС-нің 400 бас малға арналған сүт фермасын жаңғырту жобасы осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылмақ. Құны 250 млн. теңге тұратын бұл жоба сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Сүт саууға және сақтауға арналған құрал-жабдықтар сатып алынған.

Екібастұзда ұйымдастырылатын теміржол көліктеріне тіркемелер өндірісі туралы сөз болғанда, өнім өткізу мәселесіне мән берген облыс әкімі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен ұзақ мерзімді тапсырысқа қол жеткізуге ықпал ету қажеттігін айтты.

Бұдан кейін үйлестіру кеңесінің бақылауында болатын 2 инвестициялық жоба талқыға салынды. «Интур-Сервис-Пульс» қолға алған шыны өндірісі туралы бұрын да қаралған, бірақ қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен, ол екінші мәрте ұсынылды. Бұл жобаны іске асыруға қазақстандық институтпен қатар қытайлықтардың да қызығушылық танытып отырған жайы бар. Қытай жағы қазірде қаржысы дайын екенін мәлімдеген.

Ал «Олимп» ЖШС-нің натрий цианидін шығару жобасы еліміз бойынша кездеспейді. Өндіріс бұрынғы химия зауытының аумағында орналасады, себебі мұнда барлық жағдай жасалған, сондай-ақ шикізат есебінде пайдаланылатын каустикалық ұнтақ осы жерде бар. Десе де, жаңа өндірісті экологиялық жағынан қауіпсіз екенін дәлелдеу қажет. Осының бәрін есептей келе, жоба нақты келесі жылдан бастап іске асырылады деп күтіледі.

Кеңес соңында облыс әкімі тың жобаларды табу жөнінде банктермен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жоба иелеріне әртүрлі жеңілдіктер жасалып, көмектер көрсетіледі. Аймақ  басшысы индустрияландыру картасы бойынша жобалардың іске асырылуы жөнінде жұртшылыққа есеп беруді де тапсырды.

               * * *

Осы күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді.  Онда «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылан-дыруға ұсынылған бірнеше серіктестіктің бизнес-жобалары қаралды.

«Гофротара» серіктестігінің қағаз өнімдерін шығару жобасы бұған дейін бір мәрте аталмыш бағдарлама шеңберінде мақұлданған еді. Бірақ кейін субсидиялауды қажет ететін несиенің көлемі ұлғайды. Қазір кәсіпорын еліміздің сұранысын он пайызға дейін қамтамасыз етуге қол жеткізген. Тиімділігіне көз жеткендіктен, жоба бірден құпталды.

Ал «Сағып» шаруа қожалығы қымыз өндірісін өсіріп, мал сою цехын құруға кіріспек. Бұл шаруашылық осыған дейін «Даму» қорының несиелік көмегін пайдаланған. Ендігі жерде қымыз сусынын шыны құтыда шығаруды көздейді. Кеңес мүшелері ұсынылған жобаларды толық қолдады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының директоры И.Қайырбеков бұрын кеңесте құпталып шыққан 11 жобаның сегізі бүгінде қаржыландырыла бастағанын жеткізді. Біреуі талапқа сай келмегендіктен, тиісті министрліктің сүзгісінен өтпей қалған. Облыс әкімі бұл жоба бойынша жұмысты жетілдіруді жүктеді.

Кеңес барысында «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіптік маман иелерін дайындау және жастар тәжірибесі жөнінде басқарма бастықтарының есебі тыңдалды. Облыс жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы В.Берковский биыл  380 жас маманды бағдарлама бойынша жұмысқа орналастыру көзделгенін мәлімдеді. Оларға ай сайын 26 мың теңге еңбекақы беріледі. «Жастарды кейін өзіне тұрақты жұмысқа қалдыратын кәсіпорындармен жұмыс жүргізілуде», деді баяндамашы. Басқармаларға тапсырма берген аймақ басшысы кәсіптік мектептердің материалдық-техникалық мүмкіндігін де бақылауға алу қажеттігін айтты.

Ал облыстық аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Б.Назаренконың кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі есебі кеңесте барлық мүмкіндіктің жасалғанын растайтын бизнес қауымдастығы өкілдерінің болмағаны себепті қабылданбады. Бақытжан Әбдірұлы әкімшілік кедергілерді жоюға байланысты жеке кеңес өткізуді тапсырды.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

 

Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Астана қаласында еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен ұсынылған Павлодар облысында түрік компанияларының қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті. Жиынның жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Әсет Исекешев, Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрлері мен «ENRC Management KZ» ЖШС президенті Феликс Вулис қатысты.

Түріктер тарапынан «KIBAR HOLDING» A.S., «OZKA LASTIK & KAUKUC», «ALTAS», «GALAKSI group» компанияларының басшылары Али Кибар, Шериф Канык, Тахсин Тугрул, Фатих Узуноглу, сондай-ақ Коджели қаласы өнеркәсіптік палатасының төрағасы Айхан Зейтеноглу болды.

