Үстіміздегі жылдың 13 қазаны күні «Нұр Отан» халықтық-деморатиялық партиясы Павлодар облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың қатысуымен «Павлодар облысының ішкі және көшпелі туризмін дамыту» тақырыбында республикалық жиналыс өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде және 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында ұйымдастырылған шараға жергілікті атқарушы органдардың және туристік фирмалардың өкілдері қатысты.
- Республикалық жиналыстың басты мақсаты Павлодар облысы бойынша туризм саласын дамыту, оның ұтымды жолдарын ойластыру болып табылады. Қазіргі таңда елімізді әлемге әйгілі ету үшін алдымен туристік саланы алға қоюымыз керек. Бұл жайлы Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жолдауында ерекше атап өтті. Биыл Павлодар облысы әкімдігі 2010-2012 жылдарға туристік саланың кластерлік дамуына арналған мастер-жоспары жасалды. Аталмыш жоспар бойынша облысымызда жыл сайын ұйымдастырылатын «Ертіс меридианы» туристік слеті, «Алтын күз», «Әкем, шешем және мен – туристік жанұямыз» секілді көптеген шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Павлодар облысы бойынша «Менің Отаным - Қазақстан» экспедициясы да өз қызмет бастап кетті. Бұл бағдарлама бойынша 135-ке жуық адам облысымыздың барлық аудандарын аралап, саяхат жасады. Мұның бәрі облыстағы туризм саласының ілгері дамып келе жатқандығының айқын көрінісі»,- деді өз сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова. Дәл қазіргі уақытта Павлодар облысында туристік қызмет көрсетуге арналаған лицензиясы бар 72 туристік ұйым тіркелген. Облыс аумағында 78 нысан туристік бизнеспен шұғылданады. Оның 22-сі - қонақ үй, біреуі - санаторий, 3-і профилактикалық-санаторий болса, 32-сі - демалыс үйлері және 12-сі - музей. Биылғы жылы Павлодар облысындағы туризм саласын дамытуға облыстық бюджеттен 12608,0 теңге бөлінген. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2010 жылдың екінші тоқсаны бойынша облыста туризм саласы бойынша 27,4 мың адамға қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен салыстырғанда (19,6 мың) 8 мыңға көп. Павлодар облысы бойынша туристік фирмалар тарапынан 4 миллион 500 мың адамға қызмет көрсетілген. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдас-тыруымен экологиялық және ішкі туризмді дамытуға арналған 6 туристік шара өткізілген. Тағы бір айта кетерлігі облыс көлемінде өткізілген шараларға жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен мектеп оқушылары барынша атсалысқан. Облыстағы туристік саланың басында тұратын Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жылына 100 мыңнан 150 мыңға дейін адам демалып, өлкенің әдемі жерлеріне саяхат жасайды. Сұлу әрі көрікті жерлері жетерлік Баянауылда биыл да демалушылар көптеп келген. Сонымен қатар «Мойылды» емдік-сауықтыру санаторийі де туристік сала бойынша көптеген игі істерді атқарған.
Жиналыс барысында туристік салаға байланысты Туризм өндірісі комитетінің төрағасы Қарлығаш Кәкен, Павлодар облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Александр Шнейдмюллер және Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Самат Ибраев баяндама жасады. Сонымен қатар шараға қатысқандар туризм саласын дамытудың оңтайлы жолдарын ұсынып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

