Павлодар облысында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жүзеге асатын жобалар саны көбеюде. Өткен жылы аймағымызда 30 жаңа жоба іске қосылды. Сәрсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте тағы 13 инновациялық жоба республикалық және аймақтық деңгейдегі индустрияландыру карталарына енгізілді.
Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қанат Шәбенов республиканың индустрияландыру картасына ұсынылған үш жобаның жалпы құны 22,64 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді.
«Павлодарэнерго» АҚ өзіне қарасты 3-інші жылу-электр орталығында №1 турбинаны модернизациялауды және №1 қазандық агрегатын қайта жаңғыртуды қолға алып отыр. Алғашқы жоба бойынша жұмыстар өткен жылы басталып кеткен. «Павлодарэнерго» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары В.Шевцовтың мәлімдеуінше, турбинаның жаңартылуы өндірілетін қуатты 65 мегаватқа арттыратын болады. Сондай-ақ, жаңадан 5 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, екі жоба бойынша салынатын инвестиция тұрғындардың төлейтін тарифтерінен тұрады. Оған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өзі жағдай жасап қойған. Естеріңізде болса, соңғы екі жыл бойы өндіруші станцияларға жыл сайын шектік көлемде тарифтерін өсіріп отыруға рұқсат берілген. Облыс әкімі атап өткендей, біздің станцияларымыз осы тарифтің ең жоғарғысын таңдап алады.
Ал үшінші – Екібастұз кешенді қорытпалар зауытының құрылысына қатысты жобаны кеңес мүшелері республикалық картаға енгізбеді. Бірақ бұл әзірге ғана. Дәл қазір жобаның атауы болғанмен, сметалық құжаттары жоқ, қаржыландыру көзі де анықталмаған. «Егер асығыстық жасап бұл жобаны мақұлдап жіберсек, ертең іске аспай қалған жағдайда, ертең өзіміз Премьер-Министрдің алдында ақталып жүретін боламыз», деді аймақ басшысы. Сондықтан Екібастұз зауытының жобасы кейінге қалдырылды. Әзірше ол бойынша жүретін жұмыстарды үйлестіру кеңесі бақылайтын болады. Айта кетелік, жоспар бойынша биыл басталып, 2014 жылға дейін жүзеге асырылуға тиіс жоба іске қосылса, 434 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Аймақтық индустрияландыру картасына ұзын саны 9 жоба енгізілді. Оның бесеуі – тың жобалар. Құбыр өндірісінің жобалық қуатын 100 мың тоннаға жеткізуді көздейтін «Павлодар құбыр зауыты» алдағы екі жылда 1,09 млрд. теңгені іске жаратпақ ойда. Бұған дейінгі кеңесте қаралып, қаржыландыру көзі табылмағандықтан, кейінге ысырылған жоба бұл жолы мақұлданды. Оның өнімдері бүгінде кеңінен сұранысқа ие.
«Заман Инвест» серіктестігінің директоры Б.Киреевтің баяндауынша, Қызылтау кен орнында көмір өндіру және кокс шығару жобасын төрт жылда іске асыру жоспарланған. Ал «Победа» ЖШС-нің 400 бас малға арналған сүт фермасын жаңғырту жобасы осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылмақ. Құны 250 млн. теңге тұратын бұл жоба сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Сүт саууға және сақтауға арналған құрал-жабдықтар сатып алынған.
Екібастұзда ұйымдастырылатын теміржол көліктеріне тіркемелер өндірісі туралы сөз болғанда, өнім өткізу мәселесіне мән берген облыс әкімі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен ұзақ мерзімді тапсырысқа қол жеткізуге ықпал ету қажеттігін айтты.
Бұдан кейін үйлестіру кеңесінің бақылауында болатын 2 инвестициялық жоба талқыға салынды. «Интур-Сервис-Пульс» қолға алған шыны өндірісі туралы бұрын да қаралған, бірақ қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен, ол екінші мәрте ұсынылды. Бұл жобаны іске асыруға қазақстандық институтпен қатар қытайлықтардың да қызығушылық танытып отырған жайы бар. Қытай жағы қазірде қаржысы дайын екенін мәлімдеген.
Ал «Олимп» ЖШС-нің натрий цианидін шығару жобасы еліміз бойынша кездеспейді. Өндіріс бұрынғы химия зауытының аумағында орналасады, себебі мұнда барлық жағдай жасалған, сондай-ақ шикізат есебінде пайдаланылатын каустикалық ұнтақ осы жерде бар. Десе де, жаңа өндірісті экологиялық жағынан қауіпсіз екенін дәлелдеу қажет. Осының бәрін есептей келе, жоба нақты келесі жылдан бастап іске асырылады деп күтіледі.
Кеңес соңында облыс әкімі тың жобаларды табу жөнінде банктермен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жоба иелеріне әртүрлі жеңілдіктер жасалып, көмектер көрсетіледі. Аймақ басшысы индустрияландыру картасы бойынша жобалардың іске асырылуы жөнінде жұртшылыққа есеп беруді де тапсырды.
* * *
Осы күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Онда «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылан-дыруға ұсынылған бірнеше серіктестіктің бизнес-жобалары қаралды.
«Гофротара» серіктестігінің қағаз өнімдерін шығару жобасы бұған дейін бір мәрте аталмыш бағдарлама шеңберінде мақұлданған еді. Бірақ кейін субсидиялауды қажет ететін несиенің көлемі ұлғайды. Қазір кәсіпорын еліміздің сұранысын он пайызға дейін қамтамасыз етуге қол жеткізген. Тиімділігіне көз жеткендіктен, жоба бірден құпталды.
Ал «Сағып» шаруа қожалығы қымыз өндірісін өсіріп, мал сою цехын құруға кіріспек. Бұл шаруашылық осыған дейін «Даму» қорының несиелік көмегін пайдаланған. Ендігі жерде қымыз сусынын шыны құтыда шығаруды көздейді. Кеңес мүшелері ұсынылған жобаларды толық қолдады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалының директоры И.Қайырбеков бұрын кеңесте құпталып шыққан 11 жобаның сегізі бүгінде қаржыландырыла бастағанын жеткізді. Біреуі талапқа сай келмегендіктен, тиісті министрліктің сүзгісінен өтпей қалған. Облыс әкімі бұл жоба бойынша жұмысты жетілдіруді жүктеді.
Кеңес барысында «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіптік маман иелерін дайындау және жастар тәжірибесі жөнінде басқарма бастықтарының есебі тыңдалды. Облыс жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы В.Берковский биыл 380 жас маманды бағдарлама бойынша жұмысқа орналастыру көзделгенін мәлімдеді. Оларға ай сайын 26 мың теңге еңбекақы беріледі. «Жастарды кейін өзіне тұрақты жұмысқа қалдыратын кәсіпорындармен жұмыс жүргізілуде», деді баяндамашы. Басқармаларға тапсырма берген аймақ басшысы кәсіптік мектептердің материалдық-техникалық мүмкіндігін де бақылауға алу қажеттігін айтты.
Ал облыстық аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Б.Назаренконың кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі есебі кеңесте барлық мүмкіндіктің жасалғанын растайтын бизнес қауымдастығы өкілдерінің болмағаны себепті қабылданбады. Бақытжан Әбдірұлы әкімшілік кедергілерді жоюға байланысты жеке кеңес өткізуді тапсырды.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