Облыс әкімі Б.Сағынтаев пен түрік компанияларының өкілдері Павлодарда жоспарланған жобалар жайында баяндап, оның ішінде алюминийден өнімдер әзірлейтін зауыт туралы сөз қозғады.

Еліміздің Үкімет басшысы тиісті органдарға аталмыш инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша барлық мәселелерді жедел түрде шешуді тапсырды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта ENRC компаниясы жанынан түрік компанияларымен бірлескен арнайы жұмыс тобы құрылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕР

облыс әкімі Екібастұздағы инновациялық жобалармен танысты

Апта басында облыс әкімі Екібастұз қаласына барып, «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кәсіпорындарын аралап, жұмыстарымен танысты. Қос кәсіпорында бүгінде Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында серпінді жобалар жүзеге асуда.

 

Алғашқы аталған серіктестік негізінде теміржол рельстерін бағыттауға арналған құралдар, жолдарды айырушы тетік және жөндеу комплектілерін шығаратын жаңа өндіріс орны құрылуда. Жоба мемлекеттік инновациялық-индустрияландыру бағдарламасына енген. Құны 9,4 миллиард теңгені құрайды.

Қазіргі күні еліміз теміржолдың жоғары қабатын құрайтын мұндай құрал-жабдықтарды сырттан сатып алып отырғаны мәлім. «Проммашкомплект» компаниясы - ТМД аумағында бағыттауға арналған құралдар шығаратын Днепропетровск, Новосібір зауыттарының өнімдерін Қазақстан Республикасы аумағында сататын бірден-бір ірі ресми дилер. Ол жолдың жоғары қабатына қажетті құрал-жабдықтармен қоса көліктік металл прокатын, «Қазақстан теміржолына» керек дүниелерді тұрақты жеткізіп тұрады.

Серіктестік басшысы Александр Леонецтің айтуына қарағанда, жоғарыдағы серпінді жоба толықтай жүзеге асқанда жоғары технологиялық инновациялы өндіріс құрылып, ол елімізідң көлік инфрақұрылымын дамытуға жол ашады. Сатып алып отырған импорт тауарлары шектеліп, экспорттық әлеуетке ие боламыз. Бұған қоса кәсіпорында жаңадан 380 еңбек орны құрылады.

Облыс әкімі «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында құрылған вагон жасау зауытының жұмысына айрықша назар аударды. Теміржолдағы вагон құралдарын сатып алғысы келетін отандық кәсіпорындар енді басқа елдің тауарына телмірмейді, оны жасау өзімізде қолға алынуда. Келешекте жылына 2500 вагон шығару мүмкіндігі бар. «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-дегі вагон жасау өндірісін құру үш іске қосу кешенінен тұрады. Оның алғашқысы ағымдағы жылдың маусым айында Мемлекет басшысының қатысуымен болған телекөпір барысында ашылған. Бұл - өндірістің үштен бір бөлігі десе де болады, осының нәтижесінде қазіргі күні компанияның технологиясы жылына бір мың жүк вагонын шығару қабілетіне ие. Екінші кешен осы жыл соңында пайдалануға берілсе, 2011 жылдың қараша айында өндірісте толық қуат іске қосылады. Осылайша зауыттан жылына 2,5 мың вагон шығарылатын болады. Оның ішінде бес жүз вагон жабық күйде жасалатынын атап өткен абзал.

Бүгінге дейін зауыттан 109 вагон дайын күйінде шыққан. Оның барлығы «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазтеміртранс» компаниясына жөнелтілді. Акционерлік қоғам мен вагон зауытынының арасында алғашқы бетте 8 мың вагонға келісімшарт жасалған. Жыл соңына дейін тағы 150 вагон шығару жоспарда тұр. Компанияның бас директоры Мұрат Әлпиев жоба бойынша жасалып жатқан технологиялар желісіне Украинадағы «Техвагонмаш» компаниясы жауап беретіндігін жеткізді.

