АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ЖАҢА СЕРПІЛІСТЕР

облыс әкімі Екібастұздағы инновациялық жобалармен танысты

Апта басында облыс әкімі Екібастұз қаласына барып, «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кәсіпорындарын аралап, жұмыстарымен танысты. Қос кәсіпорында бүгінде Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында серпінді жобалар жүзеге асуда.

 

Алғашқы аталған серіктестік негізінде теміржол рельстерін бағыттауға арналған құралдар, жолдарды айырушы тетік және жөндеу комплектілерін шығаратын жаңа өндіріс орны құрылуда. Жоба мемлекеттік инновациялық-индустрияландыру бағдарламасына енген. Құны 9,4 миллиард теңгені құрайды.

Қазіргі күні еліміз теміржолдың жоғары қабатын құрайтын мұндай құрал-жабдықтарды сырттан сатып алып отырғаны мәлім. «Проммашкомплект» компаниясы - ТМД аумағында бағыттауға арналған құралдар шығаратын Днепропетровск, Новосібір зауыттарының өнімдерін Қазақстан Республикасы аумағында сататын бірден-бір ірі ресми дилер. Ол жолдың жоғары қабатына қажетті құрал-жабдықтармен қоса көліктік металл прокатын, «Қазақстан теміржолына» керек дүниелерді тұрақты жеткізіп тұрады.

Серіктестік басшысы Александр Леонецтің айтуына қарағанда, жоғарыдағы серпінді жоба толықтай жүзеге асқанда жоғары технологиялық инновациялы өндіріс құрылып, ол елімізідң көлік инфрақұрылымын дамытуға жол ашады. Сатып алып отырған импорт тауарлары шектеліп, экспорттық әлеуетке ие боламыз. Бұған қоса кәсіпорында жаңадан 380 еңбек орны құрылады.

Облыс әкімі «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында құрылған вагон жасау зауытының жұмысына айрықша назар аударды. Теміржолдағы вагон құралдарын сатып алғысы келетін отандық кәсіпорындар енді басқа елдің тауарына телмірмейді, оны жасау өзімізде қолға алынуда. Келешекте жылына 2500 вагон шығару мүмкіндігі бар. «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-дегі вагон жасау өндірісін құру үш іске қосу кешенінен тұрады. Оның алғашқысы ағымдағы жылдың маусым айында Мемлекет басшысының қатысуымен болған телекөпір барысында ашылған. Бұл - өндірістің үштен бір бөлігі десе де болады, осының нәтижесінде қазіргі күні компанияның технологиясы жылына бір мың жүк вагонын шығару қабілетіне ие. Екінші кешен осы жыл соңында пайдалануға берілсе, 2011 жылдың қараша айында өндірісте толық қуат іске қосылады. Осылайша зауыттан жылына 2,5 мың вагон шығарылатын болады. Оның ішінде бес жүз вагон жабық күйде жасалатынын атап өткен абзал.

Бүгінге дейін зауыттан 109 вагон дайын күйінде шыққан. Оның барлығы «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазтеміртранс» компаниясына жөнелтілді. Акционерлік қоғам мен вагон зауытынының арасында алғашқы бетте 8 мың вагонға келісімшарт жасалған. Жыл соңына дейін тағы 150 вагон шығару жоспарда тұр. Компанияның бас директоры Мұрат Әлпиев жоба бойынша жасалып жатқан технологиялар желісіне Украинадағы «Техвагонмаш» компаниясы жауап беретіндігін жеткізді.

Ол сондай-ақ келешекте вагон жасауға жұмсалатын құрал-жабдықтар мен материалдардың сексен пайызын зауыт ішінде өндіретін мүмкіндік барын жеткізді. Әзірше қажет бөлшектер Ресей мен Украина елдерінен әкелінуде. Соған орай вагонның өзіндік құны қымбатқа түсіп отыр. Бүгінде еліміздің ішкі жүк айналымында көбіне Қытайдан әкелінген вагондар пайдаланылса, халықаралық тасымал бойынша Ресей мен Украинадан жеткізілген вагон құралдары қолданыста жүр. Қытайлық вагондардың бағасы арзан болғанымен, пайдалану мерзімі аз әрі сапасы төмен келеді. М.Әлпиевтің айтқанындай, осыдан екі жыл бұрын республика аумағында 90 мың вагон саналса, соның тең жартысының тозығы жеткендігі анықталыпты. Одан бергі уақытта іске жаратылып жүрген құралдардың қаншасы ескіріп үлгергендігі белгісіз. Екібастұздан шығатын вагондар елдегі вагон паркін толық жаңарта алмаса да, жүк айналымының маңызды бөліктерінде біраз мүмкіндіктер тудыратыны айқын. Қазақстандағы жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорындар қазіргі күні «Қазақстан вагон жасау компаниясының» өнімдеріне қызығушылық таныта бастаған. Олардың сырт мемлекеттерден сатып әкеліп жүрген құралдарынан Екібастұзда құрастырылып шығатын вагондар артық болмаса, кем емес. Жетпіс тоннаға дейін жүк көтеретін құралдардың қолданыс мерзімі 22 жылды құрайды.

2012 жылы зауыт толық қуатына кіріскенде өндірісте 600-ден адам еңбек етеді. Ал Ресейде бүгінде дәл осындай кәсіпорында 1250 адам жұмыс істейді. Сондықтан келешекте бізге технологиялық үрдісті жақсы меңгерген электроншылар мен программистер көптеп қажет болады, дейді зауыт басшысы. Мамандардың айтуынша, бұған ұқсас вагон шығаратын кәсіпорын ТМД төңірегінде әзірше жоқ.

Аймақ басшысы қос кәсіпорындағы қарқынды жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізді. Биыл облыстағы жүзеге асып жатқан жобалардың үштен бір бөлігі Екібастұз өңіріне тиесілі болып отыр. Келесі жылы ГРЭС-2 станциясының №3 энергоблогының құрылысына қажетті құрал-жабдықтар жеткізіле бастайды. Осы жылдың алғашқы жартысында біздің облыста 12 жоба іске қосылды, енді жыл аяғына дейін тағы 18 жоба өміршең етілетінін атап өтті.

М.ҚАПАНҰЛЫ,

Екібастұз қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31