Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Астана қаласында еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен ұсынылған Павлодар облысында түрік компанияларының қатысуымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде кеңес өтті. Жиынның жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Әсет Исекешев, Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрлері мен «ENRC Management KZ» ЖШС президенті Феликс Вулис қатысты.
Түріктер тарапынан «KIBAR HOLDING» A.S., «OZKA LASTIK & KAUKUC», «ALTAS», «GALAKSI group» компанияларының басшылары Али Кибар, Шериф Канык, Тахсин Тугрул, Фатих Узуноглу, сондай-ақ Коджели қаласы өнеркәсіптік палатасының төрағасы Айхан Зейтеноглу болды.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев пен түрік компанияларының өкілдері Павлодарда жоспарланған жобалар жайында баяндап, оның ішінде алюминийден өнімдер әзірлейтін зауыт туралы сөз қозғады.
Еліміздің Үкімет басшысы тиісті органдарға аталмыш инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша барлық мәселелерді жедел түрде шешуді тапсырды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта ENRC компаниясы жанынан түрік компанияларымен бірлескен арнайы жұмыс тобы құрылған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