Ол сондай-ақ келешекте вагон жасауға жұмсалатын құрал-жабдықтар мен материалдардың сексен пайызын зауыт ішінде өндіретін мүмкіндік барын жеткізді. Әзірше қажет бөлшектер Ресей мен Украина елдерінен әкелінуде. Соған орай вагонның өзіндік құны қымбатқа түсіп отыр. Бүгінде еліміздің ішкі жүк айналымында көбіне Қытайдан әкелінген вагондар пайдаланылса, халықаралық тасымал бойынша Ресей мен Украинадан жеткізілген вагон құралдары қолданыста жүр. Қытайлық вагондардың бағасы арзан болғанымен, пайдалану мерзімі аз әрі сапасы төмен келеді. М.Әлпиевтің айтқанындай, осыдан екі жыл бұрын республика аумағында 90 мың вагон саналса, соның тең жартысының тозығы жеткендігі анықталыпты. Одан бергі уақытта іске жаратылып жүрген құралдардың қаншасы ескіріп үлгергендігі белгісіз. Екібастұздан шығатын вагондар елдегі вагон паркін толық жаңарта алмаса да, жүк айналымының маңызды бөліктерінде біраз мүмкіндіктер тудыратыны айқын. Қазақстандағы жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қазіргі күні «Қазақстан вагон жасау компаниясының» өнімдеріне қызығушылық таныта бастаған. Олардың сырт мемлекеттерден сатып әкеліп жүрген құралдарынан Екібастұзда құрастырылып шығатын вагондар артық болмаса, кем емес. Жетпіс тоннаға дейін жүк көтеретін құралдардың қолданыс мерзімі 22 жылды құрайды.

2012 жылы зауыт толық қуатына кіріскенде өндірісте 600-ден адам еңбек етеді. Ал Ресейде бүгінде дәл осындай кәсіпорында 1250 адам жұмыс істейді. Сондықтан келешекте бізге технологиялық үрдісті жақсы меңгерген электроншылар мен программистер көптеп қажет болады, дейді зауыт басшысы. Мамандардың айтуынша, бұған ұқсас вагон шығаратын кәсіпорын ТМД төңірегінде әзірше жоқ.

Аймақ басшысы қос кәсіпорындағы қарқынды жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді. Биыл облыстағы жүзеге асып жатқан жобалардың үштен бір бөлігі Екібастұз өңіріне тиесілі болып отыр. Келесі жылы ГРЭС-2 станциясының №3 энергоблогының құрылысына қажетті құрал-жабдықтар жеткізіле бастайды. Осы жылдың алғашқы жартысында біздің облыста 12 жоба іске қосылды, енді жыл аяғына дейін тағы 18 жоба өміршең етілетінін атап өтті.

М.ҚАПАНҰЛЫ,

Екібастұз қаласы.

 

Жаңа жобалар құпталды

Бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ұсынылған жобалар қаралды.

Кеңес мүшелері ең алдымен «Искаков жеке меншік клиникасы» серіктестігінің жобасымен танысты. Медициналық қызмет көрсетумен айналысатын фирма алдағы уақытта омыртқа және тірек-қозғалыс аппараттарына заманауи лазерлік операция жасау технологиясын енгізбек. Бүгінде мұнда 42 маман жұмыс істейді. Ал жаңа жоба қолдау тапқан жағдайда қосымша 4 дәрігер қабылданады. Облыс әкіміне берілген жауабында фирма өкілі мамандардың Мәскеу жерінде тәжірибе жинақтап келгенін айтты. Жаңа қызмет түрінің ақысы да Ресейдегі орталықпен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Жобаның құны 56 млн. теңгені құрайды, несие алу үшін «Темірбанк» АҚ филиалына құжаттарын өткізген.

«Альянс банк» АҚ Екібастұз филиалына 300 млн. теңгенің өтінішін берген «Прогресс» ЖШС-нің көздеген мақсатыжолаушы тасымалына арналған қытайлық және ресейлік автобустарға қол жеткізу. Бүгінде компания облыстың үш қаласында жұмыс істейді. Басқа өңірлерге де жолаушылар тасымалдайды.

«Казтрасткем» және «Казтрасткемикл» серіктестіктері ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды ойластырған. Алғашқысы қытайлық шикізат негізінде егістікке пайдаланылатын дәрілік құралдар шығаруды жоспарласа, екіншісі құрама-жем өндірісін қолға алмақ. Екі жоба да қысқа мерзімде жүзеге асырылады.

Аталған жобаларды талқылай келе, үйлестіру кеңесінің мүшелері оларды қолдауды жөн деп тапты. Ал «Ромат» фармацевтикалық компаниясының жобасын кейінге қалдырды. Компания салына бастаған фармацевтикалық және медициналық зауыттарға электр қуатын жеткізетін желі тартуды жоспарлаған. Бірақ облыс әкімі зауыттар құрылысы туралы толық мәліметтің аздығын айтты. Сондықтан компания басшылығы алдағы уақытта атқарылып жатқан істер туралы егжей-тегжейлі мәлімдегені жөн. Әзірге үйлестіру кеңесі жедел қарастыруды күткен басқа жобаларға назар аударатын болады. Сөз арасында Бақытжан Әбдірұлы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық желілерді салу үшін қаржы алу мүмкіндігі барын ескертіп, алайда ниет білдірушілердің аздығын айтты.

Отырыста «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры аймақтық филиалының директоры И.Қайырбеков бұған дейін қаралған бес жобаның тиісті органдардың сүзгісінен өткенін, қаржыландыру мәселесі шешіле бастағанын мәлімдеді.

 

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31